Зерек бала
01.03.2019
645
0

Тілеуғазы БЕЙСЕМБЕК

(аңыз-дастан)

Ерте, ерте, ертеде,
Жетісу деген өлкеде,
Дулат деген бай бопты,
Төрт түлігі сай бопты.
Бопты алтыны, күмісі,
Думан деген інісі.
Ғалым да емес ой қуған,
Іздегені той-думан.
Жан бауыры, тынысы,
Кедей бопты інісі.
Дарынды екен туғаннан,
Қалыспай той-думаннан,
Айналыспай кәсіппен,
Айрылып мол нәсіптен,
Жұрт тыңдаса тамсанып,
Жүре берген ән салып.
Ағасына көнбепті,
Алған ісі өнбепті.
Ұлы бопты бағына,
Сәйгүлігі тағы да.
Сан жарыста озатын,
Бәйгеге қосып өз атын,
Делебесі қозатын.
Он жастағы баласы,
Жарқын екен санасы.
Зерек әрі ақылды,
Жатқа білген нақылды.
Кітапты көп оқыған,
Көңіліне тоқыған.

Думан құрмай серілік,
Біраз жүріп ерігіп,
Арқадағы бір тойға
«Барсам» деген болды ойда.
Қоштасты да ұлымен,
Азын-аулақ пұлымен,
Әдеті ғой жаттанды.
Арқа жаққа аттанды.
Арқа жұрты қарсы алды,
Ол келді деп жар салды.
Сан жарыста озатын,
Бәйгеге қосты өз атын.
Таңдандырып жат елді,
Бәйгеден озып ат келді.
Түйе алды боталы,
Алтын зерлі, оқалы
Шапан киді ән салып,
Тыңдады жұрт тамсанып.
Көңілі тасып, шаттанды,
Еліне қайта аттанды.
Қоштасты беріп барын ел,
Алдында жатты Сарыбел.
Мерейі тасып, бағы асты,
Далада бірақ адасты.
Ілезде түсті қараңғы,
Көрінді қос боп тораңғы.
Деген жерде Аршалы,
Бір топ адам қоршады.
Серінің бұл сорына,
Түнімен жол торыған,
Қарақшылар болыпты,
Қайдан ғана жолықты?!
Бір-ақ сәтте қасқағым,
Оны тонай бастады.
Түйені алды боталы,
Шапанды алды оқалы.
Ер-тұрманы тоналды,
Сәйгүлікті оны алды.
Қарақшылар айлалы,
Думанның қолын байлады.
Асқаннан соң бір төбе,
Қамап оны күркеге,
Қарақшылар тойлады,
Думан амал ойлады.
Сері шіркін мұндайда,
Бір ән салып тынбай ма?
«Шабытыма дем берген,
Не аяйын сендерден.
Көрсетейін ермекті,
Домбырамды бер» – депті.
Қарақшылар амалсыз,
Қолын шешіп алаңсыз,
Домбырасын ұстатты,
«Ал, шырқа» деп қыстапты.
Серіге сол керегі,
Әнді шырқай береді.
Қарақшылар мұндағы
Біреуі ұйып тыңдады,
Құлаққа құйып тыңдады.
Жігерін біреу шыңдады,
Біреуі жылап тыңдады.
Көз жасын бұлап тыңдады.
Ән тыңдап болып қайтадан,
Деп: «бізге күнде айтады ән»,
Құрбан боп әннің жолында,
Думанның аяқ-қолын да,
Байлап, матап тастады.
Адамды бірге тойлаған,
Босатар деп ойлаған,
Думанның әуел бастағы,
Ойлары іске аспады.
Байлауда Думан ай жатты,
Ән салып көңілін жайлатты.
Болған соң ән салдырып,
Күркеде оны қалдырып,
Қайтадан қолын байлапты.
Жүрсе де торып, түн қатып,
Серінің әнін ұнатып,
Думан айтқан асқақ ән,
Оларды арбай бастаған.
Осыны сезіп атаман,
Өз шешімін атаған.
«Әнімен бізді арбады,
Ұзын екен қармағы.
Оянып бәлкім біріңде ар,
Босата салар түрің бар.
Босаса, сол ғой керегі,
Қолында бар дерегі,
Бізді ұстап береді.
Одан да қазір шабайын,
Сөйтіп тыным табайын».
Домбырасын сындырды,
Сөйтіп ісін тындырды.
Апшысын елдің қуырып,
Қылышын алды суырып.
Думан сонда жалынды,
Қара терге малынды.
«Жетісудың байымын,
Сараңдаумын – айыбым.
Қалдырсаңдар жанымды,
Берем барлық малымды».
Атаман сене қоймады,
Думан тағы ойлады.
Қарақшыларға қараса,
Жетеу екен санаса.
«Қимай тұр ем айтуға,
Себеп болар қайтуға.
Қарақаттай көздері,
Балдан тәтті сөздері,
Қыпша белі бұралған,
Жүзі күннен нұр алған,
Жеті қызым бар еді,
Сендерге болар жар – деді.
Жасауын артқан жеті атан,
Көрмеген байлық жеті атаң.
Менен де бай ағам бар,
Менің де елге бағам бар.
Атап менің атымды,
Берсеңдер жазған хатымды,
Жеткен соң менің дерегім,
Тауып береді керегін.
Дендерің сау, аманда
Жар сүйсеңдер жаман ба?
Мынау қиын заманда,
Ұлдарың болса жаман ба?
Сұрамаймын қалың мал,
Сенбесең мейлі жанымды ал».

(Толық нұсқасын газеттің №9 (3643) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован.

Пікір