Ортаншы өмір
01.03.2019
500
1

Омар Жәлелұлы

Қазақ философиясында «өмірдің басы», «өмірдің аяғы» деген ұғымдар бар. Бұл ұғымдар ағыны «өмірдің басы сайран, аяғы ойран» атты терең фило­софиялық мәні бар шетсіз, шексіз үлкен «көлге» құйылады. Сол үлкен «көлден» ғасырлар бойы қазақ философиясы сусындап келеді. Осы экзис­тен­ция­лық идеялар құлпырып, сан түске еніп, өзгеше реңк тауып, Абай философиясында тоғы­сады: «Адам баласы жылап туады, кейіп өледі. Екі ортада, бұ дүниенің рақатының қайда екенін білмей, бірін-бірі аңдып, біріне-бірі мақтанып, есіл өмірді ескерусіз, босқа, жарамсыз қылықпен, қор етіп өткізеді де, таусылған күнде бір күндік өмірді бар малына сатып алуға таба алмайды».

Абай қазақ философиясында «екі орта» деген ұғымды ауызға алып, атын атап, түсін түстеп отыр. Ал қазақ дүниетанымындағы «екі орта» – өмірдің басы мен аяғының арасы атты тіршілік филосо­фиясы Шәкерімнің сыр сөздерінде тағы да үшке жіктеледі:
Үш-ақ түрлі өмір бар: бәрі де – мас,
Бір рәуішті болады шал менен жас.
Ең керекті дегеннің – ортаншы өмір,
Түгел қолың жетпейтін бір жанталас.
Адам өмір сүргеннен кейін әйтеуір бір мастықтан құтылмайды деген ойды аңғарамыз. Сонда өмір өзі – жалпы мастық болғаны ғой. «Жас адам – мас адам» деген сөзді естіп өстік. Жас адамның белгілі бір деңгейде мастық хәл кешетіні бесенеден белгілі. Қазақ мәдениетіндегі мастықтың бұл түрі тайға таңба басқандай бедерленген:
Үш ай тоқсан кезінде
Қошқар менен бура мас,
Қақ көктемнің кезінде
Айғыр менен бұқа мас,
Жас болжалы жеткенде
Қыздар менен жігіт мас –
Сол мастықтың жөнімен
Алдыңа келген мен бір жас, –
Кессеңіз, ханым, міне, бас!..
(Жиембет жырау Бортоғашұлы)
Жә, бұл қабындаған жастық энергия мастығы, жыныстық гармондардың атой салуы дейік, ал қаны суыған, демі суыған шалдардың мастығы не мастық? Жауабын Абай береді:
Байбайшыл тартып – баға жоқ,
Жастарға жаппас жала жоқ.
Жат қораны күзеткен
Қартаң шалда сана жоқ.
Сау адам жат қораны күзетіп қайтеді? Өзіңе тиесілі емес нәрсені күзетіп не күн туыпты оған? Нағыз қора – ахиретті күзетудің орнына, өткінші, жалған, бұ дүниені – жат қораны күзеткені несі?.. «Бұл мастық дертінің аты – санасыздық» дейді хакім Абай: асарын асап, жасарын жасап, төрінен көрі жақын адамның жастармен жағаласып дүние қууы – жараспайтын қылық; ондай дүниеге дос, малға дос, дүниеқоңыз шалдардың қоғамда әлбетте ешқандай қадір-қасиеті болмайды; «жас келсе – іске, кәрі келсе – асқа» деген мақалды ескер­мей, өмір заңына қарсы шығып, «адамшылықтың алды – артқыға жол беруді» (Шәкерім) ұмытып, жастарға жала жауып, өмірдегі өз орнын таба білмеген санасыз шалдың траги-комедиялық бейнесі.
«Ең керекті дегенің – ортаншы өмір». Бірақ, ол да – мастық; мастық болғанда қандай мастық?
Қапы өткізбе сол кездің бір сағатын,
Өкініші қалмайды, кетсе ағатың.
Күні-түні дей гөрме, ғылым ізде,
Қалсын десең артыңда адам атың.
Ең керекті, ең пайдалы, фәни жалғанда ғана емес, ахиретте де қызығын көретін мастық – ғылым мастығы. Бірақ бұны «жастар әлі білмейді, кәрілердің енді, білген күннің өзінде, қолынан келмейді». Бұл абыройлы да ардақты, мәртебелі іс – ғылым мастығы (Арақ – ақыл, мастық – ой, жар – хақиқат) Шәкерімнің топшылауынша тек қана ортаншы өмірге тиесілі. Өкінішке қарай, бұл ең керекті ортаншы өмірге «көбінің қолы жетпей қалады». Оның себебі – қолдары жастықтың мастығынан, шалдықтың мастығынан босай алмай қалады. Жанталас. Екі жанның – нәпсі мен рухтың таласы.
Өмір жайлы әңгіме көп. Өмір жайлы небір теориялар бар. Өмір жайлы небір ілімдер бар. Түптеп келгенде, қазақ философия­сында тіршілік туралы осыншама көл-көсір сөз үш-ақ ауыз өлеңге сыяды екен:
Өмірдің басы – бала, ортасы – адам,
Қартайып, шал болған соң кетті шамаң.
Мақтап жүрген өмірің осы болса,
Үш-ақ ауыз өлеңмен болды тамам.
Ендеше, біздің сөз де тамам. Қапы қалмаңыз!

ПІКІРЛЕР1
Қаршыға 06.06.2019 | 15:08

Оңды айтылған. Тоқтар сөз.

ПІКІР ҚОСУ