«ҰЛЫ ДАЛА» БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ
Елбасы тапсырмасы бойынша «Нұр Отан» партиясының ұйытқы болуымен алғаш рет өткізілген «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы өз мәресіне жетті.
Салтанатты іс-шараға партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев және белгілі ақын-жазушылар мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев жас ақын-жазушыларды қолдауға бағытталған мұндай жобалардың алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді. Партия мен Қазақстан Жазушылар одағы бірлесіп ұйымдастырған байқауға 18 бен 40 жас аралығындағы қаламгерлер қатысты. Шығармаларды қабылдау мерзімінің қысқалығына қарамастан 400-ден астам еңбек келіп түскен. Нәтижесінде бес аталым бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды.
«Проза» аталымы бойынша 1-орынды «Құдық басындағы екеу» шығармасымен Мақсат Мәлік иеленді. «Поэзия» аталымы бойынша 1-орынды Жанат Жаңқашұлы еншіледі. Бұл аталым жүлдегерлерінің қатарында «Қазақ әдебиеті» газетінің әдеби қызметкері, талантты ақын Батырхан Сәрсенхан да бар. «Драматургия, көркем фильмдер мен телехикаялар сценариі» аталымында жақында ғана «Қазақстан» ұлттық телеарнасынан көрсетілген «Кейкі мерген» телехикаясының сценариін жазған Сержан Зәкерұлы үздік деп танылды. «Балаларға арналған шығармалар» аталымында «Ұлы даланың жеті қыры» өлеңдер топтамасының авторы Бауыржан Қарағызұлы жеңімпаз атанды. «Публицистика» аталымы бойынша 1-орын – Мақпал Жұмашевада (шығармасы – «Көк бөрі тотемі»). Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге қомақты қаржылай сыйақылар тағайындалды: 1-орынға – 1,5 млн., 2-орынға – 750 мың, 3-орынға 500 мың теңгеден берілді.