Айдынға ән қондырған ақын Тайжан
«Тайжан – таусылмайтын ән қоймасы, сарқылмайтын тау бұлағы. Онымен танысу мен үшін бақыт. Арқа әншілері әндерінің бәрін біледі, ерекше көп білетіні – нағашысы Ыбырай Сандыбайұлының әндері». Атақты академик, қазақ әдебиетінің классик жазушысы Сәбит Мұқанов «Есею жылдары» кітабында Арқаның дүлдүл ақыны, әнші-композиторы Тайжан Қалмағамбетов туралы осылай оймақтай ой айтып, оң бағасын береді.
Ақындық, әншілік, композиторлық әрі орындаушылық қабілет-қарымы бір бойына дарыған атақты дарабоз Тайжан Қалмағамбетов туралы руханият өкілдері, көзі қарақты оқырман мен жерлестері болмаса, былайғы жұрт көп біле бермейді. Мұның себеп-салдары да жоқ емес. Кезінде, ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында атағы Алты Алашқа аян күміс көмей, жезтаңдай әнші, ақын Тайжанның 1937 жылғы қанды қасап, зауалды заманнан кейін көпке дейін аты айтылмай келді. Халықта не кінә бар дейсіз, ардақты ақынының атын айтпайын, әнін салмайын, өлең-жырын тыңдамайын демеді. Сондай бір сұры қашқан сұрқия саясаттың кесірі ғой бәрі. Тіпті, ақын Тайжанның атын атап, әндерін айту былай тұрсын, сол кездері өзі туып, өмір сүрген Ұлытау өңірінде өнерпаздардың домбыра, қобыз тартуға батылы жетпеген. Әрине, мұндай жағдай тек Ұлытау өңірінде ғана емес, еліміздің бар аймағында орын алды. Күй тартқан күйшіні, ән айтқан әншіні «ұлтшыл», «халық жауы» деген желеумен түрмеге тығып, шетінен қыра берген. Бұл енді адам айтқысыз қасірет еді…
Сөйтіп, өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының басында ғана ақиық ақын Тайжан Қалмағамбетов төлтума ән-жыры арқылы халқымен қайта қауышты. Тоң боп қатып жатқан сеңді алғаш бұзған – болашақ ғалым, филолог Шамқан Рахметов. Ол 1972 жылы ақын Тайжан поэзиясынан дипломдық жұмыс қорғады. Өзі де атылғалы тұрған бұлақ еді, көзі ашылған соң-ақ ақынның ән-жыры арнасынан аса, шуақ шаша ағыл-тегіл аға жөнелді.
Осынау шағын ғана еңбек Арқаның арда ұлы, арынды ақыны Тайжан Қалмағамбетовтың екінші өмірінің жарқын бастауы еді. Іле-шала ақын Тайжекеңнің тағдырлы ғұмыры мен шығармашылығына арнап мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті ақын ағамыз Кәкімбек Салықов «Ақын Тайжан» атты поэма жазып, «Сақ-сақ күлсін сырнайым» деген жинағын жарыққа шығарды. Бұдан кейін жезқазғандық өлкетанушы, қаламгер Сүтемген Бүкіровтің «Ой ағысы» кітапшасы жарық көрді.
Ақын Тайжанның шығармашылығын кеңінен зерттеп, зерделеп жазған – ақынның балдызы, елімізге еңбегі сіңген қайраткер, ғалым Өмірбек Мұқанұлы. Аты аталған ғалым, қаламгерлердің айшықты еңбектерін 2014 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінің №52 санында шыққан «Арқадан ән оздырған ақын Тайжан» атты мақаламда жазып, арнайы тоқталып өткем.
«Әнім бар «Сақ-сақ» деген баға жетпес,
Әйгілі «Гәккуге» ол болар теңдес», –
деп өз әнінің осал емес екенін сезіп-біліп, баға беріп кеткен Тайжан ақынның шығармашылық бастауы кешегі Сегіз сері, Біржан сал, Ақан серімен бірдей ғажайып ұлттық музыкамызға жауһардай жыр-әнімен өшпестей із қалдырған, әнін аспандағы Аққу құсқа жеткізген бұлбұл әнші-композитор, туған нағашысы Үкілі Ыбырайда жатса керек.
…
Жұмабек Табын,
Алматы қаласы
(Толық нұсқасын газеттің № 8 (3642) санынан оқи аласыздар)