Кереку – тұлғаң бөлек, атың ерек…
27.02.2019
539
0

Арман ҚАНИ

Батысқа ұқсас Кереку

Жаһанданудың елесі елді кезгенде,
Жаңалықтарды салмақтап көрем безбенде.
Батыстық дәстүр кеңестік салтты қиратқан
Кереку сынды қала жоқ, сірә, өзге елде!..

Сұқтанып супермаркетке,
Танса есінен,
Көшеде жатқан нашақорды да кешірем!..
Сомбреро киіп, сигара тартқан джентельмен
Бильбордтан күлсе,
Техастан ол жер несі кем?..

Түтіні көкке шапшыған алып зауыттар,
Кафелер, барлар, сауналар, түнгі сауықтар!
Жабайы әуен,
Жалаңаштанған дүние,
Ыршыған билер,
Ышқынған үндер, жарықтар!..

Домналар буы будақтап, бұлтпен шектесіп,
Менің де буым бұрқырап,
Көңілім көкке өсіп!..
Буалдыр қала төсінде жайлап жүзеді
Сәулесі аппақ қызғылтым собор, көк мешіт!

Соборда қыз жүр,
Мойнына крест байлаған,
Мешітте ұл жүр,
О дүние жайын ойлаған.
Бәрі де жаңа!
«Казкрай» ғана сол қалпы,
Қазақылық пен бұзақылықтан таймаған!..

Патшазаданың есімі

Мұрағаттарға қанды тарихты құлыптап
Қойған соң,
Баба ерлігін ұрпақ ұмытпақ.
Романовтардың елесі кезген Павлодар
Патшаның ұлын әлі де тұрар ұлықтап!

Ел-жұрттың зарын жылнамашылар жазбаған,
Ертіске кеше төгіліп кеткен аз ба қан?!
Бетіме басты-ау айғақтап бодан кезімді
Биліктің мөрі Павелдің аты тозбаған!

Бозала таңда бозарып мініп боз атқа,
Кетермін боздап жұмаққа,
Бәлкім тозаққа…
Патшазаданың аруағы әлі шат шығар,
Өлсе де есе бермеген біздің қазаққа!

Елбасы келсе,
Көкпері әндер даңғырлақ
Күмпілдеп тынып,
«Нұр Отан» даусы жаңғырмақ!
Павликті әлі білмейтін бүлдіршіндермен
Алаңда бірге тұрамын мен де шар бұлғап!..

Тілекті қабыл қылардай бірден Жасаған,
Шаттықтан басым айналып,
Көзге жас алам.
«Нұрқала» болсын атауы осы шаһардың,
Нұрағам егер құтқарса бізді Пашадан!..

(Толық нұсқасын газеттің №8 (3642) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір