Жорық туралы жыр
Сергей ЕСЕНИН
Уай, сендер,
Әрлі-берлі шұбырған!
Тарақандар,
Пеш түбіне тығылған!
Ел емес ез,
Тозған томар түбінен,
Қайран Русь
Жылына бір жуынған!
Ал тыңдаңдар,
Бір әңгіме айтайын,
Бір әңгіме айтайын
Қызыл тілден май тамып.
Біріншісі – бұрыннан
Не болғаны жайында.
Екіншісі – дәл қазір
Не боп жатыр,
Пайымда.
Бір сен үшін мен, Русь,
Соның бәрін жыр еттім.
Мен өйткені ұл едім
Әділ әрі жүректі.
Аңызыңның қандайын
Айтуға мен машықпын.
Тісің қайрап, қанеки,
Қайсың мені жасыттың?!
***
Әлқисса, бұл жай
Ипатьевтегі.
Петрдің кезі,
Патшасы-бегі.
Сөйледі сонда
Соғылған дьяк:
«Сірә, осы біздің
Патшамыз ақымақ.
Арқа еті арша,
Борбайы борша.
Немісше салар
Қаланы сонша
Құны бар қанша?!
Бірі айдауда,
Бірі байлауда.
Кірісті елдің
Тілін байлауға.
О, Русь, айтшы,
Осы ма күткенің?
Сақалын күзесе
Князь біткеннің?
Тағдырға қалай
Мойынсұнбасқа, –
Қолынан келсе,
Қонышынан басса?».
***
Естиді мұны
Сал жігіт сарбаз.
Шашынан алып
Сабайды сабаз.
«Жорғала кәне,
Жаның барында.
Патшаға апарам.
Не бар ойыңда?
Мойында, қане,
Қайт райыңнан!
Қайт райыңнан!
Әй, құдай ұрған!».
***
Тверь мен Жемнің
Иінін бойлап,
Қоңыраулатып
Келеді бейбақ.
Төртінші күні
Болдырған дьяк
Патша ауласына
Тіреді тұяқ.
Патшаның көзі
Сарбазды шалды.
Шоқпарын бұлғап
Шақырып алды.
Сұрады сосын
Әскерден:
«Бері кел!
Қуғыншымысың
Мәскеуден келген?».
«Қуғыншы емеспін,
Қорғаған шебің,
Алдияр, адал
Құлыңмын сенің.
Әкелдім саған
Бүлікшіл итті,
Жұмыстан қары
Талмаған тіпті.
Кабакта отырған
Жар салып елге,
Түп-тұқияныңды
Таптады жерге».
«Әп, бәлем, сені
Бит басқан бұрым!» –
Дьяктың көрсең
Сондағы түрін!
Тоқпақтай қолы
Төбеге құлап,
Тіл тартпай кетті
Қап, байғұс дьяк!
***
Қорасында бар
Қағылған қазық.
Қазыққа отырғызады
Жаңылсаң, жазып.
Болсын де басым аман,
Бұл тек басы ғана!
***
Ой, сойқан біздің
Алексеич Петр.
Бір өзі – патша,
Бір өзі – батыр.
Сыра ішсе, ішеді
Шелегіменен.
Ал шылым шексе,
Шегеді, бәлем!
Киген киімі
Немістен бәрі,
Жүреді соның
Шинеліменен.
Сөйлейді сонда
Алексеич Петр:
«Бері кел, мұнда,
Лефорт батыр.
Шеберсің мықты.
Амстердамда
Болдың сен тіпті.
Осыңнан танба.
Патша да саған
Қолбала болды.
Балтаға үйренді,
Айдадың – көнді.
Тарт енді тағы
Амстердамға.
Петрдан сәлем
Айта бар онда.
Қолы бос емес,
Борышы көп те.
Борышы көп те,
Артпасын өкпе.
Русім үшін
Бәрін де тартам.
Ажал да жақын,
Өлуге қорқам.
Өлуге қорқам,
Өмірге де ырза…
Питерді кімге
Қыламын олжа?
Тұманда мынау,
Батпақта, налып,
Түсіме енеді
Түнерген халық.
Тұншыққан тастың
Астында қалып,
Дауыстар маған
Естілер талып.
Алғандай тіпті
Анталап, жар сап,
Сүлделер бүкіл
Қаланы қоршап.
Зарлайды келіп,
Құзырыңды қозғап.
Қалардай сөніп
Тұрған от маздап.
Айтары сонда:
«Біз – бәріне ие!
Сені ме, Петр,
Өліп көр, бәлем!
Түсерсің қолға
Баласы иттің!
Теріңді сыпырып,
Тірідей үйткім
Келеді сені.
Министрлермен
Ауыз жаласып,
Білгеніңді істеп ең.
Сен солар үшін
Қанымызға біздің
Қанымызға біздің
Қала тұрғыздың.
Бірақ та мұны
Әрбір үй ұқсын, –
Келеміз әлі,
Келеміз, күтсін.
Бұл біздің қала,
Саған обалы.
Тұрады мұнда
Тек еңбек адамы».
Осыны айтып
Патша тыншыды.
Өн бойы түгел
Терге малшынды.
***
Уай, жамағат,
Құлақ сал сөзіме,
Сөзім қандай-ды!
Сендерді аптап та,
Аяз да алмайды!
Адамның тілі бұл
Құстыкі емес қой,
Боза да болса,
Бірдеңе берсеңші
Жібітер таңдайды!
***
Зеңбіректер зіркілдеп,
Қоңыраулар күңіренді.
Білесіңдер, әрине,
Неге екенін бұл енді.
Дестелене үйіліп,
Питер-градтың бар гүлі,
Жерледі енді Петрді
Жылап-сықтап барлығы.
Шын жыласа біреулер,
Жаназада қайғырып,
Көлгірсіді көз сулап,
Қу мен сұмның қайбірі.
…Сол күннен жыл санасам,
Екі жүзге теңесед.
Келіп жатқан
Ақымақ
Патшаларда жоқ есеп.
Сол екі жүз жыл бойы
Жер астынан жетті зар:
«Біз келеміз, келеміз,
Сазайыңды береміз,
Күн туады шеп бұзар!
Біз келеміз, келеміз,
Келмейді екен демеңіз.
Дворянның барлығын
Жер үстінен сыпырып,
Баған басы – бір шонжар,
Асып кете береміз!».
***
Екі жүз жыл өткенде,
Қарлы қазан жеткенде,
Нева тулап, толқыды,
Шымырлады, көлкіді.
Ерте тұрып, қараса ел,
Қарайтындай бар әсер:
Бағандардың басында
Шонжарлар тұр асылған!
Зеңбіректер зіркілдеп,
Оқ орғиды басыңнан.
Жаса, Питер-град!
Жаса, халық ашынған!
Қақыратып қаланы,
Теңізден де оқ борап,
Үрей билеп барады
Тұла бойды ноқталап.
Сол күндерге аялдап,
Әмірімен жүректің
Көргенімді баяндап,
Білгенімше жыр еттім.
***
Ал сілкін, жаным,
Сөйткен жөн өстіп!
Билік біздікі,
Билік кеңестік!
Кеше ЧЕКА-да
Бір офицерді,
Байғұс жазғанды
Атып жіберді.
Не Троцкийге,
Не Ленинге
Ол жақтас емес.
Жақтас Дон казагы
Калединге.
«Яблочкоға» басты
Матрос қызба:
«Соғамыз әлі
Тұмсықтан сізді!».
***
Ал Яворда,
Украиндағы
Бір хабарды естіп
Шаруа уайымдады.
Билік кеңестік,
Сол – таңдағаны.
Әскер келеді
Соны талқандағалы.
Таптық қыжыл бар
Шаруаға-құлға.
Врангель де осында,
Деникин де мұнда.
Жіберді әскер
Қасқырдай қоршап.
Сібірден сілтеп
Адмирал Колчак.
***
Ай, байғұс бала-ай,
Буыны қатпаған!
Шаруаларым-ай,
Бұғынып жатпаған!
Сатылмайсың сен
Болып жандәрмен.
Құр қол кеттің-ау,
Партизандармен.
Қызыл Армия
Қып-қызыл қырғын.
Әке мен бала
Беттесуі мүмкін.
Жан берер жердің
Пұшпағын құшып,
Төгілген тері,
Қор болмай күші.
Арпа мен бидай
Нәр болмай жанға,
Зар болмай түбі
Бір үзім нанға.
***
Ал енді бұған
Қалай налымассың?
Донда енді бүгін
Әнді танымассың:
«Күтеді бізді
Кенен істер кіл.
Балыққа жем қыл
Коммунистерді».
Ал бізде былай:
«Қашсаң – бұқпассың.
«Чекаға түссең,
Қайтып шықпассың».
Шілде, 1924, Ленинград.
Қазақ тіліне аударған
Әбжан ӘБІЛТАЙ.