Тілге қысастық – ұлтқа қиянат
Еркін ЖАППАСҰЛЫ
«Ана тілі – тұғырымыздан» бастап «Тілі өлген халық – өзі өлген халық» деп толғайтын даналық сөздерімізді тізер болсақ, ат сүрінгенді қойып, машина «буксовать» етеді. Соларды ауыз толтырып айтқан кезде алдымызға жан салмаймыз. Алайда осы ұлағатты сөздерден тағылым алып, іс жүзіне асыруға немесе жүзеге асыру үшін күресуге жоқпыз. Неге? Мемлекеттік тілімізді дамытуға мемлекетшілдер, соның тұтқасын ұстап отырғандар неге сараң? Жә, бұл сұраққа қайтып оралармыз. Енді төменгі жаққа үңілейік. Осыдан төрт-бес жыл бұрын балабақшаға немеремді бердім. Үш-төрт айдан кейін ол өз тілін ұмытып, орысша сөйлегенде үйдегі бәрімізді сүріндірді. Бұл менің ғана көрген құқайым ба десем, жо-оқ, мен тұратын шағынаудандағы қазақтардың бәріне ортақ «құбылыс» екен. Өйткені, балабақшадағы тәрбиешілердің бәрі орыстілді көрінеді. Ал қазақтілді мамандар бар жоғы 30-35 мың теңге көлеміндегі жалақы үшін балабақшадағы қызметке бармайды. Өйткені, қазақтілділер қалаларда әлі күнге пәтер жалдап тұрады. Пәтер ақысы да удай. 35 мың теңге пәтерден пәтерге көшіп жүргендердің 35 мың теңге қай жыртығына жамау болады? Бұл – біздің болашағымызға жасалып жатқан қастандық. «Бар жақсымыз – балаларға» екені рас болса, таңертеңгі сағат жетіден кешкі сағат жетіге дейін әр үйдің ешкімге бағынбайтын, ештеңені мойындамайтын, бақшада жүріп бір-бірімен шекіспей жүре алмайтын «патшаларының» «азапты міндетін» арқалайтындардың еңбекақысын неге жүз-жүз жиырма мың теңгеге көтермеске?! Қазақстандағы орташа еңбекақы 500 мың теңге деп радио, теледидардан асқақтай шалқақтағанда көкірегіміз жарылып кете жаздайды. Мұндай шылқамайға белшесінен батып жүргендер кімдер? Әрі олар маңдайларынан қандай тер төгіп жүр екен? Қазақша менімен сөйлесе алар ма екен олар?
Жарайды, бала жығылып-сүрініп жүріп мектеп табалдырығын аттады дейік. Бірінші сыныптың алғашқы жарты жылында қырық екі әріпті игеріп, екінші жартысында «Ана тілін» оқуға, жыл соңына дейін жүзге дейінгі санды біліп, алып-қосуға үйренетін еді ғой. Жо-оқ, біз оларға қазір «Табиғаттану», «Жаратылыстану», «Өзін-өзі тану» пәндерін оқуды міндеттейміз. Оған биылғы оқу жылында тағы бір «тану» – «Өлкетану» мен «Информатиканы» қосып жатырмыз. Әрі ағылшын тілі төрт кітап, төрт бөлімнен тұрады. Мінеки, осыдан кейін миы шаршаған бала сенің қазақ тіліңді не қылсын? Аруағыңа құлдық ұрайын, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты бекітіп берген «Сауат ашуды» оқысаңыз, өзіңіздің миыңыз ашиды. Бұрын жоғарғы сыныптарда қазақ тілінің «Грамматика», «Морфология», «Синтаксис» бөлімдері жеке-жеке пән ретінде сатылай, рет-ретімен әр сыныпта оқытылатын. Қазір олар быламық-ботқаға айналған оқулықсымақтарда елес береді. Бұл не? Бұл – Білім және ғылым министрлігінің қазақ тілін игеруге кері, әдейі жасап отырған зомбылығы…
…
(Толық нұсқасын газеттің №5 (3639) санынан оқи аласыздар)