Қиянат
07.11.2023
2738
7

Сәуле ДОСЖАН

– Екі қарым сал болды. Қос-қостан бес мәрте шығардым, әлі мұрты бұзылар емес, – деп, сыртқы есіктен бұрқылдап сөйлей ат­таған ол спорт­тық бәтеңкесін босағаға лақтыра сала төрге озды. Қолындағы «қытайдың ала қабын» бір кез­де «ғалымның кабинеті» аталған қасиет­ті бөлменің есігінен ішке ат­ты.

– Дастан, үйді қалай да таң атқанша босатуымыз керек. Ертең жаңа қожайын келеді, – деп асүйден әйелінің бар дауысымен бұйрық беріп, жаналқымынан ала бастағанын естіді де:

– Енді қайт дейсің? Кітап дегеннің осынша ауыр боларын кім білген? Әлде жүкші жалдау керек пе еді? Алаөкпе болып өкпем өшті ғой, бір кесе су берші, – деп дауысы қырылдап, ентігіп асханаға келді.
Ыдыс-аяқтарды әр қорапқа балаша бөлеп салып, сыртынан жабыстырғышпен ұқыптап орап, жанталасып жатқан әйелдің шөлден таңдайы қаңысып келген байына қарауға шамасы жоқ. Есіл-дерті – қымбат хрустальдар мен богем әйнектерінен жасалған шыныларды сындырып алмай, аман-есен өз шаңырағына жеткізу.

– Шын айтам, Шынар, Olx-тен жүкші шақырмасақ, болар емес, – деген Дастан кесеге су құйып жатып, қолы дірілдеп төгіп алды.

– Ерікпеші, жарнамамен келгендер әкесінің құнын сұрайды. Еркек емеспісің, ең болмаса, ішкен-жегеніңді ақтасаңшы, – деп әйелі оның жұмыссыз жүргенін бетіне басып, сөзбен шымшыды. Кешелі бері алаөкпе болып кабинет­ті босатып жүргенін көзіне де ілер емес.
Дастан дереу тіл-ауыздан қалып, аспан көз, ақсары қатынның алдында аяғын маймаңдата басып, әкесінің кабинетіне қарай өт­ті. Бағанағы лақтырып жіберген қытай қабын амалсыздан қайтадан қолына алып, сөрелерде сықия тізіліп тұрған кітаптарды шетінен сала бастады. Ұзақ жылдан бері қол тимеген қағаздардан ұшқан шаңнан түшкіріп-пышқырып мазасы кет­ті. «Бұйрық қат­ты, жан тәт­ті» дегендей, таң атқанша мына төрт бөлмелі пәтерді босату керек.

Әр кітапты ұстаған сайын қолына қуаты ұрып тұрғандай әсерде болып, бір қапты толтырған соң әлсіреп, есік алдындағы заманында әкесі демалатын көнетоз диванға қисая кет­ті. Даңғайыр ғалымның кезінде жетпіс жылдық мерейтойына күріштен жасатып сыйлаған қабырғадағы портретіне көзі түсті. Жарықтықтың жарқыраған маңдайы: «Ұлым, сенің ана артқа шегініп бара жатқан шаштарыңнан уақыты келгенде осындай жарқыраған маңдай шығады» дейтіндей. Әйнегі қалың көзілдіріктің астынан қарасынан аласы үлкен көздері де: «Ұлым, сенің ана бақырайған көзің де мен сияқты минус сегіздік көзілдірікпен маңайына шаршап қарайтын болады» деп тұрғандай. Маңдайына көлдеңінен түскен, езуін тігінен қиған, тіпті еріннің үстіне де жатып алған әжімдер де: «Ұлым, мұның бәрі – уақыт­тың іздері. Жарты ғасыр қағаз кеміріп, қара жердің топырағы мен суының құрамын зерт­теп, Қазақ­станның төрт бұрышын түгел шарлап жүрген жолдарымның белгісі» деп ымдайтын сияқты. Тіпті қабырғаларда саптағы әскерлердей тізіліп тұрған кітаптар мен карталар да қайдан, қандай жағдайда келгендерін айтып, сайрап қоя бергендей. Күні бойы сол сөрелердегі кітаптарды ауладағы қоқыс жәшіктеріне тасып шаршаған жалғыз ұл әкесінің көзіне қадалып жатып, қалғып кет­ті…

Жарты жылдан бері қызметінен қысқартуға түскен еркек әйелінің айлығына қарап үйде жатқан. Жарық дүниеге келгелі ата-анасының аялы алақанында ержетіп, тек қалам мен қағаздан басқаны ұстап көрмеген ол қара жұмыс істей алмады. Кішкентайында әжесінің бауырсағымен, кейіннен анасының дәмді бәліштерімен өскен, атақты ғалымның балпанақтай ұлы тіршілікке өте икемсіз болатын. Қатарластарынан қалмай мектеп бітірген жалғыз ұл әкесінің тегімен Ауылшаруашылық институтына еш қиындықсыз түскен де кеткен. Шешесінің шырылдауық сағатының арқасында уақытында оянып, жуынып-киініп, аялдамаға жүгіретін. Бес жылдағы ең үлкен атқарған еңбегі – әйтеуір сабақтан қалмайтын. Курстастары елдің түкпір-түкпіріне жолдама алып жол тартқанда, бұл сол салаға қатысты ғылыми-зерт­теу институтына қызметке аяқ іліктірген. Атақты ғалымның жалғыз перзенті он үшке толғаннан отау иесі болу керектігін еске алушылар да жеткілікті еді. Анасының маңайында, әкесінің ортасында, өзінің оқу орнында оған көз салушылар жетіп артылатын. Қылтиып қызы бойжеткен, қызғалдақтай сіңлісі өсіп келе жатқан, өзімен бірге институт­та оқитын арулар бар – бәрі-бәрі Дастанның ортадан төмен бойына да, қазан басындағы сирек шашы мен бақырайған көзіне де қарамай, академиктің үйінің келіні, құдағиы, құдашасы болғылары келетін. Сол тоқсан тоғыздың ішіндегі ең пысығы, жолы болғышы, бағы ашылғаны осы Шынар болды ма, әйтеуір Дастанның маңдайына жар болып жазылды. Әкесі мен шешесіне оның медицина институтында оқитыны ұнады. Өзіне орысша сайрайтыны мен түлкінің баласындай сүйкімділігі ұнады. Көктемнің бір жаймашуақ күнінде Алматыдағы ең тәуір деген ресторанда дүрілдеген тойы өт­ті. Жалғыз ұлдың аяғын байлап анасы мәз, жалғыз ұлдың басы екеу болды, енді ұрпағым жалғасады деп әке мәз. Бір кез­дері әйелі екеуі Қазақ­станның екі түкпірінен астанаға білім іздеп келіп армандарын тапқанымен, ана тілдерін ұмытып кеткен-ді. Дастан тілі шыққалы, балабақшаға барғалы, мектеп табалдырығын ат­тағалы үйлеріне ауылдан жылына бір келген ағайындардың ғана қазақ тілінде сөйлегенін көретін. Әкесімен дабырласып, әңгіме айтып отырғандарына таңырқап қарайтын. Есейе келе олардың дауысынан қашып, бөлмесінің есігін жауып алатын болды. Солармен басқаша сөйлесіп отырған анасы мен әкесі бұған қарап тек орыс тілінде сөйлейтін. Тіпті нағашы әжесі де тілін шайнап, жаман орысшасымен тілдесетін. Сондағы сылтаулары: «Орыс­ша білмесе, заманнан қалып қалады. Біз жас кезімізде тіл білмегеннен қорлық көрдік қой, баламыз орыстардан қалмай тіл біліп, білім алсын» болатын. Ата-ананың ұлы армандары орындалып, Дастан ана тілінен хабарсыз, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптан мақұрым, бірақ озық тілдің бірі – орыс тілінде сайрайтын азамат болып ер жет­ті. Әйелімен де, жалғыз қызымен де өзге тілде сөйлесетін болды. Әкесі жасы ұлғая келе немере қызының соңынан бауырлары ермегеніне қапаланып, «қу жалғызға»:

– Дастанжан, қазақта жеті ата деген болады. Ол – ұрпақ жалғастығы. Егер сенен еркек бала туылмаса, біздің әулет шежіреден жоғалады. Тұқым құриды. Сондықтан келін екеулеріңнен бір ұл бала керек, құрып қалмауымыз үшін, – деген әңгіме айтатын болды.

– Менің қызым бар. Жалғасым – сол! – дейтін бұл.

– Қазақта «қыз – жатжұрт­тық» деген бар, Аэлитажан уақыты келгенде күйеу­ге тиіп, басқа шаңырақтың тұқымын өсіреді, – деп әке ұлға ұқтырғысы келеді.

– Еврейлер де жүр ғой қыздары арқылы өсіп. Біздің халық та жаңа ғасырда солай, әйелдер арқылы өсетін болады. Сонда менің қызым біздің тұқымды жалғастырады, – деп өзінше қарсы болжам айтатын дүбәра ұл.

– Қойшы-ей, баланың басын қатырмай! Қазіргі жастар қанша бала туатынын өздері біледі. Одан да «миашытарларыңмен» айналыссаңшы, – деп, әйелі жағаласып, ұлын қорғап шығатын.

* * *

Алыс-жақынға аты мәлім ғалым абайшылап «қайран сөзім қор болды» деп орындығынан сүйретіле тұрып кабинетіне кететін. Содан күн ұясына қонып, бөлме қаракөлеңке болғанша кабинетінде қағазға көміліп отыратын. Жарының «миашытар» деп отырғаны – қос қабырғаны алып қаз-қатар тізіліп тұрған кітаптары. Энциклопедиялар, сөздіктер, анықтамалықтар, Ком­мунизм көсемдері – Энгелс пен Маркстың, Лениннің, Кант­тың, Сталиннің еңбектері. Коммунистік партия жетекшілерінің шығармалары мен сьездерінің жиынтықтары. Әлемдік Атластар мен карталар. Ауыл мен су шаруашылығына қатысты том-том ғылыми еңбектер. Бұл кітаптарды Кеңестер Одағының жүрегі, астана – Мәскеуге барған сайын арқалап келетін. Он бес республиканың барлығының астанасына сапар шегіп, симпозиумдар мен жиналыстарға, конференцияларға қатысқанда да құр қол қайтпайтын. Қолы босай қалса, алдымен кітап дүкендеріне соғатын. Солай, әр кітабы үлкен махаббатпен кітапханасынан орын алатын. Ол кез­де шет елге шығу деген өте сирек еді. Оның үстіне, бұл ғалым аграрлық саланы өркендету, егін шаруашылығының өнімін жетілдіру, суын жақсартып, топырағын нәрлендіру мәселесімен айналысатын болған соң жұмысы Одақ көлемінде ғана тәжірибе алмасумен шектелетін.

…Ғалым жазу үстеліне келіп отырды да көптен аяқтай алмай жүрген монографиясын қолға алды. Қағазға қанша шүйілсе де ойы жинақталар емес. Миынан тұқымының жалғасуына қауіп төнгені шықпай қойды. Бала мен келінді көндіре алмай жүргенде, соған әйелінің де қосылып алғаны өзегін өртеді. Осы қу жалғызынан ұшпаққа шықпасын білді.
Есіне ауылда… балалық шақта… үлкендер айтатын Кенен ақынның «Қайран жастық» деген әні түсті. «Осы үйде домбыра бар еді», – деп өзіне- өзі күбірледі де қонақ бөлмеге өт­ті. Қабырғаларға тіреліп іші небір ғажайып ыдыстар мен сувенирлерге толып тұрған сервант­тардың жан-жағын қарап, төбесіне созған қолына домбыраның мойны ілінді. Өзіне қарай тартып еді, үстіне түзілген шаң көзіне түсті, мұрнына кірді. Түшкіре бастады. Домбыраны алды. Тиегі орнында екен. Ішегіне сұқ саусағын тигізіп еді, «дың» деп үн шығарды. Одан да шаң ұшты. Жуынатын бөлмеге апарып шаңын сүртіп, баладай құшақтап кабинетіне келді. Жазу үстелімен жалғаса орналасқан көнетоздау диванға жайғасты. Осы пәтер тигенде алған тұңғыш мүліктері – осы қоңыр диван болатын. Әйелі екеуімен бірге қартайып, екеуімен бірге тозып келе жатыр. Домбыра одан да үлкен сияқты. Студент күнінде достары сыйлаған. Ешкім қолға алмаған соң сервант­тың үстінде жатып аман қалыпты қайта. Тіпті тиегі де жоғалып, не ішіне түсіп кетпепті. Жайғасып отырды да домбырасын құлақ күйіне келтіргендей дыңғырлата бастады. Жасы өскен сайын, салмақ та қосылып, саусақтарға да май бітіп, пернеде бұрынғыдай жорғаламайды. Ауылда жүргенде замандастары домбыра, мандолина, гармонь, тіпті гитара тартуға әуес болатын. Бұл да солардан қалмай үйреніп алған. Қосылып, халық әндерін де айтатын. Манағы бірден ойы­на түскен Кенен ақынның әні – әкесінен қалған еді. Соның әуенін тартып көрді ақырын. Қолы әлі де пернеден жаңылмапты. Сөзі де еске түсе бастады. Ыңылдап бастап, қосыла жөнелді:

«Бала тілді алмаса бет­тен алып,
Келін тілді алмаса кердең қағып,
Кемпірім де соларға қосылып ап,
Отырарсың амалсыз жалғыз қалып…
Қайран жастық-ай! –
деп барып тоқтады.

«Ойпырмай, Кенен ақын осы әнін шығарғанда мен сияқты отбасында қадірсіздеу болды ма екен? Әлде ауылда үй-ішіне сөзін өткізе алмайтын шалдарды көрді ме екен?» деп ойлап отырып қалатын.

Ұлына домбыра үйреткісі келіп қанша алысты, «Алдымен гитара тартып үйренші, содан домбыраға ауысу жеңіл болады», – деп те көрді. Ұлда ықылас болмады. Әйел «Қойшы-ей, баланың басын қатырмай! Маған қосылғанға дейін арқалап жүретін домбыраң қайда қалды! Жүрісің мынау, енді кітаппен миың ашып. Қазіргі жастар өзі біледі!» – деп тағы араласа жөнелді.

Әкесі, ең болмағанда, «ұлға кітап оқуды үйретейін» деп қанша ышқынды. Әуелі Абай хакімнің отыз бірінші сөзінен бастады. Ұлы ақынның «Қара сөзі» мен орыс тіліндегі тәржімасы – «Книга слов» деген алақандай екі кітапты алып, ішінен отыз бірінші сөзін тауып, ақ параққа көшіріп шықты.
«Естіген (оқыған) нәрсені ұмытпастыққа төрт түрлі себеп бар: әуелі – көкірегі байлаулы берік болмақ керек; екінші – сол нәрсені көргенде я естігенде ғибрәтләну керек, көңілденіп, тұшынып, ынтамен ұғу керек; үшінші – сол нәрсені ішінен бірнеше уақыт қайтарып, ойланып, көңілге бекіту керек; төртінші ой кеселдерінен қашық болу керек. Егер кез болып қалса, салынбау керек.

Ой кеселдері: уайымсыз, салғырт­тық, ойыншы-күлкішілдік, я бір қайғыға салыну, я бір нәрсеге құмарлық пайда болу. Бұл төрт нәрсе – күллі ақыл мен ғылымды тоздыратұғын нәрселер», – дейді ғұлама.

Осы ғибрат­ты сөздерді миына құймаққа ұлын кабинетіне шақырып, диванға отырғызып қойып, қолына хакімнің сөздері бар қағазды берді. Өзі де бір парақты ұстап, дауыстап оқып шықты. Ұлға да дауыстатып орысшасын оқыт­ты. Ең қиын мәселе – ой кеселдері деген болар деп, «уайымсыз, салғырт­тық, ойыншы-күлкішілдік, я бір қайғыға салыну, я бір нәрсеге құмарлық пайда болу», – әрбір ұғымды жеке-жеке түсіндіріп, орысша-қазақша талдап шықты. «Бұл төрт нәрсе – күллі ақыл мен ғылымды тоздыратұғын нәрселер», – дегенді де ұзақ түсіндірді. Заманына қарай – құмар ойын, есірткіге құмарлық, зинақұмарлық сияқты қасиетсіздіктердің соңы қазіргі әлем шошып отырған СПИД деген бәлеге бастайтынына дейін жіліктеп отырып айтып шықты. Негізгі көздегені – ұлы кітап оқуға құмарланып, кабинетіндегі үлкен еңбекпен жиналған, сөре-сөрелерде тізіліп тұрған бар байлығы – кітаптарына ие болса деген арман еді. Әке ұлына алдымен ана тілінде айтып, артынша сол сөздерін орыс тіліне аударып әуре-сарсаңға түсті. Баласы көзі бақырайып тыңдап отыр. Ара-арасында әкесі қолына ұстатқан Абай ғибратының орысшасына көз салып қояды. Ауылшаруашылық ғылыми-зерт­теу институтының маманы болып қызмет атқаратын жігіт­тің ізденуі, ғылыми кітаптармен таныс болуы керек қой, әкесі ұқтырмаса да. Анда-санда қабырғадағы кітаптардан бірдеңе алып қараған болады. Жұмысына мақала даярлау қажет болса, кітапхана жағаламай-ақ бар керегін әкесінің кітапханасынан табатыны да бар. Дастан өзі-өз болып, сол кітаптарға сырт­тан бір кітап әкеліп қосқан емес.

Жұбайы аяқ астынан дерт­ті болып, келінінің қанша әріптесі жабыла қарап, ауруханаға жатқызып ем-домын жасаса да шипасы болмай өмірден өтіп кет­ті де, ғалым енді нағыз жалғыздық пен жетімдікті сезіне бастады. Заманында бет алған бағыты мен бастаған ісінен айнымайтын-ақ азамат еді. Өмірдің тартысы мұны жеңді. Қасірет­тің үлкені – ұлтының салт-дәстүрі мен қадір-қасиетінен ұлын мақұрым еткені болды. «Қарт әкеміз қалай күн көрер екен?» демей, ұл мен келін бөлек тұратын. Олардың жалғыз қыздары ұзатылған. Құдайдың бір жарылқағаны сол болды – Аэлитажан бір өсіп-өнген әулетке жолықты. Ата-енесі – ерекше ұлтжанды, елге сыйлы қазақтар. Сол жақсылардың шапағаты ма, күйеу баланың айрықша махаббаты ма, Аэлита егіз ұл тапты. Ата-енесі екі балақайды қолдарынан түсірмей, балпанақтай етіп бағып отыр. Бүкіл әулет мүшелері ана тілінде ғана сөйлесіп, дәстүр-салт­ты қат­ты сақтаған соң, өзі тұрмақ әке-шешесі, ата-әжесі қазақша сөйлемейтін Аэлитажанның арғы тегіндегі қазақылығы оянып, ата-ене мен күйеуін сыйлап, келіскен келін болды. Ұлдары тек «Балапан» арнасын көреді, атасы мен әжесінің ертегілерін тыңдап, тақпақтарын тақылдап айтып береді. Білдей доктор – үлкен нағашы атасымен де олар тек қазақша сөйлеседі. Қор болғанда, өзінің нағашы ата-әжелері қор болды, немерелерімен сөйлесе алмай. Енді Дастан мен Шынар қазақша сөздік жат­тап әуреге түсіп жүр.

Студент кезінде анасынан айрылған ірі ғалым «жетім болдым, анам болса өйтер еді, анам болса бүйтер еді. Дастанымды бағып, ана тілін үйретер еді» деп армандайтын баяғыда. Сөйтсе, ол жетімдік төріңнен көрің жақында әйеліңнен айырылып, «жетім шал» атанғаннан қиын емес екен. Төрт бөлмелі үйде теледидарды даңғырлатып қойып, балконнан ары-бері өткенді бағып, одан қалса, қара телефонды аңдып, көзіңді далаға сатқан жалғыздықтан асқан қасірет жоқ екен. Дастарқанның басында шошайып өткен-кеткенді еске алып шай ішіп, түн жарымда төсегің жамбасыңа тастай батып, ұйқың шәйдәй ашылып, сырқыраған жерлеріңді кәрі қолдарыңмен сипап отырған сәт­тердің қорлығын айтпа. «Жарыңнан айы­рылғаның – барыңнан айырылғаның» деген шындыққа көзі жет­ті. Жұбайының жылдық асын өткерген соң-ақ ғалымның денсаулығы төмендей бастады. «Ұл қолына алар ма екен немесе өздері мына даңғарадай үйге көшіп келер ме екен бірге тұруға?..» деп дәмеленіп еді, болмады. Пысық келін «сиделка» деп, қақылдап қалған орта жастағы бір қатынды тауып келді.
– Папа, бүгіннен бастап жалғызсырамайсыз, Сағынкүл апай енді сізбен күнде бірге болады – деп таныстырды онысын.
Ғалым алғашында келіні өзіне бірге тұратын кемпір тауып келген екен деп ойлап қалды. «Қатын өлді – қамшының сабы сынды» деген қазақ, жарының жылын өткізді. Ел-жұрт алдындағы міндетін атқарды. Енді, шындығында, кемпір алса да болар еді. «Баяғыда бір қария айтыпты ғой: «Оны түсінер бала қайда?» – деп. Менің балаларым айт­қызбай ұқты ғой» деп қуанып қалғаны рас.
– Күнде бірге болғаны қалай? – деді көзілдірігінің астынан келініне үмітпен сығырая қарап.
Ертіп келгені – ет-жеңді келген, самайының ағы боялған қара шаштарының астынан сығалай қарап қалған едәуір жастағы кейуана екен.
– Папа, бұл кісі сізге «сиделка» болады. Таңғы сағат тоғыздан кешкі алтыға дейін сізбен болып, тамағыңызды беріп, кір-қоныңызды жуып, далаға қыдыртып әкеледі, – деп зып-зып ет­ті келіні қайын атасынан тезірек құтылғысы келіп.
– Маған Дастан екеуің кемпір әпергелі жүр екен десем, – деді ақсақал шындығын ақтарып салып.
– Ой, папа, сіз не үйленгіңіз келіп жүр ме, жетпістен асқанда? – деп шап­шыды келін.
– Кемпірі несі? – деп «сиделка ханым» шоршып түсті.
– Несі бар? Әлі институт­та кафедра меңгерем. Жақсы серік болар әйел болса, бірге біраз өмір сүрер едім…
– Ой, папа, қойыңыз қайдағыны айтпай. Біз мына кісіге ақша төлейміз, ол сізге қарайды. Жұмысыңызға барып-келіп жүрерсіз, – деді де, келін әйелді асхана жаққа шығарып, тапсырмаларын беріп өз жолына түсті.
Сол күні қас қарая көптен ат ізін салмай кеткен жалғызы пайда болды. Теледидар көріп отырып, көзі ілініп кеткен екен. Есік қоңырауы шырылдағанда орнынан ауыр қозғалды. Жеткенінше жеті рет безілдеген шығар. Тез ашыла қоймаған есікті жұлып алардай лақтыра тастап кірді.
– Қалайсың? – дей салды орысша селқос қана.
Бала кезінен «Ассалаумағалейкүм» дегенді қанша үйретсе де миына тоқи алмаған жетесізге не десін.
– Жақсымын, – деп алдына түсіп залға бастады.
Дастан диванға отырар-отырмастан:
– Папа, сен не өнер шығарып жүрсің? – деп зірк ете түсті.
Бұл баланы ата-анасы кішкентайы­нан «сіз» деген сөзге үйрете алмай-ақ қойған.
– Өнері несі?
– Кемпір алам деген не сөз? – деп тергеуге басты.
– Несі бар? Ана Қайырғали да жұбайынан кейін кемпір алып қутың қағып жүр ғой, мен де… – деп ақтала бастап еді.
– Қайдағы кемпір? Ертең бірдеңе болсаң, мына үйге таластыру үшін бе? Не үшін? – Ұлдың айрандай көзі ежірейіп ақсақалдың кеудесін тесіп жібере жаздады.
«Мөңке би айт­қан «ежірей» деген ұл осы шығар?!» деді ішінен ғалым. Зіркілдеп, жынын төгіп ұл кеткен соң ғалым «Зар заман ақындары» деген кітаптан Мөңке бидің толғауларын оқып:

«Құрамалы, қорғанды үйің болады,
Айнымалы, төкпелі биің болады.
Халыққа бір тиын пайдасы жоқ
Ай сайын бас қосқан жиын болады.
Ішіне шынтақ айналмайтын
Ежірей деген ұлың болады.
Ақыл айтсаң, ауырып қалатын
Бедірей деген қызың болады.
Алдыңнан кес-кестеп өтетін,
Кекірей деген келінің болады…
…Ертеңіне сенбейтін күнің болады.
Бетіңнен алып түсетін інің болады.
Алашұбар тілің болады.
Дүдәмалдау дінің болады» – осы Мөңке бидің әлем болжамдарына таңырқап жүрген Нострадамустан несі кем? – деп таңырқап отырды. – Бүгінгі заманның кейпін көріп, тап бүгінгі елдің ортасында жүргендей дәл болжаған.
Қазан басында бірдеңе шым еткендей болды. «Қан қысымым көтеріліп бара жатқандай», – деп өзімен-өзі сөйлесіп орнынан тұра бергенде басы айналып, диванға қайта құлады.

* * *

Ғалым сол жатқаннан тұрмады…
Ертесіне келген «сиделка ханым» есік қоңырауын қанша басса да ешкім ашпады. «Кеше мені кемпір деп менсінбей отыр еді. Содан көргісі келмеген шығар», – деп торсаңдап ғалымның келініне телефон шалып: «Атаңа ұнамаған шығармын, енді басқа жұмыс іздеуге кет­тім», – деп бәлсінді.
«Мына қырсық шалды енді қайт­тік, егер жанына «сиделка» алуға келіспесе, амал жоқ, қарт­тар үйіне өткізуімізге тура келеді. Біздің оны қарайтын уақытымыз жоқ» деген ойлар күні бойы келіннің мазасын қашырды. Кешке қарай жұмысынан шыққан ол атасының үйіне келді. Қоңырауға ешкім есік ашпады. Өз кілтімен табалдырықтан ат­тады. Үйде құлаққа ұрған танадай тыныштық. «Папа! Папа!» – деді дауыстап. Аяқ киімін тастап, төрге озды. «Қайда шығып кет­ті екен?» деп ойлап, асүйге кіріп шәйнекті ұстап көрді. Сұп-суық. Су құйып газға қойды да жатын бөлмеге барды. Төсек кешегі өзі жинаған қалпында, көрпенің шеті де ашылмапты. «Үйге қонбаған ба?» деген ой түсті. «Сонда қайда кетуі мүмкін?»
Балалар бөлмесінің есігі ашық. Жуынатын бөлме де жартылай ашық. Тек түкпірдегі ғалымның кабинетінің есігі жабулы болатын. Соған енді назар аударғанда, газдағы шәйнек ысқырып қоя берді. Келін кейін бұрылып асүйге тарт­ты. Шәйнекті от­тан ысырып қо­йып, тоңазытқышты ашты. Жылан жалағандай деуге болмас – жарты бөлке, бөтелкедегі сүт, жарты шұжық, ыдыс түбінде сары май мен бес-алты жұмыртқа бар екен. Мұздатқышында азғантай ет қалыпты. «Қырсықпаса, осылардан «сиделка» бірдеңе пісіріп берер еді» деп ойлап, қолын жуып келіп енді өзі ас әзірлемекке жуынатын бөлмеге барды. Көзі кабинет­тің жабық есігіне түсті. Ойында түк жоқ ашып қалып еді…
Атасының көзі бақырайып, жағы түсіп, аузы ашылып, қолы жерге салбырап, диванда шалқасынан жатыр. Дәрігер емес пе, мына жалғаннан өтіп кеткенін бірден білді де, күйеуіне қоңырау шалып, суыт хабарды жеткізді.

* * *

Ел боп, жұрт боп ғалымды «Кеңсайда» жатқан әйелінің жанына мәңгілік мекеніне жайғастырған соң ұл мен келінді әке-шешеден қалған бар мұра – «жалғыз пәтер мен оның ішіндегі дүние-мүлікті қайтеміз?» деген мәселе мазалады. Өздері көшіп келейін десе, төрт бөлме деген аты болғанымен кеңес дәуірінен қалған, бөлмелері қуықтай-қуықтай, дәретханасы мен ваннасы бір бөлмеге орналасқан ескі үй. Терезелері де кішкене, төбесі де аласа.
– Дастик, одан да бұл үй мен өз пәтерімізді қосып сатып, қаржысына жаңадан салынып жатқан ғимарат­тардан үлкен, жарық, еуропалық үлгідегі пәтер алайық, – деді Шынар.
– Дұрыс айтасың, немерелер келгенде де кең жерде ойнайды. Оларға бір бөлме жасайық, – деп күйеуі қолдай жөнелді.
Сол күннен бастап өздері жарнама беріп, үй сататындардың жарнамасын аңдып біраз әуре-сарсаңға түсті. Бірнеше рет үй іздегендер келіп қарап, осы соңғысы алатын болған. Кепілақы қолдарына тиісімен ерлі-зайыпты екеу пәтерді босатуға кіріскен. Жатын бөлме мен залдағы кеңес дәуірінен қалған жиһаздарды тиын-тебенге сатып жіберді. Іске жарар деген мүліктерді өз үйлеріне тасыды. Ең қиыны – жазу бөлмесіндегі төрт қабырғаны тіреген сөрелердегі кітаптар болды. Оны сатпақшы болып еді, кітап аламыз деген пенде хабарласпады. Босатуға тиісті күн таяп қалған соң әйелінің дікеңдеуімен қоқыс салатын жәшікке тастауға тура келді. Міне, содан Дастан қос қары талып, белі үзіліп біраз жат­ты да Шынардың айғайынан соң, тағы кітап толы қапты арқалап, баспалдақпен түсіп бара жатқан.
– Әй, Дастан мына арқалағаның не? – деген қарияның үнінен селк ете түсіп, салбырап кеткен басын көтерді ол. Алдында әкесінің ширек ғасырлық құдайы көршісі – Сақтапберген ақсақал тұр екен.
– Кітаптар ғой, сыртқа шығарып жатырмын, әкемнің пәтерін сатқанбыз, – деп орысша былдырлады.
– Е, бағана Батырбек бірдеңе айт­қанда сенбеп едім. Рас екен ғой. Обал болды ғой! Шешең өлген соң, өзін жалғыз қалдырдың, қапалықтан кет­ті. Енді жиған-терген кітабын қоқысқа шығарып тастап жатырсың пәтерін сатпаққа. Мұның не?! Қиянат жасадыңдар келін екеуің әкең мен шешеңе. Қия­нат… қиянат… – деген ақсақал артына бұрылып қарамаған күйі алқына басып жоғары қарай көтеріліп бара жат­ты.
Қарияның қазақша сөйлегенінен Дастан түк түсінбей, таңғалғаннан үні шықпай қалды. Құлағында тек «Қиянат… қиянат..» деген сөздер ғана жаңғырды. Оның не сұмдық екенін түсінбесе де, жақсылық емесін ұқты. Мойнын иығының ішіне тығып: «Қиянат… қия­нат…» – деп күбірледі белі бүкшиіп, кітап арқалаған тұлабойы дірілдеп бара жатып…

ПІКІРЛЕР7
Аноним 07.11.2023 | 20:53

Керемет, қаламыңыз мұқалмасын.

Аноним 08.11.2023 | 17:21

Ризамын рахмет, шындық.

Аноним 08.11.2023 | 17:22

Шындық

Аноним 09.11.2023 | 15:54

ТАМАША! ҚАЗІРГІ ЖАСТАРҒА ҮЛГІ
БОЛАТЫН ШЫҒАРМА ЕКЕН!

Аноним 09.11.2023 | 17:36

Тамаша жазылған, қазіргі шала сауаттылар түсінсе болар еді.

Аноним 13.11.2023 | 00:03

Керемет. Өмір.

Аноним 14.04.2024 | 16:33

Керемет шығарма.Қаламыңыз мұқалмасын.Қазіргі шала сауатты тілдері шүлдірлеген ұрпақтарға арналған.Тәрбиелік мәні зор туынды.Рахмет сізге!!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір