«Ортаншы өмір» тұжырымдамасы
25.01.2019
845
0

Адам өмірі. Жұмбаққа толы. Мәселен, табиғатқа қараңыз. Шыққан күнге, батқан күнге анықтап зер салыңызшы. Ағаштардың жапырағы өзара сыбдырласқандай. Не айтты екен?
«Адамның бір аты – пенде» деген сөз бар. Біз айтар едік. «Адамның бір аты – жұмбақ». Дүниеге келген әрбір түйсік иесінің, шығармашыл сананың бақылайтыны, таң-тамаша қалатыны осы адам болмысы, адам өмірі.

Шәкәрім қажы адам өмірін зерттей келе «ортаншы өмір» концепциясын ұсынады. Назар салалық:
Үш-ақ түрлі өмір бар, бәрі де мас,
Бір рәуішті келеді шалменен жас.
Ең керекті дегенің ортаншы өмір,
Түгел қолың жетпейтін бір жанталас.
Демек, өмірдің үш түрі бар дейді данышпан. Шал мен жастың бір рәуішті, яғни ұқсас келетінін айтады. Шын мәнінде, бала да бала, қарт та бала. Немесе қарттық – балалыққа қайта оралу. Бұл да қызық құбылыс. Өлеңнің үшінші қатары: «Ең керекті дегенің ортаншы өмір», – дейді. Төртінші қатары түсінікті. «Ортаншы өмір». Бұл қай өмір? Яғни адамның ақылы толысып, тәні қалыпқа келген тұс. «Ессіздіктің бір тармағынан» аттап, үлкен өмірді көкірек көзі көре білген тұстар. Біздіңше, бұл өмір жас мөлшерімен есептесек, 20-60-тың аралығына сай келеді. Жиырма жасқа дейін адам балалық, бозбалалық шақтан аттай алмай, дүние сырларын ұғуға қауқарсыз болуы мүмкін. «Алпыстан ары бармаңдар, байқамай шал боп қалмаңдар!» деген ақынның өз сөзін байламға алсақ, қуаттың кемитін тұсы алпыстан арғы жас болса керек. Кейбір жазба деректерде адамның ең толысар шағы 67 жас деп келеді. Мәселен қарт Жамбыл «Ленинградтық өренім!» деп бүкіл жауын­герлер кеудесіне домна пешіндей жалын берген тұсы 95 жасына сәйкес келеді. Әрі ол жастан асқан соң да ұлы Алғадайды жоқтап жүрегінен азалы лирикалар төгіледі:
Түнеу күнгі кеткеннен,
Ғани жаңа келдің бе,
Алғадайдың мүрдесін,
Жол-жөнекей көрдің бе,
Топырағың торқа боп,
Тыныш ұйықта дедің бе,
Қалай қиып қалдырдың,
Қарт әкеңді дедің бе…
Ал немістің ұлы ақыны Гетенің адамзат ой-санасына қосылған сүбелі еңбек саналған «Фаустты» өмірінің соңына дейін жазып, қайта-қайта түзеу­ден өткізгенін қалай дейміз? Алпыстан асса да «Жүз жылдық жалғыздықты» қайта жазып шығуға бейіл берген Маркес талабы қалай болмақ?
Демек біз талдаған «ортаншы өмірдің» соңы тұлғаның қарым-қабілетіне, потенциялына байланысты болса керек. Өлеңнің екінші шумағына назар аударсақ:
Қапы өткізбе сол кездің бір сағатын,
Өкініші қалмайды кетсе ағатың,
Күні-түні дей көрме, ғылым ізде,
Қалсын десең артыңда адам атың.
Яғни сол «ортаншы өмірде», бойда лықсыған қуат бар шағында «бір сағатты да» қапы өткізбей ізденуге үндейді. «Күні-түні дей көрме ғылым ізде». Әуелі ғылым деген не? Ғылымды үш сатыға бөліп қарастыруға болады.
1. Өзіңді тану
2. Ғаламды тану
3. Тәңірді тану
Бүгінде ғылымсыз маман иелері, ғылымсыз діншілдер, ғылымсыз өнер иелері жұрттың һәм өзінің ойын ойрандап жүргені рас. Ал хакім Абай «Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған хаж, ешбір ғибадат орнына бармайды» демеп пе еді? Ал біз қазір кімге сеніп, кімге арқа сүйеп жүрміз? Ғалам түгілі, тіпті өзін танымай­тындар Тәңір жайлы ақыл айтып, жұрттың бәрін «надан» санап жүргеніне қалай төзбек керек? Өмірге келген мақсатын, қайдан келіп, қайда кетпегін, дүниеде Хафиз деген «ғасыр бұлбұлы» барын, дүниеде уақыт деген ұғымның сан өлшемдері барын, махаббаттың тек адамдар жазған қағидатпен шектелмейтінін жан ұшымен сезіне алмайтын «суық ақылдыларды» тұлға санаған қауымға не дей алмақпыз?! Өзі «ақылға сынатып» емес, «бас көзімен» оқып қана білген догмаларға миын матаған жандарға не аяныш. Бұл жайлы ақын бір өлеңінде:
Ғылымсыз адам айуан,
Не қылсаң да ғылым біл.
Ғылымға да керек жан,
Ақылсыз болса ғылым тұл.
Ақылға еркін ой керек,
Матаудан ойды азат қыл.
Әдеттеніп ертерек,
Өрісін кеңіт жылма жыл», – дейді.
Жалаң білімге сүйенген молдаларға ащы сынмен ескертпе жасайды:
«Бейісте бар сұлу жар,
Мінсіз таза хор қыздар,
Рахат берер бал кәусар»,
Дейді біздің молдалар,
..Молдеке-ау олай емес қой,
Қыз сүйіп жеміс жемес қой,
Мысалмен айтқан кеңес қой,
Тәпсірлеруге миың тар.
Яғни ғылымсыз үстірт біліммен құдіреті шексіз Алла Тағаланың адам танымына шақтап жазған үлкен ұғымын сол қалпы, төмен ақылмен түсінгендерді сынға алады.
Ойлаңызшы, түбі шексіз тұңғиық мұхиттың бір жағасына барып көріп, ол жайлы бәрін түсінгендей толық пікір айтуға бола ма? Әрине, жоқ!
Жә, Шәкәрім қажының үшінші шумағына қайта оралалық.
Өмірдің басы бала, ортасы адам,
Қартайып шал болған соң кетті шамаң,
Мақтап жүрген өмірің осы болса,
Үш-ақ ауыз өлеңмен болды тамам.
Яғни «ортасы адам» тіркесі жоғарыдағы пікірімізді растап отыр. Үшінші, төртінші қатарларды ақындық қуатпен айтылған ұтқыр ойға балаймыз. Яғни ортаншы өмірдің маңызын, ол шақтың қадірін ақын адамдарға ұғындырғысы келеді. «Үш-ақ ауыз өлеңмен» тәмам болатын ит құйрығындай шолақ ғұмырда не білім-ғылымсыз, не талапсыз «адамның қоры» болып өтуден сақтандыруды мақұл көреді. Және бұл мақсаты өз міндетін орындады деп ойлаймыз.

Батырхан Сәрсенхан

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован.

Пікір