ӘДЕБИЕТ – ӘЛЕМ ЕЛШІСІ
28.12.2018
1727
0

(Жалғасы. Басы №50 санда)

…Сонымен Нью-Йорктеміз. Форум жалғасуда. 1930 жылдан бері Нобель сыйлығын алған қаламгерлерінің қатары 12-ге жет­кен американдық әдебиет, әрине, әлемді еш жатырқай қоймасы анық. Синклер Льюис­тен басталып, Боб Диланға дейін­гі аралыққа жетіп, ал­қынып тұрған бұл әдебиетті біз де ертерек танып үлгергенбіз. Сөз орайы келгенде қажы ата­мыз­дың аруағын тебірентіп «Том ағайдың балағанын» бала­лық шағымыздан білетінімізді айтып жатырмыз. Жәмиғаттың жадын жаңғырта кетуді жөн көремін, жидебайлық джентель­мен, Абай жасаған «Әдеби са­лон­ның» саңлағы – Шаһкәрім Құдайбердіұлы Гарриет Бичер-Стоудың қара құрлықтан құлақ-кесті құл тасыған құрама штат­тық­тар мен зәңгілердің өмірінен алып жазған романын осыдан бір ғасырдың ар жағында ауда­рып, қазақ даласына жеткізіп қойған еді. Сол шамада болса керек, орыс патшасының тек­піні­мен Сібір ауған оқымыс­ты­лар­дың ізімен жүріп отырып, Семейге соққан журналист Джон Кеннан Абай туралы естіп, Абай есімін әйгілі «Сэнчури мэгэзинде» (журналында) жария етеді. Қызық қой, Америка бізді өзінше, біз Американы өзімізше танып келеді екенбіз. Қайсы­бірі­мізге АҚШ-ты танудың әліппесі тағдырдың тоғыстыруымен бас­талып жататыны тағы бар. Мәсе­лен­ки, жазушы Асқар Алтай үш­ін АҚШ әлемі Дуглас Мак­кер­нанның есімін естуден баста­лып­ты. АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында өткен форумға қа­ты­сып, жиын барысында сөз алған Алтайдың ұлы Асқар: «Мен Аме­рика деген елдің атын сонау ба­лалық шағымда естідім», – деп елді елең еткізді.
– Мен Америка деген елдің атын сонау балалық шағымда естідім. Ал американдық азамат­тың атын алғаш рет тоғыз-он жа­сымда әкемнің аузынан құла­ғым шалғаны ақиқат. Онда да әлде бір әскери, қауыпсіздік қыз­меткерімен кездескенде бір­неше мәрте айтқаны санамда таңбаланып қалды. Ол есім маған әрі жұмбақ, әрі тылсым естілген. Ал балалық шақтағы естіген әңгіме болсын, көрген түс болсын – көзің жұмылғанша ұмытылмасы анық.
Жүрегіме жатталып қалған адамның есімі – Дуглас Мак­кер­нан… Өкінішке қарай, он алты жасымда ғазиз әкем мезгілсіз мерт ­болды да, маған Маккернан есімі бұрынғысынан да құпиялы­ғын жасыра түсті. Бірақ, бала кез­ден жүрегіме жол тапқан жұм­бақ жан есімі жартасқа со­ғыл­ған теңіздің шуылындай, ма­ған мезгіл-мезгіл оралып, ойымнан шықпайтын.
Есейе келе оның кім екенін, әкеммен қандай жағдайда ұшырасқанын құпия құжаттар­дың арқасында білдім. Сөйтсем, ол – Америка Құрама Штат­та­ры­ның Шығыс Түркістандағы, яғни ҚХР-дың қазіргі Синцзян­дағы Бас консулы бо­лып­ты. Оның таңғажайып тай­ғақ тағ­дыры да қазақ халқына тікелей қа­тысты екен. Дуглас есімінің әкемнің әңгімесінде жиі атала­тын жөні бар екен. Екеуі де барлаушы болып шықты…
Дуглас Маккернан жат ел, жат жерде жүрсе де, отаршыл­дық­қа қарсы шыққан Қазақ хал­қының өр рухын жоғары ба­ғалапты; қиын сәтте қол ұшын созғанын, бостандық жолында жанталасқан бабаларымызға көмек көрсетуге асыққан адам екенін білгенімде, менің жан-дүнием ойран-топан болды. Маккернанның қар-мұзды Тибет қиясында қазақтармен бірге көшіп, бірге шейіт кеш­кенін анықтағанымда, арылмас мұңға баттым, айықпас ойға шөктім.
Мен Қытай мен Ресей импе­риясы арасында жаралы жол­барыстай жанталасқан, азаттық арман мен бостан өмір үшін бастарын бәйгеге тіккен баба­ларым мен Маккернан сияқты нағыз адамдар жайында жазуға арымның алдында ант бердім. Сиялы қаламға сол бір жиырма жасымда серт еттім!.. Сол баhа­дүр бабалар рухы маған күш-қуат берді. Қиналған сәтте демеді, жазуға отырған сәтте қолтығымнан періштедей жебеді. Соның арқасында «Сират» атты романым жазылды.
Ал тәуелсіз мемлекет болу­дың арқасында, бостан азамат болудың арқасында сол бір ақи­қат пен шындық жарық дүниеге келді… Менің мұнда ақиқатты ашық айтып, алда­рыңызда тұ­р­уым да елімнің азат Республика болуы мен басымның бостан болуының арқасы!.. Бұл әлдебір пафос сөз емес, бұл – шындық.
Асекеңнің «Сират» романы – қазақтың қақпан қапса да, қажырын бойынан қайта тапқан қазақтың қайыспас, қайтпас өр рухын жырлаған заманауи роман. Қазақ прозасында бұндай рухты шығармалар тасқайыр тамыр бастауын жыраулар поэзиясынан алатындығын айту мүмкіндігіне біз ие болдық. Сөзі­­­міз қазақ оқырманына олақ­тау көрінсе де, жыраулар поэзия­сы және эпостық, лиро-эпостық жырлар мен айтыс өнері біріккен штаттың «білімпаздарына» бұ­лың­ғыр әрі түсініксіз екендігін ескеріп, былайша ежіктеуге тура келді:
«Қазіргі қазақ әдебиетінің қайнар бастауындағы бір кезең – жыраулар поэзиясы. Жырау дегеніміз кім? Жырау – мемле­кет­тік тұлға. Биліктегі ықпалды адам. Ол ханға да, қараға да (халыққа) айтатын сөзін жыр­мен, өлеңмен толғап айтқан. Жырау – философ. Жырау – ақылман. Жырау – жылнамашы, тарихшы. Жырау – билік­те­гілерге халық атынан сөйлейтін ерекше тұлға. Бүгінгі түсінігіміз­ге ыңғайлап айтсақ, ол – билікке тұрақты оппозиционер, ал би­лік­те – халықшыл демократ. Ол қо­лына домбырасын алып халық­қа айтарын өлең сөзбен жыр­лап жеткізген. Жыраулар де­геніміз – сіздерге түсінікті болу үшін айтайын, әрқайсысы бір-бір Геродот, бір-бір Гомер, Эсхил, Софокол.
Жыраулар поэзиясымен қа­тар қазақ даласында эпостық, лиро-эпостық жырлар дүниеге келіп жатты. Жаңағы мен айтқан дала гомерлері мен софоколдары «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Қамбар батыр», «Ер­тар­ғын» атты эпикалық сарын­дағы жырларды дүниеге әкелді. Қазақтың лиро-эпостық жырла­рының ішіндегі ең ғажабы – «Қозы Көрпеш-Баянсұлу» жы­ры. «Қозы Көрпеш-Баян с­ұлу» – Шекспирдің «Ромео-Джу­леттасынан» 10 ғасыр бұрын дү­­ниеге келген махаббат дас­таны. Ульиям Шекспир де Ромео мен Джулетта оқиғасын фольк­лор­дан алған. Бірақ, кешірі­ңіздер, мені ұлы дра­ма­тург­тің ғашықтар туралы жыры, яғни Ромео мен Джулетта оқи­ғасы еш нандыра алмайды. Екі әулет басы: Монттеки мен Капу­лет­ти не үшін бір-бірімен жаула­сып жүр, жаулықтарына не се­беп, – түсінсем бұйрмасын. Ал, Қозы – Баян оқиғасы бұдан әл­деқайда шынайы, әлдеқайда күр­делі. Жырдың көлемі де үлкен, тынысы да кең. Айтпақ­шы, бұ дүниеде қосыла алмай кеткен ғашықтардың бейіті мызғымай, қазақ даласында тұр.
Әрине, бар халықтың жазба әдебиеті ауыз әдебиетінен, фо­льк­лордан басталады. Қазақ әде­биеті де өзінің бай мазмұ­нын ауыз әдебиетінен алады. Ерте­гілер мен мифтік дүниелерге түсінік беріп жатудың басы ар­тық деп ойлаймын. Мен оданда сіздерге Айтыс өнері туралы әңгімелеп берейін.
Айтыс – қазақ даласында он сегізінші ғасырдың соңы мен он тоғызыншы ғасырдың басында пайда болған өнер. Айтыс – сөз додасы. Дебат. Әдетте пікір сайыс­қа түскен саясаткер, яғни шешен, айтар ойын жинақтап дәлел, дәйекпен, қарсыласын тұқыртып тастау үшін сөзіне ащы мысқыл, әжуа араластырып, тауып сөйлейді емес пе? Айтыста да солай. Айтысқа түсетін ақын­ды «айтыскер» дейді. Айтыскер қолына домбырасын алып қар­сы­ласына өлеңмен жауап береді. Ол өлеңді табан астында құрап, суы­рып салып айтуы керек. Ай­тыс­кер жақсы әнші, дәулескер домбырашы болуы керек. Білім­ді, парасатты, шешен тілді, өткір болу – айтыскерге алдымен қойы­латын талап. Айтыскер ел алдына қазақтың ұлттық киімін киіп шығады. Айтыскердің келбетті, көрікті болуы да шарт. Ол тыңдаған жұртты ұйытып алады. Айтыскердің қарсыласы да еш осал болмайды. Ол да табан астында сөз тауып, өлең құрап айтады. Қысқасы, екі адам, яғни екі ақын кезек-кезек сөз жарыстырып, тыңдаған жұрт­­ты таң қалдыруға тиіс. На­ш­ар айтыскерді халық тыңда­майды. Халық жалынды, жігерлі, тапқыр ақынды ұнатады. Айтыс­кер ақынның өлеңдері ұйқасқа бағынады. Сіздердегідей ақ өлең қазақ ортасында қабылданбайды. Ал осындай ғажап өнер, яғни сөз сайысы Орта Азия елдерінде қазақ пен қырғызда ғана бар. Бұл өнердің мен басқа халықтар­дан аналогын көре алған жоқ­пын».
Осы сөздің мағынасын ашып, мәнін ұқтыра түсу үшін форумның модераторы – «Ай­қын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп ортаға әнші Ардақ Балажанованы шақыра қойды. Қос етек бүрмелі көйлегі зипа бойына бек жарасқан Ардақ қоңыр домбырасының бал көмейінен күмбір күміс үн төгіп әндете жөнелгенде, «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениетке» жаһанды билеп тұрған елдің азаматтары жапы­ры­ла қол соқты. Ал бұл ретте біз қазақ әдебиеті мен мәдениетін әлемдік деңгейде насихаттауға Мемлекет басшысының «Бола­шақ­қа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының сәулесі түс­кенін айта кеткеніміз жөн. Қа­зақ­тың рухани жаңғыруға то­лайым бет бұрғанын ақын Қазы­бек Иса әңгімелеп берді:
«Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев­тың «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» мақаласы – қазақ халқының рухани Тәуел­сіздікке жетудегі бағдар­ша­мы болып табылады! Бұл – ұлтты сүюге рұқсат берілген тарихи құжат! «Ұлттық код, ұлт­тық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды», – деді ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Біздіңше, Ұлттық Ру­хани Жаңғырудың басты қағидасы, нақты формуласы – осы!
«Бізге тарих туралы өздерінің субъективті пайымдарын тық­па­лауға да ешкімнің қақысы жоқ!» – деп жазды аталған мақала­сында Назарбаев. Президенттің бұл түйін­ді сөзі мұхит мұзта­уындай астындағы алапат аста­рымен ауыр салмақ тартып тұр!
Ұлы Далада ұлылығын көр­сет­кен көне Көк түріктен көк­теп, Көк туын көкте желбіреткен Рухты қазақтың Қайта өрлеу дәуірі басталып жатыр. Қадым замандағы құлашын кең жайған қағанаттардың қайқы қылышы ХХІ ғасырда жаһандық Білім биігіне көтерілер қанатқа ай­налуы керек. Өйткені: «Біздің кешегі тарихымыз бұлтартпас бір ақиқатқа – эволюциялық даму ғана ұлттың өркендеуіне мүмкіндік беретініне көзімізді жеткізді», – дейді мақала авторы. Ұлттық сананың жаңғыруы біз­діңше осы болмақ».
Ақынның арқалана сөйлеген отты, қызу сөзі әсер етті білемін, форумға қатысып отырған аме­ри­кандық жазушылар, өнер адам­дары қазақстандық Рухани жаңғырудың жай-жапсарын кофе-брейкке шыққанда қайы­ра сұрап, Қазкеңді «мазалап» жат­ты.
Естімеген әңгімесіне есі кете­­т­ін американдықтар Рухани жаңғыруға ғана емес, алманың отаны көне Алмалық, қазіргі Алматы қаласы екендігіне де таңдай қағып, таң қалысты. Гол­лан­дияның брендіне айналып кеткен гүлдердің Ұлы Жібек керуеніне ілесіп, қазақ дала­сы­нан барғанын біздің аузымыздан естігінде, тіпті естен тана жаз­дады. Демек, алма мен гүл мәсе­лесі қазақ әдебиеті үшін әлемге таңдай қақтырар тақырыптардың бірі болуы керек деген ойға бекідік ішімізден. Әйтсе де, омыртқамызды опырып, ортан жілігімізді үзудің оспадарсыз әрекетіне барған орыс ойранын айтпай қалмасқа болмады. Сондықтан аталған форумда былай дедік:
– Құрметті, әріптестер: жазу­шылар, мәдениет­танушылар, тарихшылар, сіздер қазақ хал­қы­мен таныс болуға мейлінше көңіл бөле жүріңіздер. Бұл халық өз тәуелсіздігіне дейін басынан не­бір қилы кезеңді өткерді. Жиыр­масыншы ғасырдың ба­сын­дағы санақ бойынша, қазақ­тар Орта Азиядағы ең көп халық болған. Сегіз миллион. Сол сегіз миллион халықтың алты мил­лио­нын Сталин мен Қазақ­-
с­танды басқарған Голощекин деген адам аштан қырып салды. Тірі қалғанын жер аударды, ту­ған жерінен бездірді. Содан ке­й­ін Екінші дүниежүзілік соғысқа айдады. Қазақ даласына әкеліп ядролық бомбаның ошағын салды. Қазақ даласы атом қа­р­уын сынайтын сынақ алаңда­рына айналды. Хрущев дейтін генсек (бас хатшы) даламызға бидай егеміз деп, ішкі Ресейден сотталған адамдарды әкеліп төк­ті. Қазақтарды қалаларға кіргіз­бейтін жасырын заң шығарды. Қазақ өз жерінде аз ұлтқа ай­нал­ды. Қазақтың тілін Хрущев мүл­де жойып жіберуге әрекет етті. Оның әлгі әрекеті Брежнев, Андропов, Черненко дейтін ген­сектердің тарапынан жалғасын тауып жатты. Халқын сүйген, оның тағдырына жаны ашыған тұлғаларды Сталиндер асты, атты, жер бетінен құртып жі­бе­руге барын салды. Сөйтіп, қазақ даласын саяси тұтқындар өмір сүретін лагерлерге айнал­дыр­ды. Соның бірі атақты КарЛАГ пен ГУЛАГ. ГУЛАГ ту­ра­лы амери­кандық-британдық журналист әрі жазушы Энн Эп­пелбаум жазды. Автор сол еңбегі үшін осында үлкен марапатқа ие бо­лыпты деп естиміз. Энн ханым сияқты ізденсеңіздер, сіздер де қазақ даласынан небір керемет­терге кенелесіздер.
Форумда қазақтарды тың­даумен болған американдықтар да ара-тұра сөз алып, пікір біл­ді­ріп отырды. Бірден ескерте ке­тейін, бізді мақта, дәріпте деп олардың аузына ешкім сөз салып берген жоқ. Алайда, ағынан ақтарылған американдықтардың құқығына қол сұқпас үшін аудар­м­ашымыздан естігенімізді айна-қатесіз жариялауды жөн көрдік.
Рави Батра, АҚШ-тың қоғам қайраткері:
– Қазақтардың мәдениетін күллі әлем жұрты үшін ұлы мә­де­ниеттердің бірі деп санаймын. Көшпенділердің мәдениетін зерт­теу жаһан үшін маңызды. Себебі, ол әлемдік мәдениет­тер­дің ажырамас бөлігі болып табылады.
Леонид Голдин, профессор, публицист-жазушы:
– Қазақстан бізді таңғалды­рып келеді. Бұл өзі бір керемет шара, нағыз достық кездесу бол­ды. Татулығы жарасқан елдің бейбіт саясатын да айтпасқа болмайды. Форумда филология профессорының латын қарпіне көшу туралы баяндамасын (Ше­рубай Құрманбайұлының баянда­масын айтады. – Д.Қ.) ерекше назар қойып тыңдадық.
Марселла Рэйвел, дизайнер-архитектор:
– Мен бір рет Қазақстанда болған адаммын. Мені сол кезде қазақтың ұлттық ою-өрнегі таң тамаша етіп еді. Енді сіздерді тыңдап отырып қазақ әдебиеті мен мәдениетінің де сол ою-өрнектер сияқты әдемі әрі күр­делі екендігін ұға түскендеймін. Сіздердің әдебиеттеріңізді текемет түсті әдебиет десем бола ма?
Рас, Рэйвел ханым риясыз көңілімен сөйледі. Әрине, әп деп басталған алғашқы форум­ның аясында «әмірқандық» әріптестерімізге қатпары қалың қазақ әдебиеті туралы айтып түгесілу мүмкін емес-ті. Бірақ, қойқаптағы жынын қоздырып, жер-жаһанды өлімнің өлкесіне айналдыруға ұмтылып жатқан қарғы баулы, қара таңбалы күштердің дәуірінде әдебиет әлем елшісі міндетін мойнына ала бастағанын ойымызға мық­тап бекітсек, Рэйвелдің «Сіздер­дің әдебиеттеріңізді текемет түсті әдебиет десем бола ма?» деген сауалына «Иә» дейміз. Ен­деше «текемет түсті» әдебиетіңді жая түс, жайната түс, алаш ба­ласы!

ҚАЗАҚСТАН СОҒЫСТЫ ТОҚТАТЫП ТҰР

Осы жылдың басында Қа­зақ­с­тан БҰҰ жанындағы Қауіпсіздік кеңеске төрағалық етті. Төра­ға­лық міндетін бірер айдың көле­мін­де атқарып тастағанымен, біздің миссиямыз Ұлттар ұйы­мының ұлық кеңсесінде жал­-
ғ­асуда. Қазақ дипломаттары Ауғанстан мен Сириядағы және Таяу Шығыс елдеріндегі қан қасапты тоқтату үшін қапысыз қызмет жасап, қайрат танытып отыр.
«Қазақ дипломаттарының кәсіби білгірлігі мен тапқыр­лы­ғының арқасында Ауғанстанда, міне, екі жылға таяды, соғыс тоқтап тұр» дегенді АҚШ азамат­тары анықтап айтты. Саясаттың араласпайтын жері жоқ тегі. Саясатпен араласпай, оны әңгі­ме қылмай және отыра алмай­сың. Өйткені, саясат дегеніміз – саясат қана емес, ол – бүгінгі қоғам, ол – бүгінгі заман. Ол – бәрінің бәрі. Американың кей­бір жазушылары әдебиеттің өзін саясат деп түсінеді. Бәлкім бұлай ойлау дұрыс та шығар.

«ЧЕМОДАНДАҒЫ ӘДЕБИЕТ»

Публицист-жазушы Леонид Голдин атай ілгеріде Мәскеуде өмір сүріпті. Жасы жер ортасы­нан ауғанда сүйіктісін АҚШ-тан тауып, Нью-Йоркті мекендеп қалған көрінеді. Қазақтың те­реңіне түсіп, маржанын термесе де түстеп танитындай жайы бар екен. Алматыны, Медеуді, Аста­на­ны сұрап қояды. Сол Голдин қа­рия форум үстінде АҚШ-та бір жылда бір миллион кітап басылып шығатындығын айтты. Бөсе сөйлеп кеткен жоқпын ба деп қысылғандай әлгі статисти­ка­­сына өзінше: «Қайтесіздер, мұн­да халық көп қой», – деп ком­мента­рий берді. Сосын және бір қызық дерек келтірді.
– АҚШ-та, – деді ол сөзін жал­ғап, – әлгі миллион кітап­тың бір пайызы ғана кітап дүкен­­деріне түседі. Ал қалғанын Американ жазушылары чемо­дан­­дарына салып, сүйретіп жү­ріп сатады. Өздері, өздері бол­маса, әдеби агенттері бар – әйтеуір сатып бітеді. Қазіргі АҚШ әде­биеті – «чемодандағы әдебиет» деп аталады (күлді).

АУДАРМАШЫ АҚЫННАН ЕСКЕРТУ АЛДЫ

Біз АҚШ-қа сапарымызда аудармашы Әйгерімнің арқа­сын­да ана тілімізде ғана сөйлеп, әріптестерімізбен қазақша-ағылшынша сұхбаттасып жүрдік. Әйгерім айналайын, қазақша түсініп, ағылшынша аққанымен, ағылшын тілін орысшаға ғана аудара алатын болып шықты. Әй, біздің осы орысшылды­ғы­мыз-ай! Жер ортасынан озып, Америкаға барсақ та, ойқастап алдымызды тосады. Бұл, бірақ, ұлықтарымыздың қазақ тілін аса ұлықтамайтындығының белгісі, әйтпесе, қазақша-ағылшынша сөйлегенде жақ біткенді жаңыл­дыра­тын қазақы балалар жоқ емес, бар ғой – бар.
Қысқасы, тәржімәшіміз қа­зақ тілінің қайда болса да қам­қоры, тіл майданындағы күрес­кері – ақын Қазыбек Исадан ескерту естіп тынды.
– Адамның құқы сақталатын, ардақталатын елде сен менің тілдік, азаматтық құқымды бұзып отырсың! – деді Қазкең Әмерика­дағы Әйгерімге.

«БІЗ МҰНДАМЫЗ»

БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңе­сіндегі білікті маманның бірі – Дидар Теменов. Иә, таныс ныс­пы. Дидар Талғатұлы Теменов. Дидар отбасымен Нью-Йорктің ең бір тыныш әрі жанға жайлы ауданы «Рузвельт аралында» тұрады. Дидар атасы – Марат Тоқашбаев бар – бәрімізді үйіне шақырды. Келдік. Дипломат­тарға арналған зәулім үйдің же­делсатысымен он екінші қабатқа көтерілдік. Дип­ломат ініміз әл­дебір шаруаға ай­на­лып, соңы­мызда қалып қойған. Он екінші қабат. «Енді қалай қарай жүре­міз?». Осы кезде «біз мұндамыз!» деген балақай­лардың дауысы естілді. Қуанған­нан жүрегіміз лүпілдеп кетті. «Ай­ды асап, жұл­дызды жұтып қоярдай» (Көпен Әмірбектің теңеуі) тепсін­ген Америка, оның «әлем астана­сы» атанған қаласы – Нью-Йорк болса, сол қаладан қоңыр қозы­дай жамырап қазақ балала­рының үні естіледі. Шын қазақ – АҚШ-та да қазақ екен ғой!
«Қазақ әдебиетінің таралым аумағы – Қазақстан ғана» дейтін пікір бар. Жоқ, олай болмайды-ау енді… өйткені Нью-Йоркте «біз мұнда тұрамыз» дейтін қа­зақ­­­тың келешегі өсіп келе жатыр.

Дәурен ҚУАТ,
Алматы–Астана–Стамбұл–Нью-Йорк–Стамбұл–
Астана–Алматы
(Соңы)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір