АҢСАРЛЫ АРМАН, МӨЛДІР МҰҢ
28.12.2018
1179
0

Бауыржан Қарабек деген ақын ағамыздың алғашқы кітабы – «Қызылдың ауыл құмында» қолыма түсе қалып, мұқият оқып шыққаннан кейін, өрімтал өлеңдеріне сүйсінгенім бар. Ақыры, сол жыр жинағы туралы мақала жазып, «Жұлдыз» журналына жариялатқан едім. Содан бері де бірталай жылдар өтіп, бұл ақын «Құмдағы жазулар», «Шәкәрім – дастан», «Жанарымда бір ғұмыр» деген жыр кітаптарын жарыққа шығарды.

Жуырда «Қазақ әдебиеті» газетінен (№43, 8 қараша, 2018) Бауыржан Қарабектің топтама өлеңдерін оқып, жүрек шымырлатар жып-жы­лы, жұп-жұмсақ сезім толқынына сүңгіген­дей, кірлемеген таза көңілдің кәусарынан сімір­ген­дей болдым.
Меніңше, Бауыржанның поэзиясы еш уа­қыт­та өз қасиетін жоғалтпайтын бір мінез­ділі­гі­мен ерекшеленеді ғой деймін. Қай кезде, қандай сәтте оқысаңыз да, оның әр өлеңінің өн бойынан аңсарлы арманға толы сағыныштың лебі мен бейдауа өкінішке ұқсайтын мөлдір мұңның демі сезіліп тұратын сияқты. Сірә, бұл ақын кейбіреулердей әсіре көркемдеуден, ай­шықты ойлар іздеймін деп айдалаға лағып кетуден, заманауи түйткілдерді түртпектеп, өзін-өзі «айтқыш ақын» көрсетуге тырысудан, қа­ла берді, тақырып аясын кеңітем деп, тап­таурын болған сүрлеулерге түсіп кетуден бойын аулақ ұстайтын болуы керек.
«Сақтанымпаз» дейін десек, Бауыржан жыр­­лары өріліп, төгіліп түседі. Мұндай «жа­ты­рынан жар салып» туған өлеңдер дүниеге келуі үшін ақынның ішкі буырқанысы, шам­шыл шабыты «өйтсем бе екен?», «бүйтсем бе екен?» де­генге қаратпайды. «Не айтып кетсе, жөні сол».
Асырып айтқандық емес, Бауыржан өлең­дері мөлдір бұлаққа, тұп-тұнық тұмаға да ұқсайды. Сол мөлдірлігінен, сол тұнықтығынан болар – оқыған адамның жүрегі мен жүйкесіне шымырлап тарайды, өлең жолдары келмеске кеткен керемет шақтарды аңсатады, өмір мәнін түсінудің негізі өткен күндеріңмен өлшенетінін, оның өзі қиялыңда қайта айналып келіп, албырт жастыққа, алғашқы махаббатқа бір сәт болса да бас идіретінін мойындатады.
Бауыржанның осы бір топтамасы менің өзіме басы бүтін лирикалық поэма сияқты бо­лып елестеді. Әлде, жастықтың жайлауынан жырақтап кеткен кексе адамның артына бұ­ры­лып тұрып, терең-терең күрсініп, тебі­ре­ніп, тер­беліп кеткен сәтіндегі көңіл күйінің музы­ка­лық әуені жыр жолдарына осылай боп түсті ме екен?
Бұл топтамадағы өлеңдерді ғана емес, өлең шумақтарын да бірінен-бірін бөліп қарауға келмейтіндей. Егер тілге тиек ету үшін бір өлеңі­нің бір шумағын жеке бөліп қарасаңыз, әлгі шумақ адасып қалған алаңғасардай, бойын­дағы бүкіл мәнін жоғалтып алады. Бауыр­жанның әр өлеңінің әр шумағы бір-бірі­мен тығыз байланыста. Біріншісі екіншісіне, екіншісі үшіншісіне қызмет етіп тұр. «Тұтастық, жұмырлық» деген – осы!
Бауыржан ой түйіндеуде мәнді бір нәрсе айтайын деп қиналмай, жанға жағымды, жүрекке жылы, қарапайым, самалдың есіп өткеніндей ғана жалқы-жарым лебізін білдіре салады. Мәселен, «Қарағаш. Сары қыз» деген өлеңінде бала кездерінде сары қызбен сырғанақ теуіп жүретін тұстарында жалғыз қарағаш жайқалып өсіп тұратынын, сол бір ұмытылмас қарағаш та бүгінгі күнде қурап қалғанын әсерлі жыр жолдарымен суреттей келіп, өлеңді:
Көңілімнің көк кемерін жыр керсе,
Жайқалармыз жапанда өскен гүлдерше.
… Қайта көктеп кетер ме екен қарағаш –
Сырғалы қыз,
Ақын бала бір келсе…–
деп аяқтайды.
Осы бір жап-жақсы өлеңнің бірінші шума­ғының бірінші жолы – «Қысқы кеште ыс­қыра­ды ысқырық» деген жолдың «Қысқы кеште үс­кіреді ызғырық» болып түзетілмегені өкінішті-ақ!
Сонда:
Қысқы кеште үскіреді ызғырық
Қарағашқа қайта келдім, із бұрып, – болып оқылар еді ғой.
Ақынның сөз қолданысындағы көрініп тұрған кішкене мінін де айтпай кетпеске болмайды. Мәселен, осы топтама өлеңдерге ортақ тақырып болып шығып кеткен «Сырым менің сыбызғы боп сарнайды» деген өлең жолындағы «сарнайды» сөзі тіпті орынсыз тұр. Сыбызғы сарнамайды. Тым құрымағанда, «сыңсиды» десе, келісімдірек болар ма еді? Сарнау –жағымсыз әрекет.
Поэзия тым кінәмшіл – орнында тұрмаған бір сөзді де көтере алмайды. Сондықтан, ең бірінші, автордың өзі, әрбір сөзіне сақ қарау керек, екіншіден өлеңді қолжазбадан оқыған жанашыр адам қисынсыз сөзге ақынның өзінен де қатал болғаны ләзім…
Бауыржын Қарабектің ақын ретінде өз басым қадірлейтін бір қасиеті – өзіне тән жазу мәнерінен айнымайтындығы. Оның өлеңдерін оқып жүрген әрбір сезімтал оқырман Бауыржан қолтаңбасын бірден таниды. Бұл жерде мен ақын қолтаңбасының ерекшелігін өлеңінің сыртқы сипатымен байланыстырып отырған жоқпын, оның ішкі толқыныстарының өзіндік қимыл-қозғалысына мән беріп отырмын. Міне, мына топтамада да өзім жазбай танитын өлең өрнектерімен қайтадан табыстым. Бұл табысу қандай табысу? Жағымды ма, жағымсыз ба? Менің өзіме өте жағымды. Өйткені, әрбір ақын өзінің жыр-керуенін таңдаған, тапқан жолымен жүріп, асулардан асады, биіктерді бағындырады.

Әбубәкір Қайран

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір