Сағыныш
28.12.2018
1781
0

1992 жылдың үшінші мамырында, түс ауа Есенқұл Жақыпбек телефон шалды.
– Мейрамнан кейін түзеле алмай келемін, бір өлең оқып, күй тыңдап, сенің үйіңде бас қоссақ қалай? – деген өтініш білдірген соң, бірден келісе кеттім.

Сәлден соң іле-шала Қажытай Ілиясов ағамыз да қоңырау соғып, үйіне қонаққа шақырған соң, мен:
– Қажытай аға, сіз біздің үйге келсеңіз, келіңіз, қазан көтеріп, ас дайындап жатыр еді, оның үстіне Есенқұл досым да келе жатыр, Асқар Сүлейменов ағаммен де жаңа ғана хабарласып, көлікпен алып келетін болдым. Мен үшін бірінші мамыр – жыл басы туған күнім. Сіздер келе беріңіздер. Бас қосып бірге отырайық, – деп тілек білдіріп едім:
– Онда жанымда Армиял Тасымбеков болады, – деп бірден келісе кетті.
– Тіпті жақсы, – деп тұтқаны қойдым да бірден Асекең жаққа аттандым.
Асқар аға мені есігінің алдында күтіп тұр екен. Қолында дипломат, үстінде көкшіл жеңіл куртка.
– Секенжан, үйге кірсек, Айтотым сені көрсе, әңгімеге айналып шыға алмай қаламыз, – деп сыртта күтіп тұрғанының себебін түсін­дірді.
Көлікпен жоғары көтеріліп келе жатыр едік, кенет:
– Секенжан айтпақшы, соңыра темекі іздеп тентіреп жүреміз бе? Осы бір бұрышта темекі сатып тұратын біреулер тұрушы еді. Жолшыбай ала кетейікші, – деп өтініш білдірді.
Айтқандай-ақ, көше бұрышындағы темекі сатып тұрған жігітке таяп барып:
– Бауырым, бізге бір сигарет берші, – деп сұра­ғаным сол еді, әлгі жігітіміз еш елең етпес­тен сигаретімізді қолымызға ұстата қойды. Асекең сәл шамданды ма:
– Секенжан бұдан былай күй ұқпайтын, кітап оқымайтындарды «бауырым» демеші, – деп өтінішін білдірді.
– Жә, үйде кімдер бар, – деп сұрады, Аскең аздаған үнсіздіктен соң.
– Қажытай, Армиял, Есенқұлдар болады және өзіңіз, – деп жауап бердім. – Қажытай «қоңыр­ды» өзіңше қозғайды ә, – дей беріп, Асекең Қажытайдың «Қоңыр» күйіне арналған өлеңді оқыды:
Қағасың домбыраңды майда ғана,
Кім білген қасиетіңді қайран аға.
Естісем «Қоңырыңды», егілем де,
Қаңғып кеткім келеді айдалаға, – дей келіп, – әдемі емес пе? – деп маған сұраулы жүзбен қарады.
Ақыры, үйге де жетіп, қабат үйге кіріп келе жатқан бетіміз сол еді, Есенқұл да келесі қа­баттан адасып шығып келе жатыр екен. Асекең аздап қалжыңмен қағытып алды да артынша:
– Есенқұл, саған өлеңдеріңді маған бер, «Парасат» журналына бастырайық деген жоқпын ба? – деп еді. Есағаң да:
– Болады, жіберейін, – деп ризашылықпен жауап қайтарды.
Үйге кірдік. Жоғарғы қабат. Одан жоғары үй жоқ. Екі-үш күн бұрын ұстаздарым Мәлгеж­дар мен Нұрғиса ағам келіп арқа-жарқа болып қайтқан. Үйге кірген бойда Асекеңе Қажытай ағам төрді ұсынды. Қалжыңдаса келіп бәрі үс­тел басына жайғасты. Дастархан басында, ән ай­тылып, күй тартылып болған соң, әңгіменің ыңғайына қарай Есенқұл орнынан тұрып, ай­дың басы Секеннің туған күні еді, соған орай мен Секенге арнап жазған өлеңімді оқып бер­сем, қарсылық болмас деп ойлаймын, – деді де:
– Наз жаңбыр домбыраңның үні жауған,
Тұншығып үзіледі үзік арман.
Өмірдің жапырағын жапырасың,
Өзіңді өзің іздеп шыңыраудан.

Түйіліп қабағыңмен қарлығасың,
Қамығып қасіретпен қан жұтасың.
Тып-тыныш жүрген көппен жүргенімде,
Адамды айдалаға қаңғыртасың.

Саусағың тағы ойнап ақ тиындай,
Тақуаның тақылдайды таспиғындай.
Таусылып тарихты ойлап, хадисты ойлап,
Заманды аңсайды екен қарт биім қай.

Теңселіп жел тербеген қарағайдай,
Тербеліп кейде шанақ салады ойбай.
Сап тыйып сосын сараң отырғаның,
Баянды суға сатқан Қарабайдай.

Қан қақсап өкінішпен өкшелері,
Сүйретіп шаңырағын көш келеді.
Қалдырып қара тау мен Ұлытауды
Күйіменен қазағымның көшкен еді.

Сеңсең күй сел боп ақса, тыңдаған ел,
Секеннен селк етуге сескенеді.
Өмірін сағынышпен наз артқан,
Естіліп еміс-еміс саз алыстан.
Селт етіп оянғанда Секен абыз,
Серпіліп қоя берер Қазақстан!

Мен сені Мақтан етем. Сүйем сені,
Сыймайды сөзге шалқар күй өлшемі.
Осынау күй сазының құдіретін,
Сыйдырып өлең сөзге жіберсе еді, –
деген өлең жолдарын оқып, жүрекжарды тілегін біл­дірді.
Аз уақыттан кейін Асекең, әл­гіндегі ди­пло­матының түйме­сін ағытты да ішінен «Адас­қақ» кітабын шы­ғарып, алғашқы бетіне «Ұлылыққа дауа жоқ, сол дарыған Се­кенге» деп, екін­ші бетіне «күй Секенге, Се­кен асу. А.С» деп қолтаңбасын жазып қалдырды да, кенет қолына домбырамды алып, ұзақ күй толғады. Менің оны магни­тафонға жазып алып жатқанымды көріп:
– Секенжан сен осыны нотаға түсір. Мен «Секен асу» деп «Парасат» журналының ше­ке­сіне «Асқар Сүлейменов» деп жазып, Есенқұл­дың өзіңе арнауын бірге жариялаймыз, – дей бергені сол еді, Қажытай ағамыз да қалыспай:
– Олай болса менің де «Араша» атты өлеңім­ді бөліп-жармай бірге салу мүм­кіндігі болмас па? – деген емеурін білдірді. Асекең:
– Әуелі өлеңіңізді тыңдайық, тұрарлық болса, әрине, – деді.
Қажекең өлеңді Секеңге арнау, «Араша» деп бастады:

Мүліктей мінсіз, күліктей күйсіз күн қақты,
Мамықтай ұлға, тамұқтан ауыр мұң батты.
Мектепке сіңген күзетші күйші атанып,
Балықтай үнсіз, батырдай құнсыз кім жатты?..

Алыптай сығып, табыттай суық, құндақты,
Ұйқысы қашып, түр-түсі жасып, түн қатты.
Тұмардай бөлек, құмардай керек күйлері,
«Шиферше» қайнап,
сиқырша байлап тіл-жақты.

Шырақтай қызу, шынардай түзу, сымбатты,
Тамыздай тұмса, абыздай қуса ырғақты…
Жетелі үнін жесірден бетер сыңсытып,
Жалпақ жұртына жан жүрегін тыңдатты.

Самарқан жақтан сатылған әтеш сияқты,
Көк Техас киіп Мәскеуге барды, жын қақты.
Шамына тисе, жұқарған жүйке шыдар ма,
Тұлпардай тулап, тобырды топ-топ қиратты.

Күйге айналдырар көңілге түскен қырбақты,
Шабытты шағын түсіне көрме бір жақты.
Танысаң егер, Тәттімбет тірі, ағайын,
Қымбаттылардың ішіндегі ең қымбатты!
Браво, – деді, Асекең, бас бармағымен бағасын беріп жатып:
– Осы өлеңнен соң Секеңнің Желтоқсанға арнап жазған «Боздақ» күйін тыңдасақ, әуелі Секенге домбырасын ұстатпас бұрын, Секен­нің домбырасы жайында әңгімелемекпін. Секен бірде Мұхтар Әуезов атындағы теат­р­ында болған, режиссер Асқар Тоқпановтың жетпіс жылдық торқалы тойында тартқан күйі әлі жадымда. Біз соны Жұматай, Қажытай үшеуміз тыңдадық. Содан соң концерт соңын­да сенімен кезіктік емес пе, есіңде ме, – деді.
– Әрине есімде. «Құдай, саусағыңа сырқат бермесін», – деп берген батаңыз да есімде.
«Ессіз боп дүниеге келесің, есалаң болып өмір сүресің, ес білгенде өлесің», – дейтін Асқар Тоқпанов ағам сол кештен кейін:
– Секен менің енді ары кетсе он жыл ғұмырым бар. Екеуміз бірге жүріп, ел аралап, сен күйіңді тартып, мен әнімді айтып, сенің сөзіңді сөйлеп, біраз елді араласақ қайтеді, – деп қолқа салған болатын. – Содан біз біраз елді араладық, сөйтіп сексенге келем деген әулие ағамыз, сексенге небәрі екі-үш ай қалғанда дүние салды. Осының өзі әулиелік емес пе? – деп сөзімді аяқтадым.
– Секеннің домбырасы өзі сөйлейді. Тартқан күйлері, тіріліп кетердей. Жақсы дом­быра, жаман қатын секілді, айғайға себеп іздеп тұрады. Біраз бұрын Секеннің домбырасын таңға тартқаным бар. Рақатын көрдім. Бұл домбыра, «великий» мастер Романенканың шеберханасынан шыққан. Жә, енді бізге Се­кенді танытқан «Көңіл толқыны» мен «Ақ жауынын» тыңдасақ дегеніне мен: Мақұл дедім де, күйдің шығуын әңгімелей келе:
– Қасіреттіден ғана қасиетті өнер туады, – дей бергенім сол еді, Асекең іліп алып, Ис­кан­дердің «Еңбек еткеннен гөрі, қасірет шек­кен оңай» деген қанатты сөзін қосты.
– Иә, «Ақ жауын» қоғамдағы барлық қайшылықтарды шайып кететін бір ақ жауын болса деген қиялмен туған күйім еді. Әжем, жарықтық ақ жауын Алланың нұры деп отырушы еді.
Күй шертіліп болып, Асекең:
– Қажеке, сіз екеуміз қолымызды қанша уқаласақ та Секеннің күйін шерте алмаспыз. Құрманғазы, Тәттімбет болса, ойланар ма еді, бәлкім. Күй тартқанда Секеніміз ипподромның аты секілді де, біз Қажеке екеуміз даланың жабайы аттары секілдіміз. Менің ойым мен қиялымды асқақ қылған ол – күйдің аруағы. Күй қандай киелі болса, менің өзім де, сөзім де сондай өр! – деді Асекең.
– Біреу күй шығарады әруақтарға, Домалақ анаға, Қонаевқа арнап, тағысын тағы. Соларды, күйдін киесі ұрады, – деді Асекең.
– Неге Асеке, күйде арнау жанры бар емес пе еді? – деген сұраққа, Асекең жауап бермеді. Аз кем үнсіздіктен соң:
– Секенжан сенің туалетіңе бір бастық келіп, тұрып кетсе, соны сүңгіп барып, сүзбей алып жейтін жігіт қой ол, – деді. Қатты кеттіңіз ғой, аға, – деп едім:
– Это есть! – деп қысқа қайырды.
– Кещелер көп.
Асқар аға, марқұм Жұматай бауырыңыз әрі досыңыз өз өлеңінде:
Бір күлемін ғарыш жаққа кетерде,
Қай бетіммен көп кещеге кектенем.
Бізге бақыттың, бізге өлімнің қолы, сірә жетер ме?
Мұқағали, Төлегенге жетпеген, –
дегенімде, Домбыраны сұрап, темекісін тұтатып, екі-үш тартты да темекісін күлсауытқа қойып, Мұқағалидың «Қара өлеңіне» жазылған толғауды Асекең өз мақамымен айта бастады. Бұл мақамды бұрын экраннан естігенім есіме түсіп:
– Сіз Жұмағаң екеуіңіздің домбыра шертуіңізде бір үндестік, ұқсастық бар, – дей беріп едім:
– Мен Асқар басыммен Жұматайға еліктеген жоқ шығармын. Күнде ертеңгісін мен театрға жұмысқа барғанымда да, қайтқанымда да Жұматай да жиі-жиі менімен бірге кіретін. Ол күн ұлы үн мен ойлар ортаға салынатын, – деп жақсы інісі Жұматай туралы әңгіме басталған соң:
– Осыдан екі-үш жыл бұрын сәскеде Жұматай ағама «Көңіл толқыны» күйтабағымды ұсындым. Әңгімемізді жалғай жүріп, жолшы­бай бақшадан ұлым Азаматты алдық.
Келе жатып Жұмағаң:
– Балалар дүкеніне соғайық, – деді де, Азаматқа садақ алып, мойнына асып, қолына оқатарын ұстатты. Үйге кірісімен мен шәйға әзірлік жасап жүрген ем, үлкен бөлмеге кірсем, Жұматай мен Азамат төрге аюды тігіп қойып, қалтасындағы тиындарын теңдей бөліп, екеуі аюды атып ойнап, Жұматай ұтып алып жатыр екен.
– Жұмаға қойыңызшы бала болып кеттіңіз бе, – десем Жұмағаң:
– Жоқ, Секен, француздың бір ойшыл ақыны: «Жұмасына бір рет бала болмаған ақыннан ештеңе шықпайды», – деген еді.
Біраз күн өткен соң, кешкісін жанұя­мызбен Жұмағаң бізді Марков пен Тимирязов қиылысындағы жаңа кірген үйіне алып барды. Сондағы айтқан:
– Секен, сенің «Көңіл толқыны» күй-табағыңды тыңдау үшін сандықтай фатефон сатып алдым», – деген сөзі есімде қалыпты. Бұндай еске алатын сәт күнде бола бермейді емес пе, – деп сөзімді аяқтай бергенімде, Армиял ағам төбеден түскендей:
– Асеке бағанағы Секенге берген «Адас­қақ» кітабыңыздың мына бір бетінде былай деп жазыпсыз, сонда сіз не айтпақ ойыңыз бар еді? – деп еді. Асекең:
– Кітапты оқысаң оқыған боларсың, мен саған рецепт беруге келгенім жоқ, – деді де, дастарханға бата беруді сұрғанда:
– Мен түк айтпаймын, тек екі балаңды тіл-көзден сақтасын, батамды Азамат пен Аятқа бердім деді.
Бір кезде Азамат алдыдағы табақты көтеріп, Аят қызым екі-үш қасықты Азаматтың со­ңынан бірге көтеріп, ілесіп кетіп бара жатыр еді:
– Секен, Азамат Қаршыға секілді де, Аят Әзидолла секілді екен. Анау азаматтың арқа­сын­да Аят та медаль алып қалғысы бар, – деген сөзіне:
– Ырысбаев ағамды қайда қоясыз деп едім, Асекең: – А ол қырғызша айтсақ, «шоң» ғой, – деді Асекең. Содан кейін Армиял тағы да Асекеңді мазалап сұрақтар қоя бастаған еді:
– Армиял айналайын, сен сотталмасаң «Алжирдай» кітап жаза алмас едің? Мен бағана күйшінің үйіне кірер кезде үркіп кірдім, мен қазір күймен ауырып отырмын. Қажеке, сіз қарсы болмасаңыз, Армиялыңызды алып қазір қайтсаңыз қайтеді, – дегені сол еді. Қажекең:
– Армиял алдыға түс кеттік, – деді де, Ар­миял­ды алып үнсіз шығып кетті.
– Қонағыңды қуып жіберді деп өкпелеме­гейсің, бағанағы дипломаттың аузын ашшы, ішінде ештеңе жоқ деп ойлама, қалтасын қара, – деген соң, ашып қарасам, қалтасында «Космос» сигареті бар екен.
– Кел, темекі тартайық, бағанағы ішпеген ішімдіктен енді ішсем қайтеді, – деді де:
– Армиял мен Қажекеңді шығарып жібер­ген себебім, мынау азғантай шылымға ортақ болмасын деген ой еді ғой, – деп езу тартты.
Есенқұлмен таңға тойда болып едім, бір бөлмеңе мызғып алсам деп өтінді. Біз Асқар ағам екеуміз әңгіме-күй тартып таңға оты­рып­пыз. Таң қылаң бере: – Асаға шаршаған болар­сыз, жатып демалсаңыз қалай болады, – деге­німде:
– Секенжан мен кісі үйінде қонбаушы едім, енді қайтайын, – деп жинала бастады. Мен шығарып салуға ыңғайланып едім:
– Мені шығарып салуды қаламаймын, өзіме ерік бер, – деп дәліз арқылы сыртқа шықты. Мен балконда, Асекеңнің сыртқа шыққанын бақылып тұрған ем, Асекең сыртқа, тауға қарай беттеп барады екен.
– Асқар аға, ауыл артта қалды, – деп дауыс­тадым. Асекең кері қарай бұрылды да орысша әлденені сөйлегендей болып төмен қарай жылжып бара жатты. Сол кезде есік алдындағы екі кішкентай талдың арасынан көзбен шындап шығарып салдым. Сол екі тал бүгінде үйдің төбесіне бой тіреп, Асқар ағаға деген сағыныш биіктетіп бара жатқандай.

Секен Тұрысбек

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір