Атау берудің мәні қандай, машақаты қандай?
21.12.2018
2851
0

Абай, Әуезов, Абылай хан секілді ұлылардың өмірі, еңбектері бүкіл ел көлемінде кеңінен насихатталатыны, көшелерге есімдері берілетіні, оқулықтарға енгізіліп, оқытылатыны белгілі. Ал елімізге есімдері мен еңбектері белгілі болған тұлғалар қаншама! Жүздеген, тіпті мыңдаған қаламгерлер, ғалымдар мен өнер қайраткерлері, техника, спорт және өзге салаларда әсіресе, жастарға үлгі-өнеге дарытатын шығармаларымен, қайраткерлігімен бүкіл елімізге танылған адамдардың бәріне Астана мен Алматыдан көше атын беру, еңбектерін республикалық оқулықтарға енгізу мүмкін емес екенін аңғару қиын болмаса керек.

Журналистік зертеулерге қара­ған­да бұлардың басым көпшілігін тіпті, өздері туып-өскен өңірде де, әсі­ре­се жастардың мүлде біл­мей­тіні, тіпті есімдерін естімегені анық­талып отыр. Сонда мұндай тұлғалардың есімдері мүлде ұмыт бо­лып, еңбектері насихатталмай, оқу-тәрбиеде пайдаланылмай қала бермек пе? Дарынды тұлғалар бүкіл өмірін сарп етіп, кім үшін, не үшін шы­ғармашылықпен шұғылданды? Ал жергілікті жерлерде мұндай тұл­ға­лардың есімдерін есте сақтау, еңбектерін насихаттау ескерілмей, мұндағы ықпалды адамдар мен басшылар өздерінің аталарын, қай­тыс болған басшылары мен туыс­­тарының есімдерін көшелер мен оқу, мәдениет орындарына беру жаппай сипат ала бастаған соң бұлардың тәрбиелік мәні жоқ дегендей реніштер мен арыз-шағым­дар туындауына орай кезінде мараторий жарияланды емес пе. Қазір оның мер­зімі біткен соң бұрын­ғы­дай ке­лең­сіздік тағы да белең ала бас­тағаны байқалады.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев 2012 жылы «Қазақстанның әлеуметтік жаң­ғыртылуы: жалпыға ортақ ең­бек қоғамына қарай 20 қадам» деген еңбегінің 12-ші тапсырмасында «Өлке тану» пәнін жасап, оқыту жө­нін­де қадап айтты. Содан бері Елбасымыз бұл мәселені үнемі қоз­ғап келе жатқаны, «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасын жасап бергені белгілі. Ал бұл пәннің мазмұны қан­дай болатынын зерделесек жер­гілікті жерлердің табиғаты мен қаз­ба байлығы және өткен тарихы, экономикасы ғана емес, қазіргі еліміздің өркендеуіне өзіндік үлес қосқан азаматтардың еңбектері өздері туып-өскен өңірде насихатталып, оқу бағдарламасына ен­гізіл­уі, соған орай әр облысқа, әр аудан­ға лайықталған оқу бағдарламасы мен оқулықтар жергілікті жерлерде арнайы жазылуы немесе насихатталуы тиіс қой. Осы тұрғыдан қа­рас­­тырсақ халқымызға танымал бол­ған адамдардың еңбектерін жер­гілікті жерлерде насихаттаудың, оқу-тәрбиеде пайдаланудың пайдасы мол болатынын пайымдау қиын болмаса керек. Елбасымыз белгілеп берген «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асырудың оң­тайлы бір тәсілі осыған сайса керек.
Алайда жергілікті жерлерде бұл мәселе шешімін табуы неғайбыл десе де болады. Тіпті республика­мыз­­дың барлық дерлік аудандары мен облыстарында есімдері респу­бликаға белгілі болған тұлғалардың атына көшелер мен оқу-мәдени орын­дарына беруге, еңбектерін наси­хаттауға қарсы көзқарас басым екені байқалады. Мұндағы түсінік бойынша ауданда, ауылда яғни жергілікті жерлерде «тікелей өзі ең­бек еткен жоқ» дегендей сылтау бо­лып келеді. Бұған нақты дәлел ре­тінде Шығыс Қазақстан облы­сын­дағы Зайсан өңірінен мысал келтірсем де болады. Өзге аудандар мен қалалар секілді Зайсан ауданында да бүкіл республикаға та­ныл­ған, еңбектері әйгілі адамдар қайтыс болған соң да оларды еске сақтау шаралары жасала бермейді. Мәселен, кезінде есімі бүкіл рес­пу­бли­каға танымал болған ғалым, эт­нограф, балалар спортын да­мыту­ға өзіндік үлес қосқан, аудандарда спорт мектептерін ашуға ықпалы болған Базарбек Төтенаев 2004 жылы қайтыс болғаннан кейін қазақтың әйгілі палуаны Әбілсейіт Айхановтан бастап педагогика және психология ғылымдарының докторы, профессор Құбығұл Жа­рық­баев пен әйгілі спорт жур­на­лисі, спорт шебері әрі спорт төре­шісі Несіп Жүнісбаев сияқты оның еңбегіне қанық 30-ға жуық спортта, ғылымда және әдебиетте танымал болған азаматтардың қолдарын қойдырып, Шығыс Қазақстан облысы Зайсан аудандық әкімдігіне Зай­сан қаласындағы спорт мек­тебін оның есімімен атау жөнінде жазылған арнайы ұсыныс хатты тапсырған болатынбыз. Бұл кезде қайтыс болғанына 5 жыл толуы керек деген талапқа орай және ма­ра­торийға байланысты бұл мәселе кейінге қалдырылған еді. Содан бері 15 жылдай уақыт өтті.
2015 жылы 3 наурызда спорт мектебіне Базарбек Төтенаевтың есі­мін беру туралы мәселе қаралып бұл ұсынысты ұжым мүшелері түгел қолдап дауыс берген еді. Мараторий мерзімі біткен соң ұжымның ше­шімі аудандық мәслихатқа жолдануы тиіс болатын. Алайда жуық­та спорт мектебінің директоры Ға­лым Мұқатаев қайтыс болып, оның орнына тағайындалған Секен Бодаев ұжымның 2015 жылғы ше­шімін ескермей, Ғалым Мұқа­таев­тың топырағы суымай жатып спорт мектебіне оның есімін беру туралы ұсыныс жасап, ұжымды көндіріпті. Ұжым мүше­лері арасында Күпиев Мұрат се­кілді аға буын бапкерлер С.Бо­даевтың ұсынысы заңсыз еке­нін дәлелдеп қарсы шықса да, әсі­ре­се жастар жағы «Б.Төтенаевты танымаймыз, ол бізде қызмет еткен жоқ, ал Ғ.Мұқатаев өзіміздің басшымыз болған» деп жаңа директор­дың заңсыз ұсынысын қолдап, ше­шім шығарылыпты. Заңсыз дей­тініміз, ұжымның 2015 жылғы 3 нау­рыздағы Спорт мектебіне
Б.Төтенаевтың атын беру туралы ше­шімі аудандық мәслихаттың қара­уына жолдану­дың орнына респуб­ликаға таныла қоймаған, әрі награ­далары да жоқ бұрынғы директор Ғалым Мұқа­таев­тың атын Спорт мектебіне беру туралы ұсы­ныс жасалуына ешқан­дай себеп жоқ емес пе. Егер нақ осы марқұм Ғалым Мұқатаев 2015 жылы Б.Төтенаевты қолдап дауыс берсе, қазір тірі болса Б.Төтенаевты жоқ­тай­тын еді. Өйткені Базарбек Тө­те­наев осы спорт мектебінің ашылуына тікелей өзі ұйытқы болғанын, өзі бұрынан жақсы таныс осы Ға­лым Мұқатаевты Ұлан ауданынан әкеліп, Зайсан ауданының әкіміне беделін салып спорт мектебіне ди­ректор етіп тағайындатқанын айтып жүр. Мұны Базарбектің Зай­сан­дағы достары мен туыстары, ұжымның аға буын өкілдері жақсы білсе керек. Тіпті олар басқа ауданда жүрген нақ осы жаңа директор Секен Бодаевты да Базарбек осы спорт мектебіне қызметке орна­лас­тырғанынан хабардар екенін айтады. Ал, осы Секен Бодаев өзіне қам­қор болған Базарбектің аруағын ат­тап, оның орнына басқа адамды ұсынып, оған өзі басшы болып отырған ұжым мүшелерін көн­дір­уіне не себеп? Мұның себебін ұғы­ну қиын емес секілді. Бұл мәселеден хабардар болған тұрғындардың аудан әкіміне жолдаған нара­зы­лығына аудан әкімінің орынбасары Қ.Шилібаев 9 қазанда спорт мек­те­біне «Б.Төтенаевтың атын беруді ұжым мен жаңа директор Секен Бодаев қолдамай отыр» дегендей мәнде ресми жауап қайтарыпты. Демек бұрын­нан белең алып келген келеңсіздік мараторий мерзімі біткен соң қайта жалғасуда. Яғни, жергілікті жерлердегі басшылар немесе ықпалды адамдар өздерінің туыстарының атын бұл мектепке беруге күш салуда. Тұрғындардың айтқанына қарағанда Ғалым Мұқа­таев қайтыс болғанда оны жерлеуге келген Астанада тұратын лауазымды адамдар ауданның жаңа әкімі Темірбек Қасымжановтың қабыл­да­уында болып, спорт мектебіне Ғ.Мұ­қатаевтың атын беру туралы қол­қа салған-ау. Сөйтіп жаңа директор Секен Бодаев аудан әкі­мінің нұсқауын орындап, ұжым­ның 2015 жылғы шешімін ескермей спорт мектебінің атын Ғалым Мұқа­таевқа беру туралы ұсыныс жа­сап, ұжымдағыларды, әсіресе жастарды көндірген. Елбасымыз мараторий­дің себебі нақ осындай келеңсіз әдеттің асқынуынан еке­нін бір­неше рет қадап айтқанына бұл аудан­ның жаңа басшылары мән бергісі келмей отыр. Бұл бір.
Екіншіден, ұжымның 2015 жыл­ғы шешімі күшін жойған жоқ қой. С.Бодаевтың ұсынысы заңсыз екеніне аудан әкімінің орынбасары Қ.Шилібаевтың түсінуге өресі жетпегені қалай?! Мұның өзі аудан әкімінің жастармен жұмыс істеуге, оларға бағыт-бағдар беруге мән бер­мейтінін аңғартса керек. Үшін­ші­ден Б.Тө­те­наев­тың қандай қай­раткер бол­ғанын мәслихат депутаттары, әсіре­се аға ұрпақ жақсы бі­леді. Ал ұжым мүшелерінің дені бас­шы­лардың сөзіне қарсы шық­пайтыны анық. Сонда Базарбек Төтенаев деген кім? Оның халқы­мызға сіңір­ген еңбегі мен өмір жолын қысқаша баян етсек те, Зай­сандағы спорт мектебіне есімін беруге, еңбектерін пайдалануға, насихаттауға лайық екенін еліне, жұртына түсінікті.
Төтенаев Базарбек Өртеңбай­ұлы 1941 жылы Зайсан ауданындағы Қаратал ауылында туған. 1959 жы­лы осы ауылдағы орта мектепті бі­тір­ген соң Қазақ Мемлекеттік физ­культура және спорт институтына түсіп, 1963 жылы бітіріп шық­қан. Орта мектептерде дене тәр­биесі пәнінен сабақ беріп, мұғалім болып еңбек жолын бастаған. 1971 жылдан өмірінің соңына дейін, зей­неткер жасына жеткенше Ғы­лым және білім министрлігінде инспектор, республикалық оқу-методикалық кабинетінің мең­геру­шісі, дене тәрбиесі және спорт бө­лі­мінің бастығы, бас ғылыми қыз­­­­меткер болып қызмет атқарған. Базарбек 1972 жылы Қазақтың Мем­лекеттік университетінің тарих факультетін бітіріп, «Қазақтың ұлт­тық ойындарының даму тарихы» («Қазақтың ұлттық ойындары – халық мәдениетінің негізі») деген тақырыпта кандидаттық, доктор­лық диссертация қорғаған. Қазақта алғашқылардың бірі болып ауыр атлетикадан ауыр салмақтағы КСРО спорт шебері дәрежесін иеленді, КСРО және Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі, «Құрмет белгісі» орденімен, медальдармен марапатталған. Қоғамдық ғылым­дар академиясының академигі, көптеген ғалымдарды дайындаған ғалым. Әрі ол белгілі этнограф бол­ды. Сонымен қатар түпнұсқадан тұңғыш рет Құрбанғали Халидтың «Тауарих хамса» (Бес тарих) деген көне кітабын шағатай тілінен жә­дит жазбасынан аударып шығарып, осынау асыл қазынаны алғашқы насихаттаушы бола білді.
Базарбектің Қазақстандағы балалар спортын дамытудағы ең­бегі де аз емес. Ол балалар мен жас­өс­пірімдердің дене тәрбиесі ғылы­мының негізін салушылардың бірі болды. Тұңғыш рет орысша-қа­зақ­ша спорт терминдерінің сөздігін жазды. «Қазақтың ұлттық ойындары» атты екі монография және «Се­лодағы денешынықтыру және спорт» атты монография, «Игры народов СССР» (Қазақстан бөлімі) энцеклопедияның 5-ші томын жазуға қатысты. Үш «Дене тәрбиесі» оқулықтарының (1,4,5 сыныптар), Қазақстанда тұңғыш рет жазылған «Дене тәрбиесі» оқулығының авторы. Сондай-ақ, 25-тен астам оқу­лық, оқу құралдары мен оқу бағ­дар­ламасының, 50-ден астам ғылыми ма­қалалардың авторы. Ол бас­па­-
с­өзде білім беру, ұлттық тәрбие та­қы­рыбында проблемалық мақала­лар жазып, қоғамдық ойға қозғау са­луға белсене қатысты. Республи­ка­лық телеарналар арқылы қазақ­тың ұлттық ойындарын насихат­тау­ға және балаларға үйретуге де атсалысты.
Оның еңбектерінің құндылығы уақыт өткен сайын арта беретін ас­ыл қазына десек, артық айт­қан­дық болмас. Мәселен 2013 жылы «Ба­лауса» баспасы Базарбектің «Қа­­зақтың ұлттық ойындары» туралы жазғандарын жинастырып кітап етіп шығарды. Бір өкініштісі, кітап небары 500 данамен ғана басылыпты. Бұдан көп етіп басуға бас­­паның қаражаты жетпеген. Тап­сы­рыс болса кітаптың данасын кө­бейтіп баса беруге болатынын да айтқан еді баспадағылар. Бұл күн­дері оқу тәрбие орындарында, телеарналарда тек бөгде ұлттардың ойын­­­дары ойналатынын көріп жүрміз.
Осындайда жұртшылық «қа­зақ­тың ұлттық ойындары жоқ па?» дегендей сауалға тірелетіні де сөз­сіз. Өйткені бұл тақырыптағы то­лық­қанды оқу құралдары да аз. Білім және ғылым министірлігі осы жайды ескеріп, кітапты 100 мың данаға дейін басуға тапсырыс беріп, барлық оқу-тәрбие, сауда орындарына, кітапханаларға тарататын болса оның пайдасы зор болатыны түсінікті. Мен осындай ұсы­ныс білдіріп, бұл кітап туралы «Ана тілі» газетіне мақала да жазған едім («Ана тілі» газеті, №40 10-16 қазан 2013 жыл).
Базарбек Білім және ғылым ми­нис­трлігінде және Ы.Алтынсарин атындағы Білім академиясында қызмет атқара жүріп, Қазақстанда спорт мектептерін ашуға өзіндік үлес қосқаны өз алдына бір төбе әң­гіме. Соның ішінде Зайсан қала­сын­дағы спорт мектебінің ашылуына да ұйтқы болғанын да замандастары айтып жүретін. Базарбек туралы әлем чемпиондары мен жүлдегерлер даярлаған жоғары санатты бапкер, спорт шебері Орынбек Пұшпақбаев, зейнеткер ұстаз Рысбек Мұқанов, Зайсан ауданы­ның Құрметті азаматы Манатбек Жеңсеханұлы аудандық «Достық» газетіне мақалалар жазып Зайсан­да­ғы спорт мектебіне Базарбек Тө­тенаевтың есімін беруді қызу қол­дағанын білдірген де еді.
Ал жергілікті басшылар мен бел­­сен­ділер он бес жыл бойы «біз­дің ауданға еңбегі сіңген жоқ» дегендей сылтауларды көлденен тар­тумен келген еді. Мұндай сылтау да мүлде орынсыз.
Жалпы, тек Базарбек қана емес, Зайсан ауданында туып-өсіп кейін есімдері мен еңбектері елімізге, тіпті шет жұрттарға да танымал бол­ған өзге тұлғалардың есімдерін есте қалдыру, еңбектерін насихаттау қолға алынбай келеді. «Егемен Қазақстан» газетінің бөлім мең­геру­шісі болған талантты журналист, жазушы Кеңесхан Зәкен 1993 жылы қайтыс болғаннан кейін оның атына Зайсан қаласынан бір көшені атау жөнінде есімдері хал­қымызға кеңінен әйгілі болған зай­сандық бір топ қаламгерлер қолқа салғанда «қалада өзгертуге болатындай көше жоқ» деген сылтау айтылып, ақыры Қаратал ауы­лын­дағы бір көшеге Кеңесханның аты әзер берілген болатын. Содан бері қалада қаншама көшелердің аттары өзгертілді десеңізші! Ша­руа­шылықтар, мекемелер, аудан бас­шылығында болғандардың атымен қаншама көшелер мен мектептер аталды. Әрине еңбегінің тәрбиелік, танымдық мәні болса жергілікті азаматтардың есімдері­мен көшелердің, оқу тәрбие орын­да­рының атын атау жөн деуге болады. Мәселен, кеңес заманында осы ауданда он жылдай бірінші басшы — Зайсан аудандық партия комите­тінің бірінші хатшысы болған Асыл­бек Сәбековтың атына көше берілсе, мұның танымдық мәні зор болмақ. Ол басшы болып тұрған кезеңде Зайсан сайлау округінен КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған Үкімет Төреағасы Бәйкен Әшімовтың қабылдауында бірнеше мәрте болып нәтижесінде әскери мақсаттағы Зайсан арқылы өтетін Красноярск – Майқапшағай тас жолы, Зайсан әуежайы салынған еді. Сөйтіп, облыс орталығынан бастап Зайсан қаласына тіпті ауылдар мен фермаларға дейін тас жол, Бұқтырма ГЭС-інің электр желісі тартылып, Зайсан-Алматы әуе жолы ашылып, телемұнара салынып, тұрғындардың телеарналарды тамашалауына мүмкіндік жасалған болатын. Көршілес аудандар мұндай жетістіктерге әлі толық жеткен жоқ.
Сондай-ақ, Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер, орындауындағы бірнеше әндері Қазақ радиосында жазылған, Алматы, Мәскеу сахналарына дейін ғажайып әншілігімен көрермендерді тамсандырып таң­дандырған, Зайсан халық театрында, ансаблінде, мәдениет үйінде ұз­ақ жыл қызмет еткен, әрі басшысы болған еліміздің шығыс өңірінің сал-серісі атанған Ораз Кәкеевтің есімін аудандық Мәдениет үйіне беру жөнінде ұсыныс қолдау таппауын тұрғындар түсіне алар емес.
Зайсан ауданынан есімдері мен еңбектері елімізге танымал болған көптеген ғалымдар, ақын-жазу­шы­лар, өнер қайраткелері шыққан. Осы ауданда туып-өскен жиырма шақты ақын-жазушы бар. Олардың екеуі – Ұлықбек Есдәулет пен Гүл­нәр Салықбаева Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты екені баршаға белгілі.Зерттеушілер осы ауданда туып-өскен қоғамдық ғылымдар акаде­миясының онға жуық академигі бар екенін айтады. Солардың бірі еңбектері шет жұрттарға да танымал болған биология ғылымда­рының докторы, профессор Шәкен Жарасов қайтыс болғалы біраз жыл болды. Оның еңбектерін насихаттау, есімін есте қалдыру мәселесі тіпті қозғала қойған жоқ. Баласа­ғұн­­ның өлеңмен жазылған «Құтад­ғу Білік» кітабын көне түрік тілінен қазақ тіліне өлеңмен тәржімалаған және ол туралы зерттеулер жасаған, ғылым докторы әрі талантты ақын, әдебиет сыншысы Асқар Егеубаев­тың, талантты балалар жазушысы, Мартин Андерсен-Нексе атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Марат Қабанбаевтың есімі де, кі­таптары да аудан жастарына беймә­лім болып қалып келеді. Сол секіл­ді Ұлы Отан соғысының ардагері, «Жазушы» баспасының Бас редакторы болып көп жыл қызмет еткен ақын Есет Әукебаевтың, Ұлы Отан соғысының ардагері, полковник, әс­кери салаға арнап бірқатар тео­рия­лық еңбектер жазған тарих ғылы­мының докторы, профессор Керей­хан Аманжоловтың, ақындар Зарықбай Ыбыраевтың, Қайролла Әліпбаевтың есімін қазіргі жастар естіп білмейтін болды. Қазақ драматургиясы саласында өзіндік ерек­шелігімен танылған Әділбек Тауасаров қайтыс болғалы 15 жылға жуық уақыт болса да есте сақтау шаралары жасалған емес. Жиырмадан астам жыр жинақтары шыққан елімізге танымал ақын әрі үндінің ең көне, әлемдегі ең көлемді «Ма­хабхарата», «Рамаяна» эпостарын қазақшаға ықшамдап аудар­ған, Аристотельден бастап Конфуцийге дейінгі ғұлама фи­лософ­тардың қатарында Абай еке­нін дәлелдеп тың көзқарастағы танымдық ең­бектер жазып қал­дырған, Үндіс­тан­ның ең жоғары сыйлығы –ха­лық­аралық Падма Шри сый­­лы­­ғының және Пәкіс­тан­ның Икбал академиясының «Алтын ескерткіш» сыйлығын алған аудар­машы, ақын Әубәкір Нілібаев 86 жасында қайтыс болар алдында сирек кездесетін құнды кітаптар­ға­толы аса бай кітапханасын Зайсан аудандық орталық кітапхана­сына тарту етіп, тапсырып кеткен еді. Оның есімімен осы кітапхана аталуы тиіс еді. Алайда есте қал­дыру шаралары қолға алынбай, ол да бірте-бірте ұмыт болуы әбден мүмкін. Аудандық «Достық» газе­тінде еңбек жолын бастаған, Шы­ғыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» газетінің бөлім мең­­­­геру­шісі, Бас редактордың орын­басары, «Социалистік Қазақ­с­тан» («Егемен Қазақстан») га­зе­тінде бөлім меңгерушісі болған, ордендермен, медальдармен наг­рад­тал­ған, жиырма шақты жыр жинақ­тары­ның авторы, талантты ақын Тоқ­тарбек Қызықбаев өмір­ден өт­келі біраз жыл болды. Жалпы, Зайсан, Алтай тақыры­бында ең көп жыр жазған ақын Тоқтарбек деуге болады. Оның есімімен тек Зайсанда ғана емес, Өскемен қаласында да бір көшенің аталуы, шығармаларын насихаттау да қолға алынған емес. Бұл күндері Зайсан жастары Қа­зақс­танның Халық әр­тісі, әнші Күләш Сәкиева­ның, Қазақ­станның Еңбек сіңірген әр­тісі, әнші Бикен Мұхамед­жа­нова­ның осы ауданда туып өскенін де, есімдерін де мүлде естімеген деуге болады. Ал Шығыс Қазақстан об­лыстық қазақ драма театрын аш­қан, осы театрдың директоры әрі бас режиссері болып қойылым­дарды жаңаша ізденіс тәсілдерімен жасап, жұртшылық­тың құрметіне бөленген Мемлекет­тік «Дарын» жас­тар сыйлығының лауреаты Рүстем Есдәулет 31 жасында қайтыс болған еді. Жуықта Рүстем Есдәулет атындағы Респу­бли­калық театр фестивалі екінші рет өтті. Өске­мендегі осы театрға оның есімін беру жөнінде ұсыныс­тар болып жатыр. Ал оның туған жері Зайсан ауданында оны есте қалдыру шаралары ойластырылған да жоқ. Мен­делеевтің кестесін оқып білгенге дейін оқытуға арнал­ған «Химия қақпасы» кестесін 40 жылдай химия пәнінен сабақ бере жүріп жасаумен шұғылданған, хи­мия­лық элементтердің кейбір қа­сиет­терін есте сақтау үшін өлеңмен оқыту әдісін тауып жасаған, 9-10 сынып­тарға арналған химия пәні оқу­лықтарын жазған, республи­калық педоқулықтарда үнемі жүл­делі орындар алған, еңбектері, оқу­лықтары қазірдің өзінде елі­міз­дің бірқатар облыстарындағы мектептерде пайдаланып жүрген, есімі еліміздің педагогтар қауымына кеңінен әйгілі Жұбайбек Жұмахан­ұ­лының есімін Дайыр немесе Бір­жан ауылындағы орта мектепке беріп, музейін ұйымдастыру туралы ұсыныстар ауданда қолдау таппай келеді. Сондай-ақ Біржан ауы­лындағы бір көшеге тың қаһарманы Назетбек Жұмахан­ұлы­ның атын беруді ауыл қолдап отырса да ауданда қолдау таба қоймады.
Сондай-ақ, бақилық болған талантты ақын, қаламы өткір журналист. Зайсан аудандық «Достық» газетінде, Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар» газетінде бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы болған, бірнеше өлең кітаптары шыққан талантты ақын, журналист, көсемсөз шебері, әрі драматург Ғалым Байбатыровтың шы­ғар­малары мен есімі өзінің туып өскен жерінде ұмыт қала бермек пе? Кезінде аудандық мәдениет бөлімін басқарған, Зайсан халық театрын Мәскеу сахнасына дейін бастап барған Қабден Сауыркеновтың республикамыздың ішкі істер министрлігінде жауапты қызмет атқарумен қатар детектив жанрында көптеген әңгімелер мен повестер жазып, еліміздегі оқырмандарға кеңінен танылса да туған жерінде есімін қазіргі жастар білмейді. Сондай-ақ Зайсан халық театры­ның Алматыда, Мәскеуде өнер кө­рсет­кенде «Қыз Жібек» опера­сын­дағы Төлегеннің рөлін сомдап, жүлделі болған, бүкілодақтық, республикалық байқаудың лауреаты, қазақ мемлекеттік ән-би ансаблінің әншісі болған, қазақ телевизиясында режиссер, «Жалын», «Өнер» баспаларында дирек­тордың орынбасары болған әрі әнші әрі журналист Еңілхан Меке­жановтың қайтыс болғанына да біраз жылдың жүзі болды. Оның есімін де, еңбегін де мұнда ешкім білмейтін жағдай орнықты.
Өкінішке орай, сұрау жүр­гіз­генде Зайсан тұрғындарының әсі­ресе жастардың бәрі дерлік жо­ғарыда біз тізбелеп аттарын айтқан бақилық болған дарынды адам­дар­дың шығармаларын былай қойып, есімдерін де естіп көрме­генін айтады. Жалпы Зайсан ауданында тек талантты ақын Нұрлан Мәукенұ­лына есте қалдыру шаралары жасалды.
Мұндай мысалдарды республи­каның өзге аудандарынан да, тіпті өзге облыстардан да көптеп кел­тіруге болады. Мұндағы бірінші кедергі – «ауданға еңбегі сіңген жоқ» деген уәж. Әйгілі тұлғалар өздері туып-өскен өңірде еңбек етпесе де жергілікті жерлерде олар­ға ескерт­кіш қойылып, көшелер мен түрлі нысандарға, тіпті ауыл­дарға олар­дың аты берілгеніне мы­салдар аз емес. Екінші кедергі – Зай­сан қала­сын­да жаңадан атау беретіндей кө­ше жоқ деген сылтау. Ал қаладағы жүздеген көшелердің басым көп­ші­лігі бұл өңірге қатысы жоқ немесе еңбектері бүкіл елімізге танылмаған адам­дар­дың атымен аталған. Мәселен, қалада Ю.Гагарин атын­дағы көше бар. Бүкіл әлем­ге мәш­һүр ғарыш­керді есте сақтау үшін ша­ғын қа­лада көшені атаудың қан­дай қи­сыны бар? Ша­ғын қа­ла­дағы кө­шелер мен нысан­дардың атаулары аудан тарихына, рухани өміріне қатысты танымдық мәні болғаны жөн емес пе? Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев­тың «Өлке тану» пәнін оқыту жөніндегі талаптарын, «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасын тереңірек зерделесек жергілікті жерлерде бүгінгі заманда өмір сүріп республика­мыз­дың рухани өміріне үлес қосқан адамдар­дың еңбектерін насихаттау, оқу-тәрбие жұмыс­та­рына пайдалану шараларын қолға алатын мезгіл жеткен секілді. Мұ­ның өзі жастар­дың туған жерге де­ген, ғылымға, өнерге деген сүйіс­пен­шілігін, мақ­танышын арт­тырудың, діни эктремизмге, терроризмге, ұлттық аз­ғындауға қарсы күрестің ең оң­тайлы, тиімді тәсілі болатыны сөзсіз. Тіпті бұл туралы арнайы заң баптары мен ережелер қажет. Нақ­ты айтқанда «жергілікті жерлерде ең бірінші кезекте сол ауданда туып-өскен, ең­бектері елімізге таныл­ған тұлға­лардың туған үйінің немесе тұрған үйінің қабырға­сына ескерткіш тақта орнату, есімдері аудандағы көше­лерге, оқу-тәрбие, мәдени орындар­ға, өзге де нысан­дарға беріліп, еңбек­тері насихатталуы тиіс» деп заң мен ережеде нақ­ты, айшықтап жазыл­ғаны жөн. Әйтпесе жергілікті жерлерде бұра тартулардың жойылуы неғайбыл деуге болады.

Қуанбек Боқаев,
журналист

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір