«Той жасамағанға ұялатын қазақ қана»
24.10.2015
2592
0
934268_2053274593_1397489750_24112010310277232_w
Рахман АЛШАНОВ:
Біздің бүгінгі кейіпкерімізбен арадағы сөз қазақтың бәсекеге қабілеттілігі турасында өрбігенінің бір себебі – жылдар, ғасырлар бойы қалыптасқан, өзіндік дәстүрі бар ірі трансұлттық корпорациялардың өзі төтеп бере алмай отырған бәсекелес­тіктегі қазақтың орнын анықтаудан туған еді. «Қазақтың өмірі бұрыннан жарыс, бұрыннан бәсеке еді ғой», – деген ғалым әрі ұстаз Рахман Алшановпен әңгімеміз төмендегідей өрбіді…  
– Осы күні «бәсеке» «сәнді» сөзге ай­нал­ды. Қай жерде болсын, осы сөзді алға тар­тып, бәсекелестіктің қыр-сырына үңі­ліп жатқандай күй танытамыз. Бүгінгі қа­зақ ұғымында «бәсекеге қабілетті болу» деген түсінік қандай?
– Қазір дүниежүзі жойқын бәсеке жағдайында өмір сүруде. Мысалы, АҚШ-тың өзінде 200 жыл, 50 жыл бұрын қалыптасқан, атағы дардай корпорациялар әлсіреп қалмау үшін жанталасуда. Себебі, бәсекеге кішкене төзе алмадың ба, табан астында жоқ қылып жіберетін бәсекелестіктің ауыр жағдайына тап болып отыр. Жылдар бойы осы бәсеке­лестік мәселесінде АҚШ, Еуропа елдері алда келе жатыр еді. Олардың орнына әуелде Жапон, Оңтүстік Корея таласып, алға жылжыса, ендігі бәсекеде Қытай басып озып келеді. Сапалы аяқ киім өндіруде Италия алда еді, оның алдын Қытай ораса, Въетнам қытайлардың өкшесін басып келеді. Грекия, Италия, Испания, Португалия – жеңіл өнеркәсіп­тері дамыған ел болатын. Олар­дың қазір Қытайдан жеңіліп жатқан тұстары көп.
Дүниежүзіндегі дағдарыстың бір себебі, трансұлттық корпорациялардың бәсекеге төтеп бере алмауынан, сөйтіп байырғы позициясын оп-оңай жоғалтып алуынан туындап жатыр десе де болады. Бұрын ұшақты, тракторды өңдеуден ғасырлық тәжірибесі бар өндірістердің тасы өрге домалап, солардың өнімдері бәсекеге қа­бі­летті еді. Қазір біреулердің жүздеген жыл­дар бойы тәптіштеп, зерттеп жасаған дү­ниесін Қытай бір-ақ күнде жасай салатын болды. Бұрындары Қытай­да арзан жұмыс күші бар еді. Өзіңіз куәсіз, күні кеше ғана қытайлықтардың жалақысы Ресейден асып түсті. Арзан жұмыс күші жоқ Қытайдан АҚШ пен Еуропа жайлап кетіп жатыр. Ал ол компа­ния­лардың орнын Азия­ның өзге елдері басып қалуға тырысуда.
– Осы жойқын бәсекеде қазақтың орны қандай?
– Бәсеке дегеніміз – өзіміздің шамамыз жететін, лайықты орнымызды таба білу десек, біздің қолымыздан не өндіру келеді деген сауалға алдымен жауап беруіміз керек емес пе? Біз шығаратын өнім сапалы, жарамды ғана емес, бағасы да қолже­тімді болуы керек қой. Жеңіл өнеркәсіпте Қытайдан жеңіліп бара жатқанын сезген Португалия бәсеке­лес­тіктегі өзінің орнын іздеді де, «темір бөлшек шығарсақ, бізге сол жетеді» деп шүкіршілік айтып, сол кәсіп­ке бар ынта-ықыласымен бет бұрды.
Қазақ бұрыннан бәсекеге қабілетті ха­лық. «Жібек жолы» бойындағы сауданы бақылауда қазақтан асқан бәсекелес ұлт жоқ еді. Кедендегі тамғабасылар керуен­ші­лер­дің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді мой­нына алып, керуенбасылар оларға тиісті салығын беріп отырған. Сөйтіп, жол­дың қауіпсіздігін сақтауда бізбен тең бәсе­келес болмап еді. Кейін кедендік төлем­дерді көбейтіп жібердік те, соны қым­батсынған Қытай мұхит арқылы бас­қа сауда жолдарын қарастырып, керуенін өзге бағытқа бұрды. Осылайша, керуен қауіп­­сіздігін сақ­тау­да бізден асқан бәсе­келес жоқ болға­нымен, біздің қызмет көрсету ақымыз тым қымбат болған соң, біз халық­аралық сауда жолында отырған ел деген атымызды сақ­тай алмадық, тиісінше бұл бәсекелестікте ұтылдық. Сол кездегі керуен жолдары бойын­да орна­ласқан ежелгі қалалары­мыз­дың тарихына үңіліңізші, әрқайсысының бәлен­бай ғасырға созылған тарихы бар. Сол кез­дері енді-енді іргесі қалана бастал­ған Париж, Лондон, Мәскеудің өмірлік көз­қарасы алға басты да, біздің қалалар неге сол халықаралық сауда жолы, қарым-қатынастардың орталығы, тоғыз жолдың тора­бы мәртебесін ұстап қала алмады?
Немесе басқа мысал айтайын. Ежелгі дүниеде, ежелгі сауда жолында шашу деген категория болған. Бара жатқан жолында тауарын жағалай қонған елге таратып кете­ді. Мұны – шашу дейді. Қайтар жолда сол тарат­қан дүниесінің ақысын жинап алады. Бізде де осы категория болған еді. Біз тек қана бердік, қайтара алмадық. Шашып жібердік.
Әскери күштің бәсекелестігінде де біз­ге төтеп бере алатындар жоқ еді. Меніңше, ең алғашқы бәсекеге қабілетті әскери жал­да­малылар – қазақтар болуы керек. Әс­керде, қорғаныста біздің ұлтпен бәсекеге жарамдылар кемде-кем еді.
Кейін заман өзгерді. Әскерде білек күші емес, қару жеңетін болды.
Қазақтың ойында, өмірлік салтында, өзгелермен қарым-қатынасында, тіпті тамақ жеуінде де қатып қалған, бұлжы­майтын концепциялар бар. Сол бұлжы­майтын қағидаларды бұзғымыз келмей, біз көпте-ген заманауи өзгерістерге ыңғай­лана алмадық. Саңырауқұлақ пен шөп-шаламды ас-ауқат деп санамаған қазақ аштықта қырылып қалды. Ұлт үшін бұлжымайтын өмірлік қағидаттар да кейде керек шығар. Алайда, кез келген ұлт бәсекелестікке төтеп беру үшін ең алдымен жер бетінен жойылмау мәсе­лесін ұмытпау керек деп ойлаймын.
– Біз ішкі нарықта, өз қоғамымызда бә­секелес болудың, оның артықшылық­та­ры мен қиыншылықтарын қалай ұғы­нып жүрміз?
– Алғашқылардың қатарынан көріну мәселесі маңызды болса, қазақтың қолы­нан келмейтіні жоқ. Өзге елдің қолы жете алмай жүрген ғарышқа үш бірдей қазақ ұшты. Кешегі Лондон олимпиадасында не­ше мемлекеттердің ішінен командалық есеп­те 12 орын бұйырды. КазГУ-де біраз жыл жауапты қызметтер атқардым. Темір-хан Досмұхамбетов деген жолдасым болды. Сол жігіт ауылдан қазақтың балаларын жинап, спорт секциясын ашты. Балалар сондай жұқалтаң, сондай нәзік. Оларды алып келіп, еңге­зердей орыстың балаларымен күреске шығарады. Алғаш көргенде жүрегім езіліп кетті: «Әй, мына балаларға обал емес пе?», – деймін ғой. Кейін байқа-сам, сол әлжуаз деген балаларым шетінен атой салып жүр. Темірханнан: «Балалар­дың мықты екенін қайдан білесің?», – деп сұрасам, «Ең алдымен көздеріне қадалып қараймын. Табан тіресіп қарайтын болса, ол баладан бірдеме шығады», – дейтін. Шынымен де, кейін сол секциядан үш чемпион шықты ғой. Бәсекеге жалпы, қабілет­тіміз.
– Өмірдің бар саласында да сондаймыз ба?
– Біздің бір қызық мінезіміз – өмір бір қалыпты дами береді деп ойлаймыз. Сөй­теміз де, бұрынғыдан жалғасқан бір сүрлеу бар, содан алыс шыққымыз кел­мейді. Ке­зінде қазақ ауылда болды. Түрлі себептермен. Оның пайдасы, зияны де­ген­ді тарқатып айтпай-ақ қояйын. Қалаға келген қазақ пәтер таба алмады. Алда-жалда, ілуде біреуі пәтерлі болса, оған үйдің ең төменгі, не ең жоғарғы қабатынан үй беріп, қазаққа пәтердің жайлысын да таңдау құқығын алып қойған күндер бастан өтті. Сондай жағ­дайда да, Алматыға, жалпы қалаға ар­ман қуалап, оқу іздеп келетін жастар бар еді. Олар, әрине, Алматының, жалпы қала­ның ең төменгі, не ең жоғарғы қабатында тұратын ағасы­ның, ағайынының үйін паналап, ағасына арқа сүйеп келді. Қазір заман басқа, бірақ сонда да, ағаны жағалау мінезі әлі сақталып қалған. Қазақ Алматы­ның, жалпы қаланың қай үйінің, қай қа­ба­ты­нан болса да, таңдап жүріп пәтер жалдай алады, бірақ ол ағасын жағалауын қояр емес. Оқу оқыса да, қызметке тұрар болса да ағасына арқа сүйейді. Шырмауық сияқты. Шырмауық шырмап алған өсім­діктің жайқалып өскенін кім көрген? Сон­дықтан небір тамаша, алғыр ағаларды туған-туысы шырмауықша шырмап отыр. Біздің қазақ сол ағасының қасында, жеке-дара, мәуелі бәйтерекше жайқалуға ұм­тылатын кезі баяғыда келген жоқ па? Туған туысы шырмап алған қазақ қайдан байысын, қайдан бәсекеге қабілетті болсын?
АҚШ-қа барыңыз, тек қана қабілет, жаңа идея, жаңа күш есепке алынады. Әйт­пе­се, олардың да ағалары, көкелері бар. Бір­де АҚШ-қа барсам, жас қызды көрдім. Жанында еңгезердей қарауылдары бар. Әлгі шынашақтай қыз Клинтон жүретін пойыз жолдың қауіпсіздігін басқаратын көрінеді. Өзі Хиларидің сіңлісі екен. Оларда да аға жағалаудың бір түрі бар болса, бар шығар. Бірақ біздегі жағдайдан айырмашы­лығы – шешуші орынға тек қана қа­бі­лет­ті, қолынан іс келетін тұлғаларды қыз­метке алады. Мұндай мәселеде ағайын­­гер­шілік алдыңғы қатарға ешқашан шық­пайды.
– Қалай ойлайсыз, осы күні тапқан та­бысын жоспарлай алатын қазақ көп пе? Табанақы, маңдай терімен ілдал­далап күн көріп, аз-мұз тиын-тебенінің айналасынан той тойлап, қуаныштарын атап өтіп жатқандардың табысының бір бөлігін салауатты демалысқа, таным­дық саяхат­қа, тағы да өзге пайдалы дүниелерге жұм­сау мәселесі қандай?
– Қазақ 300 жылдай соғысты. Жау­гер­ш­і­лік заманның заңы солай. Бір күнде тып-типыл етіп қырып кетеді. Арада біраз уақыт өткенде ел есін жинайды. Сөйтіп, та­ғы бір жаугершілік басталып кетпей тұрғанда, тойып қалайық деп той тойлайды. Мұндағы мақсат – қарын тойғызу ғана емес, адамның көңілін де сергіту.
«Ауру қалса да, әдет қалмайды» деген сөз бар. Біз сол әдетімізді қалдыра алмай келеміз. Қазақ қазақ болған соң той тойламай тұра алмайды. Ол біздің өмірі­міздің бір бөлшегі ғой. Алайда, «көрпеге қарай көсілу» мәселесіне келгенде, біздің ұтылып жатқан тұсымыз көп. Өмір өзгерді ғой. Аста-төк той жасағанша, сол балаға үй алып бер, тіпті, трактор алып бер. Өзімізше «ұят қой» дейміз. Ұялу – басқа категория. Той жасамағанға ұялатын қазақ қана шығар.
Ал салауатты, танымдық демалыс мәсе­лесіне келер болсақ, бұл салада сәл де болса, ілгерілеу басым. Қазір Бурабайда, Алакөлде адам көбейіпті. Қапшағайда да адам аз емес. Бұрынғыдай Ыстықкөлге ұмтылыс жоқ. Сондықтан алдағы бола­шақ­та ішкі туризм мәселесі өзінің оң шешімін табады деп үміттенемін.
– Біздегі трайбализм, рушылдық мә­се­лесіне қоса, жұмысқа тамыр-танысын, байырғы сыныптасын, курстасын тарту, белгілі бір топтардың айна­ласына өз мүдделері үшін ғана бас біріктіру проб­лемасы етек алып бара жатқан сияқты көрінеді де тұрады. Бұл үрдіске қалай тоқтам жасауға болады?
– Көп банктер бұрынғыдай туысын қыз­метке алмайды. Бизнесмендер де солай. Бір банкирден: «Танысыңды неге қызметке алмайсың» деп сұрасам: «Біреуін алып едім, банкті бес миллион теңгеге шығынға ұшы­ратты. Соны өзім төлеп жатырмын. Есесіне, туған-туысты қолынан іс келмесе өз бизне­сіме жолатпаймын деп шештім», – дейді. Иә, басқа салада сіз айтқан мәселе бар. Бәлкім, жеке өзінің басына зияны тимеген соң, туысқаншылдықты, мүдделестікті дұ­рыс деп есептейтіндер де бар шығар. Алайда, мұндай топтасудан қоғамның өзге мүше­лері, мемлекет зиян шегіп жатқанын ұғатын кез келді.
– Сыртқы жұртқа өзімізді таныс­тыруға әуестігіміз көп. Өз қоғамымызға үңілген сәтте біз бір-бірімізді толық та­нып, не тани алмай жүргенімізді қайдан бағам­дай­мыз?
– Біз 167 мемлекетпен қарым-қаты­нас­тамыз. Көбі біздің не өндіріп жат­қа­ны­мыз­ды біле бермеуі де мүмкін. Өзгеге өзі­мізді таныту не үшін керек?
Сізге бір мысал айтайын. Біз сырттан шай аламыз. Сол шай үшін Кенияға 2500 доллар, Үндістанға 2700 доллар, Ресейге 78 мың доллар төлейміз. Арзан шайды неге алмаймыз? Өйткені, біз оларды, олар бізді білмейді. Бананды Эквадордан аламыз. Соңғы жылдары Ресейден келе­тін банан көлемі 15 пайызға өсті. Ресей банан өсіре ме? Өсірмейді. Әрі Ресейдің банандарының бағасы да қымбат. Сырт ел бізді, біз сырт елді білмегендіктен, сырт­тан келетін тауар­ды өзге ел арқылы тасымалдаймыз, өз өнімімізді де, қажет етіп отырған елдің тіке­лей өзіне емес, басқа ел арқылы өткіземіз. Ал біз өзіміз­дің бар екенімізді, нені өндіре ала­­тыны­мызды білдіруіміз керек. Өзгелер­дің де нені өндіріп отырғанын зерттеп-зер­делеп отырғанымыз жөн. Кішкентай ғана Кук аралдарынан бізге тауар тасымалданады. Демек, олар бізді біліп жатыр. Парагвай, Уругвай, Канададан жылқы еті келіп жатыр. Олар біздің нені ұнататынымызды біледі, олар бізді зерттеп алған. Бізге неге оларды зерттемеске? Біздің қолдан келері – әйтеуір шапан жабу. Қашанғы шапан кигізе береміз? Осы күні шикі терінің баға­сы – 100 доллар, өңдеген тері – 300-400 доллар. Одан аяқ киім тіксеңіз, бағасы 3000-4000 долларға кетеді. Бидайды шикізат қы­лып сатқан қандай, одан тәтті-тұрым жа­сап сатқан қандай? Міне, сыртқа өзімізді танытқымыз келсе, осы тұстан таныт­қаны­мыз құптарлық жағдай.
– Бізде аты жеке-дара үздік шыққан ғалымдарымыз бары бар ғой. Алайда, сол ғалымдардың соңынан белгілі бір ғы­лым саласында қазақтың тұтастай бір мектебін қалыптастыру мәселесі қан­дай?
– Бұрындары «Қазақтар – табиғи математиктер» дейтін. Шалтай Смағұлов деген кісі болды. Диплом қорғағанда комиссия төрағасымен дауласып, өзінікін дә­лел­деп шыққан. Бұл – біз шикізат көзі ретінде ғана бағаланатын, еліміздегі ғылы­ми-зерттеу институттарының барлы­ғы сол шикізатты өңдеуге бағытталған заманның өзіндегі жағдай. Қазір, құдайға шүкір, жағдай жақсарды. Қай саланың ғылымын шығарамыз десек те, ерік өзімізде. Жаңа ғалымдар тобы, жаңа ғы­лыми мектептер енді шығады деп ойлаймын.
– Жаңа ғалымдар тобы енді шығады деп жүргенде, 25 жыл өтіп кеткен жоқ па?
– Тәуелсіздігіміздің алғашқы онжыл­дығы қиын болды. Оқуға жағдай келмеді. Қазірдің өзінде ғылымға бөліп отырған қаржы аз. Мысалы, «Тойота» компаниясы ғы­лыми-зерттеу жұмыстары үшін жылына 7 млрд. доллар жұмсайды екен. Ал Қазақ­с­тан­ның күллі ғылымға жылына жұмсайтын қаржысы – 322 млн. доллар. Ғылымды жа­сау оңай емес. Сондықтан қазіргі жағдайда бізге ғылыми мектепті емес, жеке салаларды дамытып алу керек.
– Біздегі оқу сапасы, студенттердің білімге деген талпынысы, ата-ана­лар­дың балаларын оқытуға деген ынтасы төңіре­гінде әңгіме өрбітсек. «Қазақ әдебиетіне» бұрынырақта берген бір пікіріңізде «ата-аналар балала­рының оқуына ақша аямайды» деп едіңіз. Сол мінез әлі де жал­ға­­сып отыр ма? Ал ата-ананың оқуға құй­ған қаражаты ақталып жатыр ма?
– Баяғыда біздің ауылдың бір баласы техникум бітіріп келгенде ауыл болып той­лап едік. Оны автобустан түскен бетте оркес­трмен дүркіретіп қарсы алғанымыз есімде. Себебі, біздің ауылда тұңғыш рет техникум бітірген азамат сол еді. Білімге деген бұрынғының сол құрметі солай болатын…
Кезінде КазГУ-де факультет деканы бол­дым ғой. Сол уақыттан бері бақылап келем, қазақ жалғыз сиырын сатып жібер­се де, баласын оқуға жібереді. Бұл – біздің жақсы бір қасиет шығар. Көрші Өзбекстанда өйтпейді. Нан сатсын, балама тандыр қал­ды­рам дейді. Оның жоғары білім алуы, сауатты, көзі ашық болуына басын көп қатыр­майды.
Жоғарыда айтып өткен досым Темір­хан Досмұхамбетов мектеп бітіргенде әкесі жалғыз атын сойып, Алматыға жіберіп­ті. Заң факультетіне түс деген екен. Ол физ­куль­тураға түсіпті. Сөйтсе әкесі: «Мен сені сот, прокурор болады десем, қайдағы бір дене шынықтыруға түстің» деп ренжіген көрінеді. Кейін Темірхан олимпиадалық комитеттің төрағасы, Спорт министрі болды. Біздің ата-аналар балаларын әйтеуір бір жоғары білім алуға ғана итермелемей, арманы бойынша, таңдауы түскен, жүрегі қалаған маман иесі болуына да жағдай жасаса екен дегің келетін тұстар көп.
Біздің қоғамда артық адам жоқ. Сол үшін адам жан-жақты қабілетті болуы керек.
– Бүгінгі саяси тәуелсіз қалпымыз бен экономикалық және рухани-қоғам­дық тәуелсіз мінезіміз туралы не айтар едің­із?
– Толық тәуелсіз болу еш мүмкін емес. Біз жан-жақпен терезесі тең қарым-қа­ты­нас жасау жағын ойлауымыз керек. Әркім ал­дыңғы кезекте өз мүддесін ойлайды. Сол өз мүддесіне жету үшін кез келген, орайы кел­се бізді бір тұқыртып алғысы келіп тұра­ды.
Тәуелсіздіктің мәртебелері әртүрлі. Марқұм Тұрсынбек Кәкішев ағамыз ертіп әкеліп, Иштван Қоңырмен сұхбаттас бол­ған кездер бастан өткен еді. Сонда Иштван Қоңыр айтып еді. Тәуелсіздіктің компонет­тері сан алуан. Алайда, сол тәуелсіздіктің негізгі ұстындарынан ешқашан айрылмауың керек екен, одан айрылсаң, қалғандарының шеті өзінен-өзі сетіней жөнелетін көрінеді деп еді. Тәуелсіздіктің жүз шақты ком­по­нен­­ті болса, соның ең негізгілерін уысымыз­да ұстап отыруымыз керек. Ол – Отан. Ол – намыс. Ол – тіл. Бүгінгі күні зиялыларымыз бекерге тіл деп шырылдап жүрген жоқ. Тіл мәселесін айта-айта жауыр болды ғой деу дұрыс емес. Ұлттық тілімізді дамытуда мәселе бар ма – оны күнде-күнде айтуымыз керек. Ол мәселе түбе­гейлі шешіл­мейін­ше, мемлекеттік тілдің мәселе­сін кө­те­ре берейік. Біздің халқы­мыз есін жинап, етегін жабу үшін әркез уақыт жетпей қал­ғандай көрінеді. Енді еңсесін тіктей бас­тады-ау дегенде бір апат келіп килігеді. Ол аштық болсын, ол соғыс болсын, ол табиғи апат болсын. Құдай бізді сондайдан сақта­сын деп тілейік. Рухани-қоғамдық тәуелсіз мінез қалыптасуы үшін де уақыт керек. Қазақтың жақсы бір сөзі бар: «жүрген жолыңа гүл бітсін» дейді. Өткен тари­хымызға қарап отырсам, біздің жолда жайқалған гүл аздау болған сияқты, біз тікенек басып үй­реніп қалған халықпыз. Сол тікенек аза­йып, жолымызда гүл жайқалатын заманалар келгеніне сенемін.
– Сарапшы маман ретінде, Қазақ­стан болашақта бәсекеге қабілетті болу үшін мынандай салада бағы жанады деп айта аласыз ба?
– Білім мен ғылымның саласында түбі бір қазақтың бағы жанады. Мәселе дұрыс жағдай жасау, дұрыс бағыт беруде. Сырттан мысал іздемей-ақ, өзімізге үңілейікші. Алматы – мұнай өндірмейді. Сонда да дамуы бойынша республикада алғашқы орында келеді. Мұның себебі – Алматыда бәсекеге қабілетті білім бар. Мұнда респу­б­ли­камыздың әр өңірінен білім іздеген ең үздіктердің шоғыры ағылады. Сол жастармен бірге Алматыға тың идеялар, биік армандар, таудай талаптар келеді. Алматы – білімінің арқа­сында басқа аймақтардан озық тұр. Алматылық мамандардың еуро­па­лық мамандардан еш кемшілігі жоқ. Сондық­тан бәсекеге қабілетті болу үшін қазақ ең алдымен сапалы, дұрыс, лайықты білім алуы керек деп есептеймін.
– Осы күні қазақстандық ЖОО-лар әлемнің алдыңғы қатарлы университет­те­рі­нің тізіміне ене ала ма?
– Әр түрлі елдердің зерттеу орталық­тары ЖОО арасында түрлі зерттеулер, рейтингтер тізімін жасап жүр. Амери­каның, Қытай­дың, Еуропаның, Ресейдің универ­сиеттері­нің әрқайсысының өз таңдауына сай келе­­тін рейтингтері бар. Білім мен ғылымды дамыту деңгейіне байланысты отандық үш-төрт оқу орындары үздік екі жүздіктің қатарынан көрініп жүр. Мәселен, әл-Фара­би атындағы ҚазҰУ, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ, Е.Букетов атындағы Қарағанды мем­ле­кеттік универ­си­теті, т.б. Болашақта отандық бірнеше оқу орны алдыңғы үздіктегі жүз университеттің қатарына кіріп қалуы мүмкін шығар.
М.Ломоносов атындағы Мәскеу Ұлттық уни­верситеті соңғы жылдары бірталай рейтингке кірмей жүр. Мәселе, рейтингке енуде емес. Ол рейтингке қатысып неміз бар, одан да өз сапамызды көтерейік те дейтіндер де бар. Ең бастысы, әрбір университет жақсы маман дайындауға мүмкіндік тудыру керек.
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Қарагөз СІМӘДІЛ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір