Бiркөлiктегi таңбалы тастар – тарихтың жаңа беттерi
14.12.2018
1537
0

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласындағы «Тарихи сананы жаңғырту» атты бөлімінде көтерілген мәселелер көптен бері көңіл түкпірінде жатқан ойымызды дөп басты. Мақаладағы бабаларымыздың өмірі мен олардың ғажап өркениеті жөніндегі көптеген деректі құжаттардың әлі де болса ғылыми айналымға түспегені, олардың әлемнің бүкіл архивтерінде өз іздеушісі мен зерттеушісін күтіп жатқаны айтылды. Елбасы бұл мәселені шешу үшін ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын барлық отандық және шетелдік мұрағаттар дүниесіне іргелі зерттеулер жүргізу үшін «Архив – 2025» жетіжылдық бағдарламасын жасауды тапсырды. Мақалада айтылғанындай, біздің мәдени мұраларымыз тек қана архивтерде ғана емес, ашық аспан астында да, жердің астында да зерттелмей жатқаны айдан анық. Оған дәлеліміз де жоқ емес.

Атап айтқанда, Төлеби ауда­нында киелі орындар жеткілікті. Онда ежелгі заман тарихынан сыр шертетін жәдігерлер барын көп жұрт біле бермейді. Жалпы, тау бөктеріндегі таңбалы тастардың мекені болған Біркөлік жөнінде ел арасында айтылып жүрген аңыз-әңгімелер көп. Біз жақында аңыз емес, нағыз шындықтың куәсі болдық.
Жуырда Біркөлік шатқалынан табылған таңбалы тастарды көру мақсатында жолға шықтық. Тау-тасты кезіп жүріп, бұрын-соңды көзге түспеген ерекше таңбалы тасқа жолыққанымыз біз үшін үлкен жаңалық болды. Табылған таңбалы тастарды көріп қана қоймай, суретке, бейнежазбаға түсіріп қайттық.
Жерлесіміз, шежіреші, бірне­ше тарихи-зерттеу кітабының ав­то­ры, Чувашия Ғылым Академия­сының академигі Әбдіқадыр Дәуітбеков осынау таңбалы тас­тардың біздің жыл санауымыздан бұрынғы және кейінгі қай ғасырға жататындығы туралы тарихшы ғалымдардың зерттеулеріне, Азия, Еуропа елдерінде бүгінге дейін сақталған жазба деректерге сүйене отырып, әңгімелеп берді. Осы тарихи жәдігерлерді қорғап, зерттеп, кейінгі ұрпаққа жеткізу және Біркөліктегі таңбалы тастар табылған жерді аспан астындағы мұражайға, туристер ең көп келе­тін орынға айналдыру мәселесін көтерді. Журналистер мен мә­де­ниет қызметкерлері де өз ойларын ортаға салды.
Ә.Дәуітбеков Біркөліктен та­былған тастағы таңбалар ежелгі за­манда біздің өлкемізде өмір сүр­ген теле, үйсін, қыпшақ тайпа­ла­ры­мен қатар керейіт, тама, масқар, те­леу, шекті, төртқара, жағал­байлы, жуй, қаракерей руларының таңбаларына жататындығын, бұрын зерттелген тарихи-ғылыми еңбектерде кездесетінін айтып берді. Осы тастағы таңбалар бол­ғар, хакас, осетин, чуваш халық­тары таңбаларында да бар екен.
Бүгінгі таңда бірнеше ұлтқа айналған халықтардың бәрі де ежелгі заманда бір тілде, көне түр­кі тілінде сөйлегені, бір тайпалық бірлестікке бағынғаны, кейіннен Азия мен Еуропаның әр түкпіріне тарағаны тарихтан белгілі. Бір­көлік­тегі тастардан табылған таң­балар қазақ тарихына жазылмай қалған жаңа беттер қосатыны сөзсіз.

Дина ХАНГЕЛДІ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір