Жазушы Рахымжан Отарбаевтың «Шыңғыс ханның көз жасы»
14.12.2018
1289
0

Әдебиетші ретінде тереңіне сүңгіп, маржанын теру әсте оңайға түспеген бұл хикаят Рахаң жазушылығының кемеліне келіп, әбден толысқан шағында дүниеге келген.


хикаятының идеясы

Адамнан келетін барлық зұлымдық атаулыны қан сорғалаған қайқы қылышының мысымен жасқап, пандора жәшігіне қайыра қуып тыққан табақбет титан әулие болмаса, мынау рақымсыз әлемнен өлігін жасырып кетуді ойға алар ма еді?!
Аңыз артынан аңыз туды. Хатқа қалды­рыл­ған дерегі аз. Сөйтсе де, ол туралы жа­зыл­ған дүние баршылық. Тіні әлсіз тіршілік тайталасында түбі бір түркі әлемі ұлы қаһан­ның шығу тегіне қатысты өз «Бабыл мұнара­сын» соғуда…
Төңірегінде өршіген даудың жаланған жалынына қанатым күйіп қалады-ау демес­тен, Рахаңдай жазушы неліктен Шыңғыс хан образына соншалық қызығушылық таныт­ты?
Бұл сұраққа тап басып жауап беру үшін, алдымен, жазушының «Қыр мозаикалары», «Алтын балық», «Айна», «Аяқталмаған хи­кая», «Нобельден қалған мұра», «Атырау-Ал­маты поезы», т.б. әңгімелерін оқып алу керек сияқты. Аталған әңгімелерінде жазушы бір жүйеден екіншісіне өтудегі мәжбүрлі бейім­делудің трагедиялық салдарын терең сезіне, осынау көш жүре түзелгенге дейінгі қа­лыптасу процесін қамтитын өлара кезеңнің сүйініштен гөрі, күйініші басым болатынын шынайы жасалған образдар арқылы анық көрсетіп береді. Айталық, сұраған тілектерін мүлтіксіз орындаса да, ауға түскен алтын балықты теңізіне жіберуді ойға да алмаған ерлі-зайыптылардың ашкөздігін, шетелдік­тердің қойнында жатқан тоғыз қызды жөнге саламыз деп барып, өздері оңбай таяқ жеп қайтқан «намысқой» жігіттердің әрекетін, т.б. суреттеуде сатираның ащы уыты сезіледі. Рахаң әңгімелерінде күлкі де, юмор да бар. Кез келген диалогты жандандырып жібере­тін одағайлардан ұлттық өрнектің қоңыр иісі аңқиды. Нарықтың жаңа тәртібін меңгерме­ген һәм меңгеруге де тырыспайтын бейқам, я өзді-өзін алдауға әуес, мәрттік қасиетті жо­ғалтқан кейіпкерлердің әрекеті боямасыз да шынайы. Бай, мұнайлы өлкеге ақшалы келімсектер қаптап келіп жатса – қарсылық көрсету, әрекет жасауды ойға да алмайды, ол­ай етуге нарықтық сауаты да, ақшасы да жоқ.
Алайда, жазушы оқырманын үмітсіздікке ұрындырудан аулақ. Күлдіре отырып, ойлан­дырады. «Біздің ауылдың амазонкалары» әңгімесінде қасиеттен жұрдай болған бір кейіпкерін қорқауға айналдырып жіберіп, аллегорияны сәтті пайдаланса, ақшаның буына піскен инвесторлардың миллионда­рын жұтып алып, бір тамшы мұнай бермей бос қайтарған Жер-Ананы «тірілтуінде» гротеск бар.
«Осы біз көшпендінің ұлы рухын қай тұста жоғалттық? Адамшылық пен ізгілікке емес, мансап пен байлыққа көзсіз ұмтылдыр­ған мына заман қай орға апарып жығады?» – жазушының жүрегін қан жылатқан шығар­мала­рының идеясы – «Рахаңның көз жасы» осы болса керек.
Әңгімелерінде пиғыл-әрекеті заманына сай кейіпкерлер галереясын жасай отырып, Рахымжан Отарбаев әне-міне қара дауылдай төніп келе жатқан жаһандану тенденция­сының қазаққа әкелер қасіретін алдын-ала болжайды.
Қазақты ұлт ретінде сақтап қалатын көш­пен­дінің асқақ рухын тынбай іздеуі алаң көңіл жазушыны «Шыңғыс ханның көз жасын» жазуға алып келгендей.
Хикаят – бойына сан жұмбақты жа­сыр­ған ерекше дүние. Шебер қолданылған әдеби әдіс-тәсілдер сол құпиялардың шешімін та­буға жетелейтін кілт іспеттес. Ә дегеннен қайталау әдісінің көптігі байқалады.
Әсіресе, «аждаһа», «аран» сөздерінің қайта-қайта қолданылуы тегін емес: «Ұры­нар­ға қара таппай келе жатқан қалың әскер «аран» қазғысы келген» (154-бет); «Бір­мойын­дай шауып, алдыңды орай өткенде аждаһаның аузындай боп аран әзір тұрса ше?» (160-бет); «Бірден жұтып қойғалы тұр. Аузын ашқан аран осы!» (210-бет), т.б.
Тіліңмен, діліңмен қоса, қасиетті же­рің­ді, тәуелсіз елдігіңді жалмап қоюды көздейтін жаһандану өркениетінің тойымсыз араны осы һәм төтеннен төнетін қауіпті аждаһа да дәл осының өзі!
Шыңғыс хан – тарихтан орнын ойып алған даңқты қолбасшы, күллі адамзаттың ізгілікке бет бұруына тікелей ықпал еткен көрнекті қайраткер. Өкінішке қарай, осы кез­ге дейін оның қанқұйлы, қатыгез қаһан об­разы біржақты дәріптеліп келді. Осы себеп­тен, хикаят тақырыбын стереотип сіңісті миымыз бірден қабылдай қоймағаны да рас, талайымызға «Шыңғыс хан да жылаушы ма еді?» деген ойдың сап ете қалғаны анық. Алай­да, шығарма идеясының жүгі ауыр еке­нін жоғарыда айтып өттік, асылында, тақы­рып­ты тағы бір мағынасында «Жоғалған көш­пенді рухының көз жасы» десек, қателеспейміз.
Әлқисса, сөзіміз дәлелді болсын, автор аталмыш хикаятында, ең алдымен, түркі текті негізіміздің түпкі тамырын тынбай іздейтіні рас және де оны желден жүйрік сәйгүлік сипатында табады:
«Құйрық-жалы сүзілген мың сәйгүлік мың тарапқа бас бермей ағызып бара жатыр екен дейді…».
Еркіндік пен сұлулық қана емес, құрық көрмеген асаулық, шет-шегі жоқ кеңістік пен саф тазалық айқын көрінген дәл осы ғажа­йып суретті автор хикаяттағы сегіз бөлімнің басында қайталап беруі тегін емес. Себебі, қайталау әдісінің басты қызметі де сол – образды детальдің басты миссиясына оқыр­ман көңілін аудару.
Көңілді құлазытатыны, түйінді тарауда осынау сұлулықтан құр елес қана қалады:
«Құйрық жалы сүзілген сәйгүліктер қай­да кеткен?! Мың құмырсқа мың тараптан өзіне қарай құжынап келе жатқаны несі?! Аулақ! Аулақ менен!».
Осы екі фрагментті біріктірер болсақ, ер­теңгі күні жаһандану иіріміне жұтылып кетуден құтқарып қалатын ұлы рухты іздеу идеясы тағы да айқындала қалады.
«Шыңғыс ханның көз жасы» хикаяты – жаңа заман әдебиетінің ірі жазушысы Ра­хым­жан Отарбаев шығармаларының ішіндегі ең бір салмағы ауыры екенін айттық. Қатпа­ры қалың бұл туындыға әдеби жағынан терең­деу – өз еркіңмен тұңғиыққа шым бату, тарихи жағынан бірдеңе деп пікір білдіру – жалаң қолмен шоқ көсеу, шырқыраған жаның көзіңе көрініп, қылпылдаған өткірдің жүзі­мен жүріп өту. Шыңғыс хан тұлғасы төңіре­гінде қызу айтыс-тартыс көрігі қызып тұрған кезеңде оның образын жаңаша жасауға, басқа қырынан көрсетуге кім-кімнің де жүрегі дауалай қоймасы анық. Алайда, кейбір мінезді дарын иелерінің өткір қаламын қылыштай жалаңдатып, от пен судың ортасына қойып кету үшін жаратыла­тынын мынау жарық дүние әлдеқашан мойындаған-дүр.
Қасиетті қара сөздің киесі дарыған Рахаң­дай қалам иесі үшін оқырманын сөз магиясымен матап алу түкке тұрмайтыны рас, бірақ автордың бұл хикаятты жазуда көздегені – қыран қанаты жетпес шыңнан әлдеқайда биік, жаңғырық жетпес құздан нешеме кез терең.
Хикаят тарихи және әдеби – қос өрімнен тұрады, жазушы осы екеуін қойдың шикі құйрығымен майлағандай, иін қандыра, шиырлай еседі. Сол сияқты, Шыңғыс ханға қатысты басқа тарихи деректерді қолдан­ғанда, автордың жіті мұқияттылығы мен асқан жауапкершілігі көрінеді.
Шығармада терең мәнді философиялық мағына, кейбір тұстарында мистикалық сипаттың көрінісі бар, осы сияқты, көркем­дік әдіс-тәсілдердің алуандығы бір бөлек әңгіме.
Алайда, бұл – «Шыңғыс ханның көз жа­сы» хикаяты жайындағы келесі мақаламыз­дың жүгі екенін аңдата кеткім келеді.

Анар Қабылқақ,
әдебиеттанушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір