Сахнада – қазақтың қара өлеңі
Қыркүйектің 19 жұлдызында Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында «Бір өлең, бір әуен» атты ән-жыр кеші өтетіні белгілі. Осыған орай кешті ұйымдастырушы, «Хұснихат» әдебиетті қолдау қоғамдық қорының президенті, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ғалым Қалибекұлын аз-кем әңгімеге тарттық.
– Бұл кеш «Хұснихат» әдебиетті қолдау қорының алғашқы шарасы болар?
– Иә, әдебиетке қолдау ниетінде атқаратын алғашқы шарамыз осы десе де болады. Мұндай қор құру туралы ой көптен көкейімде жүрген еді. Мына бір оқиғадан кейін бұл іске бел шешіп кірісіп кеттім. Былтыр бір топ қаламгермен бірге Алматы облысының «Жаркент Арасан» шипажайына демалысқа барған едік. Ақын-жазушы жиналған жерде өлең оқылмай тұра ма, өлең оқылды, алуан түрлі аңыз-әңгімелер айтылды. Ғибратты әңгімелердің соңы демалушыларға арнап кеш өткізейік деген шешімге ұласты. Сөйтіп жыр кешін өткіздік. Сонда бір байқағаным: жиналған жұрт тебіренбек түгілі, селт етпеді. Есіл-дерттері үндінің телехикаясында, соның жалғасын көре алмағандарына өкініп тұрды… Жұрт кітап оқудан қалған, өлеңді тіпті де тыңдамайды, егер сол жерге әлдеқалай бір әнші – «жұлдыз» келсе, жаңағы топ бірге әндетіп, бірге билеп кетер еді. Заманның беті сол… Сонда маған бір ғана ой келді – жұртқа қалай да өлең тыңдату керек! Сөйтіп, «Хұснихат» атты қор құрдық.
– Кештің барысы қалай болады?
– Өзіңіз білесіз, соңғы біраз жылдың ішінде қазақтың марқасқа ақындары бұл жалғаннан топ-тобымен аттанып кетті. Қадыр Мырза-Әлі, Тұманбай Молдағалиев, Фариза Оңғарсынова, Сәкен Иманасов, Есенбай Дүйсенбаев, Дүйсенбек Қанатбаев, Қажытай Ілиясұлы, Темірше Сарыбай, Ибрагим Исаев, Тұрсынай Оразбаева, айта берсең, қорқасың. Бағамдап қарасақ, осы кісілердің ел алдына шығып топтасып өлең оқыған сәті бірде-бір кадрда қалмапты. Бұл біздің еренсіздігімізді, қолымызда барды бағалай алмағанымызды көрсетеді. Сол үшін «Бір өлең, бір әуен» деген жобаны қолға алдық. Біріншіден, ақындар халықтың алдына топтасып шығады, олардың түр-түсі бейнежазбада, көрермен жадында қалады, екіншіден, елге өлең тыңдатудың төте жолы. Кез келген ақынның өлеңіне жазылған ән болуы мүмкін, алайда, сол әнді орындаған әншіні жұрт таниды да, ақыны қалтарыста қала береді, тіпті, композиторы да атаусыз қалатыны жасырын емес. Ақынсыз сазгер де, әнші де екі аяғын тең баса алмас еді. Осыны қалың көпшілікке түсіндіретін кез келді-ау деп ойлаймын. Жоба бойынша ақын бір өлеңін оқиды, әнші сол ақынның өлеңіне жазылған бір әнді орындайды. Сонда жұрт өлең де тыңдайды, ән де естиді, жалпы, осындай насихат қараорман халықтың бетін қара өлеңге бұрғызады деген сенімдемін.
– Жобаны қолдап, қаржылай көмек көрсетіп жатқан азаматтар бар ма?
– Әрине, бар. Арғы беттен келіп, алдыңғы жылы дүниеден өткен тарихшы, жазушы, мәдениеттанушы, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Зейнолла Сәнік деген ағамыз болған еді. Ол кісінің жұбайы Шәмшәбану Қамзақызы деген апамыз да үлкен ақын, ағартушы-ұстаз. Сол кісілердің Қанат деген ұлы бар, кәсіпкер. Әдебиет, өнер десе ішкен асын жерге қоятын ұлтжанды, текті азамат. Алғаш осы қорды құру туралы ойымды айтқанда бірінші болып қолдаған інім. Сөзінде тұрып, мынадай қиын жағдайға қарамай Студенттер сарайының жалға алу ақысын, күллі шығынымызды өз мойнына алды. Тіпті, қордың аяғынан тұруына барымды саламын деген бүкпесіз жоспары да бар. Қанат бауырыма қаламгер қауым атынан «Тәңір жарылқасын, кәсібіңнің несібін көр!» деген ақ тілектен басқа не дейін! Одан өзге қолдаушылар да аз емес. Қазақстан Жазушылар одағы, оның құзырындағы өздеріңіздің «Қазақ әдебиеті» газеті, «Жұлдыз» журналы, «Қазақстан» ұлттық арнасы, Қазақ радиосы, «Абай» порталы, «Қамшы.kz» сайты, «Күлтегін» сайты, т.б. көптеген ақпараттық демеушілеріміз бар.
– Бағдарламада тағы қандай жаңалық бар?
– Биыл Ұлы Абайдың туғанына 170 жыл. Бұл кеш әуелі Ұлы Абайдың рухына арналады. Одан соң дүниеден өткен күллі ақындардың рухына бағышталады. Қорымыздың құрылтайшылары мен жанкүйер азаматтар ақылдаса келе «Абай» сыйлығын тағайындауды ұйғарған болатынбыз. Бұрындары ұлы ғұламаның атында «Абай атындағы Мемлекеттік сыйлық» деген бар еді. Кейін не себеп болғанын қайдам, «Абай» сөзі түсіп қалды. Абай – ұлттың ұраны, Абай – қазақ, қазақ – Қазақстан деген сөз. Мысалға, Сергей Есенин атындағы орыстың, Мақтымқұлы Пырағы атындағы Түркіменнің, Тоқтағұл атындағы Қырғыздың медальдары бар. Ал Абай дегеніңіз әлемдік, адамзаттық тұлға ғой, біз болсақ өз тұлғамызды тым төмендетіп алдық, сол олқылықтың орнын толтырайық деген ниетпен «Абай» сыйлығын тағайындадық. Сыйлықтың өз медалі, диплом-куәлігімен қоса қомақты қаржысы болады. «Абай» сыйлығының тұңғыш иегері кім, қомақты қаржысы қанша?», – деген сұраққа сол кеште жауап аласыздар. Бір жыл бойы тәуелсіз сарапшылар әлеуметтік желі мен басылымдардағы оқырман қауымның бағасын ескере отырып, Абайға жасалған қызмет пен Ұлы ақынның қара өлеңдегі даңғыл жолын жалғастырушы бүгінгі күннің ақындарынан кімнің лайық екенін дәп басып тапқандай болды.
– Сонда «Абай» сыйлығы жыл сайын беріле ме?
– Мүмкін екі жылда, мүмкін үш жылда бір рет берілетін болар, оны қордың төңірегіндегі азаматтар кеңесіп шешеді. Менің білетінім – болашақта «Абай» сыйлығы ашық түрде, оқырман көпшіліктің талқысынан өткен, өз бағасын алған кез келген қаламгерге, оның ұлтына, еліне қарамай берілуі тиіс. Мысалы, ағылшынның бір ақыны «Абайды» алса, ол қазақ поэзиясының, қазақ елінің мәртебесі емес пе?!
Еліміздің спортшыларының Қазақстанның атын шығарғаны секілді, өзге елдің қаламгері де «Абайды» алса, Қазақстанның мәртебесін зәу биікке көтермей ме! Бұл сыйлықтың маңыздылығы, әне, сонда.
– Бұл да игі бастама екен, «Бір өлең, бір әуен» жобасын өзге облыстарда жалғастыруға бола ма?
– Неге болмасын. Жоғарыда айтқандай, әр ақын жеке батыр болып жүреді. Ал солардың басын қосып, көпшілік алдына шығару, олардың поэзиясын насихаттау игі шаруа емес пе?! Әрбір аймақтың күллі республикаға, қала берді өз өңіріне танылған ақындары бар, солардың өлеңдеріне жазылған әндер мен орындаушылары бар, жобамыздың діттегені де сондай талантты ақындарды қалай да жұртқа тобымен таныстыру, сол арқылы қазаққа қара өлең тыңдату…
– Әңгімеңізге рахмет, жобаларыңызға сәттілік тілеймін!
Әңгімелескен
Назым ДҮТБАЕВА.