ӘДЕБИЕТ – ӘЛЕМ ЕЛШІСІ
14.12.2018
2402
0

Нью-Йорк қаласында «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» атты Қазақстанның мә­дениеті мен әдебиетінің Халықаралық форумы болып өтті


Қазіргі жұртқа Америка туралы бірдеңе айтып таң қалдыра алмай­сыз. Сондықтан, салпаңбай жазудың салтына бағып, көзіңе көрінгеннің бәрін тізіп жаза беру қызықсыз. Оның үстіне дәл осы «Қазақ әде­бие­ті» апталығына 2003 жылы АҚШ-та болған сапары­мыздың жайын бүге-шігесіне дейін қалдырмай жария­лаған екенбіз. Ендігіміз соның қай­та­лауы болып кете ме деп сақ­­сы­­намын.

Себебі: Америка – сол баяғы Америка. Алып құрлықтағы құрама штаттар еліне сапардың да мар­шру­ты көп өзгере қоймаған. Ал­маты мен Астананың бірінен Стамбұлға немесе Майндегі Фран­к­фуртке ұшасыз, одан әрі – АҚШ. Еуро­паны көктей өтіп, Атлант мұ­­хи­тының аспанында қалтыл­да­ған әуе кемесі барарда 12, қайтарда 10-11 сағат ұшады. Қайтар жолы­ңызда тағы да Стамбұл мен Франк­фурттің біріне аялдап, елге қарай тартасыз. Бұл ара­лықтағы жолға және 6-7 сағат кетеді. Біздің Нью-Йоркке жоспар­ланған үш күндік сапарымыздың жар­тысы сөйтіп, жолға кетті. Соның толық бір күні ғана Ньюдегі зиялы қауым өкіл­дерімен жүздесуге арнал­ды. Әлеу­меттік желілер мен сайт­тар­да сы­ңар­­­езулеп отыратын ағайын: «Е-е, бір күнде не бітіре қойдың­дар?» – деуі әбден мүмкін. Әрине, бір күнде іс бітпейді. Бірақ, үлкен істер осы­лайша күндердің бір кү­нін­де баста­лады. Біздікі сол бастау бол­ды. Нақтылай айтсақ, біздің миссия­мыз америка­лық әріптестері­мізге қазақ әдебиеті мен мәдение­тінен ұшқын­датып хабар беру, әліппе бетін ашу болды. Біз сол міндеті­мізді орын­даған сияқ­тымыз. Дегендей-ақ, Нью-Йорк­тегі зиялы қауым өкіл­дері де қазақ қалам­гер­ле­рінің әңгімесіне қанып, құрмет, қошемет білдіріп қалды.
«Жаһандық әлемдегі заманауи қа­зақстандық мәдениет» атты Қазақ­­станның мәдениеті мен әде­бие­тінің АҚШ-та өткен Халық­аралық форумын «Айқын» газе­тінің Бас ред­акторы, көсемсөзші Нұр­төре Жүсіп жүргізді. Форум жұмы­сын ресми жиындардың қатаң қалы­бына салмай басқа­ратынын ә дегендегі әзіл сөзімен аңғартқан сақа сарашы Нұрекең – Нұртөре Жүсіп, Шөміш­бай Сариевтің кіта­бына арналған тұсау­кесер рәсімін өткеріп алған соң, алғашқы сөзді ақынның өзіне берді. Шөкең іркіл­ген жоқ, ақын­дық көңіл күйдің ауа­нына беріліп, арқа­сы қозып, «Уа, ұлы Америка!» деп сө­зін бастай жөнелді:
– Мен ақын ретінде жер шары­ның біраз жерлерін араладым. Бір­неше рет ақындардың фести­валь­дарына, форумдарына қатыс­тым. Ру­мы­нияның ұлы ақыны Михайл Эми­нескудің, Чех елінің ұлы жазу­шы­сы Франц Кафканың елінде бол­дым. Францияда, Па­рижде «Дү­ние­жүзілік ақындар көктемі» фес­ти­валіне Қазақстан атынан қатыс­тым. Бірақ, Ко­лумбия университеті шығарған «Қазақ ақындарының анто­логия­сында» жеті ақынның бірі ретінде өлеңім жарық көрсе де, Аме­рикаға бірінші рет келіп тұрмын.
Бір елмен бір елді, бір ұлтпен бір ұлтты тоғыстыратын да, табыс­тыра­тында, ол – әдебиет пен өнер! Мен өзім ұлы жазушы Мұхтар Әуе­зов атын­дағы Әдебиет және өнер инсти­тутында қызмет ат­қара­мын. Біздің Қазақ әдебиетінің түп қа­зығы терең­де. Інжу-маржан фольк­лорында. Со­нау қадым ға­сыр, Сақ дә­уірінен бас­тап, күні бүгінге де­йін­гі фольк­лорымызды жинақ­тап, 100 томдық «БАБАЛАР СӨЗІ» кі­табы жарық көрді. Бұл – ұлттық мақ­танышымыз! «Адам және та­биғат», «Қазақ ақын-жазу­шыла­рының антологиясы» қазақ және ағылшын тілінде жарық көрді. Қа­зақ жазушысы Әбдіжәміл Нұр­пейісов­тің «Қан мер тер» три­ло­гия­сы Америкада басылып шық­ты. Бұл игілікті іс туған әде­бие­тімізге жол ашқан мүмкіндіктің басы бол­са керек. Мен ақын бол­ған­дық­тан екі шумақ өлеңімді оқысам деймін:
Адамзат!
Ертеңіңді бесікте ойлан,
Туғанда тағдыр соты
шешіп қойған.
Табиғат алаламай бәрімізді,
Өлімнің жазасына кесіп қойған.
Өмірдің алары аз, көп берері,
Ақтауға адвокаттың жоқ керегі,
Әділетті ең қатал
Уақыт атты,
Уа, халайық, тұрыңдар сот келеді!
Шынында да, уақыт – әділқазы. Біз бар мүмкіншілік­терімізді уа­қыттың алдында дә­лелдеуіміз қа­жет. Біз – америкалық жазушылар О.Ген­ридің әңгіме­лерін, Джек Лон­донның, Эрнест Хемингуэйдің, т.б. дүниелерін оқып өскен ұрпақ­пыз! Енді, міне, өз шығарма­лары­мызды, жалпы қазақ әдебиеті ту­ралы сөз айтуға келіп тұрмыз. Ал­­­дағы уақытта америкалық қа­лам­­­герлер мен оқыр­ман қауым қазақ әдебиетімен доста­сып кетеді деп сеніммен айта аламын!
Ақынның екпіндете оқыған ша­ғын баяндамасы әріптестері­міз­ге қалай әсер етті екен деп, көз­бен ба­ғудамын, әншейінде бе­тон­­бет­теніп отыра беретін америка­лықтар, байқаймын, әжептәуір желпініп қал­ған сияқты. Жақсы көрген ада­мының бетінен шөлп еткізіп сүйіп алатын біздің Шөкеңді олар да кә­дімгідей іштар­тып қалды білем: ақеділ ақын аға­мызға қарап жымың-жымың етіс­ті. Ал баяндама кезегі Марат То­ қаш­баевқа келген­де Форум қонақтары халықтарды жақындас­тырудағы мәдениет пен әдебиеттің рөліне мән бере бас изесті.


Марат ТОҚАШБАЕВ,
Республикалық қоғамдық-саяси «Prezident & Halyq» газетінің Бас редакторы, профессор

Алтын Орданың Московияға ықпалы

Адамзат тарихының дамуында мәдениет пен әдебиеттің халық­тарды жақындастырудағы рөлі ора­сан зор болғаны анық. Ерте дәуір­лердегі мифтерден бастап бү­гінгі әдебиетке дейін, көне тұр­мыстық мәдениеттен бүгінгі өрке­ниеттік дамуға дейін бәрі біте қай­насып жатыр. Оған Бабыл (Вавилон) мен Мысырдың (Еги­пет), Қытай мен Үндістанның, Араб әлемі мен Түркі қағанатының ықпалдары дәлел. Әдетте Батыс елдерінде Еуропаның мәдени да­муы­ның төркінінде Грек өркениеті тұрғаны жиі айтылады. Алайда сол Грек өркениетінің өзі мәдениет ұғымдарының теориясы мен прак­тикалық білімдерінің қалыптасуы тұрғысынан алсақ, ол Шығыс ха­лық­тарына борышты. Бұл ай­рықша атап өтерлік жайт.
Білесіздер, ғылымда «Көне Түркі жазулары» деген аталым бар. Көне Түркі жазулары сөздегі ды­быстарды таңбалап жазуға негіз­делген. VІ-Х ғасырларда үлкен ай­маққа таралған Көне Түркі жазулары Енисей ескерткіштері, Талас ес­керткіштері, Орхон ес­керт­­­кіштері сияқты үш топқа бөлі­ніп қарас­ты­рылады. Табылған орны болмаса, бұлардың қолда­нылған кезеңінде және жалпы жазу таңба­ларының қолданылуы арасында елеулі айыр­машылықтар жоқ. Жазылу үрдісі, таңбаларының қол­данылуы ұқсас, оқылуы бір­кел­кі. Яғни түркі халық­тарының жақын­дасуына кезінде бұл фактор айтар­лықтай үлес қосқаны кәміл. Ха­лық­тардың ұлы қоныс аудару­лары кезінде бұл жазу мәде­ниеті жойы­лып кеткенімен, ол әлем­дік жаңа жазу нұсқаларының пайда болуына ықпал етті.
Одан кейінгі кезеңдерде ислам­­ның таралуымен араб-парсы мәде­ние­тінің элементтері бабақа­зақ (протоқазақ) арасына дендеп енді. Олардың бүкіл әлемге тара­ған он­дық сандық жүйесінің қа­лып­­та­суына түркілердің санамақ тәсіл­дері әсер еткені тағы бар. Алаш­ордашыл Елдес Омарұлы өзінің «Қазақ тарихынан» деген мақала­сында цифр әлеміндегі «ондық жүйені» алғаш ғұн ханы Мөденің мемлекеттік жүйесі қол­данғанын алға тартады. Оның әскері ондық, жүздік, мыңдық бөліністерден тұрғандығын ежелгі Қытай мен Әбілғазы ханның ше­жі­ре­­сіне сү­йене отырып дәлел­дейді. Түркілер­дің ондық жүйесі арабтар арқылы бүкіл әлемге тарады. Осы­ның өзі түркілер мәдениетінің әлем­дік өркениетке өз үлесін қосқан­дығын көрсетпей ме?!
Шыңғыс хан шапқын­шылы­ғынан кейінгі кезеңде Еуразия ке­ңістігінде орасан өзгерістер жү­зеге асты. Бүгінде мұрагері Қазақ­с­тан болып табылатын Алтын Орда мем­лекеті көне Московия­ның қалыпта­суы мен дамуына шешуші ықпал ет­ті. Көптеген та­рих­шылар мен зерт­теушілер орыс халқының тегін­де түркі халық­тары­ның үлесі мол екендігін айта­ды. Мысалы, француз ғалымы, эт­никалық поляк Фран­циск Ду­хинский кешегі мос­ковит­тердің, яғни бүгінгі орыс­тар­дың тегі еуро­па­лықтар емес, азия­лық «тұран­дықтар» екендігін өз ең­бектеріне арқау еткен. Орыс хал­қы мен түркі халықтарының жақын болғанына орыс патшалары мен қолбас­шы­ла­рының көбінің тегі татар (түркі) бол­ғандығы дәлел. Айталық, Ресей билеушілері Иван Грозный, Борис Годунов, Бірінші Петрдің бойында түр­кі қаны бол­ған. Ресейдің көп­теген дворяндық тектері Апрак­син­дер, Аракшеев­тер, Державиндер, Ермоловтар, Шере­метьевтер, Булга­ков­тар, Году­нов­тар, Строгановтар, Мансу­ровтар, Сал­тыковтар, Бунин­дер, Юсупов­тар, Юшковтар, Суво­ров­тар, Ал­мазовтар, Карамзиндер, тағы басқа жүздеген, мыңдаған әу­леттер арғы түбінде түркі тайпа­ла­рынан өрбі­гендер.
Орта ғасырларда, дәлірек айт­қанда 1465 жылдары құрылған қазақ ордасы өзінің даму бары­сында көп­теген елдермен, көпте­ген мәдениет­термен шендесті. Өз ке­зегінде араб-парсы, қытай, түркі дүниесімен белгілі бір дәрежеде мәдени қарым-қатынастары да болғаны анық.
Ал енді, 1991 жылы Тәуел­сіз­дігіне қол жеткізген соң Қазақстан қарым-қатынасын бұрынғыдай тек Ресеймен ғана шектемей, алыс-жа­қын елдермен арадағы мәдени бай­ла­нысын барынша дамытты. Ең ал­дымен көрші түркі мемле­кет­тері Өз­бекстан, Қыр­ғызс­тан, Түрк­мен­стан, Әзірбай­жан және Түркия елде­рімен байла­ныс ор­нады. Түркі мем­лекеттерінің ода­ғын құру тура­лы идея­лар айтыла бастады.
Қазақстан үшін Батыс әдебиеті мен мәдениетінің де ықпалы ай­тар­лықтай. Қуаныштысы, Батыс мәде­ниетін бұрынғы Кеңес кезін­де­гідей сол қалпы қабылдай бер­мей, сүзгіден өткізіп қабылдау бай­қалады. Яғни ұлттық, отбасы­лық құндылықтарды сақ­тай оты­рып, неғұрлым про­грессивті үлгі­лер ғана қолданысқа өтуде.
Қорыта келгенде, мәдениет пен әдебиет халықтардың жақын­да­суында елеулі рөл атқара­тын­дығын баса айтқымыз келеді.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының 67-ші сес­сия­сын­да «Әлемаралық бейбіт­ші­лік үшін конфессияаралық және мәдениет­аралық үнқатысуды, өзара түсіністік пен ынтымақ­тас­тықты дамытуға жәрдемдесу» атты қарар қабылдан­ғаны мәлім. Осы қарарда Қазақстан­ның бастама­сымен 2013-2022 жылдар «Мәде­ниет­терді жақын­дастырудың ха­лық­аралық онжыл­дығы» болып жа­рияланған. Қазақ­станның бағ­дар­ламасы қазіргі және болашақ ұрпақ үшін әлемдік бейбіт­шілікті нығайтуға бағытталып отыр. Әрі ада­ми құндылықтарды сақтау мақ­сатымен жаңа мәдени диалогтың негізін қалайды. Бүгінгі өткізіліп отырған іс-шара соның бір жар­қын мысалы. Жұмыста­рыңызға берекет тілеймін!
Ғалым Шерубай Құрманбай­ұлы Форумда Қазақстаның латын қа­ріпіне көшіп жатқаны турасында әңгімеледі. Шекеңнің баяндамасы кириллицаны көзіне ілмейтін, ас­пансыған, астамсыған АҚШ аза­мат­тарына қызықсыз, құнарсыз әңгіме болар ма екен деп алаңдаған едік, жо-оқ, керісінше өте қы­зықты бол­ды. Тіпті, форум соңын­да Құр­ман­байұлын құшақтап әкетіп, әңгіме-дүкен құрғандарды да кө­зіміз шалды. Соның бірі Рави Батыра мырза Шекеңе қарап: «Латын қарі­піне бет бұрғанда­рыңызды қызу қолдаймыз. Жазу – мәдениет, жазу – ықпал­дасу­дың басы. Біз сіз­дердің бізбен бірге болулары­ңыз­ды қалай­мыз», – деді.


Шерубай Құрманбайұлы,
филология ғылымдарының
докторы, профессор

Біз – ерте замандарда жазуды ойлап тапқан елдің ұрпағымыз

Жазу – мәдениеттің маңызды белгісі. Әлем халықтары мәдение­тінің дамуында жазудың алатын орны айрықша. Түркі халық­тары­ның тарихы мен мәдениетінің де тамыры тереңде. Біздің жазу мәде­ниетіміз көне ғасырлардан бастау алып жатыр. Түркі халықтарының әлемдік өркениетке қосқан үлкен үлесінің бірі – Орхон-Енисей, Та­лас ескерт­кіш­теріндегі мәңгілік өшпес­тей етіп тасқа қашалып жа­зылған руна жазуы. Біз жаһан жұртшылы­ғының алдында өте ерте замандарда жазуды ойлап тапқан, өз жазуын тұтынған халықтың, көне түркілер­дің ұрпағы екенімізді айдай әлемге жар салып, мақта­нышпен айта ала­мыз. Даңқты ата-бабалары­мыздың төл таңбалары­мызбен, сына жазумен жазғандары, бізге жеткен жазба ес­керт­кіштер оған айқын дәлел бола алады. Бұл ескерткіштер түркілердің көне мәдениет иесі екендігінің өш­пес белгісі. Одан кейінгі кезеңде, ор­­та ғасырларда, ХХ ғасырдың 30-­жылдарына дейін біз араб жа­зуын пайдаландық. Арада он жыл ла­тын әліпбиінде жазып, 40-жылдардан қазірге дейін кирилл әліпбиін пай­даланып келеміз. Енді латын графи­касына негізделген әліпбиімізді ма­­құл­дап, қолданысқа енгізгелі отыр­­­мыз. Біз бүгін өз тари­хымызға зор құрметпен қарай отырып, қазіргі заманда ең кең та­раған, технология­сы мен ғылымы дамыған мемлекет­тер, әлем жұрт­шылығының басым бө­лігі пай­да­ланып келе жатқан ла­тын графи­ка­сын таңдап, осы графи­каға не­гіз­­делген әліпбиімізді қолда­нысқа енгізуге бет бұрдық.
Сонымен бірге, еліміздің әліп­би ауыстыру туралы шешімге ке­луіне ла­тын әліпбиінің қазіргі ке­­зеңде әлем­ге ең кең тараған, ғы­лым мен тех­нологияда қолдану­ға қо­лай­­лы әліпби екендігі де еске­ріл­ді. Сол ар­қылы әлемдік ақ­­па­рат­тық ке­ңістікке ену, интер­нетті пайда­лану мен түрлі халық­а­ра­лық қарым-қатынас құрал­дарын қол­дану мүмкіндігіміз мей­­лін­ше же­ңіл­дейді деген үміт­теміз.
Қазақ қоғамының басым бөлі­гі, әсіресе ел болашағы жас қауым ла­тын әліпбиін жақсы қабылдады. Олар­дың көпшілігі ағылшын және өзге де шет тілдерін оқып-үйрену мен қазіргі технология жетістік­те­рін пайдалану арқылы латын әліп­биі­мен ерте танысады. Сондықтан да жастар жағы аға буынға қара­ған­да өздері іс жүзінде қолданып жүр­ген графиканы жатсынбай қабыл­дады.
Қазіргі адам өмірін жазусыз елес­­­тету мүмкін емес. Әліпбиді қо­ғам­ның барлық мүшелері күн­де­лікті өмірінде тікелей пайдала­нады. Сол себептен де әліпби ауыс­тыруға еш­кім бейжай қарай алмайды. Қол­данатын әліпбиінің жазуға, ақ­парат алуға барынша ыңғайлы болғанын әркім қалайды. Тәуел­сіз­дігін жария­лаған біздің еліміз әлем­дік қауым­дас­тықтың құрамдас бөлігі ретінде өзге халықтардың мә­дениетін құр­мет­теп, оқшау қал­май, олармен ты­ғыз қарым-қаты­нас­та болумен бір­ге қазақтың ұлт­тық құндылық­та­рын да бағалап, рухани жаңғыруға үлкен мән беріп отыр.
Ел құлағын елең еткізер ұсы­ныс пен бастамалардың авторы болып жүретін қазақстандықтар бұ жолы да сол белсенділігімізден танбай орал­дық. Өкініштісі, америка­лық­тарға біздің ақынның бастамасы қиын көрінді ме, әлде тап осындай ой өз­дерінен тумаған­дарына опын­ды ма, олар әнтек үнсіздік танытты. Алай­да, түбі бір түйіні жасалып жат­са, Әлемдік қаламгерлер қа­уым­­дасты­ғын құру идеясын ал­ғаш біз айтқан­быз, біздің заман­да­сымыз ақын Оңай­­гүл Тұржан айт­қан деуімізге Нью-Йорк фору­мы куә.


Оңайгүл Тұржан,
ақын, ф. ғ. к., Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің доценті

Әлемдік қаламгерлер қауымдастығын құруға шақырамын

Италияның ұлы ақыны Ф.Пет­рар­ка қайтыс болғаннан кейiн 300 жыл өткен соң, яғни, 1630 жы­лы Т.Маритнелли деген бiр монах Пет­рар­каның денесi салынған сар­ко­фаг­ты сындырып, ақынның оң қо­лын ұрлап кетiптi. Бұл қыл­мысы үш­iн жауапқа тартылған ол сот ал­дын­­да: «Флоренцияның екi ұлы ақы­нының – Дантенiң де, Петрар­каның да денелерi бөтен елде жа­тыр, сол үшiн де олардың елi көп азап шек­­тi, мен Петрарканың ең болмаса жыр жазған оң қолын өз елiне сыйға тар­­т­сам деген едiм» деп жауап берiп­тi.
Ақындарының өздерi емес, құр денелерi «бөтен елде жатқаны үшiн өз елiнiң азап шеккенiн» қалай ұғы­нуға болады? Меніңше, көркем әде­биеттің өзі ғана емес, сол әде­биет­ті жа­сайтын автор да халық үшін ру­хани күш беретін қайнар көз.
Біздің елдің Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағ­дарламалық мақаласы жарық көр­геннен кейін бүгінгі таңда рухани байлыққа айрықша назар аудару мәселесі өте белсенді жүргізіліп жатыр. Мұндай мәселенің көтерілу себебі – тек қана саясаттың мәсе­ле­сі айтылып, баладан бастап, данаға дейінгінің бәрі тек саясатты айтып кетсе, рухани дүниенің, яғни жан ­дүниенің аштығы басталып, ол тіпті бір­неше ғасырға дейін асқына бере­тін рухани ауруға душар етері анық. Мәселе – осындай жағдай­дан сақ­тан­дырып, соның алдын алуда болып отыр.
Бүгінгі Америка жерінде өтіп жатқан осы форум да сол Рухани жаң­ғыру идеясы бойынша жоспар­ланып қолға алынған жоба. Біз сол жобаның бағдарламасы бойынша келіп, өздеріңізбен дидарласып отыр­мыз. Америка халқы ұран­дат­қанды ұната бермеуі мүмкін немесе белгілі бір мемлекеттік деңгейдегі рухани жобаны жүзеге асырайық дегенді түсінбей қалуы да ғажап емес. Дегенмен, дәл осындай Руха­ни жаңғыру жобасын Америка хал­қы үшін де алға тартса дұрыс болар еді. Бұл – жан дүниені тазарту идеясы. Ал мұндай идеяны ара-тұра бүкіл халық болып қолға алып, жүзеге асы­­рып отырудың еш ар­тық­шылы­ғы жоқ дер едім. Кері­сін­ше, күн­де­лікті азан-қазан тірші­лік­тің орта­сындағы қым-қиғаш оқи­ға­лардан «кірлеп» қалып оты­ра­тын жан ­дүниені тазар­тып алып отыру – қоғамның адами келбетін, мейірім­ді­лік пен қайы­рым­­дылық­ты, бей­біт­шілік пен береке­лілікті ны­ғайта түсер еді.
Біздің қазақтың халық ертегі­сінде өзінен-өзі ұшатын, адамдарды әрі-бері таситын ұшқыр кілем ту­ра­лы айтылған аңыз оқиға бар. Бұл ұшқыр кілемдер – бүгінгі ұшақтар­дың көне дәуірде пайда болған сим­во­лы. Қазақтың Махамбет Өте­місұлы деген ақынының «Ат­қан оғы Едiл-Жайық тең өткен» деген өлең жолдары бар. Дәл осын­дай қиял-ғажайып оқиға көне «Авестада» да бар. Мұнда иран­дық­тар мен тур­лардың арасындағы со­ғыс жайында баяндалып, сонда садақ оғының ұшып жеткен же­рiнен Иранның шекарасы белгiле­нетiн болып келi­сiлген екен дейді. Сонда ирандық батыр Эрэхштiң бар құ­ды­ретiн бойы­на жинап, ғаламат күшпен құлаштай тартқан садағының оғы Бактрияға дейiн ұшып барған екен дейдi. Иранның шекарасы сол жер­ден белгiленген көрінеді, бiрақ садақ тартуға бар күшiн сарп еткен батыр Эрэхш сол жерде жантәсiлiм еткен делінеді. Бұл санаулы минуттарда мұхит асып, нысанаға дәл тиетiн қазiргi ракеталардың бейнесi дей аламыз. Ал қазақтың ұлттық ерте­гiсіндегі тау көтеретiн Толағай бей­несiнен қазiргi көтергiш крандарды көрген едiк қой. Бұлар бір қарағанда жәй әншейін ертегі ғана. Бірақ, бүгінгі техниканың ұлы жетістік­тері­нің бәрі бір кездері адам баласы­ның қиялында дүниеге келіп, қазіргі таң­да жүзеге асырылып отыр. Қа­зіргі ғылыми жетістіктердің бар­лы­ғын бүгінгі ғалымдар өздері ойлап тап­қандай сенімде болуы мүмкін, де­ген­мен олардың көп­шілігі халық әдебие­тінде осыдан берісі бір ғасыр, арысы мың ғасыр бұ­рын ауыз әде­биеті ар­қылы ай­тылған идеялар еке­ні даусыз. Бү­гін­гілер халық қиял­даған сол жо­ба­лар­ды жүзеге асыру­шылар.
Біз, қазақ – осы дәуірге дейін әлемдік әдебиетке ең белсенді оқыр­мандар ретінде өлшеусіз үлес қос­тық. Бірақ, авторлар ретінде та­ныла ал­ма­дық. Ауыз әдебиеті ар­қы­лы қо­ғамды дамытудың небір идея­ларын өмірге әкелген біздің халықта талант­ты ақын-жазу­шы­лар бар. Қа­зіргі жас­тар­дың ішінде де мықты-мықты қа­лам­герлер өсіп келеді. Өйткені, біз – шын мәні­сін­де кі­тап­ты ең көп оқи­тын ұлт санатынанбыз. Ал осындай ұлт жасаған көркем әдебиет – әлем­дік рухани байлық­тың қайнар көзінің де бірі екендігін айтқым келеді. Олай болса, біз әлем­дік әдебиеттің бір-бірі­мен үнемі бай­ланыста бо­луына мүд­делі болуы­мыз маңызды. Бір-бірі­­мізден идея алу арқылы, адамзат­тың қоғамын жаңа кезеңге көтеруге ұсы­ныс жасай аламыз. Көркем әде­биет­тің негізгі миссия­сының бірі де осы.
Көркем әдебиеттiң қоғамдық даму жүйесiне кiрiгiп, басқарушы ме­ханизмнiң бiр саласы ретiнде қыз­мет етуіне мүмкіндік жасалу ке­рек. Ал оған ықпал ете алатын – ақын-жазушылар. Әрине, бір-екі қалам­гердің немесе бір-екі елдің жазу­шы­лар қауымдастығының оны атқара алмасы белгілі. Сон­дық­тан Әлемдік Қалам­герлер Қауым­дас­тығын құру маңызды дер едім. Бұл Қауымдастық әлем жазу­шыларының жаңа кітапта­рын, олар­дағы жаңа идеяларды наси­хат­тау, халықтарды кітап оқуға ұм­тыл­­дыру, сол арқылы жер шарылық деңгейдегі адами қа­рым-қатынас­тар идеясын алға шыға­рып, бейбіт­шілікті сақтау мәсе­лелерімен айна­лысса жақсы болар еді.

Дәурен ҚУАТ
АЛМАТЫ–АСТАНА–
НЬЮ-ЙОРК–АЛМАТЫ

(Жалғасы бар)


Үмітхан Дәуренбекқызы,
ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры

«Жаһандық әлемдегі заманауи қазақ­стандық мәдениет» тақырыбындағы ха­лық­аралық форумды біздің кітапхана ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тап­сырмасымен ұйымдастырды. Қазан, қараша және желтоқсан айларында Сеул, Берлин, Лондон, Нью-Йорк қалаларында өткен іс-шара Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Біз қазақ әдебиеті мен мәдениетін аталған мемлекеттерде паш етуді, еліміздің және шетелдік зиялы қауым өкілдерінің арасында шы­ғар­машылық байланыс орнатуды, жазушылар мен қайраткерлердің пікір алмасып, ой бөлісуіне жағдай жасауды мақсат еттік. Форум бары­сында көздеген меже, діттеген мұратқа қол жеткіздік деп кесіп айта аламын. Алдағы уақытта атқарылған шаруа, істелген жұмыс жемісін беретініне сенемін.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір