Сахнада – «Махаббат мұнарасы» мюзиклі
30.11.2018
2176
0

Жуырда Түркістан облысында тұңғыш рет мюзикл жанрында қойылым қойылды. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында әзірленген «Махаббат мұнарасы» мюзиклін Түркістан қаласының өнерсүйер қауымы үлкен ықыласпен қабылдады.

«Театрымыз респуб­ли­кадағы жас ұжымдардың бірі болып есептеледі. Бұған дейін Джузеппе Вердидің «Травиата», «Риголетто», Петр Чайковскийдің «Евгений Онегин», қазақ операларынан Ахмет Жұбанов, Латиф Хамидидің «Абай», Евгений Брусиловскийдің «Қыз-Жібек», Сыдық Мұхамед­жанов­тың «Айсұлу», Ерке­ғали Рахмадиевтің «Қамар сұлу», Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операларын жоғары деңгейде сахналаған болатын. Ал, мюзикл жанрында қойылым көрсету идеясын Түркістан облысы­ның әкімі Жансейіт Қансейіт­ұлы Түймебаев ұсынды. Сол кісінің бастамасымен «Махаббат мұнарасы» мюзиклін әзірлеп, Түркістан жұртшылығына көрсеттік. Әртістерімізге де бұл бағыт ұнаған секілді. Шын ниетпен және шалқар шабытпен орындап шықты», — дейді театр директоры Ә.Нұр­махан­бетов.
Қ.А.Иассауи атындағы ХҚТУ-дың Мәдениет сарайында өткен «Махаббат мұнарасы» мюзиклінің премьерасы көрермендер тарапынан оң баға алды. Өнерпаздардың өнері мен талпынысына ризашылығын білдірген өңір басшысы Жансейіт Түймебаев:
«Премьераны тамаша­лауға қала тұрғындарының әсіресе жастардың көптеп келуі көңілге қуаныш сыйлайды. Бұл халқымыздың тың дүниеге қызығушылық танытып мәдениетіміздің өркендегенінің дәлелі іспетті. Жалпы, әлемнің танымал ірі мегаполистерінде мюзикл жанрында қойылымдар жиі көрсетіледі. Бір ғажабы, көрермендері өте көп. Мюзикл — күрделі және қызықты жанр. Сондықтан театрдың осы бағыттағы ізденістері облысымыз бен Түркістан қаласының тұрғындары үшін және қаламызға келген саяхатшылар үшін үлкен олжа. Бұндай премьералар Түркістанымызды республикалық және халықаралық деңгейде танылуына ықпал етеді», — деді облыс әкімі.
Мюзиклдің әуенін Светлана Ахметова жазса, сөзін жас ақын Мұқағали Кенжетайұлы жазған. Музыкалық жетекшісі — Әбдіхан Нұрмаханбетов, қоюшы-режиссері – Елік Нұрсұлтан, қоюшы-балетмейстер – Гүлжан Дәулетқұлова, қоюшы-суретшісі – Дәулетияр Балтабаев.
Мәңгілік махаббат лирикасы бейнеленген қойылым жастарды махаббатқа адал болуға, сезім үшін қиындықтарға төтеп беруге үндейді. Түркістан облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы мен облыстық опера және балет театры дайындаған қойылым алдағы уақытта еліміздің өзге қалаларында көрсетілуі мүмкін.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір