Ұмытпаңдар мені!
Сафуан ШАЙМЕРДЕНОВ:
Желтоқсандағы қырғыннан кейін көп ұзамай қазақ зиялылары Колбинмен кездесті. Сонда мінберге көтеріліп келе жатқан Сафекең Колбинге бұрылып қарады да: «Сіз қазақ тілін үйреніп жатырмын деп, қазақ тілін білмейтіндерге жақсы үлгі көрсеттіңіз. Бірақ, көрермендерге жауап бермес бұрын алдыңыздағы қағазға бір көз жүгіртіп алып, қатты қарқылдап күлдіңіз. Осы сәтте үйде теледидар көріп отырған менің денем түршігіп кетті. Өйткені, бұл күлкілі сұрақ емес еді. Маған осы күлкіңіз түсініксіз. Сіз Қазақстанға келгелі жұртшылықпен жиі кездескенде байқағаным: көптің алдында неге ыржыңдап күле бересіз?
Сол отырыста Сафекең: «Колбин жолдас, жастарға неге осынша қорлық көрсетіледі? Шовинистер, қазақта ұлтшыл адам болған емес. Сенбесеңіз, екеуміз көшеге бірге шығайық, егер сізге біреуі қол көтеретін болса, көзіңізше өзім керосин құйып өртеп жіберейін…», – деді.
«Қазақ әдебиеті» газетінің редакциясына тоқсанды алқымдаған әжеміз – Бағдат Шаймерденкеліні арнайы келіпті. Қолында жары – белгілі қаламгер Сафуан Шаймерденовтың жазбалары мен қаламгер туралы естеліктері бар. «Ағаларыңды ұмытпаңдар!» дейді тоқсандағы кейуана.
БҰЛ СУРЕТКЕ ЕЛУ ЖЫЛ
Ертеректе жазылған «Кәдімгі Сәбит Мұқанов» дейтін естелік-әңгімемде мынадай жолдар бар: 1945 жылдың октябрь айында тағы да Алматыға келдім. Ол кезде Солтүстік Қазақстанның «Ленин туы» газетінде істеп жүрген кезім болатын. Алматыдағы партия мектебінің жанынан ашылған тоғыз айлық журналистік курсқа облыстық партия комитетінен жолдамам бар. Абтобус, машина дегендеріңнің жоқ кезі. Жаяулап-жалпылап қаланың орталығына жеткенше түн жарымынан ауды. Қонақ үйде орын болмай шықты. Таныс, жақын деген атымен жоқ. Енді қайттім? Кенет көз алдыма Сәбит Мұқановтың жылы жүзі келе қалды. Өйтпесек қазақ боламыз ба, ұйықтап қалғанына қарамастан салып ұрып Артиллерия көшесіндегі (қазіргі Құрманғазы) таныс үйге келдім де есік қақтым. Көп күттірмеді, Сәбеңнің көпке таныс тарғыл даусы шықты:
– Бұл қайсың?
– Бұл бір ел адамы, – дедім мен атымды ұмытып қалған шығар деген оймен.
Әлгіндей болмай есік ашылды.
– Е, Сафуан екенсің ғой? Ел адамы дегенше, жөніңді неге айтпайсың?! Ал, төрлет! – Сәбең тым жылы, құшақ жайып қарсы алды. Арада талай күн өтті. Сәбең жәй-күйіме әбден қанған соң:
– Курс деген не тәйірі, жазушы болғың келеді екен, университетке түс. Талантың қанша асып тұрса да білімсіз жазушы болу оңай емес, – деді.
– Университетте сабақ басталып қалды ғой, түсем дегеніммен қабылдамайтын шығар?..
Сәбең қағаз, қалам алды да әлденелерді жазып маған ұстата берді:
– Мә, мына жолдаманы университеттің ректоры Лукьянецке апарып бер… Кешіксең де түсерсің деп ойлаймын.
Университетке бара жатып «не жазды екен?» – үңілсем, Сәбең былай депті: «Бұл жігіт жаңа жаза бастағандардың ішіндегі көп үміт күттіретіні. Университетте орын болмаған күннің өзінде де нашар оқитын біреуді шығарып жіберсеңіз де қабылдауыңызды өтінемін». (орысшадан аударылды. – С.Ш.).
Ректор жолдаманы оқып сәл жымиды да, «қабылдансын» деп бұрыштама соқты. Мен сөйтіп университетке түстім. Жатақханаға шығарда Сәбең маған 1937 жылғы бір суретін ескерткіш етті. Ол сурет күні бүгінге дейін қиын-қыстау кезеңнің асыл жадыгері есепті үйішіміздің альбомында сақтаулы тұр.
Үй-ішіміздің альбомында сақтаулы тұрған сол сурет міне осы. Сырт жағында «Інім Сапуанға, ағалық ескерткіш. Сәбит. (1937 жылы Москвадағы «Москва гостиницасында түскен сурет. І. 12-х 1945 г. Алматы». – деген жазу бар.
Отыз жеті жастағы кәдімгі Сәбит Мұқвновын көріп қызықтасын деп бұдан аттай елу жыл бұрын түсірілген суретті оқырман назарына ұсынып отырмын.
(Өкінішке қарай ол сурет сақталмапты. Редакциядан).
ҮЗІК СЫРЛАР
«Менің қазақ әдебиетіндегі ұстаздарым – Бейімбет Майлин, Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқанов және Ғабит Мүсірепов. Бейімбеттің реализмі, Мұхтардың қазақ сахарасындай кең құлашы мен тереңдігі, Сәбиттің халықтығы, Ғабиттің астарлап сөйлейтіндігі, юморы ұнайды».
***
«Жазушы – өз халқының рухани көсемі».
***
«Мұхтар Шаханов – ХХ ғасырдың соңғы белесінде қазақ халқы дүниеге келтірген айрықша құбылыс деп танимын».
***
«Өмір шындығы ештеңеге де тәуелді емес. Ал әдеби шындық өмір шындығына тікелей тәуелді».
***
«Шығарма жазғанның бәрі жазушы емес!».
***
«Жастар қиялдай білуі керек. Ұлы арманнан ұлы істер туады».
***
«Қай күні дүниеден өтеріңді кім біліпті… Ал сонда дүниеден өтердегі соңғы сөзің не болмақ? Өзіңді қай қырыңнан көрсетерсің? Дүниеге келгеніңе рақмет. …Жақсы адамдарға рақмет!..
Жоқ, жақсы адам – сенің кеудеңде. Жақсы адам – сенің қан тамырларыңның соғысында. Жақсы адам – сенің мінез-құлқыңда.
Жақсы адам… Сен жақсы болсаң ғана жақсы…».
ҚАЗАҚТЫҢ АСЫҚПАЙТЫНДЫҒЫ
Ертемен келеді…
– Шәйға отыр.
– Отырайын.
Асықпай отырып бір-екі кесе шәй ішеді.
Үй иесі сұрайды:
– Ертелетіп, не, жәй жүрсің бе?
– Жоқ. Бәленшекеңнің үйі өртеніп жатыр еді. Шәйларыңды ішкен соң тездетіп келерсіңдер.
***
С.Шаймерденов – прозалық шығармалармен қатар драма жанрымен де айналысып келе жатқан жазушы. Оның әр жылдарда дүниеге келген лирикалық, драмалық, комедиялық пьесалары рсепубликалық, облыстық театрлардың репертуарынан тұрақты орын алған.
С.Шаймерденов творчествосы туралы әр жылдарда республикалық, одақтық баспасөзде орыс жазушылары да, қазақ әдебиетінің классиктері де жылы-жылы пікір-лебіздерін білдірген:
«С.Шаймерденов – өзінің алғашқы туындысымен-ақ көп көңілін бірден өзіне аударды. Ол қазақ әдебиетінің туын алға апаратын кейінгі ұрпақтың алғы сапындағы талант иесі».
Мұхтар ӘУЕЗОВ
«Сафуан Шаймерденовтің повесть, әңгімелері айырықша лиризмімен ғана емес, сонымен қатар айшықты да кестелі, аса көркем тілімен де ерекшеленеді».
Сәбит Мұқанов
«Сафуан Шаймерденов өзінің «Инеш» романында жастар тақырыбына батыл сүңгіп кетті де, өз замандастарының рухани өмірін шынайы да шебер суреттеп бере алды».
Ғабит МҮСІРЕПОВ
«Сафуан Шаймерденов әдебиетімізге тұтқиылдан еркін басып келіп, бірден өз орнын тапты. Жәй келген жоқ, өзіндік идеямен өзіндік арман-мұратпен келді. Ол бұл мұрат-мақсаттарын жүзеге асырады деп ойлаймын».
Ғабиден МҰСТАФИН
ЕҢСЕМІЗДІ ТІКТЕТКЕН ЖҰБАҒАҢ МЕН САФУАН ШАЙМЕРДЕНОВ БОЛДЫ
Сафекең сұлу, бойы – екі метр, «қазақ қайсы?» десе мынау деп көрсететін азамат еді ғой! Желтоқсандағы қырғыннан кейін көп ұзамай қазақ зиялылары Колбинмен кездесті. Сонда мінберге көтеріліп келе жатқан Сафекең Колбинге бұрылып қарады да: «Сіз қазақ тілін үйреніп жатырмын деп, қазақ тілін білмейтіндерге жақсы үлгі көрсеттіңіз. Бірақ көрермендерге жауап бермес бұрын алдыңыздағы қағазға бір көз жүгіртіп алып, қатты қарқылдап күлдіңіз. Осы сәтте үйде теледидар көріп отырған менің денем түршігіп кетті. Өйткені, бұл күлкілі сұрақ емес еді. Маған осы күлкіңіз түсініксіз. Сіз Қазақстанға келгелі жұртшылықпен жиі кездескенде байқағаным: жұртшылықтың алдында неге ыржаңдап күле бересіз? Көпшілік сізге мазақ па? Әлде халықты балаша алдағыңыз келе ме? Осыған жауап беріңізші?» – деді қасқайып тұрып. Колбин болса: «Жо-жоқ, олай емес. Мен тілді құрметтеймін», – деді. «Олай болса сіз неге мазақ еттіңіз? Еш уақытта халықтың тілін, халықтың ойын, мақсатын қалжыңға айналдырмаңыз!» – деп кесіп айтты Сафекең. Сосын: «Қазақстан ЛКЖО Орталық комитетіндегі баяндамаңызда ұлтшылдық туралы көп айтылды, ал шовинизм туралы бір сөз жоқ. Бұл Қазақстанда шовинизм жоқ дегенді білдіре ме? Сіз «Жоқ, оны білдірмейді. Қазақстанда шовинизм бар. Біз ол туралы баяндамада ұмытып кетіппіз» деп жауап бердіңіз. Бірақ бұл жердегі сіздің ұмытшақтығыңызда қандай да бір заңдылық жатқан жоқ па? Сіздің «шовинизм туралы ұмытып кетіппіз» дегеніңіз не сөз? Бұл деген сіздерде, Қазақстан Компартиясының Орталық комитетінде ұлтшылдықтың шығуымен күресудің арнайы жоспары бар да, шовинизмнің шығуымен күресетін терең ойластырылған нақты жоспары жоқ. Міне, сіздің жауабыңыздан кейін осындай көңіл көншімейтін, адамды жабырқататын қорытындыға келдім!» – деді. Сол отырыста: «Колбин жолдас, жастарға неге осынша қорлық көрсетіледі? Шовинистер, қазақта ұлтшыл адам болған емес. Сенбесеңіз, екеуміз көшеге бірге шығайық, егер сізге біреуі қол көтеретін болса, көзіңізше өзім керосин құйып өртеп жіберейін…» – деді.
Сол басқосуда бәрі жағымпазданып, Колбинді мақұлдап кетіп еді, әйтеуір, еңсемізді тіктеткен әуелі Жұбағаң (Жұбан Молдағалиев), сосын Сафуан Шаймерденов болды. Мына сөздерден кейін шалқайып, асқақтап отырған Колбин иығы қушиып, екі көзі жерге қадалып, төбесінен біреу су құйып жібергендей үнсіз шоқиды да қалды. Ыржаңдап күле берді.
Софы СМАТАЕВ, жазушы
Өте талапшыл, айтқан сөзінде тұратын және соны елден талап ететін турашыл адам болды. Қисық-қыңыр, өтірік, жағымпаздық әңгімені бірден тыйып тастайтын. Жан-жағындағылардың кемшілігін бетің бар, жүзің бар деп отырмай жайып салатын. Ондайда мен «Қайтесің өзіңе жоқ жерден дұшпан арттырып?» дейтінмін. Талайы теріс айналып кетті. Бірақ оған бола күйіп-пісіп, қайта қарым-қатынас түзуге тырыспайтын да. «Мен саған қателігін қайталамасын, кемшілігін түзесін деп айттым» дейтін.
Бағдат ШАЙМЕРДЕНКЕЛІНІ,
Сафуан Шаймерденовтің жары
Сафуан Шаймерденов 1922 жылы 15 сәуірде Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданы Амангелді ауылында дүниеге келді. Жазушы, драматург, ҚР халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Р.Тагор кітаптарының аудармасы үшін Қазақстан Жазушылар одағының Б.Майлин атындағы сыйлығы берілді. «Құрмет белгісі» орденімен және бірнеше медальдармен марапатталған. Алғашқы романы «Болашаққа жол» – 1953 жылы жарық көрді. Жиырмаға жуық кітаптың авторы.
2007 жылы 23 ақпанда көз жұмды.
ПІКІРЛЕР3