Тазалық пен адалдықтың үлгісі еді
23.11.2018
1666
0

Хасенхан Талғаров – ХХ ғасырдың екінші жартысында қазақ поэзиясының дамуына өзіндік үнін, өрнегін қоса білген сезімтал суреткер, белгілі ақын. Бір кезде ақынның лирикалық шығармалары республикамыздың мерзімді баспасөз беттерінде, әсіресе «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Жұлдыз», «Жалын» журналдарында жиі жарияланатын. Оның көптеген өлеңдеріне жүрек тербер жылы әуезді әндер де жазылды.


Қуаныш СҰЛТАНОВ,
ҚР Парламенті Мәжіліс депутаты

Ақын шығармаларының басты тақы­рыбы – туған жерге деген сар­қыл­мас сүйіспеншілігі, ас­қақ махабба­ты, От­ан деп соқ­қан жүрегі. Ол өзін де, өзгені де сүйе біледі.
Хасенхан ағамыздың таби­­ғаты, болмы­сы, мінез-құлқы, тұрмысы, тұрысы, сөй­леген сөзі, жазған шы­ғар­­малары бір-біріне үндес­кен әдеп пен мейі­рім­нен тұ­ратын. Ол өмірде өзі қан­дай адал, ақкөңіл болса, бас­қаларды да солай екен деп ойлайтын. Мүмкін осын­дай дүние­таны­мының әсері­нен Хасекеңнің жүре­гінен қайта­ланбас жыр жол­­дары өрбіген болар. Ол жыр жазуға аса жас кезінен құлшыныс танытқан еді. Бірақ жарыққа шығаруға асықпады. Әр жазған сөзін, жолдарын, шумақтарын қайта-қайта қайыра өңдеп, өлеңнің жарыққа шығуына зор жауап­кершілікпен қа­рай­тын. Көп оқып, көп ізде­нетін. Білімнің тере­ңіне бойлап, қазақ әде­­бие­тінің ертедегі үлгі­лерін, әлемдік әдебиеттің ұлы тұл­ғаларының шығар­мала­рын оқып, зерттеп, олардан алған әсерле­рінен мақала­лар жазып, рухани-мәдени талға­мы­ның өрісін кеңейте түсе­тін.
Көзі тірісінде әр жыл­дар­да республика баспа­лары­нан жарық көрген «То­ры тайым», «Шыңдағы шұғыла» «Көгілдір кеш», «Қа­нат­ты гүлдер», «Ме­нің алтын босағам», «Ақ­қулар қайтып келеді», «Алтын жапы­рақтар», «Жырлайды жүрек», «Жаңбырдан соң», «Күміс күл­кі», тағы басқа жинақтары ке­зінде әдеби орта мен оқырман­дардың ыс­тық ықыласына бөлен­ген. Ақынның бала­лар мен жасөспірімдерге арналған кей­бір өлеңдері әдеби оқулық­тарға да енген.
Шағын ғана естелікте айт­қы­мыз келгені – ақын­ның ерек­ше сүйкімді, аса тек­ті мі­нез-құлқы, өмірге ақ қағаздай айрықша ілти­паты, адамға деген жылы бауырмалдығы еді. Ол кісі­мен әңгімелесудің реті кел­ген­де байқайтынымыз – адам­ның сыртынан ғайбат сөз айтуды білмейтін, тіпті көпе-көрнеу өзіне қиянат жасаған пенделер ту­ралы да артық сөз айтпайтын. Қан­дай жағ­дайда да дауысын көтермейтін. Кеңес Одағы жүйесінде ақын-жазу­шы­лар өз шығарма­ларын сол кез­дегі басылым бетте­рінде, кітап баспаларынан шығару кезінде ықпал­дастық, та­мыр-таныстық болып жата­тыны рас еді. Дау-дамайдан аулақ жүре­тін Ха­сен­хан Талғаров сияқты ақындар баспа бас­шы­ларының арқа­сынан қағып, «әзірге тұра тұр, келесі кезек сенікі» де­ген «жылы» уәделерін күтіп, тасада қалып қоя беретін. Үйдегі сабырлылықтың ал­тын бесігі – ағамыздың асыл жары Ғалия жеңе­ше­міздің кеңпейіл­дігі, ақын жанын түсінгіштігі, ырыс-бере­кені молықтыра түсетін.
Хасекең сабырлы­лық­тың қара қазанын­да қайнаған азамат еді ғой.
Оның ел-жұрт алдындағы адалдығының бір мысалы әлі есімізде. Қайбір жылы ақын­ның от­басы отыр­ған үйі тарлау болып, билік тара­пынан қам­қорлық жаса­лып, төрт бөлмелі үй беріледі. Мұқ­таж­дар тізіміндегі кезекте ақын ағамыз бірінші екен. Сол сәт­те екінші кезекте тұр­ған отбасында отағасы жоқ, бала­лары кішкентай, қызмет­кер-ана Хасе­кеңе келіп: «Ха­секе, Сіз ер азаматсыз ғой, бұл жолғы кезе­гіңізді маған беріңізші», – деп өті­ніш айта келгенде Хасекең «жоқ» деуге дәті шыдамай, кезегін беріпті. Баспана мәселесі кім­ге болса да, қай кезде бол­са да оңай тірлік емес екен­дігі айдан анық. Ақын­ның бұл қайы­рым­дылығына риза болып, алғыс айтқандар да, «мұнысы несі» деп, теріс түсінгендер де болды. Мұн­дай қазаққа тән үлкен жүректілік кез келген жігіттің қолы­нан келе бермейтін азаматтық адалдығы болса керек. Өздері тар үйде оты­рып,өз ке­зегін қамқоршысы жоқ отбасына бұ­йыртса салу, ерлікке тән әрекет қой. Күйе­уінің мінезін білетін Ғалия жеңгеміз өкі­нішін сыртқа шығармастан, жұбайының жүрегіне сызат түспесін деп: «Е, ендеше бола­ры болыпты, басымыз аман болсын, болашақтан үміт күтейік», – деп қайы­рыпты.
Сірә, халық арасында «на­ғыз ақындық та таза жүректен шығады» деген қанатты пікір­­дің қалыптасуы да осындай сері көңіл-мәрттіктен туса ке­рек.
Тірі болса ақын Хасенхан Талғаров биыл тоқсан жасқа келер еді. Оның артында мұ­расы – жауһар жырлары қалды, ақынды білетін адамдардың көңілінде, көз алдында оның азаматтық бейнесі қалды.
Ақынның үміт артқан, соңында қалған ұрпақтары – Ермек, Ержан, қызы Саян өмір­ден өз орындарын тауып, тамаша аза­мат­тар болып қоғам арна­сына қосылды.

Астана


ДАУЫЛ БОЛЫП ОРМАНДЫ ОЯТАМЫН

Тілім барда, күнім бар,
Өмір сүрем,
Күн кешсем де ризамын қоңыр кілең.
Көктем сайын нұр болып шашылам да,
Қара бұлттай нөсерді төгіп жүрме.

Дауыл болып орманды оятамын,
Дұшпаныңа жарқылдап жай атамын.
Өз тілімде сөйлеймін шындықты айтып,
Сені мәңгі сүйемін, ей, Отаным.

Қасиетіңе бас идім, байтақ Отан,
Ән шырқаса бір сен деп айтар ботаң.
Күйің болып кейде мен тебіреніп,
Теңіз болып кеудеңді шайқап жатам.

Шайқап өтем өзіңді мөлдіріммен,
Өз тілі бар айналдым елдігіңнен.
Саған айтпай сырымды кімге айтамын,
Сырласамын достарсыз енді кіммен!

Көңілдегі барымды, шынымды айтам,
Болашақта келетін күнім жайсаң.
Заманымның келбетін, еркіндігін,
Жырға қосып деп едім сырын жайсам.

Хасенхан ТАЛҒАРОВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір