«Сіздің өлеңіңізде музыка бар екен…»
Біз әдебиетке келген тоқсаныншы жылдарда дүние астаң-кестең болып кетті ғой. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиындықтардан газет-журналдар бірнеше айлап шықпай жатты. Сондықтан біздің шығармаларымызға деген алғашқы лебіз өз ортамызда айтылды.
Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ,
ақын
1990 жылы ҚазМУ-дың филология факультетіне түскен біз үшін курстасымыз Әділ Ботпановтан артық сыншы жоқ болатын. Өлеңдері «Қарлығаш» атты ұжымдық жинаққа енген, «Жалын» баспасында «Өмірзая» атты жеке жинағы жатқан Әділ 1-курстың сары үрпек балапандары үшін сұмдық «аптарихат» еді. Құрдасым болса да, менен әлдеқайда үлкен көрінетін. Сол жылы біраз адамның өлеңі соның сүзгісінен өтті. Өте қатал еді. Әділдің беретін бағасы екеу ғана – «Жақсы екен…», «Ерунда…». «Жақсы екені…» – тым сирек айтылатын, көбіне еститініміз – «Ерунда…». Онысын және езуін сәл қисайтып, шылымын мыжғылап жатып айтатын. Кейбіреулерге тіпті «ерундасына» қосып, «сіз осы өлеңді қойсаңыз да болады ғой…» деп «үкім» айтып жіберетін. Оның алдында өлең оқу өте қиын еді. Бірақ бәрібір оқығымыз келіп тұратын. Бірде мен өлең оқыдым. Оқып бола сала, Әділге қарадым. «Жақсы екен…». Сосын темекісін будақтатып отырды да: «Сіздің өлеңіңізде музыка бар екен…», – деді. «Бұл не деген сөз?» – дедім мен шыдамай. Әділ бір сәт бетіме қарап қалды. Сірә, менің аңқау, аңғал сұрағыма таңғалса керек. «Жалпы, кез келген шығармада музыка болуы керек…», – деді сосын. Сонда ғана барып, көңілі толғанын түсіндім. Бірнеше күнге дейін көңілім көтеріліп жүрді…
3 курс оқитын кезіміз. Жазушылар одағындағы бір жиында өлең оқыдым. Кеш аяқталғасын Ұлықбек ағаны кездестіріп қалдым. Баспалдақпен төмен түсіп келе жатыр екен. «Әй, сен бала, атың кім еді, өлеңдерің жақсы екен. Топтамаңды бізге әкеп тасташы…», – деді Ұлағаң. Дереу апарып тастадым. Ертеңіне жігіттер «Жас қазаққа» өлеңдерің шығыпты» дегенде сенгенім жоқ. Дүңгіршекке барып, газет сатып алсам, рас екен. Бас редактор Ұлағаң шығып бара жатқан нөмірге салып жіберіпті. Бұл – менің өлеңдерімнің ең алғаш газетке жариялануы еді. Қатты қуанып, өлеңдерім шыққан бетті қайта-қайта қарай бергенім есімде. Айтпақшы, сол топтамадағы бір өлеңге марқұм Ерік Асқаров әжептәуір сын айтқанын естіп, тағы көңілім көтерілді. Сын айтуға жараса, жаман өлең болмағаны ғой деп қуандым…
Университет бітіргесін, филфактың бес студенті ҚР Ғылым академиясының жанындағы Әдебиет және өнер институтына келдік. Бұрын оқулықтардан ғана көретін, мүйізі қарағайдай ағаларымызбен енді бірге жұмыс істейміз. «Тұрсынжан Шапай осында істейді екен…», – деді жігіттердің бірі. Сын мақалаларын оқып, өте бір қатал адам ретінде елестететінбіз. Біз барғанда ол кісі демалыста екен. «Келіпті…», – деді бір күні. Есігінен сығаласақ, шынымен отыр екен. Барып, амандасуға батылымыз бармады. Өз кабинетімізге жиналып, әңгіме айтып отыр ек, бір кезде Тұрсынжан ағаның өзі кіріп келгені. «Бізге жастар келіп жатыр деп естіп, қатты қуандым. Танысып қояйық, мен Тұрсынжан деген ағаларыңмын…». Жүзі тым жылы екен. Бірден баурап әкетті. Бірте-бірте батылданып, әр түрлі сұрақ қоя бастадық. Соның алдында ғана «Қазақ елінің» бір бетін алып, өлеңдерім шыққан. Тіпті, соны ұсындым бір кезде. «Маған бересің бе, бір қарап шығайын…», – деді Тұрсекең. Алып кетті. Сол азғантай уақыт маған тым ұзаққа созылғандай болды. «Жақсы екен…», – деді бір кезде келіп. Пенделікті қойсайшы, әлгінде ғана өлеңдерімді көрсетуге қысылып тұрған мен енді «Жақсы екенді» қомсыныңқырап қалдым. Соны байқады ғой деймін: Мен «Жақсы екен…» деп көп адамға айта бермеймін…», – деді ағам күліп, – мысалы, пәленшекең (белгілі бір ақынның атын атады) менен ондай баға естіп көрген емес. Телефонмен өлеңдерін жиі оқып, пікір сұрайды. «Өзіңізге жарайды ғой…» – деймін. Ал сенің өлеңдерің маған ұнады. Тек қара бояу көбірек сияқты. Біраз уақыт жазбай, кейін қайта қарап көрші…».
Мен сол пікірден кейін үш жыл өлең жазбай кеттім…
Ақтөбе қаласы.