ЖАСЫНДАЙ ЖАРҚ ЕТКЕН ҚАЙРАН РҮСТЕМ…
Қарашаның 10-13-і күндері Өскемен қаласында Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, режиссер, актер, ақын Рүстем Есдәулет атындағы IІ республикалық театр фестивалі өтті. Шығыс Қазақстан облыс әкімдігі, Шығыс Қазақстан облысы мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы, Шығыс Қазақстан облыстық драма театры ұйымдастырған өнер байқауына Астана, Алматы, Қарағанды, Шымкент, Павлодар, Семей қалаларының театрлары қатысты.
Фестивальдің ашылу салтанатында Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет: «Рүстем жаңашыл, жаңалықшыл болатын. Армандары көп еді. «Қазақ театрын қайтсем биік деңгейге көтерем?» деп жүріп, тіпті, өзін ұмытып еңбек етті. Рүстем үшін бірінші орында үнемі өнер тұратын. Өскеменге келіп тыңнан түрен салып, тосын, тың эксперименттерге барды. Өнер әлемінде өз сүрлеуін салуға ұмтылды. Сол үшін де әлі ешкім баспаған, ешкім тәжірибесінде қолданбаған тосын шешімдерге барды. Көрерменін өнердің өз тілімен таңғалдыруға жанын берді», – деп еске алды. Театр режиссері ретінде Рүстем Есдәулеттің «Атымды адам қойған соң», «Толғақ» сынды спектакльдері талай байқауларда топ жарып, өзі жетекшілік еткен театр ұжымы бірнеше рет халықаралық байқаулардың жеңімпазы атанған. Қазақ труппасын басқарған жеті жыл ішінде 25 қойылым қойып үлгерген. Небәрі 31 жасында құйрықты жұлдыздай ағып түскен сан қырлы талант иесі ақын, актер, кинорежиссер ретінде де көпшілікке жақсы танылған еді. Ол шығармаларында адам жанының құпияларына терең бойлауға тырысатын. «Бөрінама» жыр жинағы – соның бір дәлелі. Бұдан бөлек, өлеңдері «ХХІ ғасыр антологиясына» және басқа да ұжымдық жинақтарға енген. «Лаве», «Обратная сторона» фильмдеріне түсіп, өзі де кино түсірумен айналысты. Оралхан Бөкейдің «Бес тиын» әңгімесінің желісі бойынша түсірген комедиясы 2007 жылы «Шәкен жұлдыздары» кинофестивалінде арнайы марапатқа ие болған. Рүстем Есдәулеттің осындай жарқын жолын ел есінде қалдыруды мақсат еткен фестиваль барысында марқұмның өмірі мен шығармашылығы жайында «Бөрінама» деректі фильмінің тұсаукесері өтіп, сырлы естеліктер айтылды және спектакльдерінен үзінділер көрсетілді. Өнер мен әдебиеттің тізгінін қатар ұстап, халқына адал қызмет еткен арда ұлдың есімі ешқашан ұмытылмайды.