Ұстаз ғибраты ұрпаққа үлгі
04.09.2015
11492
1
????????????????????????????????????

????????????????????????????????????

Көзден кетсе де, көңілден кетпейтін, есімін ел ардақтайтын жандардың бірі – филология ғылымдарының докторы, профессор Темірбек Қожакеев еді. Талантты ғалым бұрынғы Киров, қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде жарты ғасырға жуық жемісті еңбек етіп, он мыңнан астам журналист кадрларын даярлады. Профессор Темірбек Қожакеевтің ғылым ретінде, әсіресе, сатира-юмор жанрын зерттеудегі еңбегі орасан, ол көптеген монографиялық кітаптардың, 500-ге жуық мақалалардың авторы. Қара қылды қақ жаратын әділ, жақсылыққа, ізгілікке жаны жақын, әділетсіздік пен екіжүзділікке жаны қас Темірбек ағамыз ширек ғасырдан астам уақыт Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінің деканы болып, осы жылдары факультет оқу үлгерімі, өнер, спорт және қоғамдық жұмыстарда үнемі алдыңғы орында жүрді. 
Белгілі сатирак жазушы Ғаббас Қабышұлының «Темірбек Қожакеевті сатып та ала алмайсың, атып та ала алмайсың» деп жазуы көп нәрсені аңғарса керек.
1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен кейін қазақтың көптеген нарқасқа ұлт зиялылары үшін ауыр күндер басталып, бұл қуғын-сүргінді профессор Темірбек Қожакеев те көріп, партия қатарынан шығарылды, қызметінен шектетілді. Бір өзі ғана емес, бүкіл ұлт зиялыларына төнген қара бұлтты ауыр кезеңдер қайсар профессордың сағын сындыра алмады, өршелене аққан асау өзенге қарсы жүзіп, ғалым ретінде көптеген құнды еңбектер жазды. Қазақстан Жазушылар одағының жанынан сықақшылардың «Найзагер» қауымдастығын ашып, ұлттық сатира-юмор жанрын дамытуға елеулі үлес қосты. Белгілі ғалым, қаламгер Темірбек Қожакеевтің мұрындық болуымен жабылып қалған республикалық сатиралық «Ара» журналы қайтадан жарық көре бастады.
Иә, ер есімін ел ардақтайды. Темірбек Қожакеевтің 90 жылдық мерейлі тойының қарсаңында ұлағатты ұстаздың туған жері – Жамбыл облысы, Меркі ауылында 900 орындық мектеп-гимназия пайдалануға беріліп, филология ғылымдарының докторы, профессор Темірбек Қожакеевтің есімі берілді. Осы қуанышты оқиғаға орай, тамыздың 31-і күні салтанатты жиын болып, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Жанарбек Әшімжан бастаған Ғаббас Қабышұлы, Мыңбай Рәш, Үмбетбай Уайдин, Көпен Әмірбек және басқа бір топ ақын-жазушылар ел ардақтаған Темекеңнің рухын асқақтату үшін Алматыдан арнайы келді.
Темірбек Қожакеевтің шинелінен шыққан республикалық «Айқын», «Түркістан» газеттерінің бас редакторлары Нұртөре Жүсіп, Шәмшидин Паттеев бастап келген бір топ бұқаралық ақпарат құралдарының жетекшілері алыстан ат шаршатып,келгендеріне жиналған қауым риза болып жатысты. Жанғара Дәдебаев, Бауыржан Жақып, Сағатбек Медеубек және басқа да белгілі ғалымдарды меркеліктер ыстық ықыласпен қарсы алды. Облыс орталығы – Тараздан, Меркі және көршілес аудандардан келген ағайындар бүгін ерекше қуаныш құшағында.
Көп адам жиналған бас қосуды Меркі ауданының әкімі Бақтияр Көпбосынов ашып, ел ардақтысына айналған профессор Темірбек Қожакеевтің жүріп өткен саналы өмірі, ғылымдағы қол жеткен жетістігі бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге екендігіне тоқталып өтті. Сатирик-жазушы Мыңбай Рәш, филология ғылымының докторы, ақын Бауыржан Жақып, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық универси­тетінің журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубек және басқалар сөз сөйлеп, қазақ журналистикасы мен сатира-юмор жанрының өркендеуіне үлкен үлес қосқан профессор Темірбек Қожакеевтің еңбегіне үлкен баға беріп, тұлғалы азаматтың рухының көптеген игі шараларды атқарып отырған аудан басшыларына, Темірбек ағамыздың ұлы Мадет Қожакеевке алғыс сезімдерін білдірді.
Салтанатты жиыннан соң мектеп алдына қойылған Темірбек Қожа­кеев­тің ескерткішін ашу рәсімі болып өтті. Сондай-ақ, осы күні ұлағатты жанның өмірі мен шығармашылық ізденісін баяндайтын мұражайдың лентасы қиылды.
Жаңа оқу орынның мәжіліс залында мектеп мұғалімдері мен оқушылары Астанадан, Алматыдан келген ақын-жазушылармен, ғалымдармен, журналистермен кездесті. Айтулы бас­қосуда ұлтжанды азамат Қожакеевтің өнегелі өмірі туралы көптеген әңгімелер өрбіді. Белгілі қаламгерлер Ғаббас Қабышұлы, Үмбетбай Уайдин, Қазыхан Әше өздерінің соңғы жылдары жазған кітаптарын мектеп кітапханасына тарту етті.
Осы күні Меркі ауылында Темірбек ағамыздың рухына құран бағышталып, үлкен ас берілді.

Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК,
сатирик-жазушы,
Халықаралық «Түркі әлемі» телестудиясының директоры.
Жамбыл облысы, Меркі ауданы.

ПІКІРЛЕР1
Аноним 04.02.2020 | 21:05

Осы мектепте кым окыйды

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір