Жаңа жоба – қаламгерлер көзімен
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасы мен ҚР Президенті Әкімшілігінің қолдауымен жүзеге асып отырған «Әдеби өлкетануды дамыту» жобасы негізінде белгілі ақын-жазушылар облыс-аудандарды аралап, зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатқанына біршама уақыт болды. Аталған жоба барысында Алматы қаласын, шаһардағы мәдени-тарихи мекендерді аралаған қаламгерлер Қойшығұл Жылқышиев пен Гүлзада Ниетқалиева кеше, 5 қараша күні Алматы қалалық А.П.Чехов атындағы орталық кітапханада оқырмандармен кездесу өткізді.
Кездесуді Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының Төраға орынбасары Бақыт Беделхан ашып берді. Қ.Жылқышиев пен Г.Ниетқалиева «Әдеби өлкетану» аясындағы сапарлары туралы әңгімелеп, өңірдің рухани шежіресіне қатысты зерттеулерімен бөлісті. Мәдениеттің ошағы, әдебиеттің киелі мекені саналатын Алматының мыңжылдықтан астам тарихы, өткені мен бүгіні жайлы өз көркем шығармаларында арқау ететін қаламгерлер, болашақта жазылар шығармалары жөнінде сөз қозғап, жиналған оқырманға өздері байқаған тың деректерді көптеп келтірді.
«Әдеби өлкетану» жобасы аясында Алматы қаласы жайлы жазылар шығармалардың өзектілігі айтпаса да түсінікті. Себебі, Алматы қаншама жылдардан бері жаңа заман әдебиетінің, мәдениетінің, рухани өміріміздің шежірешісіне айналды.
Бұл басқосуға арнайы қатысып, ақындардың өлеңін жатқа оқыған Шешендік өнер мектебі «Сөз маржан» үйірмесінің оқушыларына Жазушылар одағының атынан алғыс хаттар мен сый-сияпат табыс етілді.
Осы жоба аясында өзге де өңірлерге сапарға шығып, қаламгерлік қуаттарын қайрап, қанаттанып қайтқан бір топ әріптестерімізді сөзге тартқан едік.
Қойшығұл Жылқышиев, ақын:
– Бұл жоба мен білсем, Қазақстан Жазушылар Одағының тарихында бұрын-соңды болмаған тың бастама. Әдебиетке деген шынайы бетбұрыс. Әрине, неше түрлі мүшәйралар, конкурстар, фестивальдар арқылы да нақты тақырыпқа бой ұрып, әр әдебиетшінің өз қауқарын көрсетуіне мүмкіндік бар. Ал, мұндағы (жоба) жәйт, өлкеміздің тарихын арнайы тақырып етіп, оны көркем тілмен өрнектеу және сонымен бірге әдебиеттің де өркендеуіне жол ашу.
Алматы – менің жастық шағым өткен, шығармашылығымды дамытқан, шабыт берген, әлемдегі ең сұлу қала. Алматыға осы жоба бойынша қайта бір келгенімде оған өзгеше көзбен қарап қайран қалдым. Соған орай, ару қалам жайлы циклды өлеңдер жаздым.
Нұрдәулет Ақыш,
жазушы:
– «Әдеби Өлкетануды дамыту» жобасы бойынша, ақын Жұмаш Көкбөрі, Айгүл Кемелбаева үшеуміз Ақмола облысына барып қайттық. Осы сапар барысында әрқайсымыз өзіміз зерттейтін нысандар бойынша материалдар, деректер іздедік. Жоба жоспарына сай, бір апта бойы сол жақта болып, ондағы мәдениет, руханият саласына, атап айтқанда, Мағжан Жұмабаев атындағы кітапханада жергілікті жұртшылықпен кездесу өткіздік. Осыдан кейін, Көкшетау қалалық архивін, мұрағат үйлерін араладық. Ақмоланың көркем табиғаты, ондағы ұлылардың ізі қалған өңірлер бізге айырықша шабыт сыйлады. Өңірлерді аралаумен қатар, жергілікті жұртшылықтың халқымыздың мәдениетіне, әдебиетіне деген ынтызарлығын көргендей болдық. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған бұл жобаның қаламгерлерге берері көп деген ойдамыз. Ұлтымызды, мәдениетімізді терең тану үшін әрине осындай жақсы жобалардың жүзеге асуы қуанарлық іс.
Гүлзада Ниетқалиева, ақын:
– «Әдеби Өлкетануды дамыту» жобасы аясында, біз Алматы қаласында болдық. Түйгеніміз көп. Біріншіден, өзіміздің киелі жерлеріміздің көркем табиғатына бұрыннан да ғашық едім, осы сапарымда бұл құштарлығым арта түсті, ұлан-ғайыр даланың ұшы-қиыры жоқ кеңдігіне тәнті болдым. Табиғат-анамыздың кереметіне куә болып, осынау сал сахараның арда перзенттері – қазақтардың ұрпағы екенімді сезінгенде көкірегімді мақтаныш кернеді. Екіншіден, киелі жерлерге тәу еттім. Тамғалыда болдым. Бір ғажабы, осы жерде алғаш болғаныма қарамастан, бұрыннан білетін жерге келгендей күй кештім. Менің ойымша, жоба Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында, «Киелі жерлер географиясы» жобасына орай қолға алынған. Мақсаты – Ұлы Даланың сарынын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу. Туған жердің қадіріне жету, тарихына оралу. Еліміздің көркем табиғаты, бізге зор шабыт берді. Есіктегі сақ қорғанына барғаннан кейін, өзім бастап жазып жүрген, бірақ, аяқтай алмай жүрген дастаным бар еді «Тұмар ханым» деген, сол дастанға қайта оралып, аяқтадым. Сақтардың ізімен жүріп, сол заманға, дәуірге қайта оралғандай күй кештім. Көкбөрі-рух Ұлы Даламызды кезіп жүргендей. Осы бір киелі сезімнен ажырамауымыз керек-ақ.
Мағиза Құнапияқызы,
ақын:
– «Әдеби Өлкетануды дамыту» атты ауқымды жоба «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асатын үлкен әдеби-мәдени шаралардың бірі. Бұл республикалық жобаны жүзеге асыруға Қазақстан жазушылар одағының ұйытқы болуымен Атырау облысына барып, таяуда ғана 175 жылдығы аталып өткен аса көрнекті ақын, замана зарын толғаушы, «Қырымның қырық батыры», Қазтуған, Махамбет жырларын жеткізуші Мұрат Мөңкеұлының шығармалары мен ақын туралы сақталған деректер, жазылған мақалалар негізінде поэма жазуды қолға алдым.
Біз осы сапар барысында, Атырау облыстық тарихи-өлкетану мұражайы,
Ғ.Сланов атындағы Атырау облыстық әмбебап кітапханасы, Халел Досмұқамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті, Индер аудандық мәдениет үйі, Индер аудандық кітапхана, Индер аудандық мұражайы, «Дендер газеті» қатарлы мекемелерде болып, онда сақталған Мұрат Мөңкеұлына қатысты деректер мен ақын шығармаларын жинақтап қайттым. Әрі Индер ауданына қарасты Жарсуат елді мекеніндегі ақын кесенесінде болдық. Ақын туралы өзге де мәліметтерді жинауға Бауыржан Омарұлы, Шахман Нағымұлы, Асантемір Қаршыға, Жеміс Тілепқалиева сынды азаматтар мен азаматшалар қол ұшын берді. Осы жоба барысында жоспарлаған Мұрат Мөңкеұлы туралы поэмам жазылу үстінде.
Бейбіт САРЫБАЙ,
жазушы:
– Әйгілі Әулие Ата жеріне, Жамбыл облысына көрнекті әдебиет сыншысы, ғалым Құлбек Ергөбек, ақын, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар Одағының Алматы облыстық филиалының директоры Ерлан Жүніс үшеуміз барып қайттық.
Сапарымыздың алғашқы күнін көрнекті жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Несіпбек Дәутайұлымен кездесумен бастадық. Сол өлкенің барын бағамдап, жоғын түгендеп, талайлы тағдырын тасқа басып, хатқа түсіріп жүрген Несіпбек Дәутайұлының кеңесін тыңдап, біраз шаруаларды ақылдастық. Несіпбек ағамыз сол өлкенің қысқаша тарихымен таныстырып, қасиет қонып, құт дарыған аймақтың аңызға бергісіз әңгімелерін айтып берді. Ұлтымыздың ұлы тұлғаларына бесік болған қасиетті өлке тұнып тұрған тарих. Сол тұнып тұрған тарихты тану үшін аралайтын жерлеріміздің жоспарын жасадық. Сапарымыз жемісті болды. Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының «Өңірлік коммуникациялар қызметі» КММ басшысы Смайлов Жандос Мейірбекұлының да көп көмегі тиді. Сапардың сәтті болуына қол ұшын беріп, көмектерін аямаған қызметкерлердің баршасына алғыс айтқым келеді. Алдағы уақытта осы сапардың нәтижесінде Әулиеата жерінің тарихы мен оның бүгіні жайындағы прозалық шығармамды (әңгімелер топтамасы) ұсынатын боламын.
Дархан БЕЙСЕНБЕКҰЛЫ, жазушы:
– Осы жоба бойынша біз киелі Кереку өңіріне бардық. Бұл өңір тарихи тұлғаларға өте бай өңір. Батыр да, би де, ақын да, әнші де, ғалым да, еліміздің рухани-мәдени, қоғамдық-экономикалық өміріне ерен еңбек сіңірген қайраткер тұлғалар да көптеп шыққан өңір. Бірақ та біз бірнеше кездесу барысында бұл тұлғалардың өмірі, шығармашылық жолы жан-жақты әрі тыңғылықты зерттелгеніне көз жеткіздік. Әрі осы өңірдің зиялы қауым өкілдері де оны растады. Сондықтан да мен Кеңестік кезеңде ел намысын, ұлт абыройын жоқтаймын деп тағдыры темір торға тәуелді болған Есенгелді Жұмановтың өмірі мен тәлейлі тағдыры туралы «ҚАПАСТАҒЫ ҚОЖАЙЫН» деген мини-роман жазуға бел будым.
Дайындаған Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН