Айдын Айымбетов бұл сапарға ұзақ даярланды. Тіпті, соншама жылғы даярлықтан соң, ғарышқа Қазақстан азаматы болып көтерілу үміті сөне бастаған тұста да ол үмітін өшірмеді. Арманына адал болды. Отанына да. Қазақстан атты елдің атынан алғаш рет ғарышқа бет алған Айдын ендігіде ұмытыла бастаған: «Мен ғарышкер болам» деген арман отын қайта тұтатқандай. Айдын ғарыштан оралғанша қанша қазақ баласы жұлдыз аралап, Айға қонып, Құс жолын басып өтіп, жат планеталықтармен танысып, табысып барып, тәтті ұйқысының құшағына оранар екен?
Әкесіне сәт-сапар тілеген бүлдіршін, Айдын Айымбетовтың сегіз жасар қызы Даяна: «Әкем бөгде ғаламшарлықтармен кездессе деймін, танысып, дос болса екен. Әкеме мен өзімнің жақсы көретін ойыншығым – арыстанды сыйладым. Өйткені әкем – арыстан», – дейді балалық ақ көңілмен. Иә, талай бала бүгінде ғарышқа аттанған қазақ әкесіне сәт-сапар тілеп жатқан жоқ па?
Ұлының ғарыш сапарына ақ жол тілеп келген Жұмагүлдей ана баласына мейірлене қарап, көзін жаулығының ұшымен сүрткілей берді. Иә, бұл күн ғарышқа кеткен қазақ баласына талай ана, талай әке амандық тілеген күн ғой.
«Әкем Рыскелді, анам Бәтима – Айымбетовтер әулетіне ең алдымен тәртіп, білім мен адалдық, ұлттық дәстүрге деген сүйіспеншілік сезімін сіңірген еді.
Айдын – қазақ зиялыларының отбасында туып, ержетті. Айдынның әкесі Ақан Рыскелдіұлы тәжірибелі техник-механик, өнертапқыш еді, өндірісте жауапты жұмыстар атқарды. Анасы Жұмагүл Сегізбайқызы қазір зейнетте, ұлттық дәстүрдің білгірі, даңғылкөкірек ана.
Отбасымызбен бала күннен көп оқуды әдетке айналдырдық. Және түгелдей: кітапты да, газетті де, журналды да оқитынбыз. Кейін оқығаннан алған әсерімізбен бөлісіп, ойымызды ортаға салып, пікірталастың көрігін қыздырып жататынбыз.
Мектепте бәріміз жақсы оқыдық, спортпен айналыстық.
Айдын мен Айдардың бөлмесіндегі кітап сөресі мен сабаққа даярланатын үстелі әлі есімде: кітаптар, сызбалар, түрлі сұйықтық құйылған әйнек ыдыстар және Айдынның әртүрлі ескертпе-жазбаларына толып тұратын. Ол қазақ батырлары мен қаһармандары туралы кітап оқығанды қатты ұнататын. Ал ғарышкер болу – бала кезгі асқақ арманы еді.
Айдар мен Айдын мектептен соң әскери қызметке кетуге шешім қабылдады. Айдар шекара қызметіне кетті (қазір ҚР шекара қызметінің полковнигі), ал мектепті бір жыл кейін бітірген Айдын Армавир Жоғары әскери жаздық мектебіне түсті. Ғарышкерлер отрядына түсердің алдында ол заманауи әскери ұшақтарда ұшты.
Ғарышкерлерді даярлайтын отрядқа түскен соң – ал бұл отрядқа түсушілер өте көп – екі мыңнан аса адам еді – ол отбасымен Мәскеуге, Жұлдызды қалашыққа кетті. Даярлықтың барлық кезеңінен өткен соң сынақшы-ғарышкер дипломын алды. Енді ұшуы керек еді. Алайда, дәл сол арада дағдарыс келіп килікті де, ғарышқа ұшу сапары кейінгі шегерілді. Ол Қазақстанға қайта оралып, әскери қызметін жалғастыра берді. Қазғарыш жүйесінде қызмет етіп жүріп ғарышқа ұшам деген үмітін үзбеді, физикалық, жазғы, ғылыми даярлығын тоқтатқан жоқ.
Міне, ақырында үміт ақталды, біздің Елбасы мен Қазғарыш оның ғарышқа ұшуы туралы келісімге қол жеткізді.
Айдынның бала кезгі тәтті арманы, жастық шақтан бергі қиын да күрделі дайындықтардағы ерік-жігері, үміті, қайсарлығы – бәрі бір күнде жиылып келіп, оны ғарыш әлеміне алып барады. Ол, міне, ғарышқа кетті. Сәт-сапар тіледім. Ғарыш кемесінің жұмысы жемісті болсын. Алла жар болсын!», – дейді Айдынның ағасы, суретші-график, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, ҚР Суретшілер академиясының корреспондент-мүшесі Нұран Айымбетов.
Иә, бұл күн біздің тарихта ғарышқа көтерілген қазақ бауыры үшін қыр баласының кеудесін мақтаныш сезімі кернеген күн есебінде есте қалмай ма?
Біз үшін көкке зымырай көтерілген ғарыш кемесі лезде-ақ жеті қат көкті тіліп өткендей әсер қалдырған шығар. Ал, осы сәт үшін қазақ ғарышкерінің қанша ерік-жігері кетті, қанша төзімін сарқыды, қанша сынақтан өтті – беймәлім.
Бізге белгілісі, экипаж командирі Сергей Волков, борт инженерлер Айдын Айымбетов, Андреас Могенсендер мінген «Союз ТМА-18М» экипажы аталған жерден аспанға жол салатын 500-ші ғарыш кемесі екені.
Ұшырылымды Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев, Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев, қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров секілді мәртебелі меймандар тамашалады. Талғат Мұсабаев журналистерге: «Бүгін біздің халқымыздың тағы бір азаматы ғарышқа аттанды. «Қазғарыш» агенттігі өз өкілін дайын-дап, ғаламдық жобаға қосқанына бек зор қуаныштымыз», – деді.
Иә, Айымбетов ғарышқа тектен тек аттанған жоқ. Ғарыш экспедициясын жүзеге асыру кезінде Айдын Айымбетов ғарыш кемесінің жекелеген жүйе-лерін басқару, сондай-ақ Халықаралық ғарыш стансасының бортында «Қазғарыш» агенттігі әзірлеген зерттеулер мен эксперименттерінің бесінші ғылыми бағдарламасын іске асыру міндеттерін орындайды. Бұл бағдарлама «Мир» орбиталық кешенінің және Халықаралық ғарыш кешенінің бортында Тоқтар Әубәкіровтің қатысуымен бір рет және Талғат Мұсабаевтың қатысуымен үш рет орындалған болатын. Айдын Айымбетов енді сол зерттеулерді жалғастырады. Қазақстанның экологиялық дағдарыс (Арал теңізі, Арал маңындағы шаң-дауылдар мен Каспий теңізіне мұнайдың құйылуына мониторинг жасау) аумақтарының түсірілімдері жүргізіледі. Қазақстанның экологиялық дағдарыс аумақтарының ахуалы-ның өзгерістеріне бағалау жүргізіліп, төтенше жағдайлардың даму ықтималдығы сарапталады. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғалымдары микрогравитация жағдайларында қуатталған микробөліктердің физикалық қасиеттерін зерделеу саласында біршама жұмыс атқарған еді. Осыған орай, іргелі зерттеулер орындалатын болады. Жердің бетінде қолға түспейтін «Кулонов кристалдары» деп аталатын жаңа құрылым алынады. Бұдан бөлек, ғарыштық биомедицина және ғарыштық биотехнология бағытының шеңберінде Адам және жануарлар физиологиясы институтының ғалымдары арқылы ғарыштық ұшудың шынайы жағдайында ғарышкердің операторлық жұмыс қабілеті, күйзеліс жағдайларындағы оның психологиялық-физиологиялық жай-күйі және функциялық қызметіне әсер етуі зерделенетін болады. Қазақ Тағамтану академиясының ғалымдары азықтық және биологиялық құндылығы, әрі медициналық-биологиялық қасиеттері жоғары бие сүті мен жылқы ма-йының негізінде қазақтың ұлттық мәзірінің арнайы дайындалған өнімдерін әзірледі. Халықаралық ғарыш экипажының мүшелері ұшу барысында сонымен тамақтанады. Сол бойынша ғарыштық ұшудың экстремалды жағдайларында ағзаның тұрақтылығын бағалауға және ғарышкерлерді даярлаудың жетілдірілген деңгейі негізінде нұсқаулықтар әзірлеуге мүмкіндік береді. Айымбетов сонымен қатар 2017 жылы Астанада өтпек ЭКСПО көрмесін насихаттайды, Қазақ хандығының 550 жылдығына арнап бейнежолдау түсіреді.
Сөйтіп, қазақ баласының тағы бір арманы орындалды.
Қазақтың гуманитарлық ғылым өкілдері, жазушы, қаламгер қауымы үшін бұл сапардың қаржылық мәселесі көбірек қызықтырғандай бір мінездің байқалатыны бар. Әйтпегенде, ғарышты игеру – біз күнде айтатын халықаралық иммидж үшін ғана емес, ғарыштың кеңістіктегі әлеуетімізді арттыру үшін де маңызды емес пе еді? Қазақ жазушылары ғарыш тақырыбы жайлы, біздің күндердің қаһармандары туралы қалам тербейтін күн жақындағын күні кеше күллі қазақ ғарыш жаққа көз тіккенде тағы бір байқағандаймыз…