ЖАҚСЫ АДАМНАН ҒАНА ЖАҚСЫ АКТЕР ШЫҒАДЫ
Сәбит ОРАЗБАЕВ:
…Әлі есімде, 2010 жылдың қоңыр күзі болатын. Бір күні әлдебір шаруамен Мұхтар Әуезов атындағы қара шаңыраққа жолым түсіп, театр фойесінде үнсіз ойға батып отырғанмын. Кенет әлдекім жаныма келді. Қарасам… Сәбит аға! Өзім жүзбе-жүз кездесіп, тағылымды әңгімесін тыңдауды арман етіп жүрген Сәбит аға! Не айтарымды білмей, аңтарылып қалған мені қазақ сахнасының абыз ақсақалының өзі құтқарды. Қалай дейсіз ғой? Жымия күліп алақанымды аппақ малта құртқа толтыра салды. Сол бір естен кетпес алғашқы жүздесу кейін Сәбит ағаның шаңырағынан дәм татып, неше мәрте ғибратты сөзін тыңдауға жол ашқан еді… Бұл жолғы сұхбатымыз менің кейіпкерімнің кім-кімге де өнеге боларлық мынадай сөздерімен басталды: «Жақсы қартаю кез келгеннің қолынан келе бермейді. Жақсы қартаю адамды абыздық дәрежеге жеткізеді. Ол үшін адал еңбек етіп, ұрпағымен өсіп-өнген, айналасына сыйлы, жастарға өсиет айта білетін, сөзі мен ісі үйлесімді жан болуың керек. Бұған жету – маған да арман»…
Атағын «ойнатып» отыратындарға жаным ашиды
– Қайбір жылдары қатты ауырып қалғаныңызда үкімет көмегімен Германияда емделіп қайттыңыз. Қазір денсаулығыңыз қалай?
– Жүріс-тұрысым бұрынғыдай емес. Бұған да шүкір. Сол жылдары мешел болып, жүре алмай қалғанмын. 1976 жылы Францияның Нанси қаласындағы театр фестиваліне дайындық кезінде «Қозы Көрпеш-Баян сұлудағы» Жантықты ойнап жатқанмын. Қойылымның соңына таман Қозыны өлтірер тұста артқа шегінгенім сол еді, биіктен құлап түстім. Белім шойырылды да қалды. Тіпті есімнен танып қалдым. Сол күні кешкі дайындықты Дінмұхамед Қонаевтың өзі көретіндіктен, режиссер Әзекең (Әзірбайжан Мәмбетов – М.С.) көмекке келген дәрігерлерге жалынып, мені театрда қалдырды. Өнердің құдіреті, белімнің ауырғанын да сезбей, спектакльде аяғына дейін ойнап шықтым. Содан жиырма жылға жуық уақыт «белім ауырады» деп жүре беріппін. Германияға барғанда дәрігерлер «Көп жыл бұрын биіктен құлаған екенсіз» деп, сегіз сағат операция жасады. «Наркоздан кейін шашыңыз түсіп қалады, дәрінің күші бетіңізге әсер етеді» деген. Шашым түскенмен, өзіме керек шашым қалды (күлді). Жалпы, сол қиын кезең мен үшін мектеп болды. Басыңа іс түскенде айналаңдағы адамдардың адамгершілік деңгейін таниды екенсің. «Аға», «көке» деп қаптап жүрген жігіттердің көбі жоқ болып кетті. Сонда Абайдың «Асыл адам айнымас» деген сөзін есіме алғанмын. Операциядан кейін бір жылға дейін жүріп-тұруға қиналып, бірнеше жыл театрдан қол үзіп қалдым. Қайта оралған соң «Жүрейік жүрек ауыртпай» қойылымында ойнағанмын. Сөйтсем, бір журналист басылым бетіне «Театрдан шығарып жіберген, он жылдан кейін қайтып келген Оразбаев рөл ойнады» деп жазыпты. Тиісті жауабын бердім. Иә, әртіс үшін сахнадан жырақтап қалу – өте ауыр. Қиялыммен өнердегі өмірімді шарлап жататынмын… Тәубе, ойнамаған рөлім жоқ, атақты да алдым, абырой да келді. Бастысы, халқыма адал қызмет еттім.
– Сізбен сұхбаттасу – адамға зор ғанибет. Сізді ағып жатқан бұлаққа теңеушілер көп. Кез келген сұраққа өзіндік ой-толғамыңыз дайын тұрады. Бұл көп оқығандықтан ба, әлде өмірден ой түйе білгендіктен бе?
– Адам қандай да бір кітап оқырда, одан не алатыны жайында алдын ала ойлануы керек. Баяғыда ұстазым Асқар Тоқпанов «Теледидардан сөйлегеніңді көрдім. Жаман емес. Ойыңды әлі де тереңдете түс, Абайды оқы, басқа жаққа шолтаңдама» деген. Өзі Абайдың барлық өлеңдерін жатқа оқитын. Мен де Абай, Мұқағали өлеңдерімен қоса, толғауларды көп оқимын. Қайта-қайта оқимын. Сол оқығаның жадыңда жатталып қалады. Жас кезімде есте сақтауым мықты еді, тез жаттайтынмын. Бүгінде соның бәрі – менің байлығым. Негізі, кез келген жерге оңай сіңісіп, әңгімелесе жөнелетін жанмын. Атағын «ойнатып», сызданып отыратындарға жаным ашиды.
– Жақсы киім – бойға, жақсы дос ойға жарасар. Талай жыл Мырзатай Жолдасбековпен дос болып келесіз. Қос тұлғаның адал, шынайы достығына көлеңке түсіруге тырысқандар болды ма?
– Өмір онсыз бола ма? Баяғыда біреудің үйіне ұры түсіпті. Үй иесі оянып кетіп: «Не іздеп жүрсің?» – десе, ұры: «Дүние іздеп жүрмін, сені бай деп еді, түгің жоқ қой», – депті. Сонда әлгі кісі: «Жоқ, мен өте бай адаммын. Өйткені, достарым көп. Басыма қиындық түскенде, солармен дидарлассам, жағдайым жақсарып, жеңілдеп қаламын», – деген екен. Мырзатаймен сонау театрға алғаш келген кезден доспын. Қойылымдарымызды көріп, пікірін білдіріп тұратын. Сол дидарласулар парасатты, терең достыққа ұласты. Шүкір, арамызда еш жүз шайысу болған емес. Мырзатай екеуміз түйдей құрдаспыз, бірақ өзін «аға» деп атайтыныма риза (күлді). Өзі тынбай еңбек еткенді жаны сүйетін адам. Сондықтан майда-шүйдемен шаруасы болмайды. Оған уақыты да жоқ. Ұсақтық жұмысы жоқтан, жалқаудан, дарынсыздан шығады.
Қайран ұстазымның көз жасын көргенмін
– Оқуға түсерде Асқар Тоқпановтың алдына барғаныңызда «Басыңды қайдам, шашың мықты екен, өзі бұйра ма әлде бұйралатып алдың ба?» деп тиісіпті. Сөйткен ұстазыңызды алғаш қай ісіңізбен риза еткеніңіз есіңізде ме?
– Қазақтан шыққан үлкен өнерпаздардың атасы – Асқар Тоқпанов. Еткен еңбегі зор. Өз арамызда «Тоқпановтың тоқпағынан шықпасаң, актер, актриса бола алмайсың» дейтінбіз. Бірақ тез ашуланатын, күйіп-пісетін мінезі бар еді. Шындықты бетке айтатын. Бір жылы Жетісу өңірінде Ескелді батырға арналған жиын өтті. Аты Сағымбай болуы керек, бір әкім баяндама оқып тұрған. Жасыратыны жоқ, сылдыр сөзі көп, жадау дүние. Бір кезде залда отырған Тоқпанов «Ей, шырағым, сен не айтып тұрсың?» деп айқай салды. Әкім «Тынышталыңыз» деп еді, «Мен тынышталамын, бірақ мына баяндамадан кейін Ескелді тынышталмайды. Айналайын, сен ренжіме, кел, менің орныма отыр» деді де, мінбеге шығып, өзі сөз сөйлеген. Осындай мінезі үшін талай рет қызметтен шығарылды. Соның бірінде Т.Жүргенов институтына мұғалім болып кірген шәкірті ұстазына қарсы арызға қол қойыпты. Бірнеше жылдан кейін кішкентай баласымен көшеде келе жатса, алдынан Асекең шыға қалыпты. Қол беріп амандасса, «Мен опасыз шәкіртіммен амандаспаймын, тап-таза періштемен амандасамын» деп, баланың қолын алып, кете барыпты. Сол шәкірті көпке дейін жасаған тірлігі үшін «жастығым болды ма, мастығым болды ма?» деп қайғырып жүрді. Тоқпановтың сынағынан өткен кезім әлі есімде. Мектеп бітірген соң бір жыл консерваторияның ән факультетінде оқыдым. Келесі жылы театр бөлімі ашылып, бағымды сынап көрмек болдым. Содан Тоқпановтың алдына бардым. Алдымен шашыма тиісіп алды (Алматыға келген соң шаштарының алдын бұйралатып алған Райымбек пен Асанәліге «оңтүстіктен келген бикештер» деп жұрттың көзінше көпке дейін тиісіп жүрді). Сосын әртістер мен драматургтерден кімдерді білетінімді сұрады. Театрға жиі барып тұратындықтан, мүдірмедім. «Маман режиссерлерден кімді білесің?» дегенде, «Асқар Тоқпановты білемін» дедім. Алдымда тұрған кісіге солай айтқаныма бүгінде күлкім келеді. Сонда сөзіме күліп алған Асекең «Айтып тұрғаның дұрыс, бірақ өнердің жауы – жағымпаздық, содан аулақ бол» деген. Оқуға түскен соң тәлімін алдық. Па, шіркін, театр тарихынан сөйлеп кеп бергенде, сөз тасқыны құйылып келіп жатқандай көрінетін. Жадының мықтылығына таңғалатынбыз. «Осы кісі бір айтқанын қайталамаған күйі кетер ме екен?» деп ойлайтынмын. Талабы да күшті еді, көңіліне жақпасаң, періп кеп жіберетін. Ғажабы, бәріне ұрысқанымен, маған бір рет те қатты сөйлеген емес. Бірде адуынды ұстазымның көзіне жас алғанын көрдім… Дүниеден өтер кезінде қатты ауырып, төсек тартып жатып қалды. Көңілін сұрап барғанымда «Төле би ауданынан жаңғақтың бұтағын алып кел, соны қайнатып ішсем, шипасы болады екен» деді. Дереу таныс жігіттерге хабарласып, жаңғақтың бұтағын алдырттым. Сонда ұстазым: «Айналайын, бұған енді менің әлім қайдан келсін, мен бітейін деп отырған адаммын, менің көңілім үшін алғызыпсың, ризамын саған» деп жылаған еді. Қайран Асекең…
– Отыздың ішіне енді ілінген шағыңызда Әбдіжәмил Нұрпейісовтің «Қан мен теріндегі» Сүйеу қарттың бейнесін сомдадыңыз. Режиссер Әзірбайжан Мәмбетовтің шеберлігіңізге таңғалып, таңдай қаққанын көзкөргендер жиі айтады. Алайда көп ұзамай КСРО Мемлекеттік сыйлығына ұсынылғандардың ішінде сіздің есіміңіз аталмай қалыпты. Мұның өкініші бөлек шығар? Жалпы, осы рөлдің өміріңізде алар орны қандай?
– Бастапқыда тізімде аты-жөнім бар еді. «Ұлы жүзден екі адам болып кетті, сосын тізімде міндетті түрде орыс болу керек» деген саясат жеңіп, кейін театрымыздан қашып кеткен орыс суретші алды ғой. Жас болғандықтан бұл жайтқа мән бермеп едім, жұрт «Бұл қалай болғаны?» деп бас шайқай берген соң, қатты уайымдадым. Жап-жас Фаридаға (Шәріпова) «Ана-Жер-анадағы» Толғанай рөлі берілгенде, ол «Мені құлатпақ оймен Әзекеңе айтып, біреулер әдейі бергізіп отыр» деп жылаған. Сонда «Жығылсаң, нардан жығыл» деген, жақсылап дайындал» деп қайрағанмын. Өзінің де ішкі дүниесі мықты еді, керемет ойнап шықты. Сол жағдай «Қан мен тер» кезінде менің де басыма келді. Ол рөлді Елубай Өмірзақов ойнауы керек-тін. Мен келмей қалған әртістердің сөзін айтатын ассистент-тұғынмын. Бір күні шығарма авторы Әбекең (Ә.Нұрпейісов) «Жүріс-тұрысың да, сөйлеу мәнерің де шалдікіндей, немене, Мәмбетовтің көзіне түсейін деп жүрсің бе? Бұл Елубайға арнап жазылған рөл» деп шүйліксін. Ондай ойым жоқ еді. Алайда Елубай аға сырқатынан жазылмай, режиссер Ә.Мәмбетов қашқақтағаныма қарамастан рөлді маған тапсырды. Енді Фарида: «Толғанайды бергенде саған барып жылағаным есіңде ме? Сонда да нартәуекел деп кірістім ғой. Шықты ғой ақыры. Сен де шығарасың Сүйеуді», – деп күш берді. Сүйеу – жүріс-тұрысы, сөз саптасы өте күрделі тұлға. Сырттай қатыгез жан көрінгенімен, оның ызғарлы келбетінде, жан дүниесінде зорлық-зомбылыққа деген күшті қарсылық, әділдік үшін ештеңеден тайынбайтын бірбеткей мінез бар. Өз басының қамын күйттеуден аулақ. Жұмбақтығы да осында. Тізем қанша қалтыраса да, Әзекеңнің намысымды қайрап сөйлеген сөздері сүйектен өтіп, базарға барып, шал іздедім. Сөйтсем, Сүйеудің маңайына да жолайтын шал жоқ. Жаным қиналғаннан ауылдағы аталарды есіме алдым. Қасиеттеріңнен айналайын, жарықтықтар, тектілігі сонша, әңгімелесіп отырғандарының өзі спектакль сияқты еді ғой. Айтатындары ауыл ішінің әңгімесі емес еді, тереңнен толғап, еркін көсілетін. Не керек, рөлге дайындаламын деп күндіз-түні ұйқы көрмей, қатты жүдедім. Премьерадан кейін біреудің көзіне түсуге бата алмай, гримделетін бөлмемде «құрыдым» деп отырғанымда, Фарида келіп: «Айтым ғой саған, керемет ойнадың!» – деп құттықтады. Одан Мәмбетов «Идиот, нормальный барлығы» деп кетті (ол кісінің нормальныйы «жақсы» дегенді білдіретін). Көркемдік кеңесте де «Классик әртістердің деңгейіне жеткен ойын болды» деп бәрі Сүйеуді мақтады. Бастапқыда мақтағандарына сене алмай жүрдім. Бір күні Әбекеңнің өзі: «Мені кешір, сен менімен соавтор болдың, тіпті өзім ойламаған нәрселерді сахнадан көрдім, әсіресе «Көзім тірі тұрғанда, Еламанның шаңырағын құлатпаймын» деген жерді сахнада құлпыртып айтқаныңда тұла бойым дірілдеп кетті, ризамын саған», – дегенде арқамнан жүк түскендей болды. Асекең ұстазым да Сүйеуіме өте риза болған. Үнемі «менің шәкіртім» деп мақтанып жүретін. Орыстың ұлы актері Иннокентий Смоктуновский Мәскеуге гастрольдік сапармен барғанда спектакльді көріп, жоғары бағасын беріп, құттықтады. Жалпы, Сүйеудің болмысыма терең әсер еткені соншалық, сол рөлден кейін жан дүнием тез қартайып қалды. Мен Сүйеуге қазақ қарттарының жиынтық образы, халықтық мінездің сығындысы ретінде қарадым. Сүйеуге өз бойымдағы бар қабілетімді ғана емес, өмір бойы халқым туралы ойлаған, сезген, білгенімнің бәрін салдым деп білем. Адам болып, жер басып жүргеніміз ата-ананың ғана арқасы емес. Біз – ең алдымен қазақ деген халықтың бір баласымыз, ұлтымыздың бір бөлшегіміз. Сол ұлт тектілігінің бүгінге жетуіне Сүйеу сынды қарттардың ықпалы ерекше болғаны анық.
Жалпы, өнерпаз велосипедтің үстінде келе жатқан адам сияқты. Бағыты – шеті де, шегі де жоқ тым алыста. Тоқтаса – құлап қалады. Сол себепті ылғи алға жүріп отыруы керек. Ол – іздену деген сөз. Ұққаным – жақсы адамнан ғана жақсы актер шығады.
Нұрекең – өнерге құштар, сері адам
– Сәбира Майқанова Қырғызстан сахнасында «Ана-Жер-анадағы» Толғанайын ойнауды армандапты. Алайда автор Шыңғыс Айтматов Фарида Шәріпованың ойнағанын қалағандықтан, қатты қапаланған актриса ауырып, сол сырқатынан оңалмаған күйі кетіпті. Актерлік өмір сіздің жүрегіңізге қаншалықты жиі салмақ түсірді?
– Абайдың «Көптің аузын күзетсең, күн көрмейсің, өзіңді өзің күзет, кел, шырағым» деген сөзінің өзі-ақ адамды қамшылауға жетіп жатыр. Актердің жүрегіне салмақ түспейтін күн жоқ. Театр – қайнап жатқан қазан. Бір шаңырақта қызмет етіп, бір дастархан басында шай ішіп отырғанмен, сан алуан таланттар бір-бірімен жарыста. «Ана рөл неге оған берілді, оның тірегі бар» деген сықылды әңгімелер де желдей есіп жатады. Әртістердің қиялына құстың қанаты жетпейді. Олар – кішкентай әңгімеден үлкен дау тудырып жүруге шебер халық. Эксперимент жасап, бір-екі адамды төбелестіріп қойып, қызығына қарап отыратындар да болады. Жетімдігімнен, сенетін ешкімім жоқ болғандықтан ба, соның бәрінен алыс жүрдім. Мен – бақытты әртіспін. Армандаған рөлдің бәрін ойнадым. Тек режиссердің өзі қорқасоқтағаннан сахнаға шықпай қалған «Король Лирдегі» король бейнесін сомдай алмадым.
– Бірде «Балаларым мәшине алып беріп еді, бәле болды, жұрттың бәрі мені бай деп ойлайды» деген едіңіз. «Бай адам» деген сөзден қорқатын сияқтысыз. Қиын өмірден жайлы тұрмысқа жеткенде тоқмейілсуден, ашкөздіктен, дүниеқоңыздықтан аман алып қалған қандай күш?
– Баяғыда бір ағамыз «Үй деген сөздің мағынасын білесің бе?» деп сұраған. «Үй деген – баспана» дегенімде, «Жоқ, дүниені үйе бер, үйе бер, сол дүниені үйе беретін жерің – үй болады» деген. Өткенге үңілсек, тарихта аты қалған ғұламалар ешқашан дүние жимаған. Кедейшілікпен өмір сүріп, аштықта дүние салған. Абылай ханның мақтаушысы да, жоқтаушысы да болған жарықтық Бұқар жырау төсеніш болмағандықтан шидің үстінде жатқан дейді. Олар нағыз әулиелер ғой. Қазіргі ең үлкен байлығымыз – бейбітшілік. Балаларымыздың өсіп-өнгені де – бір бақыт. Таңғалатыным, жұрт «кедейміз» деп шулағанымен, әр үйде кем дегенде бір машина бар. Мұның бәрі – егемендіктің арқасы. Бірақ дүниенің соңына түсу – адамшылықтан кетудің басы. Ашкөздікке тоқтау салатын күш – қанағат пен шүкіршілік.
– Нұрсұлтан Назарбаевпен рухани жақын екенсіздер. Елбасымыз сіздің орындауыңыздағы толғауларды ерекше сүйіп тыңдайтын көрінеді. Достықтарыңыздың арқауы – өнерге деген махаббат болар?
– Иә, Нұрекең – өнерге құштар, сері адам, ұсақ-түйекке мән бермейтін пейілі өте кең кісі. «Зұлмат жылдары қаншама қазақ қырылды. Қарап отырсақ, өзімізді өзіміз ұстап беріппіз. Соның бәрін жарыққа шығарсақ, қазақ бірімен бірі жау болып кетеді. Менің ең үлкен уайымым – қазақтардың арасында бірліктің сақталуы. Қайбір жылы Германиядағы қазақтар шақырып, кездесуге бардым. «Шетелде жүр ғой, жөнделген шығар» десем, бірін-бірі жамандасын келіп. Моңғолияның, Қытайдың қазақтарын күндейді. Шошып кеттім» деп сыр бөліскен. Өзі басқосуларда маған Төле бидің толғауын жиі айтқызады және қайта-қайта тыңдаудан жалықпайды. Басқа біреулерден ести қалса, «Бұл – Сәбит Оразбаевтың айтып жүрген толғауы. Мына бір жерлерін тастап кеттің» деп отырады екен. Меніңше, бабамыз тебірене толғаған жайт ол кісіні де қатты толғандыратын секілді. Алауыздық – қазаққа баяғыда-ақ жабысқан дерт. Күншілдіктен, араздықтан іргесін аулақ ете білген халықтың ғана мәртебесі биік болмақ. Осыны өсіп келе жатқан жас ұрпақ терең ұғынып, көкейлеріне түйе жүрсе екен деймін.
Жетпіс жеті өнер үйренсең де – аз
– «Тоқта, ботам, атаң келеді артыңданы» боздатқан дауысыңыз көптің құлағында ғана емес, көкірегінде де жаттаулы. Сіз бұл әнді орындаушы ғана емес, әуенін жазған сазгерсіз де. Жыраулығыңыз – өз алдына бір төбе. Бұл өнерге құмартуыңызға кімдердің әсері болды?
– Мен ақындардың өлеңдерін домбыраны шертіп отырып оқығанды жақсы көремін. Сондай сәттердің бірінде әуендер туып, Төле би мен Мұқағалидың 3-4 өлеңіне ән жаздым. Әндерім де, халық мақамына салып орындайтын толғауларым да концерттер мен кездесулер арқылы халыққа жетті. Бір күні Қазақ радиосында қызмет ететін Қошан деген жігіт «Жетісу өңірінен жыраулық дәстүрмен айналысатын жастарды таба алмадық. Сіз үлкен мектеп екенсіз. Радио арқылы толғауларыңызды берейік» деп өтініш айтты. Қолымда ешқайсысы сақталмағандықтан, өзі еліміздің әр аймағынан тауып әкеліп, толғауларымды радиодан бір ай берді. Сөйтіп, сазгер, жырау атанып кеткенмін. Көзкөргендердің айтуынша, әкем Қоңырбай домбыра шертіп, ән салатын, өте әңгімешіл кісі болыпты. Анам Апақайдың да әншілік, айтыскер ақындық өнері бар еді. Ауылда Төлеген молда дейтін жырау бабамыз бар-тын. Жырдағы аттың шабысы, қызылбастармен соғыс сипатталатын тұста домбырасын жайына қалдырып, екі қолын көтерген күйде айқайлап, отырған күйінде жортақтай жөнелетін. Жыр-дастандарды таңға шейін ұйықтамай тыңдайтынмын. Анам кітаптарын тауып әкеп берген соң ағайындарды жинап алып, сағаттап оқып беретін болдым. Ауыл ішіндегі Әбдіқадыр атты домбырашы кісінің қағыстарын көріп, анам сыйлаған домбырамен аспаптың тілін өзім үйреніп алдым. Алғаш домбырамен «Жылқышы» деген ән айтқанмын. Халық қазынасына деген осы махаббат мені жыраулыққа алып келді (домбыра тартып, ән айта алатыным актерлігіме де көп көмектесті). Жалпы, жыраулар – халқымыздың неше ғасырлық өмірін өнер өрнегіне, ақыл сөзіне бейнелеп түсірген, өшпес, өлмес мұра жасаған ақылгөй даналар. Ел толқыған кезде, бүліншілік шыққанда нақыл, өсиет түріндегі толғауларымен халыққа күш-қуат берген. Жыр-дастандарды оқып-үйренген жас ұрпақ атадан мирас болған сөз маржандарына қанығады, халқымыз бастан кешкен тарихи кезеңдерді танып-біледі, тәлімдік, танымдық, тағылымдық терең ой дүниесіне енеді. Ертеректе теледидардан берілген «Халық қазынасы» деген хабарда әр өңірден жиналған жыраулар өз толғауымызды айтатынбыз. Халықтан келген ризашылық хаттарда есеп болмайтын.
– Халқымыз «сегіз қырлы, бір сырлы» деп әспеттеген жан сіздей болар. Тігіншілік өнеріңіздің де барын естіп, таңғалғанмын. Мұны кімнен үйрендіңіз?
– Тігіншілік өнерді тұрмыс тапшылығынан үйрендім. Үш жасымда әкем қайтыс болды, ағам соғыстан оралмады. Соғыстан кейінгі қиын жылдар. Алдымен фотоаппаратпен суретке түсіруді үйрендім. Сосын киім тігуге көштім. Жатақханамыздың коменданты студенттерге киім тігіп беретін. Сол кісінің көмекшісі болып жүріп, кейін өзім де жейде, шалбар тігетін болдым. Алғашында екі қатарлы тігісім қисық болып жүрді. Бірте-бірте түзелді. Күрте де тіккеніммен, пальтоға жете алмадым. Мәскеуге барғанда киімдердің нобайларын, джинс мата алып келетінмін. Ол балаларымның үстінде ешкімде жоқ, сәнді костюм, көйлек, шалбар болып шыға келгенде, жұрттың бәрі «Қайдан алдың?» деп қызығатын. Достарымды да біраз «киіндірдім». Қазір бұл өнермен балаларым айналысады. Ал фотоаппарат – әлі де серігім. Студент кезімде бірге оқитын қыздарды суретке түсіретінмін, бәрі стипендия алғанда ақша беріп тұратын. Өзім табыс таба бастаған соң тегін түсіретін болдым. Театр мұражайындағы суреттердің 60-70 пайызы – менің суреттерім. Ұсталығым да бар. Кезінде домбыралар жасағанмын. Балаларыма қашанда «Жетпіс жеті өнер үйренсең де – аз» деген ақылымды айтып отырамын.
Сұхбаттасқан
Мәдина СЕРІКҚЫЗЫ