Сырым менің сыбызғы боп сарнайды…
02.11.2018
1395
0

Бауыржан Қарабек

КҮЗГІ САЗ

Сағынып елге келгенде,
Сырнайлы сағым белдерде.
Сарғайып кеткен даламның,
Сарнайды мұңы кеудемде.

Сылдырды әуен баяғы,
Сыр-өзен баяу ағады.
Сары күз келіп сары тоғай,
Самалмен сыбдыр қағады.

Сыр ашса біздер келген бақ,
Сағым боп белдер өтеді.
Сәулесі күннің көзді арбап,
Сырғаңдай жалт-жұлт етеді.

Сабырмен жалғап мұңымды,
Сырбаз бір еніп пішінге.
Самалға айттым сырымды,
Сыңсыған тоғай ішінде.

Сыр – анам, менің, Сыр – бағым,
Сызылып салса сырлы ырғақ.
Сыбызғы сазды сырларым,
Сыңғырлап қалар сыңғырлап…

ҚАРАҒАШ. САРЫ ҚЫЗ

Қысқы кеште ысқырады ысқырық,
Қарағашқа қайта келдім із бұрып.
Жастығымның жаурап қалған жарығы –
Көңілімді қыздырып.

…Сол бір елес көңілімде жүр менің,
Сыр өзеннің сырын естіп гүлдедім.
Қолын бұлғап шақыратын секілді,
Сырғанақтай сырғып кеткен күндерім.

Сағым күнде сағындырған сырлары,
Сары қызбен сырғанағам сырғалы.
Құлдырап бір қарағашқа жеткенде –
Жан жүрегім жырлады.

Жырақ күннен бастау алған жыр басы,
Сырғып өткен сырларымның сұлбасы.
Әніміздің жалғанғандай әуені –
Сары қыздың сарғайғандай сырғасы.

Содан бері келген талай көктемдер,
Өткел бермес, өткел берді, өткелдер.
Сары қызбен сыр айтысып сырғанап,
Сырғи-сырғи осы болды жеткен жер.

Сен сұлу қыз,
Мен болғанмын талапты ұл,
Арманыма арна берген алап бұл.
Қайта келдім…
Қасиетті қарағаш –
Қазыналы қария боп қарап тұр.

Сол бір күнде жанда жарық бар еді,
Аппақ еді аспан мен жер әлемі.
Сыңсып салған әуеніндей аққудың
Әдемі еді-ау, әдемі еді-ау, әдемі.

Қонышынан қайыратын етікті,
Қай қиырға қара бала жетіпті.
Балалықтың базарындай –
Қарағаш
Биыл қурап кетіпті…

Көңілімнің көк кемерін жыр керсе,
Жайқалармыз жапанда өскен гүлдерше.
…Қайта көктеп кетер ме екен қарағаш?..
Сырғалы қыз,
Ақын бала бір келсе…

***

Естелік жыр еріп түсті елестен,
Достар қайда?
Тай-құлындай тел өскен.
Арман күндер – Жүйріктердің бәйгесі,
Айдарынан жел ескен.

Өмірімнің өзегінде өлеңі,
Өрім күнім, өрімдей жыр өреді.
Кәусар бұлақ зәмзәмінен сімірген,
Тал шыбықтай тамырларым көп еді.

Қырдан қашқан түлкідейін қашты арман,
Асқақтадық
Асқар-асқар
Асқардан.
Сары қыздың жанарында жас қалған
Қасқа жол да қарағаштан басталған.

Қарағаштан басталғанда жарық із,
Аппақ сүттей аппақ еді арымыз.
Сағым қуып, сайға сіңіп кеттің бе,
Сары қыз-ау, сары қыз-ау, сары қыз.

Түлкі уақыт алдайды да арбайды,
Ақындардың жанында жүр бар қайғы.
Сары қыздың сағынғанда сырғасын,
Сырым менің сыбызғы боп сарнайды.

Сыбызғы боп сарнағанда сырларым,
Көкірегімнің қыл пернесін тыңдадым.
Қара жолдың үстіндегі қарағаш,
Ұқтырғандай мұң барып.

Сол сезімге адам түгіл
Ғалам мас,
Сары қызды сағындырдың қалам қас.
Жастығыма кетсем бе екен жүгіріп,
Жалаң аяқ, жалаң бас.

***

Бала кезден тебіскен тай-құлындай,
Ақ маңдайлы қыз едің, ай нұрындай.
Жанарыңмен жанымды тербеп өттің,
Шардараның шалқыған айдынындай.

Шардараның шалқыған ақ айдыны,
Қызылқұмның қызарған арай күні.
Балалықты бал дәурен бірге өткерген,
Ұмытарсың, дүние-ай, қалай мұны.

Сағынышым бар сонау сағымында,
Сары құм ба,
Сарғайтқан сары мұң ба?
Сәулем кеткен, сәулеммен дәурен кеткен,
Шардараның сусыған шағылында.

Шардараның шағылы толқығаны,
Толқынының сыңғырлап шолпылары.
Толтырады жанымды аппақ нұрға,
Жаңғырады жанымда сол күн әлі.

Ақ дариға

Сол күндер жырым еді,
Жырым еді, шертілер сырым еді.
Аппақ, аппақ армандай айдынымның,
Тұнып аққан айдыны тынық еді.

Естелігім – ауылда қалған аңыз,
Ертеңдерге елестей жалғанамыз.
Жыл құсындай жылына бір келе ме,
Ақ айдынын аңсаған сол бала қыз.

…Сәулесіндей сәнімен батқан Айдың,
Тағдыр берген маңдайда бақ талайлым.
Бірімізді біріміз сағынамыз
Ақын бала,
Аппақ қыз,
Аппақ айдын…

КЕКІЛІК

Көктемде қызыл сырға жүзген гүлдеп,
Құс үні құйқылжитын мүлдем үдеп.
Әуені кекіліктің әсем еді –
Көмкерген көгорайда іргемді көк.

Ауылдың әнге бөлеп атырабын,
Кекілік сазды әуезін шақыратын.
Самала құралайдың салқынында,
Қос әуен, әсем қоңыр жаңғыратын.

Ұшырған қоңыр қазың қамыс, қоға-ай,
Жейдесі жиде толы таныс тоғай.
Жұпарын желмен желпіп қозы көштен,
Шалқарым шақыратын алыстамай.

Қоңырқай келбетіңді күн қаққанда,
Ай орақ,
Күміс сырғаң тіл қатқанда.
Ұқсайды,
Ұя көрген ұлан едім –
Сол бір сәт мені мәңгі жырлатқанға.

Назары күміс әуен кекілікте,
Елігі ең,
Ен даланың еркіндікте.
Ессіз шөл алаң-елең елес күннен
Күй болып күмбірлеген шертілдік те.

Сол шақтан шұғылалы шашырап нұр,
Сопақтың соңы тұйық,
Басы қатқыл.
Шайқалған қызыл сырға жүзгендері,
Кекілік ән шырқайтын атырап бұл.

Нұр шашқан құс жолында жұлдыз дейін,
Сырласқан Сыр бойында сырды үзбейін.
Астынан алты қырдың ән естісем,
Қалқатай, сізді іздемей,
Кімді іздейін…

ШӨЛ

Шіліңгір шілде, қызыл құм,
Бір шөкім бұлт жоқ аспанда.
Төбеден күліп қызыл Күн,
Шалқайып сәуле шашқанда.

Қайнайды күннің қызуы,
Сусиды құмдар, сусиды.
Аңызақ желдің ызыңы,
Ұзатқан қыздай сыңсиды.

Сонан соң солай ертеді,
Жыр болып мәңгі құм үні.
Тіршілік күйін шертеді,
Шегірткелердің шырылы.

Балалық шақтың көктемі,
Базар да болар шалқыған.
Қып-қызыл күннің от демі,
Қып-қызыл құмды шарпыған.

Көңілдің күйі бұрқайды,
Әуенін сыйлап жас жанға.
Тәтті бір әнді шырқайды,
Бозторғай қалқып аспанда.

…Қанатты жайдық шарықтап,
Сыңғырлап бойда үндерің.
Барады көкте қалықтап,
Бозторғай менің күндерім…

ЖИЕН ҚЫЗЫ КӨРШІНІҢ

Әңгелегін әндетіп кеселеген,
Ерке назын әнімен еселеген.
Сәті түсіп сәскеде көріп қалдым,
Жиен қызын көрші үйдің кеше келген.

Қала жақтан көрші үйге ән келгендей,
Әнмен бірге ауылға сән келгендей.
Жиен қызы көрші үйдің сызылтады,
Сазды үніне жас жүрек тербелгендей.

Жиен қызы көрші үйдің қала көрген,
Дала көрген ұл едім бала мерген.
Сазды үніне жарасып сәнді көйлек,
Қос бұрымын көмірдей тарап өрген.

Бал еріні ұқсайтын бал шырынға,
Шөліркейтін секілді тамшы нұрға.
Қызыл, сары гүлдерін жел тербеген,
Әнші қызбен кезіккем әнші құмда.

Сазды әуенге салғанда шағыл құмдар,
Жетелеген арманға сағым нұрлар.
Сексеуілдер сыңсыған Сыр өлкесі,
Сені көрсем, дүние-ай, жаным жырлар.

Сырдың бойы – сырнайлы сыр қайнары,
Намысымды жаныды құм қайрағы.
Әнші қыздың әніне әуен қосып,
Құйқылжиды қырдағы қурайлары.

…Өткен күндер толған Ай, толған аңыз,
Тәтті сәтті еске алсақ толғанамыз.
Толқынындай теңіздің тербеп кетті,
Сол бір жазда жанымды сол бала қыз.

Күн бе екен деп, Келер шақ Ай ма екен деп,
Қыр мекендеп жүрміз ғой сай мекендеп.
Сағынышпен сол жазды еске аламын,
Жиен қызы көрші үйдің қайда екен деп.

АҚ БАНТИК

Бір кезде асыл арман ең,
Ақ бантик таққан аппақ қыз.
Жүректе мәңгі қалған ең,
Бейнеңді ойда сақтап біз.

Бір күні әлі есімде,
Мектепке келдің тұнжырап
– Көшеміз, – дедің бесінде,
Жатқандай болды түн жылап.

Арада өтті қанша жыл,
Бір күні көрдім сыртыңнан.
Арнадым саған қанша жыр,
Есімде жәйттар ұмытылған.

Жарыма сені балап ем,
Жанымды баурап қылығың.
Бұрылып маған қарап ең,
Тербеліп толқын бұрымың…

Сонау бір бала кезімнен,
Жанымда қалған арман ең.
Таныдым қара көзіңнен,
Дүние-ай, неткен жалған ең.

Жігіттің мен ем шерлісі,
Сырымды жырым жаяды.
Махаббатымның белгісі –
Ақ бантик қайда баяғы?

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір