Талант – тағдыр сыны
02.11.2018
1396
0

«Жас баланы саяси қайраткерлікке дейін тәрбиелейтін» көркем әдебиеттің аса көрнекті өкілінің бірі – Мұзафар Әлімбаев.
Мұзбалақ ақын Мұзағаңның өмірден озғанына да бір жыл болып қалыпты.
Балалар әдебиетінің басында тұрған хас талант әрі лирик әрі эпик ақын еді. Талант – тәңірдің сыйы, халықтың бағы. Талантты адамның өмірге келуі қаншалық қуаныш болса, оның өмірден озуы соншалық ауыр қайғы.
Кеңес үкіметінің қылышынан қан та­мып тұрған қысылтаяң кезеңінде «Менің Қазақстаным» атты поэма жазып, ұлттық рух­ты асқақтатқан айбарлы ақын еді Мұзағаң!
Қуатты қаламынан афоризмдер туын­да­тып, қанатты сөздердің бағын ашқан, «Ақмаңдайлым», «Маралдым» сынды сым­баты бөлек, сыңғыры ерек әйгілі әндердің мәтінін мінсіз жазған, Мұхтар Әуезовтің көзін көрген, оның дуалы аузына іліккен сан қырлы талант, санаулы саңлақтары­мыз­дың бірі.
«Әулие сол біз көрген. Ғұмыр кешкен әділдікті іздеумен» деп Мұзағаң тап басып, тамаша бейнелеген Мұхтар Әуезов бастаған алыптар тобында Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин сынды кемел ойлы кемеңгерлер болды. Бұлар қа­зақ руханиятының төрт қабырғасын құ­л­ат­пай ұстап тұрған төрт діңгек еді. Олар­дың сөздері де, істері де ірі, өздері халықтың пірі болатын. Осы алыптар тобы өмірден озғанда Мұзағаңның тұр­ғылас, тағдырлас достарымен бірге алыптар тобының өмірлік өнегелерін сақтап қалуы – әдебиеттегі ерлік еді.
Әдебиет – бардың емес, ардың ісі. Ар­дың жүгі нардың жүгінен де ауыр. Сол ауыр жүкті алқынбай арқалау үшін талантпен бірге жандүние байлығы да ауадай қажет. Жандүниесі жұтаң адамның қаламынан жақсы шығарма тумайды. Мұзафар Әлім­баев­тың қаламынан жақұт жырлардың құй­ма алтындай құйылып түсуінің бір сы­ры – оның халық алдында да, Алла алдында да арының жаңа жауған ақша қардай таза­лығында.
Әдебиет атты әулиеге адал қызмет ет­кен Мұзағаң жастардың жанашыры еді. Өт­кен ғасырдың алпысыншы жылдары Мұзағаңның Абай даңғылы бойындағы үйіне Дүкенбай Досжанов екеуміздің барғанымыз әлі есте. Әдебиет әлеміне жаңа ғана қадам басқан бізді Мұзағаң ағалық ақпейілмен аңқылдап қарсы алып еді. Сол күннен бастап Дүкеш екеуміз Мұзағаңның жақсылығын көп көрдік.
Мұзағаң өмірден озардан аз уақыт бұрын, Президент ауруханасында жатқан ұстазға шәкірт көңілмен сәлем беріп, жаңа кітабымды ұсындым. Мұзағаң «Арманым көп, аз өмірім жетер ме?» деген өлең кіта­быма көз жүгіртіп тұрып, көсем ойларын ақтарған еді.
Талант Алла Тағаланың адамға берген сыйы ғана емес, әрі тағдырдың ауыр сыны. Сол сында сынбаған терең ойлы тектілер ғана тұлға атты биік тұғырға көтеріледі. Өзінің терең ойлы текті талантымен ұлттық әдебиетіміз бен мәдениетімізге үлкен олжа салған Мұзафар Әлімбаев халықпен бірге жасай берері сөзсіз.
Туанына 95, қайтыс болғанына бір жыл толған Мұзафар Әлімбаевтың екінші өмірі. Оның мәтінін жазған әндер, оның қуатты қа­ламынан туған поэзиясы мен афоризм­дері арқылы жалғаса бермек.
Ұлылар өлген соң да рух болып ора­лады өмірге!

Сәбит Досанов,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты


МҰЗАҒАҢНЫҢ АУЫЛЫ

«Балдырғаннан» тілі шыққан бала жүр,
Көл де, орман да, не керектің бәрі әзір.
Маралдының маралдарын көргенде,
Ақын болсаң, тумай көрсін жаңа жыр.

Ауыл шіркін, сенің көркің бір бөлек,
Ал атыңды шығаратын ұл керек.
Бір жас жігіт тұрды бізге мақтанып,
Мұзафардай ақын туған мұнда деп.

Орман, тоғай төңірегін қоршаған,
Қарағайлар салып берер ән саған.
Шалдай жақта шалдар шертер шежіре,
Самал соқса самырсындар самсаған.

Қазақ жерін тамсандырып сөзіне,
Талай сері қаратты елді өзіне.
Даланы ойлап, дара тұрған бір дарақ,
Естай болып елестеді көзіме.

Ал қайындар Хорлан болған ән салып,
Томар болып, тоғайлар тұр томсарып.
Бала кезде жүрген шығар Мұзағаң,
Тұздыкөлден Тұщыкөлге жол салып.

Сол Мұзағаң туған ауыл – Қызылтаң,
Көл қасында тұнған ауыл – Қызылтаң.
Ертіп келіп ақын, жақын достарын
Сауық-сайран құрған ауыл – Қызылтаң.

Оттай болып басылады құм көзге,
Қасиетімен қалар есте су да өзге,
Дертке дауа балшығы да көлдегі
«Жылыбұлақ» деп аталған бір кезде.

…Жанарыңа ұя салып жаңа нұр,
Ауыл барсаң сілкінеді сана бір.
Ақын туған, ақын атын шығарған,
Тым жақын боп кетті маған сол ауыл.

Бауыржан Жақып


Мұзағаңның тәлімі

Баяғыда, жастау кезімізде мен ағылшын тілін үйренуге шындап ниеттенгенім бар.
Өйткені, ой-өрісіңді кеңейтіп, шығар­ма­шылық өсуіңе ауадай қажет небір мықты кі­таптар қолға тимейді, шарқ ұрып іздесең де таппайсың. Ал Алматыдағы «Дружба» дейтін кітап дүкенінде сен сабылып іздеп жүрген әлгіндей тапшы кітаптар самсап тұр. Бірақ олардың көбі ағылшын тілінде.
Жазушы ағамыз Құрманғазы Қараманұлы біз таба алмай жүрген зәру шығармаларды ағылшын тілінде оқып, мазмұнын айтып, бізді қызықтырады. Ағылшын тілін меңгеруге шақырады. Құрманғазы ағамыз ағылшын тілін өз бетімен үйренгенін біз білетінбіз. Әрі Ир­винг Стоунның «Кере қарыс» романын тікелей ағылшын нұсқасынан қазақшалап, бастырып шығарғанына да куәміз. Ол заманда ел аузында – Габриель Маркес пен Альбер Камью. Содан кейін аңсайтынымыз – Сэ­линджер, Оскар Уайльд, Варгас Льоса, Сароян, Мисима дегендер. Олар туралы естиміз, қы­зығамыз, бірақ кітаптарын көрмейміз. Біз үшін бұл есімдер аспандағы Айдай, қол жетпес ар­ман. Егер ағылшын тілін үйреніп алсақ, сол кітаптарды түпнұсқадан зырылдатар едік-ау деп қиялдаймыз. Әйтпесе, ол кезде шетелге барам деген ой жоқ. Шет тілді қаншалықты білгеніңмен, сені шетелге әсте шығармайды, кеңестің темір шымылдығы, әсіресе, қазақ үшін тас жабық. Сондықтан шет тілінің қазақ үшін көк тиынға қажеті жоқ заман.
– Мұзаға! – дедім «Балдырған» журналы­ның Бас редакторы, ақын ағамыз Мұзафар Әлімбаевпен бірде кездесе қалғанда мақтан­ғандай болып. – Мен ағылшын тілін үйренуге кірістім!
– Өйдөйт деген… Сен жазушы болсам деп жүргендей едің ғой? – деп Мұзағаң бетіме сынай қарады.
– Иә, ондай арманның бары рас.
– Ендеше, алдымен қазақ тілін мықтап үйреніп алсаңшы! – деді Мұзағаң қатқылдау үнмен.
– Қазақ тілі – шыңырау құдық! – деді артынша аз-кем мүдірістен соң ойланып ба­рып. – Қазақ тілінің түбіне жеткен адам сирек. Түбін қайдам, ортан беліне жетудің өзі – үлкен жетістік, мақтаныш… Соның өзі мынау деген жазушының ғұмырына жетеді. Жазушы бол­ғың келсе, сен «ағылшынша үйренем» деп бос­қа шашылма, қайратыңды жасыңнан сарқып алма. Өйтіп шашылар болсаң, ертеңгі күні ҚазТАГ-тің тілімен жазып жүрген кейбір «серый» жазушы боласың да қаласың. Ойлан, бала!
Мұзағаңдай заңғарымыз айтқан соң біз қай­да барайық, ойландық. Арман еткен ағылшын тілін жылы жинап қойдық. Оқығаны мен тоқығаны көп Мұзағаңның өзінен ақыл-кеңес сұрап, өмірлік мақсат-мұратымызға бетбұрыс жасадық. Қазақтың көркем тілінің құпия сырына бойлауға ұмтылдық. Ана тілі­міздің мәйегін сорып, нәрін татып үйренуге тырыстық. Журналистік іссапармен ел мен жер­ді аралаған кезде абыз ақсақалдардың аузына қарайтын болдық, сөз жинадық, тіл ұстарттық, ұлттық фольклорға ден қойдық. Сөйтіп жүріп он шақты «общий тетрадь» дейтін бір-бір елі дәптерлерді конспектіге толтырып тастаппыз. Мұзағаң үйреткен осы тағылым күні бүгінге дейін жалғасып келеді.
Расында да, қазақ тілі түпсіз терең, құпия қалтарысы көп, ғаламат бай тіл екеніне көзіміз жетті! Мақтансаң да, мақтасаң да әбден лайық. Мамандар сөз қорының байлығы жөнінен қазақ тілі араб пен ағылшыннан кейінгі үшінші орында деседі. Егер сол айтқандары рас болса – ауыздарына май, астарына тай айтқыштардың!
Ал біз қолда бар сөздіктерді теріп, салыс­тыра қарап едік, төмендегідей сандар шықты:
«Большой толковый словарь современного русского языка» – 180 000 сөз.
«Оксфорд сөздігі» (ағылшын тілінде) –
600 000 сөз.
«Қырғыз тілінің сөздігі» – 50 000 сөз.
«Түрікше сөздік» – 92 292 сөз.
«Қазақ сөздігі» – 166 612 сөз.
Елжанды азамат Мұхтар Құл-Мұхаммед ініміздің министр лауазымында жүргенде, тікелей өзінің пәрменімен жинақтатқан жоғарыдағы «Қазақ сөздігі» де бәрін қамтыды деп айта алмаймыз. Дегенмен, тілші маман­дардың жылдар бойы көз майын тауысып, тер төгіп, бұл сөздікке сіңірген еңбектері орасан!
«Сөз – жанның тілі, Ән – жүректің мұңы, Тіл – рухтың үні» деген екен біздің бабала­ры­мыз. Фольклорының өзі жүз томға жеткен қазақтың тілінің байлығын теңіз емес, мұхитқа теңеуге болғандай!
Мінеки, абыз Мұзағаң сөзінің астарында осындай тәлім жатқан екен!

Әлібек Асқаров,
жазушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір