САХНА МЕН ӨЛЕҢ ҚҰДІРЕТІ БІР АРНАДА ТОҒЫСТЫ
Күздің қоңыр кешінде Алматы қаласындағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрында өткен театрландырылған поэтикалық жыр кешінің куәсі болдық. Сахна мен сөз құдіретін бір арнаға тоғыстырған мазмұнды кеште қос ақын Мағиза Құнапияқызы мен Қайрат Құлмұхамедтің өлеңдеріне қойылған «Өлең – сөздің патшасы» атты поэтикалық сахналанған қойылым көрермен назарына ұсынылды.
Кеш шымылдығын ашқан Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары, ақын Бақыт Беделхан «Бүгінгі үлкен кеш – нар тәуекелдің кеші, яғни, Сөз патшасының тағына қонған күні» деп толғана келе, алдағы уақытта Жазушылар одағының жанынан «Сөз патшасы» дейтін поэтикалық театр ашылатынын, ақындардың шығармашылық кештері осындай сипатта өтетінін айтты. Ақын поэзия салтанатына құр қол келмепті. Сөзінің соңын жыр-шашуға ұластырды. Көрермендер көңілінен шыққан кеште Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Алматы қаласы және облыстық филиалының директоры Айбөпе Мақұлбекова ханым ұйымдастырушыларға рақмет айтып, ақындарға арнайы Алғыс хат табыс етті. Идея авторы және қоюшы, Ғабит Мүсірепов атындағы Жастар театрының актерлері Бейбіт Қамаран мен Сәния Ерзатқызы жүргізген әдеби-мәдени шараға ақын-жазушылар, өнер қайраткерлері мен жырсүйер қауым қатысты.