РУХАНИ АЗЫҚ ЖИҒАН САПАР
Қазан айында өзім жұмыс істейтін «Атырау-Ақпарат» медиахолдингі мен Қазақстан Жазушылар одағы аймақ журналистері үшін бұрын-соңды болмаған жобаны жүзеге асырды.
Біз, осы холдингке қарасты облыстық және аудандық газеттердің жауапты хатшылары, 6 қазан күні шойынжолдың бойымен Алатауды бетке алдық. Атыраудан шыққан онымыз рухани астанамызда «Журналистика: заманға сай креативті даму» атты оқу-семинарға қатыстық. Кезінде Ғабит Мүсірепов бастаған қазақтың маңдайалды ақын-жазушылары тынығып, шығармаларын жазған Қазақстан Жазушылар одағының шығармашылық үйіне, «Әл-Фараби» қонақүйіне тоқтадық. Сол күні үш кездесу өтті. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының докторы, профессор Зинол-Ғабден Бисенғали бүгінгі әдебиеттегі негізгі бағыттарды тарқатып айтты. Тарихи шығармалар өзегінде нақты деректер аз екенін, ал бұл тарихты бұрмалауға әкелетінін зерделеді. Көрнекті жазушы Дулат Исабеков қазір романдардың дәурені өткенін, қысқа повестер мен әңгімелер жазу өзекті екенін айтты. Тақырып таңдауда да келелі кеңестерді құлағымызға құйып алдық. ҚР Қоғамдық даму министрінің штаттан тыс кеңесшісі Айдос Сарым Елбасы Жолдауынан туындайтын мәселелерге екпін жасады. «Бір терінің пұшпағын илеп жатқан» журналистер, әрине, газет-журналдар редакциясына бас сұқпай кетпейтіні анық. Біз бір-екі күнді қазақ газет-журналдарының редакциясын аралауға арнадық. Ал Ұлттық кітапханаға барғанымызда, кітапхана әкімшілігі бәрімізге оқырман билетін табыстады. Одан әрі әдебиетіміздің классиктері М.Әуезов,
С.Мұқанов және Ғ.Мүсіреповтер тұрған үйлерде болдық. Бүгінде бұл орындар, әрине, мұражайларға айналған. Қазанның 16-сы күні – Алматымен қоштасар күні Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып оқу-семинарға қатысқанымыз үшін арнайы сертификаттарды табыс етті. Рухани азық жиған бұл сапар жадымызда сақталары анық.
Салтанат ЖАКУПОВА
Құлсары – Атырау – Алматы – Атырау – Құлсары