ТУҒАН ЕЛІН БАҚЫТЫНЫҢ БАСТАУЫНА БАЛАҒАН АҚЫН
Қазан айының орта шенінде Астана қаласындағы ҚР Қарулы Күштері Ұлттық-әскери патриоттық орталығында Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, жазушы Есенгелді Сүйіновтің 60 жасқа толуына орай «Қазақстан – бақытымның бастауы» атты шығармашылық кеші өтті.
Кешке қаламгердің Астанадағы және Алматыдан, Көкшетаудан келген жақындары мен туыстары, достары, ақын-жазушылар, журналистер, композиторлар, бірқатар мемлекеттік ұйымдардың өкілдері қатысты. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің өкілі Бекзат Смағұлов мерейтой иесіне министрліктің құттықтау хатын табыс етті. Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Берген Жұмекейұлы жерлестері атынан иығына шапан жапты. Астана қаласы Байқоңыр ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Жаулыбаев та осы рәсімді жалғастырды. Кеште Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ драма театрының артистері ақын өлеңдерін оқыса, Астана мемлекеттік академиялық филармониясының әншілері Е.Сүйіновтің жұбайы, өмірден ерте кеткен талантты ақын Марфуға Бектемірованың өзі шығарған және өлеңдеріне жазылған әндерді шырқады. Жиналған қауым «Сарыарқа» халық музыка ансамблінің орындауында күй тыңдап, Астана циркі артистерінің жонглерлік өнерін тамашалады. Жазушы Әнес Сарай өзімен етене араласып, туған інісіндей болып кеткен Есенгелді Сүйінов пен марқұм Марфуға Бектемірова туралы жылы лебізін білдірді. Ақын Несіпбек Айтұлы Қазақстан Жазушылар одағының құттықтау хатын оқып, мерейтой иесіне Абайдың мүсінін табыс етті. Ақын Серік Тұрғынбеков пен профессор Бақытжан Тобаяқов жазушының шығармашылығы жөнінде пайымды ойларын ортаға салды. Кеш соңында ақын Есенгелді Сүйінов жаңа өлеңдерін оқып, кешті өткізуге көмектескен жанашыр азаматтарға, достарына алғыс айтты.