Отан қорғаушылар… ақын-жазушылардың көмегіне зәру
24.10.2018
1316
0

Қанатбек Солтанов,
ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі БАҚ-пен жұмыс және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бастығы, полковник

Бүгінгідей, Елбасымыздың бастамасы­мен елімізде рухани жаңғыру белең алып жатқан кезде қазақстандық қоғам, соның ішінде Отан қорғаушылар, қай замандарда да идеологиялық майданның алғы шебінен табылып келген «адам жанының инженер­лері» – ақын-жазушылардың көмегіне зәру.
Отанымыздың рухани жаңғыруы әр отандасымыздың жан-дүниесінің жаңғыр­уына тікелей байланысты екендігі шындық. Ортақ әуенге әркім өз жүрегінің үнін қоса­тын осындай ұлы дүрмекте негізгі камертон қаламгерлердің қолдарында болуы заңды­лық деп есептейміз. Философ және педагог ғалымдар замандастарымыздың мораль­дық-психологиялық қауіпсіздігінің ал­ғышар­ты болып табылатын «рухани қауіп­сіздік» мәселесін бүгінгі күннің өзекті тақы­рыбы ретінде көтеріп отырған уақытта, жас ұрпақтың әдеби танымдарын арттырып, ру­хани-адамгершілік, құндылық бағдар­ларын қайтадан жаңғырту жолындағы қаламгерлердің иықтарындағы азаматтық және адамзаттық жауапкершіліктің жүгі арта түсуде.
Сонымен бірге, шекарасыз мемлекеттің болмайтындығы да тарихи шындық. Адам табиғатында қауымдасып өмір сүру, сол қауымның аумағын өзгелерден қору, дұш­пан­дық пиғыл ұстанушылардан қорғау әлми­сақ­тан бергі, психологиялық қауіпсіз­дікке тікелей әсер ететін негізгі қажеттілік­тердің бірі екендігі белгілі.
Мемлекеттік шекара және оның сенімді күзеті – мемлекеттіліктің белгісі. Бұл тұрғы­дан алғанда шекара күзетінің берік қолда екендігін жұртшылық арасына насихаттау ұлтты ұйыстырудың, әлеуметтік бірегейлік­тің, қазақстандықтарға өздерін қауым ре­тін­де сезіндірудің, түптеп келгенде мем­ле­кет­т­і сақтаудың негізгі бағыттарының бірі. Халқымыз үшін киелі болып табылатын «Қарашаңырақ», «Атамекен», «Бабалар молалары» сияқты ұғымдар жиналып келіп тұтастай туған жер, Отан ұғымын құрайды. Оларды жау табанына таптатпау «Арым жанымның садағасы» деп білетін шекарашы ұландарымыз үшін негізгі міндет.
Тарихтағы батырлардың туған және жерленген орындарына зер салсақ – ше­кара бойы. Ендеше Шекарашылар – кешегі батырлардың тікелей мұрагерлері. Шекара­шы­лардың оң имиджі республикамыздың сыртқы имиджінің де маңызды бөлігі. Бұл бағытта да Жазушылар одағымен орнатар, ізгі дәстүрге айналар қарым-қатынасы­мыздан үлкен үміт күтеміз.


Наурызхан Ғазизұлы,
ҚР ҰҚК Шекара қызметінің аға офицері, майор

Ерлер аз ба етігімен су кешкен…

Сырларымды кеудемдегі жасырын,
Кім түсінсін, аяғы да, басы мұң.
Кешір бізді! Қадіріңе жетпесек,
Менің алтын ғасырым!

Адалдықты аңсауменен шаршадым,
Түгесе алмай тіршіліктің сарсаңын.
Менің мұңым ауыр болар бәрінен,
Жер бетінде қалса мұң!

Саналыға қызығы аз жалғанның,
Арбауына талай мәрте алдандым.
Ақ жалына жармасумен келемін,
Сол арғымақ арманның!

Жыр боп ұшып жүректегі қош әнім,
Жаратқаннан тек жақсылық тосамын.
Ерлер аз ба етігімен су кешкен,
Қорғау үшін Отанын!

Біткен кезде бұл жалғанның ертегі,
Қайран өмір! Талақ етем мен сені.
Хақ алдында таразыға тартылар,
Пенде – ғұмыр есебі…

***

Ізіменен ел қорғаған ерлердің,
Көшпенділер бесігінде тербелдім.
Ат жалында атқан талай таңдары,
Батыр халық – қазақ деген елденмін!

Өткен күннің сақтап қалған сырларын,
Күлтегіннің жырларынан үлгі алдым.
Күллі түркі қаған құрған, айбарлы,
Топырақта тамыр жайып, бүр жардым.

Көк бөрінің бөлтірігі ем айбарлы,
Көк түріктің ұрпағымын айдарлы.
Киіз үйдің белдеуінде байлаулы,
Көк дөнені тұратұғын сайлаулы.

Сайын дала, сағым дала мекені,
Көкжалдардың түгел болған есебі.
Көк тәңірдің қолдауымен түркілер,
Дүниені билеп тұрған деседі…

Күлтегіннің жыры қалған сол маңда,
Көк Тәңірден жолданыппын жалғанға.
Кіндік қаным тамған сәттен қол создым,
Азаттық – деп аталатын арманға!

Азаттығым, ғажап күнім – арманым!
Жету үшін шаршасам да, талмадым.
Үмітпенен күттім ұзақ, зарығып,
Арайланып ататұғын таң барын!..

Атты таңым, шықты күнім жарқырап,
Өмір-өзен ақты арнамен сарқырап.
Бар әлемге сауын айтып Нұрсұлтан,
Ақындарым жыр толғады арқырап!

Азаттықтың біліп өскен мол құнын,
Бозбала едім тебірендім, толқыдым.
«Өткен күнде белгі жоқ» – деп айтса да,
Тағдырымның ұмытпаймын сол күнін!

Өз Отаным! Ту көтерді, о, тоба!
Тамырдағы қаның қызбай жатама!?
Үйірінен адасқан бір құлын ем,
Туған елге қосты әкеліп Ата-Анам!

Туған елмен шұрқырасып табыстым,
Тау-тасымен, ой-қырымен таныстым.
Азат елдің азат ойлы ұлы боп,
Өнерменен, білімменен жарыстым.

Сыр шертісіп сәулесімен жарты айдың,
Азат күннің шуағымен марқайдым.
Санамдағы шұрқырайды құлын күн,
Кісінеген асқарынан Алтайдың.

Азат елім – Қазақиям, өр елім!
Ертеңіңнің кемеліне сенемін!
Дұшпан көзін сатпасын деп далама,
Шекараңның шебін қорғап келемін!!!

Сен аман бол, балалықтың көктемі

Мен бақытты бола алдым ба, білмеймін,
Сағыныштан мұң жамылған күздеймін.
Балалығым еске түссе, балдәурен,
Сол шақтардың елестерін іздеймін.

Сен бақытқа жете алдың ба, білмеймін,
Сенсіз қанша таңым атты, күлмей күн.
Сырға толы көздеріңді мұңайған,
Жұлдыздардың арасынан іздеймін.

Мен кеткенде бала едік қой, ауылдан,
Ауылды аңсап, жаным талай ауырған.
«Елімайдан» кем болған жоқ біздің көш,
Шекарада, аға айырылған бауырдан.

Шекара асу, көңілімді мұңды етті,
Ақтармаған бозбалалық сыр кетті.
Менің аңқау махаббатым, балалық,
Жүрегімнен өлең болып бүрлепті.

Сағынышпен өтті солай қанша жыл,
Туған жерін, топырағын аңсады ұл.
Менің аңқау махаббатым деп түсін,
Жас шыбықтың қауыздары жарса бүр.

Ерте есейдім, сан сүріндім, құладым,
Көз алдымда бұлдырайды бұла күн.
Менің мөлдір махаббатым деп түсін,
Қайнап шыққан таудың тұщы бұлғын.

Туған жердің тауын, суын, құздарын,
Бұрқасынын, дауылдарын, ызғарын,
Менің асқақ махаббатым деп түсін,
Қарлы шыңның басындағы мұздағын.

Өмір деген – шақ екен ғой өтпелі,
Өткізіп ап, опық жейміз өйткені.
Сәулеленіп тұратығын санамда,
Сен аман бол, балалықтың көктемі!

ШЕКАРА САҚШЫСЫ

Шекара шебінде тұр сарбаз,
Жүрегі жерімен бірге шын!
Бір қадам басқан жау бұлтармас,
ҚАЗАҚТЫҢ жерінің іргесін!

Қырандай шолады ол аспанды,
Жанарда найзағай оты ойнап!
Құтқармай шекара асқанды,
АТТАНАР алдынан атойлап!

Намысты ұл барда өзіңдей,
Көрінбес құстың да қарасы.
Қорғайды Отанын көз ілмей,
ТӘУЕЛСІЗ қазақтың баласы!

Жаралған, нәр алған даланың,
Орман, су, тау, тасы қайнары.
Қазақ боп туылған баланың,
Қашанда қуатты АЙБАРЫ!

Ат мініп, ата жол қуғанның,
Ділі мен тіл болар жиғаны.
Отанның ұлы боп туғанның,
ОТАНЫ – айнымас иманы!

Күзетіп даламдай — МҰРАНЫ,
Кеудесін мақтаныш кернейді!
ТӘУЕЛСІЗ қазақтың ұланы,
Ел шебін еш жауға бермейді!


Оймақтай ой

ҚР ҰҚК Шекара қызметі «Шығыс» Өңірлік басқармасы 2534 әскери бөлімінде «Поляна», «Бұдыты» сынды шекара заставалары бар екен. Осы атауларды өзгертіп, жанын садаға етіп, осы ұлан байтақ жерімізді қорғаған қазақ батырларының есімдерін неге бермеске?

Подполковник Қанат Мейірханұлы шекарашылар атынан «Қазақ әдебиеті» газетінің ұжымына естелік сый табыс етті

Бетті дайындап, сұхбат алған Қанағат Әбілқайыр

Алматы – Шонжы – Алматы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір