«Қорқынышты ақын»
30.07.2021
1480
1

Роберт Фрост – төрт дүркін Пулитцер сыйлығының иегері, ХХ ғасырдағы АҚШ-тың ең үздік ақыны. Бұл күмәнсіз пікір оқырман таңданысын тудыруы мүмкін. Себебі Америка Э.Паунд, Т.Элиот, Х.Крейн, Э.Каммингс, У.Х.Оден, Э.Мастере секілді әлемдік әдебиетте ойып тұрып орын алған таланттарға бай. Соның өзінде Фрост Американың жалпыұлттық жалғыз ақыны болып қала бермек. Айтпақшы, Фросты – Нобель сыйлығының, Макартура стипендиясының иегері Иосиф Бродский сүйікті ақыным деп санаған.

Назарларыңызға Фростың «Кіргін» атты  өлеңін талдаған Бродскийдің мақаласын аударып ұсынып отырмыз.


Роберт Фрост 1874 жылы дүниеге келіп, 1963 жылы 88 жасында өмірден озды. Алғаусыз махаббаттың куәсіндей болған жары алты құрсақ көтерді. Жастайынан тұрмыс тауқыметін арқалады; фермерлікпен айналысты, кейін келе  түрлі мектептерде мұғалімдік қызмет атқарды. Қартайған шағына дейін көп саяхаттамады; Жаңа Англияның Шығыс жағалауында қарапайым ғұмыр кешті. Егер поэзия ақын өмірбаянының нәтижесі болса, оған еш қалам көтертпес еді. Алайда ол тоғыз жыр жинағын шығарды; қырық жасында баспа бетін көрген «Бостонның солтүстігіне қарай» деген екінші жинағы атын айдай әлемге танытты. Бұл 1914 жыл болатын. Осыдан кейін-ақ асығы алшысынан түскендей еді. Дегенмен әдебиеттегі атақ, абыройды танымалдылықпен шатастыруға болмас. Оның өзіне алқалы әлеумет түгелдей назар аударуы үшін Екінші дүниежүзілік соғыстың әсері болмай қоймады. 1943 жылы жауынгерлердің рухын көтеру үшін соғыс уақытындағы кітап кеңесі Фростың «Кіргін» деген өлеңін бес жүз мың данамен Американың экспедициялық күштерінің арасына таратып жіберді. Оның «таңдамалы жырлары» 1955 жылы төртінші басылыммен жарыққа шықты, осыдан бастап поэзиясы ұлттық деңгейге көтеріліп кетті деп айтуға болатын еді. «Бостоннан солтүстікке қарай» жинағы шыққаннан бастап елу жыл бойы америкалық ақындарға берілетін түрлі әдеби сыйлықтар мен марапаттың бәрін алды. Өмірінің соңына таяған уақытта Джон Кеннеди өзінің таққа отыру рәсімінде өлең оқу үшін Фросты арнайы шақыртқаны – ақындығын мойындағанын айғақтайтын.  Алайда бұл құрмет әдебиетшілер ортасына қызғанышты бірге ала келгені айқын еді. Осы уақытта оның есімі әдеби қауымның санасындағы түсінбеушілік пен таңданудың аспанында қалқып жүрген. Себебі  бәрі ұлттық рухтағы, өмірге құштар, турашыл, ескіліктің арнасындағы ауылдан шыққан, ауылдық ақын ретінде ғана танитын. Өмір бойғы ел алдына шаруа адамының бейнесімен шығуы, сұхбаттары – қарапайым «америкалық» деген образды қалыптастырып қойған-ды. Ол онсыз да бар болмысымен «америкалық» еді, енді біз бұл терминнің қандай мағына беретініне көз жүгіртсек және оның поэзияға қаншалықты  қатысы бар екенін анықтасақ жеткілікті.

1959 жылы Роберт Фростың сексен жасқа толуына орай Нью-Йорк қаласында өткен мерейтойда сөз алған сол уақыттың білгір сыншысы Лайоннел Триллинг: «Роберт Фрост – «қорқынышты ақын»», – деді. Бұл сөздің  сол уақытта шу туғызғаны рас, дегенмен эпитет дұрыс таңдалған еді. Бұл жерде «қорқынышты» деген сөз бен «трагедиялық» деген сөздің мағынасы екі бөлек екеніне назар салсаңыздар деймін. Трагедия, өздеріңіз білетіндей үнемі fait accompli; ал  «қорқыныш» таңқаларлықтай деген мағынада айтылса да, негізі қолынан не келетінін оңай көрсете алады деген мәнге сай еді. Фростың мықтылығы да осы соңғы айтылған ойға дәл келетін. Басқаша түсіндірсек,  оның поэзиядағы ұстанымы трагедиялық кейіпкерден мүлде алшақ жатыр. Осы қасиетінің өзі «америкалық» деген теңеуді иемденуге толық құқық беретін.

Бір қарағанда, оның айналасына, табиғатқа деген көзқарасы қалыпты көрінеді. Тек бір ғана «Ауыл құлағы бәрінен хабардар» атты өлеңі сондай түсінік қалыптастырады. Алайда табиғатты еуропалық пен америкалықтың қабылдауы екі бөлек. У.Х.Оден  Фрост туралы қысқаша очергінде былай дейді: «Егер еуропалық табиғатты сағынса, ол өзінің сарайынан не қонақ үйінен шығып, достарымен, болмаса туыстарымен кешкілік серуендеп қайтуды ұйғарады. Егер жолай бір ағаш кездессе, ол оған тарихтан таныс, бір жәйттің куәгері ретінде қарайды. Яғни көлеңкесінде әлдебір заңдарды ақыл таразысына салады. «Әлдебір король отырған», – деген сияқты қиялға беріледі. Серуен аяқталғанда  жапырақтары сыбдырлап, әлденені ымдап, әлденеден сыр айтып ағаш қалады. Еуропалық кейіпкер өзін сергек сезініп, әр нәрсеге ой жүгіртіп кері қайтып, достарымен немесе отбасымен қуанышын әрі қарай жалғастыра береді.

Егер үйден америкалық шығып, жолынан ағаш кездессе, бұл  тең дәрежедегі екі болмыстың кездесуі болмақ. Екеуінің де өткен шағы жоқ, болашақта не боларын тек құдай біледі. Танымдық тұрғыда тамырлардың байланысы іспетті. Біздің кейіпкеріміз көңілі құлазыған, аздап шошыған күйінде үйіне қайтады. Әңгімелеп отырғанымыз романтикалық  карикатурадай көрінеді, шындығында, біздің астын сызып айтқымыз келгенінің өзі осы еді.  Мысалымыздың екінші жартысында келтірілген көңіл күй – Фрост поэзиясының табиғат туралы тұжырымының басты көрінісі. Фрост үшін табиғат оның досы да, қасы да емес, адамзат қайғысының жасанды көшірмесі де емес, ол – өзінің қорқынышты автопортреті.

Енді мен оның 1942 жылы жарық көрген «Куәгер ағаш» жинағындағы бір өлеңін талқылап көрмекпін. Академиялық түсініктен алыстап, оның әрбір жолына қатысты ойымды ашық айтсам, сіздерді шошытып алуым да мүмкін. Дегенмен өзімді ақтау үшін тек бұл ақынды өте жақсы көретінімді айтпақпын. Сіздерді шошытуы мүмкін, бұл қараңғылық оның жырларының санама түсірген салмағынан болар. Бір сөзбен айтқанда, бұл қорқынышты мен оның жырларынан жұқтырдым.

2

Енді «Кіргін» өлеңіне келейік. Өзі қысқаша ғана өлең, үш бунақты, кейде екі бунақты, ямба мен анапесталы (мен бұл өлеңді қазақтың қара өлеңіне түсіруге тырыстым. – ауд). Өлеңнің қысқалығы нені ымдайды? Не туралы айтылады? Табиғаттағы серуен бе? Түсініксіз, қолы боста ақындар немен айналысады? (Солай-ақ болсын делік, бірақ не үшін?) «Кіргін» –  Фростың табиғаттағы серуенге құрылған көп өлеңдерінің бірі. Ағылшын ақыны Томас Хардидің де осыған ұқсас «Бейуақтағы торғай» деген өлеңі бар. Харди де серуенге жалғыз шыққанды жақсы көрген. Тек қана бір айырмашылық – оның серуені үнемі қабір басына барумен аяқталатын, мен мұны Ұлыбритания халқының тығыз орналасуынан деп жорамалдадым.

Енді торғай туралы әңгімемізге қайта оралайық. Екі ақынның өлеңінде де торғай басты кейіпкер ретінде көрінеді. Бірақ  Хардиге өз торғайын өлеңге кіргізу үшін  он алты жол жазуға тура келсе, Фрост оны екінші жолында сайратып қояды. Бұны ағылшын поэзиясы мен америкалық поэзияның айырмашылығы деп қарастырсақ шатаспаймыз. Ағылшын мәдениетінің дәстүрлі ағымына қарай ақынға негізгі жұмысқа кірісу үшін оқырманды ұзақ дайындауға тура келеді. Бұл бір палуанның күреске түспес бұрын бұлшық етін ойнатып, ел назарын аударғысы келген көрініске ұқсайды. Шындығында, бұл ұзақсонар сипаттау оқырманды шаршатып қана қоймай кез-келген ақынның шеберлігінің кемшіндігін көрсетері анық.

Енді өлеңді бірінші жолдан бастап талдайық. «Жеттім орман шетіне тағы жүріп» Былай қарағанда, қарапайым, қай жерге келгенінен мағлұмат беріп қана тұр. Тек «орман» және «шетіне» деген сөздер көңілге сәл үрей ұялататын сияқты. Поэзия – үлкен құрылыс, ондағы әр сөз мағына мен мәнге шегеленуі керек. Яғни бос жол тұрмақ, бостан-босқа  қолданылған сөз болмауы тиіс. Он төртінші ғасырдан бері орман қорқыныштың ошағындай елес беріп келді. Ал жиырмасыншы ғасырдың ақыны өз өлеңін орман шетіне іліккен сәтінен бастауы, бұл жерде бір қауіп-қатердің барын аңғартқандай болады. «Шет» ашық айтқанда өткір мәселе болуы мүмкін. Әлде, біз бұл жолға текке  мән беріп, бас ауыртып отырмыз ба? Жарайды, келесі жолға көшейік.

«Тыныш жүрек, тек назар сал (тыңда орманды, құсты) ұғынып»… Екінші жолда біз ешқандай үрейдің, уайымның белгісін таппаймыз. Өлең бірден жайбарақат жүріске салып, әуезді көңіл-күйге сүйрей жөнеледі. Осы жолдағы «hark» (назар сал, тыңда) деген сөзді естіген соң, құстың үні тербеткен ғажайып мекенге еніп бара жатырмын деп ойлауыңыз мүмкін. Бірақ бұл – тек бетперде ғана. Фрост әдейі оқырманын жайландырып отырып бәрін жайып салмақшы. Осыдан бастап ақын дауыс ырғағын бірден өзгертеді.

Now if it was dusk outside,

Inside it was dark.

 

Енді қара, сырт жарық, іште жатыр,

Жерәлемнің түнегі жасырынып.

Бұл жердегі «now» (енді) сөзі бүкіл қиялыңды тұсаулап тастайды. Сонымен қатар  «hark» (тыңда, назар сал) сөзі «dark» (қараңғы, түнек) сөзімен байланысқа түседі. Осы «қараңғы» сөзі «inside» (іште) деген сөзге көңіліңізді аударып қана қоймай, «outside» (сыртта) сөзі арқылы саналы түрде қарсылық көрсетіп тұрғанын байқаймыз. Іште қандай дүние жасырынып жатса да, ешбір кілт аша алмайтын құлып салғандай түсінікке жетелейді. Мен сіздердің әрбір сөзге, тіпті үтірге дейін назар аударғандарыңызды қалаймын, себебі  бұл – құс туралы өлең. Торғайдай шырылдаған адам жаны туралы жыр. Ары қарай кеттік:

Too dark in the woods for a bird,

By sleight of wing,

To better its perch for the night,

Though it still could sing.

 

Тым қараңғы орманға бәрі ентелеп,

Құстарға онда ұшуға әлі ертерек.

Қонақтауға асықпай қоңыр кеште,

Сайрауына болады тағы еркелеп.

Сіздің ойыңызша, бұл жерде не болып жатыр? Қарапайым ағылшын оқырман болсын, басқа құрлықтағы, басқа дүниетанымдағы оқырман болсын, америкалық болсын, «бұл өлең кешке қарай әлемді әнмен тербеткен даусы сондай әдемі құс туралы»  деген бір ғана жауап айтар еді. Әлбетте ол шындық болуы мүмкін, Фростың абыройы да осындай шындыққа негізделген. Десе де  бұл шумақтан уілдеген үрейдің желі есіп тұрғанын аңғаруға болатындай. Нақтылап айтсақ, өз-өзіне қол салуға жақындаған үмітсіздік немесе өлім туралы баяндалуда. Егер, дәп өлім туралы емес десек, онда, қабір туралы немесе барзақ әлемі туралы деп топшыласақ болады. «Тым қараңғы орман… құстарға онда ұшуға әлі ертерек»… Құс  орманды зерттеп, «тым қараңғы»  деген ұйғарымға келеді. Осы жолдар Дантенің Құдіретті комедиясындағы ойларымен үйлесім тапқандай көрінеді, алайда  айырмашылық бар. Дантеге қарағанда Фрост барзақ әлеміне «тым» үрейлене қарайды. Мүмкін ол өзін ауыр күнәларды арқалаған пенде сезінетін шығар. Осы жердегі «ұшуға» деген сөз жанның кеудеден шығып, о дүниеге кетуін меңзеп тұр ма дерсің. Бұл –  өмір туралы өлең, ойлануды қажет етеді. Ең терең сезімдерді оятады. Әшейін баяндама емес, сұлу сөздерден құралған сипаттама да емес, бір сөзін алып тастасаң – ақсап қалатын тірі болмыс.

«Қонақтауға асықпай қоңыр кеште» – түбінде барып қонақтайтын бір мекеннің барынан хабар беріп тұрғандай. Әйтеуір тірінің көзі көрмеген бір мәңгіліктің барын ескертеді. Тек, осы қараңғылыққа үміт сәулесін түсіретін жалғыз жай – оның әлі уақыты бар,  «сайрауына болады тағы еркелеп».

Құс үшін орман «тым қараңғы», себебі ол мына жарық дұниеге әбден үйреніп қалған. Қоңыр кештегі кез келген әрекеті, қанат қағысы оны қараңғылық құшағынан құтқара алмайды. Орманның кімдікі екенін бәріміз білеміз: құс бәрібір оның бір бұтағына қонақтап, ұзақ сапарын аяқтайды. «Қонақтау» сөзі орманның сол үшін арнайы дайындалғанын, керемет жабдықталғанын ұғындырады. Мүмкін, әншіміз мұндай тұзақтан сытылып шығып кетуге қартайып қалған шығар. Қартайса да, әлі ән айтатын шамасы бар. Үшінші шумағында әнші құс туралы әңгіме болмақ. Ең соңғы ән туралы баяндалмақ. Сай-сүйегіңді сырқыратар мұңлықтың зарына араласқан  үміттің көмейінен ән төгілмек. Мұндағы әрбір сөздің қалай үйлесім тапқанына назар салыңызшы.

Күн көзінен сары алтын жас тамады,

Ән-әлемнің толтырса тостағанын.

Бір шырқауға жетеді күннің нұры,

Тереңірек жұтынып кешкі ауаны.

Біздің әншіміз күннің тамшылаған соңғы нұрын жіті бақылап тұр. Өмірдің тостағанын әнмен толтырған, үміт сәулесіне шомылған болмыс көз алдымызға келеді. Бәрі біткен жоқ, «бір шырқауға жетеді күннің нұры». Тереңірек үңілсек, ол кеудесіндегі сәулені жырлап отыр. Әлемге құйылған күннің нұры оның ғана кеудесіне түсіп тұрғандай. Кішкентай құстың кеудесінде  бүкіл әлем орналасқандай әсер қалдырады. Енді қараңыз, келесі шумақтан әнші мен әннің екіге айырылғанын байқаймыз.

Ән айтылды. Кіргізді кештің өңін,

Түнгі орманның қоңыржай есті лебі.

Тыныштыққа шақырған әнұрандай,

Тым алыстан құс үні естіледі.

Бүтін әлем түннің құшағына еніп бара жатыр, әлем – ол өзі. Бұл жерде әншіміз өзі таңдауға болатын жолдың бірі туралы айтуда, бірақ ол таңдау жасамады, тағдырға мойынсұнды. Қанатын қақты да қалың орманнан қонақтайтын жер іздеп кетті. Осы шумақта Фрост діни дүниетанымының нәзік иірімдеріне сүңгіп кетесің, ол өзі протестант болған. Дегенмен  о дүние – сенім иелері мен агностиктердің де түптің-түбі ашатын есігі.

«But no, I was out for stars»

 

Жұлдыздарды көре алмай қалардаймын.

Әдеткі Фростың оқырманды әлекке салатын тәсілі. Оның беделін қалыптастырған – осындай жолдар. Егер ол шынымен жұлдыздарды іздесе,  неге оны басында айтпады? Неге ол басқа бір нәрселер туралы түгел бір өлең жазып отыр? Себебі бұл жолдың осы арада тұруы тек, бізді алдау үшін ғана емес, өзін алдау үшін, өзін сабырға шақыру үшін жазылып отыр. Алайда біз осы жолдарды ақынның дүниеде көздеген соңғы мақсаты деп емес, қараңғылықтан іздеген шуағын бір түннің болымсыз уайымы бүлдіре алмайды деген сенімін – өмірлік шешім деп қабылдаймыз.

I would not come in.

I meant not even if asked,

And I hadn’t been.

 

Жоқ, ол жаққа бармауға амалдаймын.

Мені ол жаққа әлі ешкім шақырған жоқ,

Шақырса да бармаймын, бара алмаймын!

Бұл сөздер кекесінді әзілге тұнып тұр. Ақын өзінің көз жеткізген шындығынан өзі жалтарғысы келеді. Тіпті, онысын нақты айтады. Қара түнектің ауласына кіруден бас тартқан әлсіздіктің соңғы қайратын көрсеткені деп қарамауымыз керек, керісінше, өмірге деген үлкен құлшыныс деп бағаласақ артық кетпейміз. Осы соңғы екі жолымен Фрост шеберлігін айқын аңғартады. «Мені ол жаққа әлі ешкім шақырған жоқ» бұл шынында шеберлік.

Немесе сіз осы өлеңді аяғы «жұлдыздармен» бітетін Дантенің «Құдіретті комедиясына» кіріспе ретінде талдасаңыз болады. Данте мен Фростың арғы тамырының бірге екені түнге қатысты «Түнмен таныс» деген өлеңінен де байқалады. Әлемге аты мәшһүр замандастарына қарағанда Фрост білімін ашық көрсетпейді, бастысы ол – оның қанында ойнап тұр. Сондықтан, «Шақырса да бармаймын» дегенін күдіктің күресінінен шығып кеткісі келген кейіпкердің образынан ғана емес, стилдік таңдауда да үлкен формадан бас тартуы деп түсінген жөн. Бәрін айт та бірін айт, Дантенің «Құдіретті комедиясынсыз» бұл өлең жазылмайтын еді.

Егер «Кіргін» өлеңін табиғат туралы өлең деп оқысаңыз ол өз қалауыңыз. Дегенмен, мен өлеңді оқымас бұрын тақырыбына аз-кем ой жүгіртулеріңізді сұраймын. Жиырма жол өлең осы тақырыбының талдауы ғана екенін түсінесіздер. Мен тек «кіргін» деген сөз «өлгін» деген  мағына бере ме деп қорқам!

 

Кіргін

 

Жеттім орман шетіне тағы жүріп,

Тыныш, жүрек, тек назар сал, ұғынып.

Енді қара, сырт жарық, іште жатыр,

Жер – әлемнің түнегі жасырынып.

 

Тым қараңғы орманға бәрі ентелеп,

Құстарға онда ұшуға әлі ертерек.

Қонақтауға асықпай қоңыр кеште,

Сайрауына болады тағы еркелеп.

 

Күн көзінен сары алтын жас тамады,

Ән – әлемнің толтырса тостағанын.

Бір шырқауға жетеді күннің нұры,

Тереңірек жұтынып кешкі ауаны.

 

Ән айтылды. Кіргізді кештің өңін,

Түнгі орманнан қоңыржай есті лебі.

Тыныштыққа шақырған әнұрандай,

Тым алыстан құс үні естіледі.

 

Жоқ, мен онда кірмеуге амалдаймын,

Жұлдыздарды көре алмай қалардаймын.

Мені ол жаққа әлі ешкім шақырған жоқ,

Шақырса да бармаймын, бара алмаймын!

Аударған Айбек ЕРЕЖЕП

ПІКІРЛЕР1
Аноним 06.08.2021 | 22:33

мылжың, не болса соған таңғалу. қазақ ақындарының қолына су құя алмайды, мысалы, Есенғалидың.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір