Әдебиеттің алтын САҒАТЫ
(Сағат Әшімбаев шығармаларының үштомдық жинағын оқығанда)
«Әдебиетте орын көп. Өйткені әркімнің өз орны бар. …Қашанда әркімді өз тұрғысынан бағалау керек. 2.12.1985 ж».
Әшімбаев күнделігіне түскен тамшыдай ой бізге осылай сөйлейді. Бұрын ашылмаған парақтарды ақтарыстырып қарағанда көзге оттай басылған алғашқы СӨЗ – осы. Бұдан басқа адамгершілік, азаматтық, парасат… әрі қарай жалғасып кете береді. Ал мына СӨЗ әдебиеттегі Сағаттың тап-таза болмысындай жылы ұшырасты.
«Әдебиетте орын көп» болса ақын-жазушы да көп. Бірақ көптің бәрін білуге қауқарың жете қояр ма? Білерсің, мойындау?.. Бұның ешқайсысын да мойындамайсың. Көп болғандықтан. Классиктерді ғана оқып үйренген көз басқаларды қалай көрсін. Пәлі, талғамың өсіпті.
Тек мықтыларды, классиктерді… сөзінен бұрын жеткен атақ-даңқ. Міне, бізді қызықтыратыны. «Пәленше деген ақын отызға жетпей-ақ бүкіл әлемді аузына қаратыпты. Түгенше деген жазушы бір роман жазып Нобель сыйлығын алыпты…». Толассыз жауған ақпарат арасынан осыны құлағың шалып қалса сырттай тамсанасың. Қандай ғажап жазушы?! Неткен мықты ақын! Патша көңілді оқырманға кім не айта алады? Ал қазіргі әдебиеттің ауылында жүргендер ше? Бұлар оқырмандардан, әрине, басқаша. Бұлардың екі түрі бар: бірі – өзінен басқаны мойындамайтын кіл «классиктер» де, екіншісі, (классик демей-ақ қояйық, жақсы жазушы) қабілеті бола тұра әдебиет мәселесіне келгенде үн қатпайтындар. Алғашқысы ауызбен айды бағындырса, кейінгісі артықтау кетсе абыржиды, өз салмағымнан ауыр сөз айтып қоймадым ба деп.
Кімнің орны қай жерде екенін халық пен уақыт анықтайды деседі. Дұрыс та шығар. Әдебиетті ардың ісі десек, онда бұндағы әрбір оқиғаға көзжұмбайлықпен қарау арсыздықтан бұрын, қылмыс болып шықпай ма? Халық пен уақыт та әдебиетке келгенде сергек санаға жүгінбеуші ме еді. Өйткені бұл жерде «әркімнің өз орны бар. …Қашанда әркімді өз тұрғысынан бағалау керек».
Сағаттың осы бір СӨЗІ әдебиеттің кешегісін, бүгіні мен ертеңін бағамдауға бағдар бола алатындай.
***
Біздің Сағатпен таныстығымыз бала кезден басталмады. Шалғайдағы мектептің қуыстай кітапханасындағы онның сегізі оқулық болса, ілуде бір келетін әдеби туындыларды місе тұтпай, кітапқа жаны жақын-ау деген жандардың үйін жағалап кетесің. Тапқан бірлі-жарым қаламгерлердің шығармасын ешкімге көрсетпей, оңаша оқисың да кейіпкер достарыңмен бірге небір қызықты оқиғалардың артына түсіп алып, ілесіп кете бересің. Сосын… Сосын жүрегіңді қозғаған сөз тізбектеріне қайтадан үңілесің. Бір емес, сол бетті бірнеше қайтара ашқаныңды білмей де қаласың. Бес жүз бет романды екі күн, екі түнде оқып бітірдің. Енді келіп еліктеу басталады. Жаны жоқ парақтардың ішіндегі тірі кейіпкерге… Кейіпкерге де емес, сол кейіпкерді тірілткен, сенімен сырластырған суреткерге.
Бұл – шығарманы оқып біткеннен соңғы көңіл-күй. Жалаң еліктеу емес, әуелгі әсерден шығып, саналы түрде баратын қадамың. Ішкі әлеміңді қопарып, бір сәтке жан дүниеңнің астаң-кестеңін шығарған, жақсылыққа деген сенімді жүрегіңде көктеткен өзің үшін ендігі асқақ тұлғаға ұқсауға тырысу.
***
Ол бала кезінде көп кітап оқыпты. Абайға еліктепті. «Абай биігі, Абай тағылымы – арманым», – депті. «Қазақты түсіну үшін Абайды оқу қажет! Ал Абайды түсіну үшін азамат болу шарт». Жүрегінде көктеген көркем сөз күнделігіне осылай көшіпті. Оның биік болмысына алыстан қараған жан алдында тұрған Хакімді таныр еді. Қаламымен, мінезімен, азаматтығымен де ұқсай алыпты. Абайға.
Сағатпен алғаш Алматының орталық кітапханасында жақыннан танысқан едік. Оның (маған бұл кезде әлі беймәлім болған) өлшеуге келмес телегей білімі екі елі кітап сөресіне сыйып тұрғандай көрініп еді.
***
Кітап… Әшімбаев есімі аталғанда әуелі замандастарының әлі күнге аңыз қып айтар кітапқұмарлығы еске түседі. «Маған әлем әдебиетін тауыса оқып не керек? Сағат-ақ айтып береді» деген сарындағы сөз де Сағат туралы айтылған ақиқат пен аңыздың арасында жүретін. Алпысыншы жылдар ақыры мен ғұмырының соңғы сәттеріне дейінгі, ширек ғасыр аралығындағы қазақ әдебиетін Сағат Әшімбаевсыз елестетіп көріңізші. Онда қазақ әдеби сынының бір аяғы ақсап, шайқалып тұрар ма еді.
Жақында қолға түскен «Сағат Әшімбаев шығармаларының» үштомдығын парақтағанда сыншы шығармашылығының ауылына қайта барғандай әсер болды. «Қазақ энциклопедиясы» баспасынан жарық көрген жаңа жинаққа оның Күнделік беттеріне төгілген сырлары, өзі туралы жазылған естеліктер мен сыни мақалалары еніпті. Бұл жинақты құрастырған, күнделігін кітап қып шығаруға мұрындық болған – сыншының жары Шәрбану Бейсенова.
Бұндағы басты жаңалық – үшінші томында. Соңғысынан бастаудың да себебі бар. Үшінші томның негізгі салмағын Күнделігі арқалапты. Күнделікке түсініктеме жазған Дүйсен Мүсірәліұлы Сағаттың 45 қалың дәптер жазып қалдырғанын айтады. Бұны ол бастан кешкен әр сәтін бейнелейтін жай күнделіктен гөрі сыншының «шығармашылық лабораториясы, шеберлік мектебі» депті. 45 дәптердің оншақтысы сөздікке арналған. Орысша оқыған кітаптарының қажетті деп тапқан жерін түртіп алып, жанына аудармасын бірге жазыпты. Дәл осындай бес мыңнан аса тіркес бар екен.
Үшінші томның алғашқы бөлімі – «Жүректен шыққан жазбаларында» Сағат қаламынан туған ой орамдары сұрыпталып беріліпті. Бұл ой-толғамдарын жазуға сеп болған да оқыған мыңдаған кітаптың әсері. Сөзге дәлел болсын, «Бірінші дәптердің» бірінші сөзінде: «Уәли сөз – әулие сөз, пайғамбардың сөзі дегенді білдіреді екен. Абайда бар, «Өлең сөздің патшасы» деген өлеңін қараңыз. Уәжді-уәли», – делініпті. Содан соң «Л.Толстой 34 жасында үйленген. Ол 1870 жылы Петр туралы роман жазуға отырған…», – дейді де әрі қарай осы сынды деректерді жаза келе: «Роман – әдебиеттің симфониялық оркестрі», – деп ұластырады. Бұдан басқа фактілер мен солардан түйген ойлары қаншама. Әдебиетке қызыққан жұртқа бұл жазбалар қойын дәптерге көшіріп алып оқитын дайын сілтеме іспетті. Одан әрі кітап Сағат Әшімбаев туралы ой-пікірлер, сыни көзқарастар, мөлдір эсселермен жалғасады.
Үштомдықтың бірінші және екінші томдарынан 1967 жылдан (бұл кезде жиырмадағы студент) бастап өмірінің соңғы кезеңіне дейін сыннан қол үзіп көрмеген сыншы Сағатты танисың. Бала шағынан басталған әдебиетке құштарлық есейе келе жазушы не ақын ретінде емес, оны әдебиетке ғылыми тұрғыдан араласуға әкелді. «Сын – әдебиеттану ғылымының фундаменті. Әдебиет адамтану ғылымы десек, сын әдебиеттану ғылымының философиясы», – дейді ол. Сағатты білетіндер оның кітапты жай оқырман ретінде емес, сыншылық талғаммен астын сызып оқығандығын айтады. Әлі сын жанрына қадам баспай тұрып-ақ жас Сағат бір оқыған туындысын кітапханадан екінші қайтара жаздырып алған кездері болыпты. Оның сын саласына келуі жай кездейсоқтық емесі содан. Оқуға құмар жеткіншек азаматтық үнін қоғамға жеткізетін құрал – қаламсап екенін ерте аңғарған сияқты. Талант табиғатын тап басқан әдебиеттанушы Құлбек Ергөбек «Сағаттың кітап оқуы – жүйелі оқу. Сіңіріп оқу. Оқығанын айтар ойының арқауына айналдырып салалы ой айта білу – Сағат сыншының бір артықшылығы!», – депті.
Әшімбаев сындарының ерекшелігі – бірден нәзік сезімге әсер ететін көркем тіл шеберлігінен бұрын, өткір дәлелімен нендей мәселе болсын уәж айта алар нақтылығында. Сенбесеңіз, жинақты ашып, асықпай парақтап шығыңыз. Ондағы сыни мақалалардың бас-аяғы бар ғылыми дәйекті еңбек екеніне көзіңіз жете түседі. Ол әлдебір әдеби процесс, не ақын-жазушының шығармасы туралы сөз қозғағанда алысқа бармай-ақ орыс әдебиетшілерінің еңбектерімен салыстыра қарастырады. Олардан нені алу керегін жазады. «Сыншыл ой сипаты» мақаласында «Л.Леоновтың Толстой, Чехов, Грибоедов, Пушкин, Горький туралы жазған мақалаларының әрқайсысы мазмұн, форма жағынан айырықша тұрған сыншыл көркем ой жаңалықтары» екенін айтып келеді де «Осы іспеттес үздік үлгілерге керекті жерінде көз қырын салып қойғанның артықтығы жоқ», – дейді. Сынаудан бұрын, қаламгерлерге жол сілтеп, бағдар көрсетеді. Сын мұратын осылай дәлелдейді.
***
Сағат Әшімбаевтың тілдік қорында ең көп кездесетін сөз – «азаматтық» болса керек. Бұған онымен бірге ілесіп жүретін «немқұрайлылық» пен «тоғышарлықты» қосыңыз. Алғашқысын Сағат ту қып көтерсе, соңғыларымен өмір бойы күресіп өтті.
«Өртеңге шыққан гүлдей ә дегеннен-ақ жайнап, жарқырап көзге түсті. Ол табиғаты таза, өзінің кіндік қаны тамған Аспантаулар әлемінің мөлдір бұлағындай, кәусар бастауындай, жасыл құрағындай қазақ әдебиетінің шоқ жұлдыздай алыптарынан бастап, одан кейінгі ақын-жазушыларға, өзінің тұстастарына, сол кездегі оқырманы көп қазіргі «Жас Алаш», бұрынғы «Лениншіл жас» арқылы қалың жұртшылыққа қаршадайынан-ақ танылып үлгеріп еді. Өз ортасынан суырылып шығып ерте көзге түсіп еді». Мырзатай Жолдасбеков бір кездері өзі дәріс берген шәкіртін осылай еске алады.
Кей тұлғалар үнемі асығады. Бәлкім бүгін, дәл қазір осы істі ол істемесе сол қалпында мәңгі қалып қоятындай көрінетін шығар. Егер бұны жалпы алып қарасаң олардың не себепті асыққанын пайымдағандай боласың.
«Достоевский әдебиетте таза жиырма бес жылдай ғана уақыт қызмет еткен. Сондықтан да оның әрбір босқа өткен сағат үшін қиналуына еріксіз сенеміз де…», – депті Сағат. Бала кезінен кітапхананы тауыса оқитын білімге құштар Сағаттың босқа өткен сағаты болды ма екен?.. Оның ақ қағазға тамған маңдай терінен уақыттың исі аңқиды. Оқумен өткен ұзақ әрі қысқа уақыттың. Бәлкім бұндай адамдардың жүрегіне шоқ салып, алға жетелейтін, асықтыратын Құдайдың өзі шығар.
***
Сағатты жақынырақ таныған кез келген жаннан сұрасаңыз оның парасат биігіне көтерілген азаматтық ұстанымды бәрінен биік қойғанын айтады. Қоғамға сөз айта алар азаматтық үнің болмаса оқыған кітабыңнан, жазуыңнан не пайда. Әшімбаев осыны түсінген, ұққан және ұқтырған сияқты. Өйткені ол өз дәуірінің дертін тап басып, оған әуелі әдебиет арқылы ем ұсынған, кеселді мінезіне күйініп, қал-қадерінше сынап та баққан Сағат қой. Белгілі бір кезеңнің емес, адамдыққа, азаматтыққа тұғыр болар мәңгілік ӘДЕБИЕТТІҢ АЛТЫН САҒАТЫ…
Нұрлайым БАТЫР