«ӘДЕБИ ӨЛКЕТАНУДЫ ДАМЫТУ» АҚМОЛАДАН БАСТАУ АЛДЫ
ҚР Президент Әкімшілігі мен Қазақстан Жазушылар одағының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асатын «Әдеби өлкетануды дамыту» атты бірлескен жобасы Ақмола облысынан бастау алды. Осы жобаға қатысушы алматылық, астаналық қаламгерлер – филология ғылымдарының докторы, жазушы Нұрдәулет Ақыш, ақын Жұмаш Кенебай, сыншы, жазушы Айгүл Кемелбаева Көкшетауға арнайы келді.
Әдебиет және өнер мұражайының ұйымдастыруымен өткен кездесуде қаламгерлер Көкшенің зиялы қауым өкілдерімен, оқырмандармен жүздесіп, жұмыс жоспарларымен бөлісті. Ал алдағы күндері мұражайлар мен мұрағаттарды аралап, болашақта шығармаларына арқау ететін өлкенің жерімен, тарихымен танысу мақсатында Бурабай, Біржан сал, Атбасар, Зеренді, Целиноград, Ерейментау, Қорғалжын аудандарына жолға шығады.
Жалпы, аталған жоба аясында әр өңірлерден арнайы шығармашылық топтар құрылады. Олар белгіленген кесте-жоспар бойынша облыс-аудандарға әдеби экспедициялар ұйымдастырып, зерттеу жұмыстарын жүргізеді, көркем шығарма жазумен шұғылданады. «Әдеби өлкетануды дамыту» жобасын іске асыру барысында қаламгерлер мынадай тақырыптарды қамтиды: 1. Аймақтарда жалпыхалықтық деңгейге шықпаған әдеби-рухани жәдігерлерді зерттеу. 2. Аймақтар тарихына, жер-су атауларына, аңыз-әпсана және өзге де көркем-әдеби дүниесіне арнап көркем шығарма (өлең, поэма, баллада, әңгіме, хикая, роман, спектакль, балаларға арналған шығармалар) жазып, жарыққа шығару. 3. Тәуелсіздік алғаннан бері өңірлерде болып жатқан мәдени-әлеуметтік оң өзгерістер туралы жаңа көзқараспен публицистикалық, поэтикалық, прозалық шығармалар жазу үшін материалдар жинау; Қазақстанның классикалық көркем шығармаларындағы тарихи орындар мен атамекендердің бүгінгі хал-жайын зерттеп, жаңа материалдар жинау. 4. Қазақстанда әр жылда жазылған шығармалардың әдеби картасын жасау. 5. Ел аралап келген ақын-жазушылардың жинаған материалдары бойынша жаңа көркем шығармалар жазу. Аталған жобаны Жазушылар одағы Мәдениет және спорт министрлігінің қадағалауында, облыстармен бірлесе отырып жүзеге асырады.