ҰЛТТЫҚ КИНО ТУРАЛЫ ЗАҢ ЖОБАСЫ ДАЙЫНДАЛУДА
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлын қабылдады. Кездесу барысында министрлік қызметінің маңызды бағыттары, соның ішінде кинематографияға қатысты заңнаманы одан әрі жетілдіру және туризм мен спорт салаларын дамыту шаралары талқыланды.
Мәдениет және спорт министрінің мәліметі бойынша, «Кинематография туралы» заң жобасы қазіргі уақытта Парламенттің қарауында жатыр. Бұл заң жобасы ұлттық киноны қалыптастыру ісін қолдау тетіктерінің тиімділігін арттыруға, Қазақстан фильмдерін, сондай-ақ шетелдік жетекші компаниялармен бірлесіп түсірген киноөнімдерді халықаралық нарыққа кең көлемде шығаруға бағытталған. Сонымен қатар, А.Мұхамедиұлы Мемлекет басшысына 2023 жылға дейінгі туризмді дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламалардың әзірлену барысы және «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс салтын арттыру» атты Жолдаудағы дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін салуға қатысты тапсырманың орындалуы жөнінде баяндады.