Жаңбыр қашан жауады?!
Қазіргі күні балалар әдебиетінің кенжелеп қалғаны рас. Ол жайында талай рет айтылды да, жазылды. Әйтсе де, көңіл қуантарлықтай дүниелердің туып жатқаны шамалы. «ZHERSU» корпорациясының басшысы, қазақтың үлкен жүректі Атымтай азаматы Бауыржан Оспановтың демеушілігімен балаларға арналған «Дарабоз» бәйгесі жыл сайын өтіп келеді. Осы бәйгенің арқасында біршама шығармалар жазылғандай. Бірақ, оның өзі аз.
Сондықтан біз бүгінгі санымызда балалар шығармашылығына арнайы орын беріп отырмыз.
Керек еді көлеңке,
Дала ыстық, күн ыстық.
Су тілейді кең өлке,
Су тілейді егістік.
Жасап қойдым мен кеме,
Жаңбыр қашан жауады?
Шөлдеп тұрған өлкеме
Бұлттар қашан ауады?
Жаңбыр тілеп ел күнде,
Жүгінеді данаға.
Мұңаяды үлкен де,
Мұңаяды бала да.
Жаңбыр бізге жауғанша,
Шыдар ма екен бау-бақша?
Жауса екен деп жаңбырды,
Күтеді енді ел қанша?!
СҮРГІ МЕН БАЛТА
Ағаштың мен бұтағын
Демалмастан бұтадым.
Ел сүйе ме ынжықты?
Маңдайымнан тер шықты.
Кесті ара тақтайды,
Ал, сені кім мақтайды?
Қашау досың қашады,
Бұрғы ойық жасады.
Қақты балға шегені, 
Дайын үйдің едені.
Не айтасың, сүргі дос,
Өткіздің ғой күнді бос?!
Сөзден асқан жоқ қару
Неге керек мақтану?
Сөйлеген жоқ ақталып,
Жатпады да мақтанып.
Әжептәуір көлемді,
Кедір-бұдыр еденді
Тегістеді, өңдеді,
Ән сап жүріп, жөндеді.
Сәнге айналып әр қадам,
Қалыспады балтадан.
«Жарайсың», – деп сүргіні
Қақты достар арқадан.
СЕН ҰЙЫҚТАП ЖАТҚАНДА
Сен ұйықтап жатқанда,
Көкжиектен таң атты.
Тұрып ерте ақ таңда,
Суарды ағаң торы атты.
Сен ұйықтап жатқанда,
Әжең пешке от жақты.
Көгорайлы шатқалда
Атаң сенің шөп шапты.
Сен ұйықтап жатқанда,
Пісірді анаң тамақты.
Күтім жасап бақтарға,
Жөндеді әкең шарбақты.
Сен ұйықтап жатқанда,
Қозы-лақты кім бақты?..
Сен ұйықтап жатқанда,
Осылайша күн батты.
Ернұр СЕЙДАХМЕТ
Менің қонақжайлылығым…
Ермек ағайымыз бораннан аман алып шықса да, інімнің үсіп кеткен оң беті, менің сол жақ қолымның сұқ саусағы әлі жазылмады. Інімді оң қолыммен жетектеп жүргем ғой, содан, негізі, екі қол бір-біріне жанасқан соң, жылуы сақталып қалған болу керек. Физика пәнінен «Үйкеліс күші» деген тақырыпты өткенде меңгеріп алған білімімді енді іс жүзінде де тексерген сыңайлымын. Сабаққа деген құштарлығым сонша, мектептен тыс өмірімді де өткен тақырыптармен, мектепте айтылған пікірлермен байланыстыра жүретінмін.
Осы оқиғадан кейін «анам сөгіп, көп ұрысатын болды-ау» деп қанша қорықтым. Жоқ, анам ұрыспады, анам маған ең сорақы жазаны қолданды – менімен сөйлеспей қойды. Содан бері бәрін анама айтқызбай істеймін – ыдысты да жуып, үйді де жинап қоямын. Бұрындары мұндай іспен айналыссам, анам жер-көкке сыйғызбай бір апта мақтайтын. Қазір олай емес… Бірақ мен тілегімнің орындалғанына бәрінен бұрын қуандым. Інімді бораннан аман алып қалдым. Ермек аға де мені мақтаған болатын. «Нағыз бауырлар сондай болуы керек» деді. Оған өмір бойы разы болып өтем. Інім екеуміздің жер басып, тірі жүруімізге себепкер болған Құдайдың жіберген періштесі екен ол…
Анамның айтқаны қанша жерден дұрыс болғанымен, біз мектепті сағындық. Ойланбай істеген ақымақтығым үшін үш ай жазамды өтедім – анам бізді мектепке жібермеді. Жер жылынып, күн шыққан соң, әкем бізді өзі апарып тастап, өзі алып кететін болды.
Мен соның өзіне шүкіршілік айттым. Үш ай бойы «балалар қазір не істеп жүр екен, қандай қызықты сабақтар өтті екен?» деп бойымды, бір жағынан, қызғаныш, бір жағынан, өкініш билейді.
Өзімді сөге бердім. Бірақ мектептен бұрын бір адамды сағынған сияқтымын. Ол – Алма, менің мектептегі ең жақын құрбым. екеуміз бір-бірімізді іштей түсінетін едік. Ол көрші мектебі бар ауылда тұратын. Әрі күн сайын екеуміздің арамызды төрт-бес шақырым жер бөліп жатушы еді.
Бір күні Алма біздің үйге қонаққа келді. Қырсыққанда, сол күні үйде қонақ болатын. Негізі, мен үйге қонақ келгенін ұнатамын, бірақ тек Қарақыз емес. Шындығында, ол менің бөлем, шын есімі – Гүлсім. Өзінің беті күнге күйіп кеткен, қап-қара болғандықтан, бәрі оны Қарақыз дейтін.
Қарақыз Алма екеумізге маза бермеді. Өте мазаң, біртүрлі сүйкімсіз қыз еді. Міне, Алманы ең алғаш қонақ қылуым осындай сәтсіздікпен аяқталған.
Алма кеткен соң, Қарақызға қатты шамданып, ұрысқым келді. Оның менен үш жас үлкендігі бар еді, бірақ кішкентай қыз сияқты ыржыңдап күле беретін. Оның әке-шешесі саудамен айналысады, көбінде тауар алуға сапарларға шығып кетеді де, ол біздің үйде қалатын. Келген сайын менің жыным құрысады. Анам үнемі «сендер туыссыңдар ғой, олай етпе, ұят болады» деп ескертетін. Ал осы жолы мен шындап ашуландым.
– Қарақыз, – деп бастадым сөзімді нәзік үнмен, – сен жаңа өзіңнің не бүлдіргеніңді білесің бе?
Қарақыз әдетінше маған көзінің қиығымен қарап қойды да:
– Әрі кетші, мазамды алмай… – деп немқұрайдылықпен қысқа жауап қайырды.
Мен терең тыныс алдым. Егер дәл сол сәтте анам келіп қалмағанда, шашын жұлып, қолына берудің аз-ақ алдында тұрған едім.
Бірақ анамның сөзінен кейін жібіп сала бердім. Өзімнің бақытты күндерім қайта оралғандай, тап бір осы уақытқа дейін қараңғы қапаста, үңгірде жалғыз қалғандай, енді сол қараңғыдан күн сәулесі нүрлана төгілген кең далаға шыққандай сезімде болдым.
– Қызым, мен қайтқан бір кісінің қырқына барып келейін. Бейшара Күләш… анасы қайтты ғой, оңай ма? Мен келгенше орамжапырақты турап, әзірлей берші. Үлгерсең, үй ішін жинап қой. Бүгін Гүлсімнің ата-анасы келуі тиіс.
Қарақыз анамның сөзін құлағына да ілмей, інімнің «әліппесін» ақтарып отыра берді. Егер бұл күндегі жағдай болғанда, мен анама: «Мама, ол Гүлсім емес, Қарақыз», – деп күліп, бөлмеден шығып кеткен болар едім. Себебі, анам оны ешқашан Қарақыз деп атамайтын, әрқашан өз атымен атайтын. Ал бүгін өйте алмаймын ғой, себебі анамның үш айдан кейін маған мейірленіп сөйлегені осы еді.
Негізі, менің анам кекішл адам емес, ол әрқашан кешірімді болатын. Бірақ мен осы жолы шынымен ойланбастан қателік істедім. Және сол қателіктің кесірінен інім екеуміз бірдей жапа шегуіміз мүмкін еді. Бәлкім, анам осыны түсінуім үшін мені осылайша жазалаған болар. Қайткенмен, мен мұны әлдеқашан түсініп қойғам.
– Әрине, мама. Сіз асықпай барып келіңіз. Мен қазір сорпа дайындаймын. Қарақыз маған үй жинауға көмектесер, – деп, анамды есіктің алдына дейін шығарып салдым.
– Жарайды, онда мен де алаңдамай бара беретін болдым. Бала далада ойнап жүр, күн желдетіп барады, шамалыдан соң үйге кіргізіп, түстен қалған тамақты ысытып бер. Қарны ашқан шығар, – деп, анам есіктің алдында тұрып, шаруаның бәрін маған тізіп беріп тұрды. Есікті енді ашпақ болып тұрып, қайтадан артына бұрылып, маған тағы тіл қатты:
– Айтпақшы, пеш жағам деп, бірдеңені бүлдіріп алма. Әзір үй жылы ғой. Әкең келген соң жағар.
– Түсіндім, мама, – дедім мен күндегі әдетімше сөйлеп.
– Ал, кеттім мен онда, – деп, анам ақыры үйден шықты.
Елдос ТОҚТАРБАЙ