БАҚЫТЖАН МОМЫШҰЛЫНЫҢ ҚҰРМЕТІНЕ ЕСКЕРТКІШ-ТАҚТА ҚОЙЫЛДЫ
Күні кеше ғана Алматы қаласындағы Ш.Қалдаяқов–Гоголь көшелерінің қиылысындағы үйдің алдына осы үйде жиырма алты жыл тұрған жазушы, аудармашы, тектінің тұяғы, асылдың сынығы Бақытжан Момышұлының құрметіне ескерткіш-тақта қойылды.
Тақтаның ашылу салтанатына Алматы қаласы әкімдігі, Жамбыл облысы әкімдігі, Қазақстан Жазушылар одағының өкілдері, Бауыржан Момышұлының әулеті мен туған-туыстары, зиялы қауым, әскери мектеп курсанттары және қала жұртшылығы қатысты. Ескерткіш-тақтаны ресми ашу құрметі Алматы қаласы әкімінің кеңесшісі Мамай Ахмет, мемлекет және қоғам қайраткері Шәмшә Беркімбаева, әскери ғылымдар докторы Ким Серікбаевқа тапсырылды. Алдымен сөз алған Мамай Қаниұлы: «Біздің арғы-бергі тарихымызда елдігімізді, ұлттық рухымызды асқақтатқан үлкен әулеттер бар. Бақытжан Момышұлы ағамыз Баукеңдей ерекше құбылыстың есімін одан әрі асқақтатқан, майдан даласындағы ерлікті рухани салада жалғастырған тұлға болғаны белгілі. Бүгін Алматы қаласы әкімінің арнайы шешімімен Бақытжан ағамыздың тұрған үйіне қойылған бұл ескерткіш-тақта Батыр әулетіне ғана емес, өзіміздің-өзімізге көрсеткен құрметіміз деп білеміз», – дей келе, қала әкімі Б.Байбектің атынан Батыр отбасын құттықтады. Бауыржан Момышұлы әулетімен аралас-құралас болған ғалым Мекемтас Мырзахметұлы марқұм Бақытжан Момышұлымен бала кезінен бірге өскенін, жазушы шығармаларының тууына талай рет куә болғанын тілге тиек етті. Жиынға қатысушылар Бақытжан Момышұлының өнегелі өмірі мен шығармашылығы туралы тебіреністі естеліктерімен бөлісіп, рухына тағзым етті.