Деген екен
***
Наурыз мейрамы кезі екен, соған орай Алматының бір алаңында ұлан-асыр той болып, кітап жәрмеңкесі өтіп жатады. Жәрмеңкеге бір топ ақын-жазушы шақырылып, оқырмандар олардан қолтаңба алумен болады. Дөңгелек жүзді аққұба бір жігіттің кімнен қолтаңба аларын білмей қысылып, бірде ұзын үстелдің арғы шетіне, бірде бергі шетіне шығып, именіп батпай жүргенін ақын Мұзафар Әлімбаев байқап қалады.
– Әй, балам, бері кел! – дейді Мұзағаң. – Атың кім?
– Қабай.
– Дабай!
Солай дейді де, әлгі жігітке мынадай қолтаңба жазып беріпті:
«Ұсындым кітап Қабайға,
Бізді де оқып абайла.
Көңілімізді бермейміз,
Өзге түгіл – Абайға».
1956 жылы ақын Қайнекей Жармағамбетов белгілі бір себептермен партиялық сөгіс алып қалады. Арада біраз уақыт өтіп, бірде қалбалақтап асығып көшеде келе жатса, алдынан ақын Мұзафар Әлімбаев кездесе кетеді.
– Қайда асығып барасың? – дейді Мұзағаң.
– Ойбай, атама… Баяғыдағы сөгісімді алдырайын деп обкомға безектеп бара жатырмын, – дейді Қайнекей.
– Ондай болса, қалтаңда ақшаң бар ма, бата берейін, – дейді Мұзағаң.
– Бар! – деп Қайнекей балаша қуанып кетіп, он сомдықты ұсына береді.
Сонда Мұзағаң қолын жайып, көшенің дәл ортасына тізерлеп отыра қалыпты да, сөгіс алған досына былай деп бата беріпті:
Бердім саған батамды,
Кешірсін обком қатаңды.
Қатыныңды жылатып,
Пәмиләңді шулатып,
Көтере берме көрінен
Кәрі аруақ атаңды!
Әумин!
***
Бір жиені үйленіп, Мұзафар Әлімбаев 1977 жылы Павлодар қаласына тойға барады. Ол тойға Мұзағаңның туған жері Маралдыдан да бір топ ағайын-жекжат келеді. Араларында ақынмен бірге оқып, бірге өскен жора-жолдастары да бар екен. Солардың бірі – Қабылқақ деген құрдасы Мұзағаңмен құшақтасып, төс түйістіріп амандасады да:
– Мұскен, сен өзің шашың селдіреп, қартайып қапсың ғой! – дейді таңданғандай болып.
Сонда Мұзаған іркілместен:
Қабылқақ, рас айтасың,
Шашымнан тарақ қалды,
Аузымнан арақ қалды,
Ойыннан картам қалды,
Қойыннан қалқам қалды, – деп өлеңмен жауап беріп, тойға жиналғандарды ду күлкіге батырыпты.
***
Халқымыздың сыршыл ақыны Тұманбай Молдағалиевтың бірде Жапония еліне жолы түсіпті. Сол сапарынан Тұмекең әйеліне сыйлыққа әсем безендірілген, әлеміштеп боялған желпуіш ала келеді.
– Тұмаш, Жапониядан әкелген әлгі желпуішіңді сындырып алдым, – дейді бірде әйелі.
– Сынып қалғаны қалай? – дейді Тұмекең таңданып.
– Білмеймін… Әйтеуір, сынды да қалды.
– Жапондар сынатын дүние жасамаушы еді ғой. Сен онымен қате желпіген шығарсың?
– Қате емес, кәдімгідей былай желпідім, – деп әйелі алақанымен желпіп көрсетеді.
Сонда Тұмекең мырс етіп:
– Жапонияның желпуішімен олай желпімейді. Желпуішті ұстап тұрып, басты шайқайды, – деген екен.
***
Әйгілі музыкатанушы, есімі әлемге танымал профессор Иосиф Исаакович Дубовский (1892-1969) бірер жылға Алматыға келіп, Құрманғазы атындағы консерваторияда дәріс беріпті. Бірде консерваторияның сол кездегі ректоры Құддыс Қожамияровқа жоғарғы жақтан «Шәмші Қалдаяқов, Әбілахат Еспаев, Әсет Бейсеуовтерді оқуға қабылдап, нота үйретіңдер» деген мазмұндағы нұсқау түседі. Ректор халық таланттары нағыз мықтының өзінен дәріс алсын деген оймен, бұл мәселені Дубовскийге тапсырмақ болады. Сонда Иосиф Исаакович ректордың өтінішін сабырмен тыңдап болып:
– Менің Шәмші, Әбілахат, Әсет секілді біртума таланттарды оқытуға өрем жетпейді. Олар бұрынғыдай өз халқынан үйрене берсін. Егер біз оларды теорияның тар шаблонына салып, жұғысып кетсек – әндерінде аңқып тұрған ұлттық бояуды оңдырып аламыз, – деп, нағыз білімдар ақсүйекке жарасатын аталы сөзбен жауап беріпті.
***
Әйгілі партизан-жазушы Қасым Қайсенов бәйбішесі Асыл апамызды он алты жасында алып қашқан екен. Қасекең сол кезде-ақ от алып, ораққа түскен өжет жігіт болса керек. Содан қайын жұртына әне барам, міне барам деп жүргенде соғыс басталып кетеді. Сөйтіп, Қасекең қайын атасының алдынан да өтпей майданға кете барыпты. Соғыста дүркіреп атағы шығып, батыр партизан атанып, екі омырауы орден мен медальға толып, соғысты тәмамдап, аман-есен үйге оралған соң, келіншегі екеуі қайын жұртына жиналады. Бұрынғы тентек күйеуді, кейінгі батыр күйеуді қайын атасы да жақсылап күтіп алады. Құйрығы төңкерілген қазақы ту қойды алдырып:
– Ауылда мал соятын еркек кіндікті қалмады. Күйеу, сен тұрғанда, енді қойды мен соям ба? Бауызда мынаны! – деп қайын атасы Қасымның қолына пышақ ұстатады.
– Құп болады! – деп Қасекең пышақты алады да, қойдың аяғын да байламастан жерге алып ұрып, тізесімен басып тұрып тамағын осып-осып жібереді. Ұят болғанда пышақ өтпейді екен, қарулы қолмен екі рет осқанда кеңірдегін ғана кеседі.
– Мынау пышақ емес, тесе ғой, – дейді де, Қасекең пышақты лақтырып жіберіп, тыпырлап жатқан қойдың басын екі бұрап жұлып алыпты. Батыр күйеуді кызықтауға жиналған бала-шаға, көрші-қолаң оның мына қылығын көргенде у-шу болып қаша жөнеліпті.
Қаперінде дәнеңе жоқ Қасекең:
– Пах, мына қойдың басы пашестің басынан да мықты екен, – деп, алақанын сүртіп, орнынан тұра беріпті.