ШЕР-АҒА және МЕН
«КӘШЕК-МӘШЕК ЖОҚ ПА?»
Құдайға шүкір, Бауыржан Момышұлының, Сағындық Құрманбековтың, Шерхан Мұртазаның жолын қуып, журналист, жазушы болғандарымыздың саны жиырмадан асып жығылады екенбіз, көбіміз Алматыда тұрамыз. Есімдерін бала кезден жаттап өсіп, бойтұмардай сақтап жүрсек те араларымызда Баукеңді, Сәкеңді көргендер саусақпен санарлықтай ғана. Ал Шерағамен 60-тан асқан кезде ғана етене араласа бастадық. Адамның мінез-құлқы туған жер табиғатына ұқсас болып келеді деген шынында рас. Жуалы ауданы Тараз бен Шымкенттің қақ ортасынан ойып тұрып орын алса да, табиғаты, ауа-райы мүлдем басқа. Теңіз деңгейінен 1100 метр биіктікте жатқан қасиетті Жуалының жазы салқын, қысы қатал. Сәуір айының басында Таразда өрік гүлдеп тұрғанда, біздің ауылда қалың қар әлі сіресіп жатады, кейде айналасының берекесін алып, кәдімгі боран соғып, екі аяғыңды бір етікке тығады.
Аудан орталығы – Бауыржан Момышұлы ауылына жақындай берген тұста Теріс деген өзен бар. Өзі Теріс десе теріс, өзге өзендер ылдиға ақса, бұл өзен өршеленіп жоғарыға, Алатауға қарай ағады, жарықтық. Қарап отырсам, қолымызға қалам ұстап жүрген ағайындардың мінездері біртүрлі, көбісі Бауыржан мен Шерхан ағаларына тартып кеткен, шалқайғанға – шалқаяды, еңкейгенге – еңкейеді. Шерағаңның: «Мен қырсықпын десем, сендер менен де өтіп кетесіңдер. Солтүстік Полярдың ақ аюлары сияқты мені көрдіңдер ме дегендей маңғазданып жеке-жеке жүресіңдер. Кейде анау жарықтық Теріс құсап теріс ағып, желге қарсы шаптыратындарыңа таң қаламын» деуінде үлкен шындық бар.
Бірде жергілікті ақын Мырзахан Ахметовтың елу жасқа толу мерейтойына орай, шығармашылық кеш өтетін болып, Шерағамен бірге жолға шықтық. Ағамыз басшы, қосшылар қатарына мен, Толымбек, Қасым – үшеуміз жатамыз. Елге келе жатқандықтан болу керек, ағамыздың көңілі көтеріңкі, жайшылықта шешіле бермейтін үлкен қаламгер көңіл тұщытар әңгіме айтып келеді, әдемі әзілдері де жарасымды. Күздің қабағы түсіп кеткен ауа райын Шәкеңнің бүгінгі жайдары мінезі жуып-шайып жібергендей.
Жүрек жалғап алайық деген оймен Күйік асуына кіре берістегі дәмханаға бұрылғанымызда, кафе меңгерушісі Шәкеңді танып қалып, қалбалақтап, жаны қалмады. Біздің қарсы болғанымызға қарамастан, лезде дастархан жайып, жайнатып жіберді. Мырзаханның шығармашылық кеші өткенше ішіміз шұрылдайтын еді, жүз-жүз грамм коньяк ішіп, қуырдақ жеп, адам болып қалдық. Шерағаң да, біз де кафенің меңгерушісі – сұлу келіншектің өзіне, пейіліне риза болып, көлікке көңілді отырдық. Күйік асуынан асқан соң, осы отырған бәріміздің атамекеніміз – қасиетті Жуалы басталады. Бүгінгі сапарға көңілі тоқ Шерағаң ыңылдап татар әнін айтып келеді. Әне-міне дегенше, аудан орталығы – Бауыржан Момышұлы ауылына жете берістегі тауға қарай өршелене ағып жатқан Теріс өзеніне де жеттік.
– Шырағым, – деді Шераға жанындағы жүргізушіге бұрылып – мәшинеңді тоқтатшы, мына жарықтық – Теріс өзеніне сәлем берейік.
Жүрдек «Мерседесті» тоқтатып тысқа шыққанымызда, Шақпақтың желі екілене соғып тұр екен. Анау-мынау емес, адамның өзін ұшырып жіберуге қауқары жететін долы жел Шерағаның басынан бір тастамайтын үлкен қара қалпағын ұшырып кетті. Шерағаң бізге қарайды, біз ең кішіміз Толымбекке: «Үйдің кішісі болғанша, иттің күшігі болғаның дұрыс. Неғып тұрсың, жүгір!» – дегендей қарап тұрмыз. Шегінетін жер жоқ екенін түсінген Толымбек қаңбақтай болып, ұшып бара жатқан қалпақтың артынан далбалақтап жүгіре жөнелді.
– Доқтырхан, – дейді Шераға аяқ асты айырылып қалған қалпағынан көз алмай, – мына жалаңаяқтарға қарағанда сенің аузы-мұрның май дейді ғой, егер Толымбек қалпағымды ұстай алмаса, жаңасын алып бересің.
– Сізден аяғанды ит жесін, Шераға! Біреу емес, екеуін алып беремін.
Абырой болғанда, ұзын сирақ Толымбек үлкен қара қалпақты қуып жетіп, алтын көргендей бас салды…
Мырзаханның кеші көңілді өтіп, арты тойға ұласты. Ертесіне Ермек Үсенбаев бастаған аудан басшылары осыдан біраз жыл бұрын Шерхан Мұртазаның 60 жылдық мерейтойы дүркіреп өткен пионер лагерінің маңындағы табиғаты әсем жерге үй тігіп, бізді жақсылап тұрып күтті. Сол күні қазан айы ортадан ауса да, жаймашуақ болып тұрды. Кеңінен жайылған дастархан басында құс сүтінен басқаның бәрі бар. Ауыл адамдарының бізге деген көңілдері ерекше, зыр жүгіріп қызмет етіп жүрген әдемі қыз-келіншектерге көз тояды. Отырыс кезінде ән қалықтап, күй күмбірлеп, айналамыз ажарлана түскендей.
Көңілді кеш түннің біраз уақытына дейін созылып, осында түнейтін болдық. Ол кезде тепсе темір үзетін кезіміз. Қасым, Толымбек үшеуміздің көзіміз әдемі қыз-келіншектерде…
Шерағаң бастап, бой жазу үшін жасанды көлдің жағасына бет алдық.
– Әй, Доқтырхан, – деді Шерағаң шегіп тұрған темекісінің тұқылын шертіп – өздерің жас жоңышқаны жей бересіңдер ме, мен сияқты кәрі-құртаңға кәшек-мәшек жоқ па?
Шерағаңның әдемі әзіліне ду күлдік…
ЖУАЛЫНЫҢ «ПАВЛИК МОРОЗОВЫ»
Мектепте тәп-тәуір-ақ оқып жүргенмін. Бір күні әкем аяқ асты бұзылып, мені оқудан шығарып алды да, көзімді бақырайтып қой бақтырып қойды. Шаруашылықтың қойы болса жөні басқа, жайған бір совхоздың орталық көшесінің жекеменшік қойын бағамын. Таңертең бала біткен мектепке бара жатса, мен бір отар қойды шұбатып өріске қарай айдап бара жатамын. Кішкентай кезімде ептеп сотқарлығым бар еді, тізем сәл батыңқырап кеткен жүгермектер «Доқтырхан пастух, Доқтырхан пастух!» – деп келеке-мазақ етіп, өштерін алатын болып жүр.
Мектепте сабақты ілініп-салынып нашар оқитын балаларды мұғалім біткен: «Сабақтарыңды жөндеп оқымасаңдар, анау Доқтырхан сияқты қой соңында жүретін боласыңдар», – деп көздерін шетінен шұқиды екен.
Алпысыншы жылдардың басында «Лениншіл жастың» атағы дүркіреп, тасы өрге домалап тұрды емес пе! Газетке шығатын мақала шетінен мықты, алуан-алуан тақырыптарды көтеріп, шаңын қағып-қағып алады. Қойшы бала болсам да, газеттің бірде-бір санын босқа жібермей, жата кеп жабысып оқимын.
Бір күні қой соңында жүріп, өзімнен-өзім қиялданып, бесіктен белім шықпай жатып, әкемнің мал соңына салпақтатып салып қойғанына өкпелеп, ойымның бәрін ақ қағазға түсірдім де, «Лениншіл жасқа» жолдап жібердім.
Бұлай болады деп кім ойлаған, арада бір ай өтпей жатып «Менің оқығым келеді» деген етектей мақалам жарқ ете қалды. Газет жарықтықтың өзі бір күндік те, сөзі мың күндік қой. Құдай салмасын, біздің ауыл – ауыл болғалы бері дәл осындай дүрлікпеген болар. Менің адресіме Қазақстанның түкпір-түкпірінен хат атаулы қарша борады. Хат жазғыштардың бәрі: «Доқтырхан! Адам бол, қойды таста. Үйіңнен тентіреп қашып кетсең де – оқы!», – деп шеттерінен ақыл айтуға шебер. Ол аз болғандай, шағын ауылымызға комиссия біткен қара қытайша қаптап кетті. Бір күні совхоздың бір топ соғыс ардагері келіп, әкемді қыспаққа алып, өздерінше «бюроға» салды.
– Әй, Тұрлыбек, ай жарық, күн аманда саған не болды? Оқимын, адам боламын деп жұлынып тұрған балаңды неге оқытпайсың? Әлде сен феодализмнің қалдығы болайын дедің бе? Біз фашист суолыштарымен осылардың болашағы үшін соғыстық емес пе? Бір қолыңнан айрылсаң да, осыны түсінбейсің бе? Баланы қой бақтырып қоюға саған кім право берді? Онсыз да қайда қашып тығыларын білмей отырған әкем қатты сасқалақтап, маңдайынан шыққан қара терді сүрткіштей берді…
Мен көп ұзамай мектепке қайтадан бара бастадым.
Кейін білдім, сол кездегі «Лениншіл жастың» мүйізі қарағайдай Бас редакторы Шерхан Мұртаза ағамыз екен.
Пешенеме жазғаны осы болар, бүгінде өзім де журналист болып, Құдай бұйырған несібемді теріп жеп жүрмін. Атыңнан айналайын Жуалының перзенттері болғандықтан, Шерағаңмен сирек болса да араласып, кейде ағалы-інілі болып, жарасымды қалжыңдасып қоятынымыз да бар.
Ұлы ақын Жамбыл – жәкеміздің 150 жылдығында жуалылықтар да түндігін желкілдетіп, үкісін үлпілдетіп, алты қанат ақ боз үй тікті. Ел жақтан келген ағайындарға сәлем берейін деп Жуалының үйіне кірсем, оншақты қаламгер інілерінің ортасында төредей болып Шерхан Мұртаза отыр екен. Аудан әкімі Ермек Үсенбаев, орынбасары Естемес Аманбеков ағамыз да осында.
– Кімді айтса, сол келеді деген осы. Міне, Жуалының Павлик Морозовы да келіп қалды, – дейді Шерағаң маған күле қарап.
Мән-жайды білетін жігіттер ду күлісті.
«МЫНА ДИЮДЫ ҚАЛАЙША НОҚТАЛАП ЖҮРСІҢ?»
Көптеген шығармашылық ұжымдармен салыстырғанда, Қазақ теледидарында демократия басымдау, сынға жол ашық, ойыңды, пікіріңді еш іркілмей, ашық айтасың. Бірақ «Бояушы, бояушы десе, сақалын бояйды» демекші, арамызда сынаған деген осы екен деп, босқа айқайлап, елді әбден ығыр еткен «батырлар» да болды. Солардың бірі – Аманғали Дайрабаев. Менімен құрдас, батыр тұлғалы редактор анау-мынау шикі өкпе емес, өмір көрген жігіт. Қазақ университетіне кештеу түсті. Тұңғыш ұлы 1-сыныпты оқып жүргенде Дайрабаев І курс студенті атанды. Кеш болса да оқуын бітіріп, Қазақ теледидарында қатардағы редактордың бірі болып қызмет атқарып жатқан жайы бар. Дайрабаевтың мінезі қызық, нағыз ұр да жықтың өзі. Ішінде түрткіштейтін шайтаны бар ма, біреуге тиісіп, сөзбен қағытып жүрмесе іші ауырады. Әсіресе, аптасына бір рет болатын шығармашылық лездеме кезінде бүйректен сирақ шығарып, айқайлайды да отырады. Кейде өзінің неге айқайлап отырғанын түсінбейді. Айтсаң, екі көзі адырайып, екіленіп шыға келеді. Айбатынан арыстанның өзі қорқатын Шерағаң бір-екі рет ескертпе жасап еді, қарсы сөз айтып, өзінше «батыр» болды. Құрдасым деп бір рет шақырып алып сөйлесіп көріп едім: «Енді сен аузыма қақпақ қоймақшысың ба?» – деп ежірейді.
Бірде қызмет орнымнан кеш шығып, төмен түспек болып, лифтіге бет алып едім, ұзын дәлізде қарсы алдымнан Нұрғали Өтежанов, Тынышбай Рахимов ұшыраса кетті. Жандарында – дәу қара Дайрабаев. Байқаймын, үшеуі де сәл қызулау.
– Кімді айтсаң, алдыңнан сол шығады, – деді Дайрабаев маған тиісіп. – Шерханның мына інісін оңашада қысып алсақ қайтеді?
– Сабап кетсек те ешкім көрмейді, – деді Тынышбай күлген болып.
Ойыннан от шығып кетпесін деп, Өтежанов біресе маған, біресе екі серігіне қарайды.
Әкем қатты ашуланғанда «Мынаның құйрығына пістенің майын қайнатып құйсаң да адам болмайды» деуші еді. Дайрабаевтың жағдайы белгілі, айт, айтпа, оған сөз өтпейді. Қараптан-қарап тұрып, инелік сияқты Тынышбайға ызам келіп, қатты ашуландым. Жақсы, жаман болсын, жерлес деген атымыз бар. Оның үстіне, бұл Тынышбай мырза – Шерхан Мұртазаның талай-талай жақсылығын көрген адам.
– Әй, Дайрабаев, – дедім – ұрынатын ешкім таба алмай жүрсең, анау қазандай басыңмен қабырғаны соққыла. Ауыз менікі деп, Тынышбай екеуің тілдеріңді босқа безей бермеңдер.
– Ей, Шерханның інісі! Қабырғаны соғатын мен жынды емеспін! Онан да сені соқпаймын ба? – деді қара дәу екіленіп.
Сонау, 1970 жылдары Киевте әскер қатарында жүргенде белгілі каратэ шеберімен жолдас болғаным бар. Грузин жігіті керегі болады деп жанды жерден ұрып талдыратын екі-үш әдісті үйреткен еді. Шынында да, өмірімде әртүрлі жағдайлар болып, әлгі әдістерді сирек болса да қолдануға тура келеді. Көзі аларып, маған тұра ұмтылып, жағама жармасқан Дайрабаевты шынтағыммен қатты соғып қалдым. Жаңа ғана Сырдың суы сирағынан келмей тұрған Аманғали кескен теректей сұлап түсті.
– Әй, инелік, енді сенің кезегің келді, – деп Тынышбайға ұмтылып едім, ол тұра қашты. «Жығылған күреске тоймайды» демекші, есін жиған Дайрабаев «Ой, әкеңнің…» деп ұмтылып еді, тағы да «жайратып» тастауға тура келді. Өтежанов екі көзі атыздай болып, біресе маған қарайды, біресе тыпыршып жатқан інісіне қарайды. Дайрабаев екі-үш минуттан соң есін жиды. Баяғы қарқыны жоқ, жүні жығылып қалған, қиралаңдап орнынан тұрып жатты.
– Дайрабаев, – дедім – осы тойғаныңмен үйіңе қайқай, бұдан былай лездемеде орынсыз айқайлайтын болсаң, дәл бүгінгідей жөнсіз сүйкеніп, тіліңді безейтін болсаң, менен жиі-жиі таяқ жейтін боласың, түсіндің бе?
– Кеттік, кеттік, – деп, Өтежанов әлі есеңгіреп тұрған Дайрабаевты сүйрей жөнелді.
Бұл жұма күні болатын. Дүйсенбі күні әдеттегідей лездеме болды. «Ауру қалса да, әдет қалмайды» демекші, Дайрабаев біреуге реплика тастай беріп еді, «Әй, Дайрабаев, әркімге бір соқтықпай тыныш отыр!», – деп айқай салып едім, ол жым болып, лездеме біткенше үні шықпады.
– Доқтырхан! – деді, жанымда отырған Шерхан Мұртаза таң қалып. – Мына диюды қалайша ноқталап жүрсің? Адам айтса нанбайтын оқиға ғой бұл!
«ЖАСАРЫП КЕТІПТІ…»
Адам адамға ұқсай береді емес пе, көп адам маған «Шерхан Мұртазаға ұқсайды екенсің» деп жатады. Сыртқы түр-түсімнің, тұлғамның ұқсайтындығын өзім де іштей сеземін. Әсіресе, қас-қабағым, едірейген мұртым Шәкеңе қатты ұқсайды.
Ауылымыз да көршілес: бұрынғы Алматы – Ташкент, қазіргі Батыс Қытай – Батыс Еуропа деп аталатын үлкен жолдың екі шетінде орналасқан. Шәкең – бұрынғы Ленин атындағы колхоздың, ал мен болсам, Карл Маркс атындағы колхоздың тумасымын. Жуалының кемпірлері айтпақшы, Шерхан – Лениннің баласы, осы жолдардың авторы, яғни мен Карл Маркстың баласы болып келемін.
Осыдан 5-6 жыл бұрын бір деректі фильм түсіре қоймақ болып, кинооператор баланы жаныма жетектеп, шырайлы Шымкентке бара қалдым. Жұмысымызды бітірген соң, кейіпкерлеріміз Шымкенттің келістіріп салған бір мейрамханасына алып барды. Кіре берісте бізді орта жастардағы екі жігіт ағасы жандары қалмай қалбалақтап қарсы алды. Байқаймын, маған деген көңіл-ықыластары ерекше, жағдайымды, денсаулығымды сұрап, жалпақтап жатыр. «Қош келіпсіз, жоғары шығыңыз, құрметті қонағымыз болыңыз!» деп, екеуі де асты-үстіме түсіп, бәйек болды да қалды. «Ойпырмай, мені де біраз ел таниды екен-ау! Қалай ғана білмей жүргенмін, беделім халық арасында әжептәуір екен» деп, өз-өзіме кәдімгідей риза болып, төбем көкке сәл-ақ жетпей қалды.
– Кешіріңіз, – деді кейіпкерімнің бірі әңгімеге араласып, – бұл кісі менің қонағым еді, түстікке біз шақырған едік.
– Айналайын, байқаймын, сендер бөтен емес, өзіміздің Шымқаланың жігітісіңдер. Ал, мына кісі бізге күнде келе бермейді, – деді мейрамхана иесі – бүгін бәріңіз біздің қадірлі мейманымыз боласыздар. Ешкімді ешқайда жібермеймін.
Әлгі екеуі қоярда-қоймай бәрімізді төрге отырғызып, ұлттық киім киген әдемі қыз-келіншектер зыр жүгіріп, лезде-ақ дастарханды шымкентше жайнатып тастады. Мен қолымды жумақ болып, әжетханаға бет алдым. Екі қолымды сабындап жуып жатқанда, залда жүрген даяшы екі келіншектің әңгімесін құлағым еріксіз шалып қалды.
– Мына кісіні таныдың ба? – деді бір келіншек.
– Танығанда қандай! Атынан ат үркетін Шерхан Мұртаза ағамыз ғой, – деді екінші келіншек.
– Байқадың ба, ағамыз керемет жасарып кетіпті…
– Сен естімеген екенсің ғой, ағамыздың әйелі қайтыс болып, жас әйел алыпты. Өзі жас, айдай сұлу болса керек.
– Бәсе, бәсе жасарып жүргені содан екен ғой ағамыздың… Қутыңдап тұр өзі, шалың бәле…
Мен мән-жайға енді қанығып, әжетхана ішін басыма көтере, қарқылдап күліп кеп күлді-ау.
Доқтырхан Тұрлыбек,
жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты