Ақын аты ұлықталды
26 қыркүйек күні Қазақстан Жазушылар одағының «Әдебиетшілер үйінде» ақын Қабдыкәрім Ыдырысовтың туғанына 90 жыл толуына арналған мерейтойлық еске алу кеші өтті.
Алғашқы сөз кезегін алған Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет: «Қабдыкәрім ағамыздың өрлеуіне, өсуіне бойындағы алапат таланты, тілге шешендігі, адамгершілік болмысы себеп болды. Батырлар жырын жатқа айтып, домбыра тартып, жұртты таңдандырып жүретін талант еді», – деп еске алып, ақынның артында қалған тұяғы – Бағлан Қабдыкәрімұлының иығына шапан жапты.
Ақынның замандасы, сықақшы Мыңбай Рәш бірге жүрген қимас күндерінен қызықты естеліктер айтып, сағынышты сырларын ортаға салды.
Бұдан соң қаламгердің адами қасиеттері мен қазақ әдебиетіне сіңірген еңбегі туралы ізбасарлары Исраил Сапарбай, Сұлтанәлі Балғабаев, Жұмат Тілеповтер тағылымды әңгіме қозғады. Кешке ақын ұрпақтары қатысып, әкелері жайлы естеліктер айтты.
Қазақ еліне кең тараған ақынның сөзіне жазылған әндерді Қазақстанның Халық артисі Нұрғали Нүсіпжанов, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Меруерт Түсіпбаева және т.б. әншілер орындады. Естеріңізге сала кетейік, Қабдыкәрім Ыдырысов – Әбілахат Есбаевтың әйгілі «Достар-достар, жүрсің қайда?» әнінің мәтінін жазған ақын.
Небәрі елу жыл ғана ғұмыр кешіп, артына өшпес мұра қалдырған ақын тойы туған жерінде жалғасын табары сөзсіз.