Бала жанының бағбаны
03.09.2015
3328
0
727610_1807352120______________________________________1_(Жазушы Толымбек Әбдірайым туралы)

Отиярдың оты

Ол өзінің бала жанын баптайтын бағбан болатынын бала кезінде білген жоқ. Бірақ…
Бірақ бәрі де сол Отиярдың оты көкейіне шоқ тастаған шағын ауылдан басталып еді. Қарт Тарбағатай тауларының Отияр атты оты мол жерінде жарық дүние есігін ашып, ару Аягөздің тұнық суын ішіп, жұпар ауасын жұтқан Толымбек Әбдірайым балалық шағы бұлтсыз болыпты. Сол бір кеңес кезеңінің ба­ласына тән алаңсыз күндерді бастан ке­ш­іп, уайымсыз уақыттың ұрпағы болғаны анық.
Бәлкім, кейін қолына қалам ұстамасқа қа­қысы жоқ күндер оның ой-санасын тер­бе­ген сәтте балалар өмірі баурап ала жө­не­летіні де содан шығар…
Сыңар аяқпен соғыстан мүгедек боп ора­лып, Сарқыт анасымен шаңырақ көтеріп, се­гіз баласына сыңаржақ өмірде сыңар тағ­дыр ауырлығын түсірмей, бәрін де азамат қып жеткізген қайсар әке Сыл­дыр­бай­дың тәрбиесі бала Толымбекке бір төбе… Қайсар да қайратты әке тұрпаты әлі күнге көз алдында өшпес бейне болып қалып қой­ғаны да бір ғанибет! Өмір бойы бұған асыл рухымен қуат құйып келе жатқаны да шындық.
Ол – сыңар аяқпен жүріп соғыстан кейін де қырық жылдан астам күн кешкен, Отияр­дың отын сөндірмей өткен жандардың бі­рі…
Тарлан Тарбағатайдың ертегідей сұлу Отияр жерінде балалық бал күндерін кешкен Толымбек көңілі жай, сезімге бай боп өс­кені ақиқат. Ауылды басып өтетін асау Аягөздің арнасы кең, иірімі терең жағасында асыр салып, ұзақты күн мөлдір суына шо­мы­лып, қызыл қанат алабұғасы мен қара қанат қара балығын аулайтын. Одан қалса, жапсарлас жатқан Ақтас пен Ақтүбектің бүл­діргені мен тошаласын теріп, қарақатын сауып кететін. Ақтас тауының жақпар-жақ­пар жартас беттерінен айқұш-ұйқыш бедерленген түрлі таңбалар – петроглифтерге таң-тамаша қалып, алты қанат ақ ордадай алып үңгіріне еніп, шаңырақтай төбесіндегі тесіктен құйылған күн сәулесіне елітіп, тұмса табиғаттың аясында тау баласы болып қыдырып жүретін.
Ал Ақтастың жалды желкесіне көте­ріл­генде Ыбырайым атасынан тараған үлкен әу­леті жатқан қорымды сай көзіне оттай ба­сылатын… Ол жерде бастау бар. Суы мұз­дай. Ішсең бірақ жұмсақ. Суықтығы да се­зілмейді. Кейде сонда барып шөлін де ба­са­тын. Әулеттерінің шөлін басып, сусынын қандырып жатқан осынау бастау Толымбекке әлі күнге ыстық.
Арқада жүрсе де арқардай аңсайды сол күн­дерді!..
Отиярдың суы ғой. Отиярдың бұлағы ғой мұны ғұмыр бойы сусындатып келе жат­қан…
Осы Отияр бұлақтан Толымбек нәр ал­ған. Осы бастаудан бала Толымбектің аң­са­ры алдағы жұмақтай көрінетін жұмбақ өмір­ге ауған.
Бүгінде оның ойына Отиярдағы әкесінің шар шаңырағы орала береді. Бір ұяда шү­пір­леген сегіз балапандай бір үйдегі он адам көз алдына келеді. Қандай ыстық еді сол күндер… Қимас күндер. Кең дүниені қиял­мен кезген симас күндер.
Қысы қатты – ақтүтек боран мен ақшұ­нақ аязды Отиярдың суық мұрын кешінде сыңар аяқ әкенің қасында отырып, білте шамның жарығымен кітап оқитын. Сыңар аяқ­пен кеңшардың күйбең жұмысының басын қайырып келіп, анасының дәмді асын ішкесін көңілі жайланатын, мүгедекпін деп өмірінде ешкімге шағынбаған әке: «Толымбек, – дейтін жай ғана, – жақын отыр. Менің Сапарғали ағамның өлеңін оқышы!».
«Ағам» дейтін де жөні бар. Ақымбеттей ата­лас рудан шыққан халық ақыны, жар­малық Сапарғали Әлімбетовтың кітабын бұл судыратып оқи жөнелетін. Екінші сыныптан бастап оқып келе жатқан кітаптың мұқабасы тозып, парақтары жұқарып, жыртылуға жақын. Жиі-жиі оқығаннан көп жерін бала Толымбек жаттап та алған еді.
Қазір менің айтпағым – бір ескілік,
Ел аузына тараған көп естіліп.
Басында өз әкемнен ұққан сөзім,
Бес-алтыда жүргенде мен ес біліп.
Менің әкем сарабдал, ұғымды адам,
Малы тапшы, қолы ашық, шығымды адам.
Не ұрлық, не өтірік айтпай-тұғын,
Қарындасқа қадірлі, жұғымды адам… – деп басталатын «Мейір батыр» атты поэма­ның бастапқы екі шумағы санасында әлі күн­ге дейін сайрап тұр.
Сәби күнінен ән салуға үйір, музыкаға құш­тар боп өскен баласын жақсы білетін әкесі өлеңді де бұған жиі оқытушы еді. Сы­ғы­райған ондық шамның жарығы болымсыз сәуле шашады. Ал алыс Отиярға «Ильич шамы» алпысыншы жылдардың бел ортасы болса да жетпеген. Бұл бар ынта-жігерімен жырды заулата оқитын. Құлақтарын қоян­дай түріп, ұйып тыңдап қалатын әке-шешесі мен әпке, аға-інілері. Алакөлеңке үй іші құ­лаққа ұрған танадай тына қалатын. Олар­дың көз алдарына Мейір батырдың асқан батыр бейнесі мен ел үшін істеген ерлігі келетін… Поэма сөздері шиыршық атып, шиырып әке­­тіп, бәрінің де көңіл-күйін әлдилеп алатын.
Мейір батыр – тыңдарманға Толымбек сияқты елестейді… Жыршы Толымбек те оқи­ға желісіне елтіп алатын. Елтіткен – ақын сөзі, ақын дауысы, батыр үні.
Бала Толымбектің сөз өнеріне деген құш­тарлығын, сөз сиқырына деген ға­шық­тығын оятып жіберген де сол әкесі оқытқан өлең­нің күш-қуаты десек, қателесе қоймас­пыз. Толымбек санасындағы сөз құдіретіне деген саңылауды балалық шағындағы сол бір Сапарғали Әлімбетовтың поэмасы оятып кеткені ақиқат.
…Кейінірек Отияр ауылы біржолата жабылып, ел Қарағаш кеңшарына көшті. Иен жұртта жалғыз ғана кейуана кемпір қал­ды. Сол ғана Отияр ошағының отын өшір­­мей отырды. Ол бірақ басқа әңгіме… Төкең «Оралу» атты повесінде Отиярдағы сол бір жападан жалғыз қалып, ел көшіп кет­кен сары жұртта ғұмыр кешкен кейуа­наға қайтып оралады.
Балалық шақта көңіл деген көк дөнен ғой. Әнші болсам деп те армандады. Жап-жақ­сы дауысы бар. Мектеп сах­на­сына жиі шы­ғып ән де шыр­қайтын. Бірақ сөзге, әде­­биетке, жазуға деген құштарлық жеңіп кете берді. Неге?.. Өзі де түсінбейтін.
Сол жылдары қазақ ба­лаларының бәрі әрбір санын асыға тосатын, әрбір санынан рухани азық алып, кере­гін іздейтін «Балдыр­ған» журналына ел аузынан алған, небәрі екі жолдан тұратын жұмбағы жарияланды. «Бір қа­занның ішінде, екі түрлі сүт тұрар». Жауа­бы – жұ­мырт­­қа.
«Балдырған» осылайша бұған бедел әкел­ді. Көп ұзамай мектептегі қабырға га­зетінің редакторы алтыншы сыныпта оқи­тын сотқар Мұратхан туралы өлең шығарып бер деп қолқалады. Алғашында ынтасы бол­май, қыр соңынан қалмаған соң, та­қылдаған тақпақ құрастырды:
Тегінбаев Мұратхан,
Қыздарды шалып құлатқан.
Ұлдарды ұрып жылатқан…
Неге біздің Мұраттың,
Аты кетпейді құлақтан?!
Осы бір шалдуар бала туралы шалт етпе сөз құрасы оны мектепте «ақын бала» атандырды. «Әншілікті» қойып, жатса-тұрса жазушы болуды армандады.
Балалық арман ауыл баласы То­лым­бекті алысқа жетеледі… Бала ке­зінен балалық сезімге бай, балалық өмірдің ұңғыл-шұңғыл те­реңін сезінген оны өмірдің өзі бұл­жы­мас балалар жазушысы етті.
Ол бірақ туған топырағы Отиярды әлі күнге түсінде көреді. Әлі күнге сұлу өңір суреті түсіне кіреді. Ертегідей Отияр көз алдына елестеп, жанарына ыс­тық жас үйі­ріл­теді. Отиярдың оты көкі­ре­гін­де қоздап, жан-жү­регін қыз­уы­­мен шарпып, көңі­­лінде алау­лай жанады. Отияр оты өл-өлгенше өшпесі ақи­қат.
Отияр оты –көкірегіне қуат, Отияр бұлағы – санасына суат.

Бала жанын баптаған

Отияр оты оны жансебіл жазушылық жолға салды…
Бастауы бал, майсасы май Отиярдай оты мол жер жа­ннаты Толымбек жазушыны үне­мі шабыттандырып келе­­ді. Күні бүгінге дейін Отияр де­­се, жүрек оты маздап, кө­ңіл шоғы қоздап жөнелері шын­дық.
Отиярдан от алған Толым­бек балалық шақтағы балауса сезімін суытқан жоқ. Біз­дің көбіміз балалар тақырыбына тасырқаған тағасыз аттай бара алмаймыз. Өйткені, тә­німіз балғын, жанымыз жалын, сезіміміз мөл­дір, жүрегіміз кіршіксіз, санамыз се­зім­тал балалық балдырған күндерімізді жо­ғал­тып, қарасуық күннің қара тасындай бү­кіл болмысымызды суытып, қоғам мен адам, тағдыр мен өмір ызғарына ұрынған жанымызды балалық күніміздегідей кіршік­сіз күйге түсіре алмай, тазарта алмай қал­ған жан­дармыз… Балалық сәулелі әсер­ле­рі­мізді алыстатып алғанбыз. Балғын шақ­тағы ба­л­дырсыз күндерімізді қашыртып, бо­қы­раудың бозқырау күндерін басымызға қон­дырған пенделерміз.
Ал Толымбек пендешілік өмір талқысын тәрк етіп, өзінің балалық таза болмысын сақ­­тап қалған жан. Сондықтан да баланың ойымен, сәбидің сезімімен, аңқау да адал ба­лалық тілмен шығарма жазады. Оның әр шығармасынан абзал бала кейіпкер аң­қылдап алдыңнан шығып отырады.
Содан болар, әдебиетіміздің ақсақалы Әбіш Кекілбай: «…Тарихтың әр батырдың әр шайқасының жай-жапсарын бажайлай баян­дағаны сияқты әр кейіпкердің әр туын­ды­­сының да егжей-тегжейіне емірене үңіле бі­л­гені лазым екен» деген Толымбек шығар­масы туралы толғанысында терең мән бар.
Бала жан дүниесі жайында жазуды көп­теген қаламгер армандайды, бірақ ой­да­ғыдай шықпайтынына күмәнданып, осы бір өлмес-өшпес тақырыпқа тыңнан түрен сала алмасын сезіп, тайсақтай беретіні кәміл. Ал бала ақыл-ойымен, бала сезімімен селкеу­сіз дөп түсетін жазушы сирек. Осындай жазу­­шының бірі – біздің Төкең – Толымбек Әб­дірайым.
Ол қолына қалам алғалы өзі таңдап ал­ған, шындығында, жазушылықпен «ауы­р­ған» жан-дүниесі қалап алған тақырыптан табан аудармай еңбек етіп келеді. Оның шағын-шағын әңгімелері мен көлемді по­вестерін балалар атты қалың оқырман – иә, нағыз қалың оқырман балалар ғой, – мі­не, сол бір таза тұмадай құмар сезімді мол қауым қуана-қуана оқып келеді.
Оған өз басым куә. Қай мектепке бара қал­саң да, қарсы алдыңнан өріп шыққан бүл­діршіндер Төкеңді көргенде, жамырай қар­сы алып, жалпылдай әңгімелесіп, шы­ғармалары туралы, шығармашылығы жа­йын­да ұзақ-сонар сөз қозғауға ойысып жа­­тады. Бәлкім, бала жанын бағалаған, ба­­ла жанының бағбаны болған жазушы бақыты деген де осы шығар.
Қалам ұстаған қауымның көбісіне мұн­дай бақ бұйырмай келе жатқаны да ақиқат қой…
Ал бүгінгідей адам өзгерген, адаммен бір­ге қоғам өзгерген кезеңде балалар тағ­дыры мен бала сана-сезімі туралы қалам тербеу нағыз жазушы болмаса, кез келген қаламгердің қолынан сәтті дүние туа бер­месі белгілі. Бала жанының құпиясын ақ­тара білу қай кезде де оңай болған емес. Ал алмағайып қоғам көлеңкесінде көрінбей қалған балалар жан дүниесінің жігін айыру талантты жазушының ғана маңдайына бұйырары белгілі.
Міне, осындай сәтті жазылған шығар­ма­ның бірі, бәлкім бірегейі – «Тұнжыр» атты повесть. Толымбек Әбдірайымның қазіргі қоғамда күн кешкен «кішкентай» адамның тағдыр-талайы туралы қозғаған шығарм­а­сын оқығанда, әйгілі Әуезовтің «Жетім» әңгімесі ойға оралады.
Сол бір сұрқай заманда адамдардың әді­летсіздігінен, үлкендердің мейірімсіз­дігінен мерт болатын бала тағдыры мен То­лымбек повесіндегі Рауан атты баланың бұралаң өмір жолы, өмір үшін күресетін жетімдік талайы желілес. Әлбетте, Төкең кейіпкері – қазіргі қоғамдағы қазақ халқы­ның өзгерген, кері кеткен десек те артық емес, қатыгездікке бейім кейіп-кеспірін ашатын бейне… Бұл бейне оқырманды ойға қалдырары, қоғам ойсыздығын бетке басары анық. Тұнық емес, тұнжыр өмір суреті сұстылығымен тіксінтеді.
Бұл туынды жазушының соңғы жылдары жазған сәтті шығармаларының бірі. «Тұн­жыр» – қазіргі қатігез қоғамның, қайы­рым­сыз адамның айнасы іспеттес. Анадан жетім қалып, шайпау өгей шешенің шет­қақ­пай тәрбиесіне көндіге алмай, өгей шешенің айтқанынан шыға алмайтын ынжықтау әке­сінің мінезінен жалыққан Рауан ақыры үйі­нен қашып, қала кезіп, Астана көшесін қы­дырып кетеді. Дала мен биік үйдің жер-
тө­лесіне түнеп, қайыр сұрап, ұрлыққа да барып, кезбе атанған аяулы жастың аяусыз өмірі ащы шындығымен ашылады…
Бармақтай әңгімелерімен-ақ бала жанын баптаған Толымбек – балалар туралы жазатын нағыз шынайы суреткер. Оның әң­гіме, повестері балаларға ұнайтыны да сол шындығында, өйткені бала оқырманды алдай алмайсың. Шығарма шыншыл болмаса, бала оқырман оқымайды, тастай са­лады. Ол өтірікке оңайшылықпен сен­бейді. Баланы сендіру үшін, өзің сенуің керек. Шығарма шырайы – бала көңіл, бала қиял армандаған шындықта.
Көрнекті ғалым Серік Негимов: «Толымбек әсілі аз жазса да, саз жазады. Еш уа­қыт­та асықпайды… балаларға арналған әң­гі­мелері оймақтай. Оюлы, сырлы, мағы­налы һәм мазмұнды. Балалардың жанын керемет түсінеді. Кәдімгі Ыбырай Алтынса­риннің алақандай әңгімелері бар ғой, сол сияқты. Ал Алтынсариннің бір әңгімесі бір ро­манның жүгін көтеріп тұрса, Толымбек те осы ұлы дәстүрді ары қарай жалғастырған» деп ой түйеді.
Жүздің үстінде балаларға арнап әңгіме жазған жазушы – балалардың сүйікті су­рет­кері. Оның осы әңгімелерінің бәрі дерлік «Ұлан», «Балдырған», «Дружные ребята» ба­сы­лымдарында жарық көріп, жас оқырман ықыласына ие болған. Оған дәлел – Арқа­дан Қаратауға дейінгі мектептер Төкеңді кездесу кешіне өздері шақырып, өздері мереке ұйымдастырып жататыны. Ал қазір қандай ірі жазушылар осындай құрметке ие болып жүр. Некен-саяқ.
Толымбектің «Ұлжанның жеңісі» дейтін шағын әңгімесі бар. Бастауыш сыныпта оқып жүрген Ұлжанға көршісі болып келетін, бірақ қазақ сыныбында оқитын құрбысы Тұрсынгүл: «Мен бүгін сенімен қайтпаймын» дейді үйге қайтпайтынын білдіріп. Сөйтсе, қазақ сыныбындағы құрбысы тәуелсіздік мерекесіне арнап қойылатын концертке дайындалады екен. Ұлжан да қатысқысы келеді. Сонда Ләзиза деген қыз: «Болмайды, – деп кесіп айтады. – Біз тек қазақ ті­лін­дегі әндерді орындаймыз. Ал сенің қа­зақ­шаң нашар! Өзің қазақ бола тұрып, орыс сыныбында оқисың!» деп бетіне басады.
Жыларман боп, намыстанып үйіне жеткен Ұлжан әке-шешесіне келіп: «Мен бәрібір қазақ сыныбына ауысамын» деп, орыс сыныбына берген ата-анасын ұялтып, ақыры комиссия құрғызып, қазақша сыныпқа ауысып, мерекелік кеште тәуелсіздік туралы Өтепберген Ақыпбековтың «Тәуелсіздік – бақ туы» атты өлеңін тақылдатып жатқа соғады.
Төкең осындай бала сезім-ықыласына дөп тиетін, үлкендер қателігін сәбидің кіршіксіз сезімі арқылы, сәби психологиясы арқылы ашатын ғибратты әңгімелер жазады. «Екі достың ерлігі» атты әңгімесінде кө­­­шеде маскүнем сияқты боп жатқан адамға үлкендер жанашырлық танытпай, жиіркеніп, жәйі келсе, «Маскүнемге аптап не, аяз не бәрібір ғой» деп тілдеп өтіп жатады. Сонда екі бала қасына барып, оның маскүнем емес, ауырып жатқан адам екенін аңдап, жедел жәрдем шақырып, ауру адамды емханаға салып жібереді.
Мұндай тәрбиелік мәні мол, ғибратқа толы әңгімелерге Толымбек қоржыны то­лы…

* * *

Әйгілі жазушы Әкім Тарази: «Теңіздің дәмі тамшыдан білінеді. Мен бұдан бірнеше жыл бұрын Толымбектің бірер әңгімесін «Балдырған» журналынан оқып, риза бол­ған едім.
Қай кезде де шолақ өзен тез тасиды. Он бес шақырымнан соң-ақ құмға сіңіп кетеді. Мен Толымбектің шығармашылығын арналы өзенге теңер едім. Оның айтары алда деп ойлаймын» деген сөзі алғаусыз ақи­қат.
Қанша шығармалар жазса да, олары іргелі баспасөздерде жарияланып жатса да, тұңғыш кітабын қырықтан асқанша шығармаған Толымбек Әбдірайым шығар­машылығы қуатты… Ол әлдекімдер секілді сиясы кеппеген дүниесін шикілі-пісілі күйі жинақ етуге құмартпаған. Жас оқырманын да, жасамыс оқырманын да алдамаған. Аламан бәйгеге шабатынын аңдағандай, асықпай-аптықпай сілтеп келеді.
Бала жанының білгірі болған жазушы интеллектуал оқырман – үлкендерге ар­налған шығармалар да жазып келеді. Бұл салада да автор өз қолтаңбасын танытып келе жатқаны айқын. Оқырман қауым Төкеңнің таным көкжиегіне бұл шығар­ма­ларында жаңаша көзбен, соны санамен үңі­леріне сенім мол. Оның «Хат», «Апат», «Ұшқалақ» әңгімелері де тақырып соны­лы­ғымен, кейіпкер тағдырларының күрде­лі­лігімен көзге шалынады.
«Хат» әңгімесінде суреткер үлкендер ара­сындағы қайшылықтың құрбанына ша­лынған бала тағдыры домбыраның тиегін­дей, бүкіл әңгіменің арқауын шиыра-шира­тып тұр. Отбасының шырқының бұзылуы жас баланың тағдыр-талайының тәлкекке түсуіне әкеліп соғатынына автор айрықша ден қояды.
Автор қандай шығарма жазса да, оның сюжетінде балалар мінез-құлқы араласып жүреді. «Апат» әңгімесінде де Мәміш атты әпен­ділеу қарттың Сталин заманында «ха­лық жауы» атанып айдауда болған аянышты тағдырын айтқызатын да балалар. Өмірдің соққысынан есінен адасып қалған, осы бір адамның өлімі де ақыры қызыл қоғам жен­детінің тепкісінен келеді. Өз адамдарына апат боп төнген коммунистік қоғам келбетін ашып береді.
Ал «Ұшқалақ» әңгімесі бүгінгі жезөкшелік жайлаған қоғамдағы жас әйелдің қасіретті тағ­дыры мен тұрмыс билеген арсыз тірлігі қа­тар алып суреттеледі. Опасыз өмірінің бар мәні «жеңгетайлық» жасаудан аспаған аяр әйелдің екі бірдей арыстай азаматтың тағдыр-таланын тас-талқан еткен әрекеті оқырманды терең ойға жетелейді.
Жазушының бұдан басқа да «Жалғыз­дық», «Шерлі жүрек», «Құс қанаты», «Жалғыз тырна», «Бір тал гүл», «Қара ешкі», «Мұжығын» қа­тарлы әңгімелері көңілге қилы-қилы әсер ұя­латады. Бәрі де қилы-қилы тағдырлар то­ғысқан ойлы дүниелер.

Оралу

Ал, санасына сәулелі серпін берген, қаламына қажымас қуат құйған шағын ғана Отиярға ол ой-сезімі бірлеп, жан-жүрегі гүлдеп талай мәрте оралды ғой. Соның сонылы биігі болып «Оралу» мен «Дала әуені» атты диптих-повестер дүниеге келді.
Қазақтың оты мен суы мол Отиярдай жерін қимай, сол киелі өңірге сүйген жары мен жалғыз ұлын жерлеген кейуана – Бәтен апа хикаяның соңында Отиярды күзетіп жалғыз қала береді… Иә, ол осы бір қасиетті жерді, қасиетті ауылды – ел-жұрт тастап кеткен, ата-баба бейіті жатқан киелі топырақты күзетіп отыр. Ыңылдап ән салады. Кейуанаға қосылып Отиярдың тау мен даласы ән салады. Жапан дүниені жазушы суреттеген «Дала әуені» әлдилейді.
Көктемде жауар құс қанатындай жаны мөлдір, ары ақша қардай сәулелі кейіп­кер­лерімен Толымбек Әбдірайым оқырм­анын алпыс отты асудың төрінде де рухани сусындата береріне сенім мол.

Асқар АЛТАЙ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір