Аңшы мылтығы және жалғыздық
21.09.2018
1764
0

Нұрғали ОРАЗ

Күні бойы ол аллеяда жападан-жалғыз кітап оқып отырды.
«Бір қызығы, дәл сол кезде мені аңшы мылтығы мен адам баласының басындағы жалғыздық арасын­дағы тылсым байланыс қызықтырып жүрген» деген сөйлем оған біртүрлі қызық әрі түсініксіздеу көрінді.
Тап осы сәтте Ғарышкерлер аллеясында бір-біріне қарама-қарсы ұшыраса қалған екі жасөспірімнің:
«Мә-ә, бүгін сені көрем деп ойлаған жоқ ем!..».
«Не-е, мені бір жаққа ұшып кетті ғой дедің бе?!» деп айғайлаған даусы селк еткізді.
Сарт-сұрт қол алысып, үш рет төс түйістіріп, ыржалақтап күлген балалардың қаперіне: «Әкеміздей кісі мұнда кітап оқып отыр екен-ау, қарсы алдында тұрып алып сампылдағанымыз жөн болмады ғой» деген ой кіріп те шықпады. Кім білсін, бәлкім: «Қайда барсақ та алдымызды орайтын «аға ұрпақ», сендерден қашан құтылар екенбіз?!» деген теріс пиғыл да болған шығар.
Кенет қайдан шыға келгені белгісіз кіп-кішкентай қанден ит әлгі екеуіне қарап шәуілдеп үріп қоя берді. Әрі-беріден соң тіпті, екеуінің даусын бір-біріне естіртпей де жіберді.
Ақыры:
«Ой, басқа бір жаққа кетейікші» деді олардың бі­реуі.
Сөйтті де, екеуі ілгері қарай жүгіре жөнелді. Ар­тынша қанден ит те ашуын басып, әудем жерде тұрған ие­сіне қарай құнжыңдап кетіп бара жатты.
Бұл енді, әлденеге таңғалғандай езу тартып, басын шайқады. «Аңшы мылтығы мен адам баласының басындағы жалғыздықтың арасында расында да бір тылсым байланыс бар», – деген ой келді. «– Себебі, әл­гі қан­ден ит те бүгін маған көмектесті емес пе».


ЭТЮД

Қаламгер де кейде суретші секілді көңіліндегі ойларды тез-тез қағаз бетіне түсіріп алуға тырысады. Оны штрих дейміз бе, этюд дейміз бе, әлде қойын дәптердегі жазбалар деп бағалаймыз ба, әрине, өз еркімізде. Ең бастысы, көз алдыңыздан әп-сәтте сырғып өте шығатын бір сәттік көріністер мен көңіл түкпірінен шақпақ секілді жылт ете түсетін ойларды ұмытпай, жадыңда сақтаудың өзі бір ғанибет.


Нан

Көкжиегіне көз жетпейтін маң дала керіліп, сұлу сәуірдің жылы шуағына шомылып жатыр.
Қасқа жолдың тү-у сонау бір түкпірінен болар-болмас бо­за­мық шаң көтеріліп, іле-шала сасық қоңыз секілді құйрық жағы дүңкиген жүк мәшинесі көрінді.
Жол шіркіннің жүрсе ғана өнетінін сездіріп, біресе ызың­дап, біресе ыңылдап, енді бірде ыңыранып, бірте-бірте жа­қындап келеді. Дәл жанымызға таяп келгенде бір-ақ байқадық, арт жағындағы абажадай қорабының бір бүйірінде «НАН» деген жазу бар екен.
Әйткенмен сыртқы түріне қарасаң, бұл сірә да нан таситын ма­шина емес. Себебі бұл ауылда әр үй тезек қалап, тандырға, та­баға нан жабады. Ал мынау, дәу де болса, қалалықтардың ке­зінде ауылдық округке сатқан, иә болмаса, жекешелендіріп бер­ген мәшинесі болса керек.
Қазіргі жаңа иесі оны әр түрлі зат тасуға ыңғайлап алғанға ұқ­сайды. Бірақ, неге екені, бүйіріндегі «НАН» деген жазуын әлі өшірмепті.
Сондықтан да, ол мынау көк егіні жайқалып, теңіздей тол­қып жатқан кең даланың егіні ертең сарғайып пісіп, қамбаға тү­сіп, ұн болып тартылып, нан болып жабылатынын еске са­лып, жарнама жасап жүргендей әсер қалдырады.


Монтайдағы Марадона

Егер біздің Досқара көкем Аргентинада дүниеге келген болса, атақ-даңқы әлемге жайылған Марадона секілді мықты футболшы болар еді. Себебі оны мынау тылсым табиғаттың өзі туа-бітті солай етіп жаратқан ғой.
Маған сенбесеңіз, Монтайға келіп көріңізші; Досқара көкемнің аяқ-қолы балға… жо-жоқ, жай балғаны айтайын деп отырғам жоқ, нағыз куәл (кувалда) балғадай. Тұла бойы құм толтырған қап секілді – қап-қатты, шып-шымыр. Ал жүгірген кезде, оның шаңына өзіңіз тұрмақ, көзіңіз де ілесе алмай қалады.
Футбол алаңында қарсыластарын ережеге сай иықпен қаққанда, кейбіреулері тіпті, тәлтіректеп жиектегі сызықтың сыртына шығып кетіп жатады. Оның үстіне шашы да бұйра. Өңі болса, қараторы. Бір сөзбен айтқанда, әлемге әйгілі аргентиналық футболшының біздің Монтайда туған бір үлгісі. Сыңары. Әріптесі.
Сондықтан Досқара көкем футбол ойнағанда аузымыз ашылып, көзіміз бақырайып, айқайлап-шулап нағыз фанат жанкүйерге айналып кетеміз. Ол да соны байқап, кейде біздің көңіліміз үшін бір алдап өткен қарсыласын бірнеше рет алдап, әр түрлі финттер жасап, есінен тандырып кетеді. Ондайда алаң шетіндегі жанкүйерлер мәз боп, ішек-сілесі қата күліп, «Әне, көрдің бе» дегендей бір-бірін бүйірден түртіп жатады.
Досқара көкем әуелі көшенің, содан соң ауылдың, сонсоң барып, небары он алты жасында бүкіл кеңшардың құрама командасының капитаны болды. Ол ойнаған команданың сөзсіз жеңетініне біз ешқашан да күмәнданбайтынбыз.
Бірақ сона-а-ау шөлейт даланың бір түкпіріндегі алақандай ауыл – айналайын Монтай – Аргентина емес қой. Сондықтан оның футболының мынау айдай әлемге таныла қоюы қиын. Сол себепті Марадонаға бұйырған бақтың Досқара көкеме бұйырмасы да анық…
Ал уақыт шіркін, кім-кімге де өз шартын қояды. Тамақ ішкің келе ме, еңбек ет. Ұрпақ сүйем дейсің бе, үйлен. Шаңырақ көтер. Бала-шағаңды асыра.
Міне, соны орындау үшін Досқара көкем талай-талай жұмыстың басын шалды. Дәлірек айтсақ, трактор айдады, шөп шапты, мал бақты, қора тазалады. Тек футбол ойнауға мұршасы, уақыты болған жоқ.
Себебі, біздің Монтай, шынында да, Аргентина емес қой.

***

Таяуда ғана ауылда болған бір тойда Досқара көкемді көріп қалдым. Балдаққа сүйеніп жүретін болыпты…


Әуежайдағы әңгіме

Ыстамбұлдағы Ататүрік әуежайында шығармалары әлемдік көрмелерге қойылып жүрген бір атақты суретші ағамызбен кездесіп қалдық.
Көңілді екен. Жеңгей екеуі теңіз жағасында демалып, күнге күйіп, күш жиып, шабыттанып келе жатқан беті.
Кенет… Арамызда тіл туралы әңгіме қозғала кетті. Ағылшынша, түрікше жақсы білетін жолаушылардың мынау үлкен әуежайда емін-еркін серуендеп жүргеніне қызығып, өз тіліміздің қашан халықаралық деңгейге көтерілетінін ойлап, аздап қамығып отырғанбыз.
Сол сәтте әлгі суретші ағамыз біз күтпеген бір тосын пікір айтты.
– Қазақ тілі өте бай тіл деп мақтанамыз, – деді кеудесін шалқайтып. – Меніңше, бұл дұрыс емес. Артық нәрсе. Бір ғана мағынаны білдіретін бірнеше сөздер көп. (Сірә, синоним сөздерді айтып тұрса керек – авт.) Соның салдарынан басқа жұрт біздің тілімізді үйренуге келгенде қиналады. Сол үшін оларды ықшамдап, қысқарту керек. Әне, сонда ғана басқа жұрт тілімізді оп-оңай үйреніп алады.
Шынымызды айтсақ, қатты қысылып, үн қата алмай қалдық. Себебі, мұндай пікірге қарсылық білдірудің өзі ұят. Тек, іштегі бір ой: «Аға, сіздер бүкіл адамзатқа ортақ жеті бояудың өзін қанағат тұтпай, оларды бір-біріне қосып, жаңа түр, жаңа түс жасауға ұмтылады емессіздер ме. Ал егер, олардың да түкке керегі жоқ, ақ пен қара түс қана жетеді деп, қалғанын қоқысқа лақтыра салса, не істер едіңіздер!» дейді елеуреп.


Сіз қалай ойлайсыз?..

Алып қаланың аспанын дірілдетіп от атып жатыр, шоқ шашып жатыр адамдар.
Мереке күнгі фейерверк!..
Онсыз да өңі қашып, боп-боз болған түннің үрейін ұшырып, мына қаладан мүлде қуып тастағысы келетін сияқты. От шашудың айналасындағы сайқымазақ топ у-шу, мәз-мейрам, дауыстары көкке жеткенше шыңғырып, тамақтары жыртылғанша айғайлайды.
Бұл не сонда?
Аспанға қарап от атуды айтам…
Жақсы ма, жаман ба?
Дұрыс па, бұрыс па?
Әлде бұл олардың Жаратушы иемізге көрсетіп жатқан сесі ме екен?..
Әлде ана-а-ау, шетсіз-шексіз ғарышқа қарап: «Е-е-ей, біз мұндамыз! Монданақтай жер бетінде өмір сүріп жатырмыз!» деген шаттығы ма…
Қалай ойлайсыз?..


Екіге бөлінген төрт қазақ

Жол үсті. Купеде төрт қазақ отырмыз. Кондиционер уілдеп тұр. Салқын ызғар бой тоңазытады. Ал сыртта қырық градус ыстық.
Қарсы алдымда отырған жап-жас жігіттің жүзі күнге күйіп, тотыққан. Қараторы. Оның жанында жастау келіншек. Жаз бойы ұрадан шықпай, бүгін ғана күн көзін көргендей аппақ.
Екеуі халықаралық тілде сөйлесіп отыр.
Тыңдаған құлақта жазық жоқ. Жас жігіт үнемі сапарда жүретінге ұқсайды. Жұмыс бабы солай. Әке-шешесі, отбасы Сарышаған стансасында тұрады екен. Айына бір рет, екі рет келем, кетем дейді…
Ал күн көзін көрмеген аппақ келіншек бұған дейін Алматы мен Астананың арасына тек ұшақпен ғана қатынапты. Тек бүгін ғайыптан тайып, қаладағы көлік кептелісінің кесірінен әуежайға үлгере алмай, амал жоқ, пойызға отырған.
Бұл менің бір құлағыммен ғана естіп-біліп келе жатқандарым. Өйткені, екінші құлағыммен қасымдағы серігімнің әңгімесін тыңдап келем.
Біз екеуміз өз тілімізде, яғни, қазақша сөйлесеміз.
Кенет терезе жақта отырған қараторы жас жігіт бізге қарай мойнын бұрып:
– Сіздер қазақша тап-таза сөйлейді екенсіздер, – деді біртүрлі таңданғандай кейіп танытып. – Ал мен қазақша теледидар қарасам, түк түсінбеймін. Сонсоң: «Папа, не туралы айтты?» деп сұраймын әкемнен. Ал ол: «Қазір орысшасы болады ғой, балам. Содан түсініп аларсың дейді.»
Біз, серігім екеуміз бір-бірімізге қарап ыңғайсызданып, ұлы далаға басқа бір планетадан келген қонақтар секілді ұялып қалдық…


Ақсақал және Ақ теңіз

Әкем екеуміз жазғытұрым Анталияға демалуға келдік. Ол кісі таңертеңгілік қонақүйдің балконынан теңізге, кемелерге, көшедегі апельсин, лимон ағаш­тарына, құмырсқаның илеуіндей қайнап жатқан жа­ғажайға қызықтай қарап тұрып басын шайқады.
Сол сәтте тілімнің ұшына бір әзілдің орала кет­кені.
– Иә, қалай, қарт коммунист? Капитализмнің жетістіктеріне таңдай қағып тұрсыз ба? – дедім күліп.
Әкем жымиды. Оның да көңілінде бір әзілдің тұтанғанын сездім. Бірақ, үн қатпады. Сабыр сақтады. Бәлкім, кейінге қалдырды.
Тек, түс кезінде ғана ептеп көңілі жадырап, сер­пі­ліп:
– Сендер бізді кінәламаңдар, – деді маған. – Жүйе – жүйесімен, кие – киесімен. Бірақ… сендер ол кезде де нан жеп, айран-сүт ішкендеріңді ұмытпаңдар. Біз сияқты қара шаруа қай кезде де егінін егіп, малын бақан. Содан басқа жазығымыз жоқ…
Бұл, әрине, даусыз шындық еді.

***

Екі күннен соң әкемнің іші пысып, зеріге бастады. Себебі, мұнда екеумізден басқа қазақша сөйлейтін тірі жан жоқ. Қонақ үйдегі демалушылардың тоқсан тоғыз пайызы еуропалықтар.
«Тең теңімен, тезек қабымен» дегендей, ол кісіге емін-еркін оты­рып, емен-жарқын әңгімелесетін өзі қатарлы бір ақсақал керек-ақ.
Кешкілік жағажайда бір неміс шалмен «тілдесіп» көрмек болып еді, онысынан түк шықпады. Себебі, әлгі шетелдік құрдасы «Ымды түсінбеген – дымды түсінбейдінің» керін келтіріп, әкеміздің қолына, қимылына қарап ыржалақтап күле берді.
Сонсоң теңіз жағасындағы сәкіге келіп жайғасып, ақ бас толқындары тербетіліп, аунақшып жатқан көгілдір айдынның көкжиекпен астасып жатқан бір қиырына қарап, ұзақ ойға шомып қалды.
Жағажайдағы алтын құмды табаныммен сызып, ары-бері жүріп келдім де, жанына қайта оралып:
– Не ойлап отырсыз? – деп сұра­дым.
– Е-е, шырағым-ай, – деді әкем ақырын ғана күрсініп. – Теңіз де біздің даламыз сияқ­ты кең екен ғой!..


Қалаға көшкен бұлттар

Биыл қалаға жаңбыр көп жауды.
Ал далаға… Далаға әзірше бір тамшы да тамбай тұр.
Ау, мұнысы несі?..
Біз әдетте, көктемгі даланы, кілемдей құлпырған қызғалдақты, көк майса шалғынды ән мен жырға қоспаушы ма едік.
Әттең…
Тең-тең жүк тиеген түйекештер секілді түйдек-түйдек бұлттар әне, тағы да аялдамай, қалаға қарай жөңкіліп барады.
Үп еткен желге басын изеп, желкілдей жөнелетін жасыл сасырдың, атқұлақ пен қойжелкектің, мезгілінде бүр жара алмай сидиып қалған боз жусанның мұңын қазір кім тыңдайды? Көз жасын кім көреді?..
Біздің монтайлықтар кеше көктен жаңбыр тілеп, тасаттық берді. Мұндағы ел маң даладағы биік шоқы – Маңсарының ұшар басы ерте сарғайғанын аңдап, іш жиып, үрейленіп отыр.
Осындай бір шақта: «О-оу, желіні сыздаған қарасұр бұлттар, сендер биыл шынымен-ақ мейірім-қайырымнан айырылып, ақылдарыңнан алжаса бастағансыңдар ма? Онсыз да көше-көшедегі лықылдаған суды қайда ағызарын білмей, қарбаласып жатқан тас қалада не бар?! – деп еріксіз айғай салғың келеді. –Аялдасаңдаршы далаға. Құйсаңдаршы селдетіп. Қара жердің иі қанып, егін өссін. Шөп шықсын. Мал тойынсын».
Бірақ…
Кім білсін, бұл да бір сынақ шығар-ау.
Себебі, біз де даланы тастап, қалаға қарай жөңкіліп жатқан жоқпыз ба?
Атақоныс, ата дәстүр, ата салт, ана тіліміз – бәрі-бәрі көктен жаңбыр тілеген боз жусандай жүдеп, аспанға қарап телміріп қалды емес пе.


Іштегі шындық

Ежелден солай.
Тек адамзат баласының мұндай саясатқа қай кезде, қандай мақсатпен көшкені ғана белгісіз.
Әне, анау кісіге қараңызшы; білімді, ақылды, ауқатты. Бір сөзбен айтқанда, ешкімге күні түсіп тұрған жоқ. Бірақ, барын салып, мерейтой иесін өтірік мақтап жатыр.
Не үшін?..
Дастарқаны үшін бе? Жоқ. Қорыққандықтан ба? Құдай сақтасын. Сыйлағандықтан ба…
Міне, гәп сонда. Себебі, сіз әлгі «Не үшін?» деген сұрақты төтесінен қоя қалсаңыз, оның қысылып, қызарақтап, бір-екі ауыз әзілмен құтылу үшін ұмтылатын жағалауы да осы.
Әйтпесе, оның қандай жолмен байығанын, қайтіп карьера жасағанын, кімдердің жолын кескенін, кімдер арқылы көтерілгенін, қысқасы, бәрін, бәрін біледі. Тіпті, үйіне оралған соң, оны мақтаған аузын шайып, арқасынан қаққан қолын сабындап жуып тастауы да мүмкін.
Бірақ, қайтесіз… Тіршілік «заңы» солай. Қарым-қатынас соған бейімделген. Шындық байғұс іште бұйығып қала береді. Ал өтірік көше кезіп, серуендеп, қонаққа барып, той тойлап, шарап ішіп, сайран салып жүре береді…


Әзірейілмен тілдесу

Бірде қала шетінде тұратын ағайымдыкіне бардым. Жеңгемнің құрбысы қонаққа келіп отыр екен. Қарапайым ғана киінген, қараторы келіншек. Өңі жүдеу. Бірге отырып, шай іштік.
Әлгі келіншек:
– Осы қала маған риза шығар, – деді ауыр күрсініп.
Бұл сірә, мен келгенге дейінгі әңгіменің жалғасы болса керек.
– Отыз жыл тұрдым осында. Енді… елге жетіп өлгім келеді. Бірақ, жете алмаймын-ау. Дәрігерлер ұшаққа мінуге болмайды, жүрегіңіз қысылады дейді. Ал пойызбен жүруге шыдамаймын. Ол үшін менің жағдайымды жасап, асты-үстіме түсіп, өбектеп отыратын біреу керек. Оны қайдан табам?.. Осы күнге дейін табылмаған жақсы адам енді маған кезіге ме… Не де болса, ұшақпен кетем. Кеше билет алып қойдым. Енді қайтем… Тү-у, сонау жер түбіндегі Жайыққа жаяу бара алмаймын ғой. Е-еһ, шіркін, ауылға бір жетіп өлсем… арманым жоқ! Әй, бірақ жете алмаймын-ау… жете алмаймын…
– Қойшы, – деп қолын сілтеді жеңгем. – Не болса, соны айтпай!
…Арада біраз жыл өткенде әлгі келіншек ойда-жоқта есіме түсіп:
– Құрбыңыз қазір ауылда ма? – деп сұрап ем, сол баяғы ас бөлмеде тамақ жасап жүрген жеңгем қолындағы ожауын қоя салып, маған біртүрлі таңырқай қарады. – Жоқ… Жолда қайтыс болды…
Мен сілейіп тұрдым да қалдым. Жан дүниемді қатты толқытқан нәрсе – оның туған жерге деген сағынышы емес.., жо-жоқ, бізге әманда үрейлі болып көрінетін Әзірейіл періштемен жайбарақат қана тілдескені еді.


Қара жолдың қасиеті

Купедегі кісілер Анталияны мақтап келеді. Қайта-қайта бастарын шайқап: «Керемет! – дейді тамсанып. – Күшті демалып қайттық!»
Олардың әңгімесіне елтіген менің көз алдыма көгілдір айдыны күнге шағылысып, сылқ-сылқ күлген Ақ теңіз елестейді. Жағалаудағы алтын құмға қыздырынып жатқан қалың жұрт құжынаған құмырсқаның илеуіне, иә болмаса, қыз-қыз қайнаған қызылды-жасылды жәрмеңкеге ұқсайды…
Биыл Анталияға барып, теңіз жағасында, көгілдір таулардың етегінде демалып қайтудың сәті түспегендіктен бе, бүгін таң алдында сол жақтан Алматыға ұшып келіп, енді міне, кешкі пойызбен Шымкентке қарай кетіп бара жатқан кісілерге қызыға қараймын. Әрі-беріден соң ішімде бір қызғаныш оты тұтанып, кондиционердің күшімен ғана қоңыр салқын қалпын әзер сақтап тұрған купенің ауасы тарылып, ыси бастағандай көрінеді.
Ендігі бір сәтте ретін тауып, ақырын ғана жылыстап дәлізге шығып кеттім. Дүрс-дүрс еткен теміржолдың тынысы, әлдеқайда асығып бара жатқандай жұлқынған жүрдек пойыздың екпіні ойымды бөліп, әп-сәтте бойым жеңілдеп сала берді. Терезенің пердесін ысырып қойып, сыртқа үңілдім.
Қарама-қарсы бағытта келе жатқан жүк пойызы ысқырып, тарсылдап-гүрсілдеп, көмір, темір, мұнай, машина тиеген составын сүйретіп, жанталаса асығып, дәл жанымыздан бірер минутта зымырап өте шықты. Одан соң кең даланың келбеті қайта ашылды.
Өз төсіндегі дүбірлеген, асыққан, аптыққан тіршіліктің бірін де көзіне ілмей, сол баяғысынша сабырлы, төзімді, сыпа қалпын сақтап, мүлгіп қана жатыр, жарықтық.
Көп ұзамай жол жағасынан бір шағын ауыл көрінді. Ішінде бес-алты тал өсіп тұрған шарбақ қорасы мен есік алдына қаңтарылған трактор, машиналары әне-міне дегенше көз алдымнан зу ете қалды. Себебі, жүрдек пойыз бұл секілді шағын ауылдарға аялдамақ түгілі ентігін де баспайды…
Ауыл шетінен басталатын қара жол кең даладағы жота-жондардан асып, тү-у сона-а-ау көз ұшындағы көк теңіздей бұлдыраған көкжиекке қарай созылады екен…
Кенет жүрегім шым ете түсті. Жер ортасындағы Анталияны емес, өзіміздің анау қара жолдарды, жота-жондарды – туған жердің ыстық топырағы мен боз жусанын сағынғанымды түсіндім.
Және сол, көңілімдегі мөлт-мөлт еткен сағыныш көзімнен қос тамшы жас боп үзіліп түскенін жаңа ғана байқадым.


Аялдамадағы үшеу

Ол үшеуі аялдаманың жанында автобустан, троллей­бустан түсіп жатқандарды аңдып, таныс біреу көріне қалса жалбақтап, күнделікті айтатын сөздерін тағы да қайталап, алақандарына бірдеме түскен сәтте құнжыңдап, қайта-қайта басын иіп, түспей қалса тұнжырап, төмен қарап кететін-ді.
Әуелде біз де оларға бейіл танытып, қалтамыздағы түскі тамақтан артылып қалған азын-аулақ тиын-тебенімізді тастап кетіп жүрдік. Себебі үшеуі де білдей азамат. Үшеуі де осы маңда, бір-біріне жақын үйлерде, жап-жақсы пәтерлерде тұрады. Кей уақыттарда әйелдерімен бірге қолтықтасып, әлдеқайда қонаққа асығып бара жатқандарын көреміз.
Әйтсе де олардың осындай бір әлсіздігі бар. Менің білуімше, бірі – математик, екіншісі – фи­зик, ал үшіншісі және біздің шын көңілден сыйлап, құрметтеп жүретін кісіміз – ақын еді.
Күн сайын, кей кездері күнара кездесіп қалғанымызда, ол ылғи да: «Амансың ба, інішек, – деп жылы жымиып, қуанып тұратын-ды. – Жұмыстан келе жатырсың ба?» «– Иә». «– Қалай, жұмысың жақсы ма?..» Мен ептеп ыңғайсызданып, иығымды қозғап: «Жаман емес, – деймін. – Бірқалыпты». «– Иә-ә, соның өзі де жақсы ғой, айналайын. Біз бүгін міне, мына ағаларыңмен бірге аздап сыралатып қайтсақ па деп тұрмыз. Соған аздап… тиын-тебеніміздің жетпей тұрғаны». «– Ой, – деймін мен өзімнен өзім ұялғандай қалтама қолымды сүңгітіп, – мендегі бар қалғаны… міне… қырық-елу-ақ теңге». «– Болады, – дейді ақын ағамыз езу тартып, басын изеп. – Өстіп-өстіп жиналады ғой».
Бірақ, қанша сыйласаңыз да, құрметтесеңіз де, сұрамсақтың аты – сұрамсақ. Содан да болар, өз басым одан ешқашан: «Қалыңыз қалай? Үй-ішіңізде не болып жатыр? Неге бүйтіп жүрсіз? Зейнетақыңыз қайда? Шығармашылығыңыз ше?..» деп ешқашан сұрап көрген емеспін. Және сұрай қалған күннің өзінде, оған жауап беруге ақын ағамыздың уақыты болар-болмасына да күмәндімін. Өйткені, әлгі математик пен физик достары алыстан көзін сүзіп, бақылап, барлап тұратын-ды.
Әне, сөйтіп, уақыт зымырап өте берді. Ол үшеуі ескі әдеттерінен жаңылмай, аялдамадағы жұртқа қарап телміріп жүре берді. Әрине, бұл кезде ел өмірінде ешқандай өзгеріс болған жоқ десек, көпе-көрінеу өтірік айтқан болар едік.
Шындығында, тоқсаныншы жылдардың тоңы жібіп, біздің қалтамызда түскі тамақтан қырық-елу ғана емес, жүз елу-екі жүз теңгеге дейін артылып қалатын күн туып келе жатты.
Олар да, әрине, бұрынғыдай емес. Менің алғашқы байқағаным, бойларынан ет қашып, арықтап, жүздері күннен-күнге қарауыта бастады. Көздеріндегі баяғы ұшқын сөніп, қолдары қалтырап, иықтары селкілдеп, қанша теңге берсең де телміріп, жаутаңдай беруге көшті.
Уақыт шіркін, жер бетіндегі барша тіршілікті екшеп, текшелеп, реттеп, өз-өз орнына қойып отырады емес пе. Сондықтан да, күндердің бір күнінде олардың да кезегі келіп жетсе керек…
Тап қазір қайсысының қай жылы, қай күні қайтпас сапарға аттанғанын нақтылап айтып бере алмаймын. Тек әлгі, ақын ағамыздың ғана суреті мен оған жазылған қазанаманы, қоштасу сөздерін әдеби газеттен көзім шалып қалғаны бар.
Уақыт дегеніңіз, сол баяғысынша аққан судай зымырап өтіп жатыр. Алайда олар тұратын аялдама өз орнында. Тек аздап қана өзгерген. Жауын-шашынды күндері қалқалайтын бастырмасы бар. Және ұсақ-түйек сататын кішкентай дүңгіршік қосылған.
Алайда әлгі үш азамат бұл дүниеде мүлде болмағандай ізім-ғайым. Көзі тірісінде олардың қандай арман-мақсаттары болды? Қандай жетістіктерге жетті? Неге ішіп кетті? Неден түңілді? Ол жағы бізді ойландырмайды да, толғандырмайды да…
Ең өкініштісі, қазір аялдамадан түскен кезде күтіп тұратын, аз-кем болса да қал-жағ­дайымызды сұрайтын ешкім жоқ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір