БАРАҚ – БАҚТАШЫ, ТАЗЫ – АҢШЫ…
Газетіміздің өткен сандарынан бері (№22-23)
Төрехан Майбастың ит туралы этнографиялық жазбаларын жариялап келеміз. Оның еркек-ұрғашысы, жасына қарай қалай аталатыны туралы оқыған жан біраз мәлімет алды деп ойлаймыз. Бұл – сол этнографиялық жазбаның соңғы бөлімі.
Орыс жұртында иттің еркегін кобель, ұрғашысын сука дейді. Осы сөздерді өз тілімізден іздейік. Жоқ… Тіпті калька аудармасы да жоқ…Сонда қалай болғаны? Орыстың иті мен қазақтың иті екі бөлек болғаны ма? Орыста болғанда қазақ итінің ұрғашысы мен еркегі болмағаны ма?
… Сонымен иттің ұрғашысын не дейді?
– Қаншық, – дейді…
– Ұрғашысы, – дейді…
– Еркегін ше?
– Төбет!..
Ал керек болса… Қасқыр біздің төтеміміз! Керек болса қасқыр біздің ұлттық кодымыз! Ал ит ше? Бабаларымыз олардың да басын кемітпеген. Жеті қазынаның біріне балаған. Иттің тісі тиген жерді міндетті түрде ойып алып тастаған. «Жалап» деген оны бабаларымыз. Жалап (жәлеп) деп жүріс алған еркек пен әйел баласын да айтып жатады.
… Қазақта амал атаулы баршылық. Солардың бірі ақпанда өтетін – бөрісырғақ. Бөрісырғақта елдің не ойлайтынын білмеймін. Ел бөрі мен бөртеге жабысып жатқанда мен өз ойымнан шошып тұрамын. Иә, бөрісырғақтан мен арланы шүйбөрі, қаншығы бөрте ит баласын көремін. Қасқырдан ит жаралған ба, әлде керісінше ме? Әлде екеуінің де ұйығы бір ме? Осы жерде тісімізге мынаны да тістете кетейік. Басқа басқа, Арқа қазақтары да бүгінде иттің жатыры, қасқырдың жатыры деп сөйлейтінді әуезе қылып алған. Сол әуезеден алыс жүрсек болар еді…
Жатыр, сөз жоқ, адамда ғана болады. Жалпақ тілмен айтқанда жатырда бала ғана жатады. Әрі кетсе Маугли жатады. Басқалары?.. Олар да жатады… Бірақ олардың жататын орыны өзгеше аталады. Бабаларымыз соны бір-ақ ауыз сөзбен қайырған. Жатын деп… Маймылдың жатыны, аюдың жатыны, борсықтың жатыны…деп. Ал қарамалға қаратып үйі дейді. Жылқының үйі дейді. Биенің үйі демейді. Түйенің үйі дейді. Інгеннің үйі демейді. Бұл да назар аударатын нәрсе.
Түлкіге қаратып айтқанда да үйі дейді. Түлкі үйігеді ғой. Бәлкім… Содан барып та үйі дейтін шығар. Қисыны толық келіп тұр.
Итке қаратып айтқанда ұйы дейді. Осы ұйы сөзінің түп тамыры – «ұя» деген сөз бе деп қаласың. Жалпы, үй, үйі, ұйы, ұя сөздерінің түп-тамыры біреу болар.
Сонымен иттің жатыры – ұйы. Қазақ сөз жасамына қарай орайластырсақ ұйы емес, ұйық болуы керек еді. Ит ұйығады. Қасқыр ше? Ол да ұйығатын болар? Өйткені ит қасқырдан жаралды емес пе?! Қасқырға қаратып қары дейді. Қасқыр қарығады ғой.
Уау, бұл қалай болғаны? Ит пен қасқырдың тұқымдастығы қайда қалды? Ит баласы жұпқа бір-ақ рет түсіп жатса ұйығады деген! Басқаша болғанды ылығады дейді! Кейінгі сөзді аса бір жеккөрушілікпен атайды.
Арғы-бергі әдебиетті төңкергенде көзімізге оттай басылғаны – итақай деген сөз. Уикипидияның өзінде де тұр. Итақай – иттің күшігі дейді… Итақай – иттің ұрғашысы дейді… Халқымыздың сөз сардары Сәкен Жүніс ағамыз да кейіпкерінің аузына итақайдың иттің ұрғашысы екендігін салады. Басқа жазушыларымыздан да осы сынды пайымды кездестірдік. Мұның өзі біздің жазушыларымыздың шын шеберлігін көрсетпей ме? Әңгіменің, не баянның өн бойында бір мәрте де иттің ұрғашысын, еркегін, күшігін не дейтінін ауыздарына алмайды ғой.
Сонымен итақайымыз иттің күшігі ме? Әлде қаншығы ма?
Соқыр түйсігімізге салсақ ұрғашысына кідірген болар едік. Алайда тілімізде «иттің итақайы» деп ұнамсыз мағынада айтылатын сөз тіркесі де бар. Тура мағынасы «кім көрінгенге» саяды. Әрі-беріден соң «басқа шықты» мағынасында қабылдаймыз ғой… Сонда бұл қомсынысымыздың жөні қайсы? Итақайдың жазығы не? Жазығы жоқ емес, бар. Соның бастысы көпжұптылығы.
Сөз жоқ, итақай иттің қаншығы, ұрғашысы. Алайда қайсысы? Қасқырдың, шүйбөрінің жұптасып көбейетінін білеміз. Көбейгенде жұптасып көбейеді. Ит те жұптасып көбейеді. Ит қыста және көктемде жұптасады. Бұл жағдайда ақай жұп талғамайды. Оның күшігінің әкесін осыдан кейін дөптеу мүмкін болмай қалады. Ақайдың жұптасудағы мұндай бәтуасыздығына орай оны итақай деген. «Иттің итақайы» кемсіткі сөз осыдан шыққан.
Бұл жерде итақай жалғыз емес, оған қосар итбақайымыз бар. Итбақайымыз да кемсіткі сөз. Құтына ие бола алмайтын бақайды – бабаларымыз итбақай деген. Аға ұрпақ білер болар, «ақай-бақай болып отырмысыңдар» дегенді сол кісілердің аузынан естіп едім. Махаббат болып отырмысыңдар деген мағынада айтылған сөз ғой. Жақсы болып отырмысыңдар деген сөз.
Сонымен біраз жайттың бетін ашқан сындымыз.
Иттің арланын – бақай дейді. Бақайдың ізшілін – ізбақай дейді. Бақайдың иісшілін – иісбақай дейді. Бақайдың естісін – есбақай дейді. Бақайдың жақсысын – ақбақай дейді. Бақайдың жаманын – итбақай дейді.
Бақайдың түкке жарамайтындары болады. Олар қараптан қарап тұрып бақанға асылатындары. Оларды бабаларымыз ырбақай деген.
Иттің қаншығын – ақай дейді. Ақайдың бақай талғамайтынын – итақай дейді.
Сонда айтып отырған ақайымыздың итақайдан қандай айырмашылығы бар деген заңды сауал туады. Иттің әуелгі жұптасуы қыста (желтоқсан, қаңтар) өтеді. Олардың екінші мәрте жұптасуы жоғарыда айтқанымыздай көктемге (ұлыс) келеді. Жұптасуы деп бұл жерде шартты түрде ғана айтып отырмыз. Бұлар қасқырлар сияқты бір-біріне адал емес жұптар. Сондықтан да оларды итақай деп кемсітіп жатамыз. Олардың ішінде де бір-ақ рет жұптасатындары болады. Бұл көбінесе қыс айында (желтоқсан, қаңтар) өтеді. Олар шынымен қасқырлар сынды жұп құрады. Мұндай жұпқа түскен ит қаншығын ақай деп әспеттейді. Онымен бірге жұпқа түскен бақайды ақбақай деп аспандатады. Құтын бермейтін бұл жұптан бұрынғылар бөрібасарлар күткен. Ілгерідегі қазақ итбегілері бөрінің құтын осы ақайларға құйып алуға тырысқан. Мұндай жағдайда олардың күшігін боркөз (бөрікөз) деп аспандатқан. Мұнан былай да жұптасудың мүмкіндігі бола тұра олар қайтып жұптаспайды.
Ақайлар жұбын қыс (желтоқсан, қаңтар) айларында құрады. Олар да күшіктерін қасқыр сынды 63 күн көтереді. Кей тұс 75 күнге дейін кетіп қалады. Кейінгісі итбақайларға қатысты.
Тазының аңкөсі осы – бақайлар.
Есті қазақ итті екіге бөліп тастайды. Барақ деп. Тықыр деп. Барақтары иттің жүндес келетіндері. Тықырлары жүн-жұрқадан жұрдайлары.
Жалпақ жұрт тықыр деп тазыны, барақ деп төбетті ұғынады. Итке жақын жүрген қазақ болса барақ деп бақташыны, тазы деп аңшыны біледі.
Құртит сөзін естіген боларсыз. Башқұрт туысқандарымыз құртқаны – құртит дейді. Құртит деп айтушылық бізде де ішінара кездеседі. Бірақ біздің түсінігімізде құртит құртқа емес, иттің күшігі. Кішкене ит мағынасында жұмсалады. Құртит деп – біздегі татарлар қанденнің күшігін біледі.
Шын мәнінде иттің күшігін тоқай дейді. Бұлай деп айтушылық татар жұртында әлі күнге бар. Шегелеп тұрып айтайық, иттің күшігін – тоқай дейді. Тіліміздегі «ақай-тоқайы шықты», «ақай-тоқайын шығарды» сөз тіркесіндегі ақайымыз бен тоқайымыз осы.
Ит шіркіннің жылына екі рет жұптасатынын жаздық. Қысында жұптасқаннан туған күшікті қыскүшік, жазында туған күшікті жазкүшік дейді. Ел ішінде қыскүшікті ақкүшік, жазкүшікті көккүшік деп айтушалық та бар. Негізінен қыскүшікті көпек дейді.Тұрмағанбет ақынның «Ит пен сүйек хикаясындағы» көпегіміз – осы.
Сондай-ақ ел ішінде көккүшікті боқай деп айтушылықты кездестірдік. Мұның бәрі нені көрсетеді? Мұнымыз иттану әліппесі емес. Нағыз иттану ғылымының негізгі түсініктерінің қазақ тілінде болуы бізді көп жайтқа жетелесе керек. Осы қасқыртану мен иттануға қатысты түсініктер бойынша бабаларымыздың басқа түркі жұртының бәрінен де шоқтықты болғанын көреміз.
Біздің иттану қорындағы басқа жұрт сөздерінің орнығуы да ойландырса керек. Бұл сөздік қорымызда басқа жұртта кездесе қоймайтын жүзден астам лексем болса, соның негізгі айналыста жүретіні бес-алты-ақ сөз екен. Қалғандары айтып отырған сөздеріміздің түрлемесі.
Иттануға қатысты қазақ сөздерінің қисынының да тіректі екендігін бірден аңдауға болады. Бұл қалай, мұнысы қалай дейтіндей бір-бірімен байланыссыз сөздер емес. Бабаларымыздың қасқыртану мен иттануда сөздік қатарының болуының өзі ұлт интеллектін көрсетсе керек.
Тоқай сөзін естіген бетте екі сөз найзағай отындай жылт береді. Оның бірі – тоғай сөзі. Екіншісі, әрине, ноқай сөзі.
Қыр қазағы ренжігенде «ноқай екенсің» деп жатады. Мұның тұп-тура мағынасы «ит екенсің» деген сөз.
Ауыспалы мағынасы иттігіңді істедің деген сөз. Ноқай деп – моңғол ағайындар итті айтады. Осы жерде санаңды жаныңа жақын тағы бір сөз осып өтеді. Ол – Ноғай сөзі. Қазақ баласына бауыр ноғай сөзін ноқайға қимайсың. Алайда шындықтың бетіне тура қарағаннан басқа жол болмаса керек. Мұның өзі ит культінің қазақ даласында кейінге дейін дәуірлеп тұрғандығын көрсететін мысалдардың бірі деп қабылдаған жөн.
Ұнатайық, ұнатпайық ноғай деген сөзіміз – ноқай деген сөз. Екеуінің түбірі бір. Мұнан қашудың жөні жоқ. Итті де түркі жұрты қасқырдың жанына апармаса да киелі санаған. Ол бүгінгі біздің түсінікте жаман, нашар сөз болып тұр. Бұрынғы заманда онымыз қастерлі сөздің бірегейі болатын.
Оның тағы бір мысалын өзгеден іздемей-ақ өзімізден табуымызға болады. Ол – адай омонимі. Бұл да – тура мағынасында ит деген сөз. Бұл сөз хакас бауырларымызда қалыпты. Ит – хакас тілінде адай деп аталады. Түрік жұртында итті боқай деп те айтушылық бар екен. Мұны ноқайдың вариациясы дегеннен гөрі бақаймен төркіндес деген жөн сияқты.
Осы тоқай атауына байланысты тағы бір архетипті алып шығуымызға тура келеді… Ол тоғай сөзі. Тоқай сөзімен түбірі бір сөз. Қазақ сөз танымшылары, қазақ діл танымшылары осы тоғай сөзімен барақ сөзін байланыстырады. Жай ғана байланыстырып қоймайды. Даму динамикасын да ұсынады. Ол динамика бойынша барақ қалың, сабалақ, ұйысқан деген мағына береді. Қазіргі қолданып жүрген тоғай сөзіміз де осы мағынада айтылады және түсініледі.
Мен өмірімде қазақтың Ақселеуімен көп араластым. Ақаң кәдімгідей менімен санасатын. Ақаңның ит жөніндегі түсінігі менен асты деп айта алмаймын. Алайда ит жөніндегі жалпы түсінігіміз бір арнаға тоқайласып, бір арнадан шығып жататын.
Әкем Әкімжан – жөн білетін қазақтың бірі еді. Мені көрген Оралхан Бөкей ағам мұның әкесі қандай екен деді ме ауылдан алдырып, түнді түнге ұрып әңгіме соққандары бар. Ахаңның да біздің әкеймен жүздескісі бар-ды. Алайда тағдыр бәрін басқаша шешті.
Менің справочнигім сол кісі болатын. Бәрін алып қала алдым деп айта алмаймын. Алайда сол алып қалғанымның өзін ешбір оқулықтан, ешбір жазбадан кездесіре алмағаныма пұшайман болатыным рас.
Сондай жағдайда құтқарушым болып Ахаң жетер еді.
– Сен Ақтоғай жөнінде Марғұланның не айтқанын білесің бе?
Мен үндемедім. Тоқай-тоғайды біліп тұрмын. Неге ақ?
– Біліп жүргін. Жалқы туған тоқайды ақтоқай деген… Кейінде барып ақтоғай деп айтушылық шыққан…
* * *
Ит жөніндегі танымдық жазбамыз қысқаша қайырғанда осындай болды. Аңдаған жұрт бізде ит жөніндегі түсініктердің қоюлығына марқаяр еді. Қазақта бар бұл түсініктерді басқа жұрттардан табу мүмкін де емес.
Осы жерде оның басты себебі не деген сауал туындайды. Қазақ баласы иттің екі-ақ түрін әлпештеді. Оның бірі – төбет! Екіншісі – тазы! Бұл екеуі барда қазақ баласының есебі түгел болатын. Қазақтың ит культі елде жоқ культ! Бұл культ бойынша иттің де ұлттық белгісінің сілемін көреміз…
Жай ғана төбет демейді қазақы төбет дейді…
Жай ғана тазы демейді қазақы тазы дейді…
* * *
Сонымен ит жөніндегі «ликбезіміздің» де аяғынан шықтық-ау дейміз.
Одан әрі езе берсек, жазып отырған біздің бағамыз кемір еді. Оқып отырған оқырманымның құрметі кемір еді. Алайда бір нәрсені анық білдік.
Ит жұптасып та көбейеді, жұптаспай да көбейе береді.
Асылы алдыңғысы. Оларды Ақбақай, Ақай, Тоқай дейді.
Жасығы кейінгісі. Оларды Итбақай, Итақай, Ырбақай дейді.
Төрехан Майбас