ҚАСЫМ ҚАЙСЕНОВТЫҢ 100 ЖЫЛДЫҚ КЕШІ ӨТТІ
21.09.2018
1996
0

Қыркүйектің 17-сі күні Алматы қалалық әкімдігінің ұйымдастыруы­мен Абай атындағы Мемлекеттік академиялық Опера және балет теат­рында Халық қаһарманы, па­р­­тизан-жазушы Қасым Қай­сеновтың туғанына 100 жыл толу ме­рей­тойына арналған салтанатты кеш өтті.

Кеште Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек мырза ҚР Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаевтың құт­тық­тау хатын оқыды. Кеш әрі қарай Қазақстан Жазушылар одағы Бас­қар­масының төрағасы Ұлықбек Ес­дәулеттің «Қаһарман Қасым Қай­се­нов туралы сөз» атты баянда­масы­мен жалғасты. Ақын өз кейіпкері ту­ралы тол­ғауында былай деді: «Ба­тыр­дың да батыры бар. Данышпан Абай атамыз «Бойда – қайрат, ойда – көз, Бол­маған соң айтпа сөз» деп, өз өлеңін­де «ойдың көзі» деген фи­ло­­со­фиялық ұғымға үлкен мән бер­ген. Осы айтылған «ойдың көзі» де­геніміз – жүрегінде қаһар-сұсы жа­лындап, білегінде қайрат-күші арын­дап тұр­ған батырлардың бәріне бірдей біте бермеген. Сондай кө­кіре­гінде сәу­лесі бар аруақты батыр­лардың бірі Бауыржан болса, бірі Қасым Қай­се­нов екені баршаға мә­лім. Мұны біз олардың шебер қа­ла­мынан шыққан шы­найы шығар­маларынан байқай­мыз. «Өзге емес, өзім айтам өз жайым­да» деп Қасым Аманжолов айтқан­дай, Момышұлы сияқты Қайсенов те өз өмірбаянын өзі жазып кетті.
Оның «Ажал аузында», «Днепр­де», «Жау тылында», «Переяслав пар­тизандары», «Жау тылындағы бала», «Жас партизандар» атты кі­тап­тары қаншама ұрпақты патриот­тық рухта тәрбиелеп келеді. Қасым Қайсеновтың шығармалары – жауын­герлік жорықтың жылнама­ла­ры, ерліктің естеліктері, шай­қастың ше­жірелері. Қанды көйлек қарулас дост­арына, партизан қоз­ғалысының жол­барыстарына ор­натылған мыз­ғымас ескерткіші. Жау тылында өлім­мен күн сайын, сағат сайын бет­те­сіп, ажалмен арыстанша арпа­лысып, қанды көбік түкіріп жүріп соғысқан партизан – жазушы Қасым Қайсенов өзі бастан кешкен қиян-кескі шайқастар мен оқиғаларды майын тамызып әңгі­мелеп, қанын ағызып жазған. Ол кітаптар көптеген тілдерге аударыл­ды. Көзінің тірісінде «Менің екінші Отаным – Украина» деуден жазбай өткен қаһарман туралы украин­дық­тар «Қасым» атты көп сериялы көр­кем фильм түсірді.
Биыл Халық қаһарманы Қасым Қайсеновтың туғанына 100 жыл толу торқалы тойы Атырауда баста­лып, Алтайда дүркіреп, Таразда дүбірледі. Енді, міне, Алматы қала­сында жалғасын тауып отыр. Әр кезде қаһарман Қасым Қайсенов ағаның қасына мен де ілесіп, үлгі-өнегесін көрдім, сыр­л­ы сөздерін тыңдадым, ұсақ­тауды білмейтін өр мінезіне, нағыз батырға тән бол­мыс-бітіміне, кесек турайтын ірі­лігіне талай рет тәнті бо­лып, қа­сын­да жүрдім десем, ке­лер ұрпақ сен­беуі де мүмкін… Ол кісі шын мә­нін­де нағыз ұлт батыры, халық жазу­шысы, қоғам қайраткері еді. Аруағы риза болсын! Той тойға ұлассын!».
Кеште Қасым Қайсеновтың өмірі туралы деректі бейнефильм көрсетілді. Поэтикалық-музыкалық кеш Алматы облыстық Б.Римова атын­дағы драма театрының Қасым Қайсенов туралы «Жұмақ маған бұйырмас…» спектаклінің «Қасым­ның монологы» үзіндісіне орайлас­тырылған Нұрғиса Тілендиевтің «Кө­гершіндер» әнімен аяқталды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір