Өмір сүру стандарты немесе кедейшіліктің шегі
03.09.2015
1724
0
725537_880918156________________________________Қайсыбір жылдары газетімізге пікір білдірген экономист Рахман Алшановтың «Бүгінгі ата-аналар балаларының оқуынан ақшаны аямайды» деген сөзін оқып, ішіміз жылып қалған еді. Одан бері біраз жыл өтті ғой. Соңғы жылдары мамандар былай тұрсын, халықтың аузынан «девальвация» деген терминнің жиі естілуіне қарап, елдің экономикалық-қаржылық сауаттылығы мен арғы-бергісін реттеп жүретін үнемшілдігі артып кетті ме дейін десең, сол баяғы бейқам қазақ түк те өзгермегендей – той-томалағының қамын ойлап шауып жүргендері…
Жалпы, қазақ халқының ақша ұстаудағы әдетін зерттеп-зерделеп көргендердің еңбегімен аса таныстығымыз жоқ екен. Үркіншілік жылдары бала-шағасына шәй қайнатып беру үшін самауырды ақ патшаның ақшасымен тұтатқандардың бірді-екілі мысалын құлағымыз шалғаны бар еді. Құлмамбетпен айтысында Жамбылдың: «Ақша деген немеңдi, қапқа салып алдырған» деп немкетті қарайтын тиын-тебенінің дәурені бүгін қалай жүріп тұрғанын да білгіміз келді. Сөйтіп, экономист мамандармен қазақтың үнемшілдігі, ақша жұмсау сауаттылығы туралы әңгіме өрбіттік. Иә, екі маманның кейбір пікірі бір-біріне қайшы келуі де мүмкін, алайда, біз олардың жеке пікірі мен ой-толғамдарын өзгертпей беруді жөн санадық…
Жангелді ШЫМШЫҚОВ,
экономист

Біздің өмір мен Батыстың өмір салтының арасы

– Соңғы статистикалық деректердің кейбірі бүгінгі таңда халқымыз тапқан табысының елу пайызға жуығын азық-түлік алуға жұмсайтынын айтады. Бұл көрсеткіш қаншалықты қауіпті?
– Әрбір отбасының табысы бірнеше бөлікке бөлінуі тиіс. Ең бірінші кезек – азық-түлік, екінші кезекте киім-кешек алуға, үшінші кезекте– коммуналдық төлемдер және жалға алған болса, баспана ақысын төлеуге бөлінуі тиіс. Бұдан бөлек, адамның тапқан табысы – қосымша қор жинауға қалдыру және өзге де мәдени демалыстарға бару үшін жетерліктей болуы тиіс. Енді өзіңіз ойлап қараңыз, адамның тапқанының тең жарымы азық-түлік алуға кетіп отырса, киім-кешекке кем дегенде, отыз пайызын қалдырса, коммуналдық немесе жалға алған баспанасының ақшасын төлеуге қалған қаржы жұмсалатын болса, мұндай адамдардың мәдени демалу мен қосымша қор жинақтауға жағдайы қайдан келсін? Адам – қартаяды, отбасы– ұлғаяды, жасөспірімдер – өседі, бұлардың бәріне белгілі бір деңгейде қаржы қажет. Ал қосымша қор жинай алмаған отбасылардың көпшілігі кедейшілік жағдайында тіршілік етуге көшпей ме? Батыс елдерінде «Өмір сүру стандарты» деген ұғым бар. Олар бағаны реттегенде, табысты құрастырғанда және жалақыны зерттегенде, осы стандартқа қарап әрекет етеді. Бізде өмірлік стандарт жоқ, «Өмір сүрудің ең төменгі деңгейі» дейді. Ол төменгі деңгей – 21 мың теңгенің ар жақ – бер жағында болса, ол ақша кімге жетеді? Күніне ең кемі мың теңгеге тамақтанды дегеннің өзінде бір айда – отыз мың теңге ақша жұмсалады. Ал оған киім-кешек, коммуналдық төлем, басқа да мәселелерді қоссаңыз, төменгі деңгейді кім ойлап тапқан көрсеткіш екенін түсінбай дал боласыз. Әлеуметтік мәселелермен айналысатын мамандар, экономистер мұны қабылдамайды. Біз өмір сүрудің төменгі деңгейі дегеннен құтылып, өмір сүру стандартына көшер болсақ, Президентіміз айтып жүрген дамыған 30 елдің қатарына қосыламыз дегендегі ең маңызды көрсеткіш осы болар еді. Себебі, біздегі әлеуметтік жағдай отыз алдыңғы қатарлы елдердегі азаматтардың өмір сүру деңгейімен теңесетіндей болуы тиіс.
– Біздегі той жасауға құмарлықтың соңы неге апарады деп ойлайсыз?
– Той жасауға деген құрмарлыққа келсек, бұл – ең алдымен ұлттық дәстүріміз. Иә, сол ұлттық дәстүрімізді астамшылыққа, дарақылыққа дейін жеткізіп жүргендер жетерлік. Олар тойға 250-300 адамды шақырады. Ол адамдардың көбі бір-бірін танымауы мүмкін. Мен сізге бір қызық оқиғаны баяндап берейін. Германияда бір азамат сенбі-жексенбі болса, фрагын киіп, қолына гүлін ұстайды екен де, қай жерде той болса, соған кіре беретін көрінеді. Сөйтіп, 25 жыл бойы сенбі-жексенбі күндері тегін той, тегін тамақ ішіп жүрген ғой. Сол сияқты бізде де апта сайын екі-рет тойларға барып та өмір сүре беруге болатын сияқты күй кешесің. Бір-бірінің атын атап, түсін түстеп, білмейтін жандар­дың арасында 6-7 сағат той тойлаудың жақсылығы неде екенін кім білсін? Қала берді кейбіреуі тойды несиеге өткізетін болып алды. Баяғыда отау көтерген бастарға ыдыс-аяқ, бұйым секілді пайдалы дүние беретін заман болған-ды. Құдаларға ары кеткенде, шапан жабатын. Осы күні бақталастықтан ба, мақтангершіліктен бе, бір-біріне беретін сый-сияпаттың бағасы мен құны той сайын артып келеді. Оны біреуінің қалтасы көтереді, келесісінің жағдайы келмейді дегендей. Бұлай жалғаса берсе, тойдың қадірі кетеді. Той жасадым екен деп, оған міндетті түрде атақ-даңқы шыққан әншіні шақыра беруге де болмас. «Қазақтың тойы қандай болуы керек,оған кім шақырылуы керек» дегенді реттегеніміз жөн-ау. Кейбіреулер тойды қуаныш үшін емес, шенді-шекпенділермен, бастықтармен байланыс орнату үшін, ықпалы бар адамдарды шақыру арқылы өзінің жеке бір мәселелерін шешу үшін немесе өзінің беделін басқаларға көрсету үшін жасайтын бір мінездер байқалады. Олар өзінің «құдіреттілігін» өзгелерге қандай жолмен болса да, көрсетуге ұмтылады. Сондайдың біреуі бірде атақты Халық әртісін тойға шақырыпты дейді. Содан әлгі әртіске сөз беріп тұрып, біздің қуанышымызға бір ән шырқап «беріңіз» деп өтінсе керек. Сөйтсе әлгі әртіс: «Мен рояль не пианино болмаса, ән айта алмаушы едім», – деп сыпайы бас тартқан көрінеді. Оған көне қоятын той иесі ме? Екі кештің арасында жандайшаптарын жұмсап, тойханаға зілдей рояльды да алдыртыпты. Сөйтсе, әлгі әнші рояльға сүйеніп тұрып, бір арияны орындап берген көрінеді. Міне, байқадыңыз ба, біздің той иелері өзінің сән-салтанатын көрсету үшін неден болса да тайынбайды. Ал мұндай дарақылық, «босқа мал шашпақтықтың» соңы неге апаратынын өзіңіз де білетін боларсыз.
– Халық ақшасын неге үнемдеп, қандай дүниеден үнемдемеуі керек деп ойлайсыз?
– Ақшаны азық-түліктен аяуға болмайды. Дәрумендер, жеміс-жидек, көкөніс, балық дейсіз бе, адамның денсаулығына қажетті дұрыс тамақ­тарды адам баласы ішуі керек. Ата-ана балаларына ешуақытта ақша үнем­демеуі тиіс. Оның оқуы, түрлі қосымша сабақтары, лайықты киім-кешегі, дәрі-дәрмегі, демалысынан ақша үнемдеуге болмайды. Мемлекет алдындағы салықты, түрлі коммунал­дық төлемдерді, баспананың қаржы­сын да төлемей-ақ, жалтарып кетем деу жаңсақтық болар еді. Бүгінгі күні халқымыздың отыз пайыздан астамы несиемен өмір сүріп жүр. Бұл негізінен жеке әңгіме. Сонда да болсын, айта кетейін, халыққа жаппай несие беру – ерекше саясат. Несиемен жүрген адам ешқандай саяси-қоғамдық мәселелерге басын ауыртпайды. «Байтал түгіл, бас қайғы» болып жүрген адамнан мемлекет үшін жақсы адам жоқ. Оның мойындағы ақшасын төлеп құтылам дегенше, дәуір өтіп кетеді. Сондықтан, адам баласы сергек болуы үшін де несиені дер кезінде төлеп отыруы тиіс. Несиеден жалтарып кетем, әйтеуір бір жолы болар деген сияқты әрекеттер айналып келгенде ол адамның мүлкінен, үйінен айрылуға апарып соғуы мүмкін. Міне, меніңше, осындай мәселелерде ақша үнемдеуге болмайды.
Енді ақшаны босқа шашпайтын тұстарымыз қайсы? Жұрт мінген автокөліктің ең кереметін алам деп ұмтылу дұрыс емес. Осы күні көшеге шығыңыз – керемет көліктердің жарысы. Көлік – мақтан құралы емес, адамның уақытын үнемдейтін қозғалыс құралы емес пе еді? Киім-кешек мәселесі де сондай. «Иығың бүтін болса» дейтін заманның өткенін білем, сонда да астамшылықпен, бірінен-бірі асып түссем деп киім жарысына түсу де біздің жағдайы­мызға жараспайды. Себеп, сылтау іздеп, ішімдік үшін де шашылу – дұрыс емес деп есептеймін.
– Қалай ойлайсыз, ақшаның құнсыздануы, адам бойындағы адамгершіліктің құнсыздануына алып келмей ме?
– Біз бұрынғы адамгершілік, бұрынғы қазаққа тән қарым-қатынастан, рухани құндылықтардан бірте-бірте айрылып келеміз. Адамның намысы тапталып жатса да, ол ақша тапса, соның ісін мақұлдау мінезі пайда болды. Мұны қазақ бұрындары «сарттық» дейтін. «Қайсыбір адамның білімі қандай, өнері қандай, тәрбиесі қандай, қайрымдылығы, мейірбандығы қандай?» деген сұрақ ешкімді ойландырмайтындай. Қандай көлік мініпті, үйі неше бөлмелі, жиған-тергені не, ақшасы қанша – бізді қызықтыратын сұрақ осы болып алды. Ұлттық дәстүр, тіл, дін мәселесін айтқан адамның сөзіне құлақ та аспайтын болып алдық.
Байлықтың көзі шынайы кәсіпкерлікте емес деп түсінетіндер көп. Біздегі өмірдің шындығы оларды осы ойға алып келді. Себебі, бізде шынайы кәсіпкерлікпен байып жатқан­дар өте аз. Сыбайлас жемқор­лықтың арқасында бір-екі жылда шаш етектен байып шыға келгендерге қарап, қазір бәрі бірден ауқатты бола салсам деп ойлайды. Байлықтың тамшылап төгілмен термен, ауыр еңбекпен келетініне біреуді сендіріп көріңіз.
Сіз білесіз бе, мен сөйлескен студенттер, мен араласатын жоғары мектеп оқушыларының көпшілігі өз болашағын Қазақстанмен байланыстырмайды. «Шетелде жағдай жақсы, жалақы жоғары, шетелде – мәдениет, шетелде – өркениет», – дейді олар. Ал ұлттық құндылықтар қайда? «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол!» психологиясы қазір мүлдем жойылған. Жанпидалық ысырылып тасталған. Жанкештілік, «Отан үшін отқа түсер» мінез азайып келе жатқан ұрпақтан қалай қауіптенбейсің? Әрине, көпке топырақ шашуға болмас, алайда, мен жоғарыда атап өткен жастарды көрген сайын, «соншама ғасырлар бойы азаттық, тәуелсіздік үшін күрескен, жан алып, жас беріскен боздақтардың, Алаш азаматтарының қаны босқа төгіліп пе еді» деген қорқынышты ой келеді…

Қайрат БОДАУХАН,
экономика ғылымдарының
кандидаты

Қаржылық қиыншылық рухани ашаршылыққа апармайды

– Ақша жұмсауды, ақшаны үнем­деуді, ақша ұстауды білеміз бе?
– Қазақ халқын жалпы «кеңқолтық» деп айтамыз ғой. Кез келген іс-әрекет­тері­міз еркін. Нарықтық экономиканың заңдылықтарына әлі үйренген жоқпыз. Бірінші – біздің мен­талитетіміз, екінші – экономикалық сауатымыз, үшінші – біздің үлкен-үлкен держа­валардың ортасындағы жағдайымыз түрлі экономикалық кедергілерге ұрындырып отырғаны рас. Халық­тың нарыққа деген, экономикалық үнемшілдікке деген көзқарасы әлі толық қалыптасып үлгерген жоқ. Әрине, бұл мінез жастар арасында қалыптасып келеді, дегенмен, эконо­ми­калық әлемдік дағ­дарыстар біздің халық үшін біраз ойланатын кезеңдерді тудырды деп есептеймін.
– Осы күні қарыз адамдардың, несие алушылардың да қатары көбейді.Бұл бізде тапқанын алдын-ала есептей алмайтын қаржылық сауаттылықтың төмендігін көрсете ме, әлде халықтың тапқаны жұмсайтын шығынына жетпей жатқанын байқата ма?
– Халықтың сатып алу дәрежесі деген бар. Жалпы, халық­тың сатып алу қабілеті төмен дер едім. Әсіресе, әлеуметтік сала қызметкерлері. Тұтынушылар, мұғалімдер, дәрігерлер – бұлар халықтың негізгі тобын құрайды. Әр мемлекеттерде экономикалық дамудың негізгі экономикалық көрсеткіші жә­не халықтың әл-ауқатының негізгі көрсеткіші ретінде дәрі­гер­лердің, тұтынушылардың, әлеуметтік сала қызметкерлерінің жалақысы және зейнеткерлер мен көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы деңгейімен есептеледі. Бұл деңгеймен есептегенде, біздің жағдай өте төмен. Ал халық жақсы өмір сүру­ге ұмтылады. «Менде ақша жоқ» деп айтып отырғымыз кел­­мейтін де мінезіміз бар. Ұлды үйлендіру, қызды ұзату, шіл­дехана, сүндет той жасау міндет. Бұл қалыптасқан менталитетті ешкім бұза алмайды. Сондықтан да, кез келген жолмен той жасау керек. Оның ең бірінші жолы – банктен несие алу. Ал, банк жүйесі бізде әлі жетілді деп айта алмаймын. Халықтың осы жағдайын пайдалана отырып, банктер жасырын түрде өзінің пайыз мөлшерін ұлғайтады. Сондықтан несиенің былығына бату біздің халықтың қаржылық сауатсыздығы деп айтуға келмейді, ол, біріншіден– халықтың менталитеті. Екінші жағынан, біздің экономикадағы, әлеуметтік саладағы үлкен кемшіліктеріміз. Оның барлығы айналып келгенде бір-ақ нәрсеге тіреледі. Халық қаржыға мұқтаж, әйтпесе біздің азаматтардың экономикалық сауаттылығы төмен деп айта алмаймыз.
Қазақта «Қонағыңа астыңдағы төсегіңді салып бер» деген сөз бар. Қонағынан ешнәрсесін аямайтын қазақ, астындағы жалғыз атын сойып беретін қазаққа сіз қалай «қонақ күтпе, той жасама» дей аласыз?
– Сіздіңше, бүгінгі әлемдік экономикалық дағдарыс, қымбатшылық қайда апарады?
– Әлемдік экономикалық дағдарыс әлемдік алпауыттардың белгілі бір дәрежедегі саяси көзқарастарымен тікелей байланысты. Алпауыт елдер белгілі бір дәрежеде өз ықпалын жасағысы келеді. Яғни, бұл – әлемдік алпауыттардың ара­сын­дағы кикілжің. Олардың өз үстемдігін орнату құралы. Сон­дық­тан бұл мәселе аяқ астынан немесе кездейсоқ пайда болды деуге болмайды. Қанша жылдар бойғы текетірес өз шегіне жетті. Және бұл үрдіс бүгін-ертең реттеледі дей алмаймын.
– Қалай ойлайсыз, экономикалық дағдарыс адамгер­шілік­­тің құнсыздануына апара ма?
– Теңгенің құнсыздануға әлеуметтік-рухани дағдарысқа апаруы мүмкін емес деп ойлаймын. Біз 20 жылдың ішінде мемлекет ретінде қалыптастық, өз тәуелсіздігіміздің туын тіктік. Әсіресе, жастар арасында отансүйгіштік мінез қалып­тасып келеді. Үлкен деңгейге жетпесе де, халықтың рухани көзқарасы қалыптасып қалды. Елбасының «Ұлттық тәуел­сіздігіміз ең бірінші орында. Тәуелсіздігімізге қауіп төнбесін» дегені бар. Бұл сөздің өзі де – идеология. Сондықтан, бүгінгі қаржылық қиын­шылық рухани ашаршылыққа апара қой­майды. Дегенмен, халықты белгілі бір деңгейде үнемшілдікке тәрбиелейді. Кез келген экономикалық қиыншылық кез келген отбасының, кез келген адамның жеке тағдырына әсерін тигізетіні анық. Бірақ бұл халықтың рухни өміріне кері әсерін тигізбейді.

Дайындаған Қ.СЕРІКҚЫЗЫ.

ПІКІР ҚОСУ