«Ең қиыны – Қарапайым жазу»
«Танбаймын, шәкіртімін Толстойдың». Шәкәрім қажы осылай депті. Толстой даналығы XX ғасыр төңірегінде қазақ зиялыларына да ой салды. Ыбырай Алтынсарин Ұлы жазушының әңгімелерінен мазмұн алса, хакім Абай «Ойында жоқ бірінің, Салтыков пен Толстой» деп өз қоғамына мұң шақты. Дүниенің көрінген, көрінбеген тылсым заңдылықтарын зерделеп бойға қондырып, тозбайтын, сынбайтын күшке айналған Толстой рухы әр күн сайын неше миллион адаммен сырласып, сұхбаттасып келеді. Тамұқтан көкке, іріп-шіруден адамдыққа, бейшаралықтан Құдайға жетелеген шығармалар легі ұрпақ алдында бір мысқал да құнын жоғалтқан емес. «Ең қиыны – қарапайым жазу». Бірнеше жыл бұрын «Арыстан» атайдың осы бір пікірі санаға төңкеріс әкелген-ді. Рухани аштықтағы ең сүйікті «азығымыз» – Толстой болды. Көптен бері күнделіктерін ақтарып көкірек көзін тазартудамыз. Бұл – Толстой ғұмырының ақырғы шағында қорытқан ойлары, шынайы сенімдері, сезімі. Күнделікте жазушының ішкі келбеті ашылады, соны пікірлері мен ойлары көрініс табады. «Әлемнің күміс қоңырауы» атанған алпауыт талант иесінің «шашылып түскен маржандарын» түйсініп оқуға шақырамыз.
Ұнатқанымның бәрі қолыма түсе бермейді, бірақ қолымдағының бәрін ұнатамын.
* * *
Кеше шынайы сезім жайлы әңгіме болды. Түйіні мынау: көргенді, адамгершілік келбеті қалыптасқан адам шынайы сезімді көре алады. Үйленген немесе айрылысқандар – ашуланған адамдай онымен күресе бастайды, орта қабылетті жандар сезімді мейрімділікке балап, қызығады. Ал, мүлде адамдық бет-бейнесі қалыптаспаған пенделер оны түсінгісі де келмейді, тіпті миығынан күледі.
* * *
Егер әркім өз үйінің есік алдын сыпырар болса, бүкіл көше тазаланар еді.
* * *
Әлем қайғы-қасірет жұтқандарға құрмет көрсете алатын адамдар арқылы алға жылжиды.
* * *
Ең үлкен адасушылық – адамдарды бір жақты бағалау. Оларды мейірімді немесе ашуланшақ, ақымақ, ақылды деген ой қалыптастыру. Адам ағыс секілді ағып отырады, онда бұл қасиеттердің барлығы да кездеседі. Кейде ақымақ, кейде ақылды, кейде ашуланшақ, кейде мейірімді болады немесе керісінше. Бұл – адамның ұлылығы. Сіз оны бір жақты бағаладыңыз делік, ал ол қазір мүлде өзгерген, өзге адам! «Жақсы көрмеймін» деуге болмайды. Сіз солай дегеніңізбен, ол қазір мүлде өзге..
* * *
Сезімсіз ғұмыр кешу жеңіл, алайда онсыз ой болмайды.
* * *
Шынайы ақиқат – өте қарапайым.
* * *
Таңертеңмен басыма маңызды әрі тұщымды ойлар келді. Енді соларды ұмыт қалдырғандай алаңдау үстіндемін. Еске түсіріп көрейін: Адам өзін танымағанша өлі не тірі екенін білмейді, өйткені ол әлі тірі емес. Тірі адам ретінде танымын сезінген шақта өзін сұрақтың астына ала бастайды. Неге ғұмыр кешіп жүр? Жауабын іздеуге көшеді. Бір жауаптың пұшпағына жеткенше жаны тыныштық таппақ емес.
* * *
Адамдар көбіне мөлшерлі ақылға ие болғаны үшін ғана аппақ арымен мақтанғыш келеді.
* * *
Адам әрқашан бақытты болуға тиісті, егер оны жоғалтып алса, қай жерде қателескенін қарасын.
* * *
Жастардан «мен өзгенің ақылымен жүргім келмейді, өзім ойлана аламын» дегенді жиі естиміз. Ойланып, сүбеленіп қойған дүниелерді қайта ойланып не керек? Дайын дүниені ал да, алға жорта бер! Адамзаттың күші осында.
* * *
Ең үлкен адасу – ештеңе істеместен бақытты күту.
* * *
Мәселе көп білуде емес, ең маңыздысын білуде.
* * *
Ойын ойнау үшін қарын тоқ болу қажеттілігі түсінікті. Қоғамның әр мүшесі қарыны ашпаған кезде ғана өнерге ден қоя алады. Егер қоғам мүшелері тоқ болмаса, нағыз өнер өркен жаймақ емес. Салғырт өнер – кескінсіз, аш қоғамдағы өнер – дөрекілеу, өкінішті…
* * *
Адам өзіне жақын тақырып жайлы әңгіме қозғағанда, тыңдаушының өзіндей емес екенін ұмыт қалдырады. Егер адамдар өзін шынайы алаңдатқан, немесе рухани дүниені сөз етпесе, міндетті түрде жеке басы жайлы көп сөзділікке ұрынады. Әлбетте, бұл өте көңілсіз.
* * *
Адам баласының дүниеде жалғыз ғана жолы бар. Бірақ ақылы оянып, сана-сезімі өз әрекетін игерген шақта жол екіге айырылады. Не бойындағы жануарлық күш ақылға бағынады, не ақыл жануарлық күшке қызмет етеді. Ақыл жануарлық табиғатқа айналса, қызықтың бәрі сонда болмақ. Егер ақылға жеңдірсе, ол адам дүниенің бос селтеңіне бой алдырмайды, саналы түрде жалғыз жол ашып, сол жолға бет алады.
* * *
Бәрі де адамзатты өзгерткісі келеді, бірақ өзін өзгерту жайлы ойланатындар сирек.
* * *
Кеше Янжулда болдым. Одан өлім жайлы не ойлайтынын, баянсыздық немесе баянды ғұмыр жайлы сұрадым. Ол, тіпті, сиыр секілді түк те түсіне алмайды! Мұндай жандар қаншама! Ал, сен онымен сөйлесе отырып қынжыласың, ол сенімен келіспейді де. Осындай жандармен байланыс орнату өте қиын, не жаның қаламаса, не ұнатпасаң, қалай сүймексің, нені талап етесің?.. Қарым-қатынасты олар өздері шешеді. Рухани дүниесі күңгірт. Олармен әрқашан тап бір сырласыңдай құрметпен араласасың. Бұл өзіңе ауыр, кейде өзіңді келеке етеді.. Шыдау қажет. Олардың қашан оянатынын білмейсің. Бәлкім, қазір-ақ сенің сөзің оятар?..
Орыс тілінен аударған
Батырхан Сәрсенхан
ТОЛСТОЙДЫҢ «ШЫН СЫРЫ»
…Толстой «Мен кіммін?», «Қайдан келдім?», «Не үшін өмір сүруім керек?», «Менің өмірімнің мәні неде?» деген сұрақтарды өмірінің соңғы кезеңіндегі бүкіл шығармаларының алтын арқауына айналдырды. Ол өмір мен шығармашылық бөлек дейтіндердің сапынан емес-ті. Және Толстой үшін шығармашылық басты мақсат та емес еді. Бұны «Лермонтов и я не литераторы» немесе «Я не мечтаю о литературной славе», «Слава я не хочу и презираю» (17-18 том, 242-бет) деген сөздерінен аңғарамыз.
Өз дәуірінің ақиқатын бүкпесіз жазған бұл шығарманың Ресейде жариялануы мүмкін емес еді. Шығарма жазылғаннан кейін 2 жыл өткенде, бұл туралы жазушының өзі былай дейді: «Но этой книги в которой я рассказывал, что я пережил и передумал, я никак не могу и думать печатать в России, как мне сказал один опытный и умный старый редактор журнала. Он прочел начало моей книги, ему понравилось. Так как он просил моего сотрудничество, я сказал: Так вот, напечатайте. Он поднял руки и воскликнул: «Батюшка! Да за это и журнал мой сожгут, да и меня с ним » Так я и не печатаю». (90 томдық шығ.жинағы. 49-том, 9-бет) Осы себептерге байланысты «Исповедь» алғаш рет Ресейде емес, 1883 жылы Женева қаласында «Общее дело» журналында жарық көреді. Ал Ресейде бұдан 13 жыл өткеннен кейін 1906 жылы «Всемирный вестник» журналында жарық көрді.
Өзінің қызу өтініші бойынша 1882 жылдың күзінде «Исповедь» Париждегі Тургеневке жіберіледі. Жалпы орыстарға ауыр тиген бұл шығарманы Тургенев түсінбеген. Вильям Фрей былай дейді: «Россиядан кеткен соң сіздің «Исповедіңізді» жүрегім тоқтап, басым айналып отырып оқыдым. Сіздің сөздеріңізден ақыры біздің қоғамда пайда болуға тиісті рухани азыққа деген алапат сұраныстың рельефті көрінісін көрдім».
В.В.Стасовтың тек әдеби қырын айтуға шамасы жеткен. Сол кездегі Америка мен Еуропаның әдеби-қоғамдық өмірін жақсы білетін Степняк Кравчинский 1889 жылғы «Свет Российдағы» мақаласында: «Толстойдың есімін қазір айналшықтаған айрықша даңқ оның «Исповеді» мен «В чем моя вера» шығармалары жарық көрген соң басталды» («Литературное наследство» 75-том, 546-бет) дейді. Ресейлік 10-шы сынып оқушысы М.Пономарева «О религиозном учении Л.Толстого» атты шығармасында «Исповедь» туралы мынадай ой айтады: «Большая часть повести посвящена описанию поисков смысла жизни; поисков сугубо рационалистических. Эти поиски не приводят ни к чему… Но удовлетворительных результатов эти поиски не дают.» Оқушы шығарма желісіне ешқандай қиянат жасамай, адал пікір түйген. Толстой – ақылды жететін жеріне дейін сарқа пайдаланғандардың бірі. Бірақ тек жалаң рационализмнің өзімен өмір сұрақтарының бәріне жауап табылмайтыны айдан анық нәрсе.
«Исповедь» – әлем әдебиетіндегі ең бір шынайы кітаптың бірі». Ол – ақиқатқа ынтызар жанның шырылы. Шығарманы оқу барысында «Ақымақ едім, әлемді түзетпек болдым, ақылым кіре бастады, енді өзімді түзетуге кірістім» деген іргелі ой аңғарылады.
Шынында, өзінің кім екенін, не үшін өмір сүретінін анық танып, білмеген адамның «адамзатты жөнге саламын» деуі қисынсыз көрінбей ме?!
Толстой шын өмірдің үлгісін іздеді. Оның аса қадір тұтқан адамдарының бірі – Блез Паскальдің мынадай құйқалы сөзі бар: «Адамдардың үш тобы бар: бірінші топ – Жаратушысын іздеді және тапты. Бұлар ақылды әрі бақытты адамдар. Екінші топ Жаратушысын іздеп жүр, бірақ тапқан жоқ. Бұлар ақылды, бірақ әлі бақытсыз адамдар. Үшінші топ – Жаратушыны іздеп те жүрген жоқ, тапқан да жоқ. Бұлар бақытсыз әрі ақымақ адамдар». Толстой да жан-тәнімен, бар мүмкіндігін сарқа Жаратушысын іздеп, тануға талпынған жан. Бұл туралы ол «Исповедьте былай дейді: «Құдайға сенсем болғаны мен тірілемін, есімнен шығарсам, сенбесем болғаны, мен өлдім. Құдайға сеніп өмір сүр. Сонда құдайсыз өмір болмайды». Бұл Абай хакімнің: «Күндіз-түні ойымда бір-ақ Тәңірі, Өзіне ғашық қылған оның әмірі» дегенімен үндес. Толстой өмірдің ұлы сынақ екенін ұғынды. Өмірдің асау дария екенін, адамның дарияға жіберілгендегі мақсаты – ағыспен ағу емес, жағаны табу екенін де жақсы түсінді. Бәлкім, сол жағалауды, жан дүниені нұрға бөлейтін ақиқат жағалауын, тапқан да шығар. Оны біз білмейміз.
Аударған
Абай Қалшабек