ЖҮРЕГІМДЕ ШЫРАҚ ЖАНЫП ТҰР МЕНІҢ…
Жадыра ДӘРІБАЕВА
Тамаша күзім келді
Үмітім үзілмейді,
Күндерім жалғасады.
Тамаша күзім келді,
Сары ала нұр шашады.
Пейіштің шырағындай
Жапырақ бал-бұл жанып.
Әуеннің ырғағындай
Кетті ауа толқынданып.
Жаяды құшағын жыр,
Таңырқап, тамсанамын.
Жылыстап ұшады жыл,
Мен Сені қарсы аламын…
***
Қазақы ғұмыр-әдеппен
Пір тұттым адам баласын.
Достасып сұлу сонетпен,
Емдедім жанның жарасын.
Самалын жұттым сан кештің,
Жұлдызды түнде жұбандым.
Ақпанда аппақ қар кештім,
Жақсылар үшін қуандым.
Айлы жаз көрдім сиқырлы,
Алаулап күйдім Күн – нұрға.
Ардақтап туған ұлтымды,
Тәрбие бердім ұл-қызға.
Өмірім мәнді, мәнсіз бе,
Өтінде заман – құйынның.
Демеу боп жүрдім әлсізге,
Тәңірге ғана сыйындым.
Салмақты салып жақынға,
Ажарсыз айла еткем жоқ.
Асқақтық тән деп ақынға,
Айдарымнан жел ескен жоқ.
Пыр-пырлап ұшты қол бұлғап,
Қырғауыл-арман, қызыл шоқ.
Жанарым енді құп-құрғақ,
Ынтықтық қалды ызың боп…
***
Қар жауады, жердің бетін ақтайды,
Күнәһарлар бірін-бірі мақтайды.
Ыңырсыған жел де кіріп үйлерге,
Жылу іздеп, сырқат жанын сақтайды.
Сағындырған көктем келіп жасынмен,
Сырласады, мұңдасады ақынмен.
Ойдым-ойдым болған жердің бетіне
Құт-береке сыйлап жасыл дақылмен.
Көлдің бетін әуен келіп қытықтап,
Құйттай торғай шиқылымен қылықты-ақ.
Жақұттардан алқа таққан Күн шығып,
Жаратылыс жатыр оны ұлықтап.
Жанды дүние жұмбақталған тылсыммен,
Жаралғансың ықыластан нұр сіңген,
Барлық тірі жылу аңсап, пана іздеп,
Қандай мұңлы ғашық әлем күрсінген…
***
Күз жылап, тығылып жүр жанарыма,
Менің де кірбің кіріп қабағыма.
Ыстығы ысырылып аптап жаздың,
Жердің де беті, міне, ала-құла.
Саналы айтқызбай-ақ жаныңды ұғар,
Күз қыстың қаһарынан үріккен шығар.
Күн көзі қитарланып бұлт астынан
Қарайды, қылығы жоқ жұртқа ұнар.
Кей-кейде мен де сол бір қыли күндей,
Отымды лаулата алмай жүрем үрлей.
Фәнилік жарты ғасыр өмірімді
Өткізген секілдімін өзім сүрмей.
Бола алмай Шығыс қызы бал-шырынды,
Ақтарып алыппын-ау бар сырымды.
Сарғайттың жапырақтай, енді маған
Маңдайы кере қарыс Ай бұрылды!
***
Мардымсыз мұңға мұқалып,
Көбейіп ұлттың күмәні.
Жүйкесі жұрттың жұқарып,
Күрсініп батты күн, әні.
Не заман өтті боркемік,
Үгіткен ұлан-үмітті.
Зомбыдан сүйреп зор ерлік,
Тілекті қанша тірілтті.
Құланға қамшы салдырмай,
Егіле сүйіп ел-жерді.
Қайғыға – қасқыр алдырмай,
Қорғаған айтсай ерлерді.
Көгерер әлі көсеге,
Көңілдер шалқып, шарықтар.
Талайды көрер пешене,
Бәрін де өмір анықтар…
Аялай алған ұлдарын
Халықтың бағы жанар-ау.
Қарға деп, бірақ, сұңқарын,
Жүрмесе атып жарар-ау…
***
Жүректе ауыр жүкпенен
Айнымай жырдан, сенен де.
Ешкім де менен күтпеген
Ғажайып таңға енем бе?..
Күлімдеп, арбап сәулелер,
Қиялдың ердім соңынан.
Үзбеген өзім мәуелер
Жолықты бүгін оңымнан.
Міндетін жүктеп баршаның,
Шығармай көңіл шырынын.
Күйбеңнен күйкі шаршадым,
Мойныма салған құрығын.
Найзағай жанып жырменен,
Күмбезін көктің тілді кеп!
Кенеттен кербез үнменен
Көкірек кетті күмбірлеп.
Бұл шаққа кірбің үйіртпей,
Биіктен байқап төменді.
Дүниеден бейне ақ сүттей,
Саумалап жүрмін өлеңді…
Қиылыста
Қуаныш сыйла, өтінем,
Азайды өмір шуағы.
Ақ жібек арман сетінер,
Жалбырап күндер құрағы.
Дәулет те, бақ та мен үшін
Сәттерден мөлдір тұрады.
Үрей – құс жайлап ел ішін
Бұл ғасыр бізді сынады.
Шатасып кеткен тірліктің
Болмай да қойды тұрағы.
Береке, ауызбірліктің
Өшті ме әлде шырағы?
Қаңқылдап ұшты беталды
Қаздиған дала қыраны.
Бірінен-бірі кек алды
Дауы көп дәуір ұланы.
Берекесіз кей көптіктен
Артық-ау аздың бұла әні.
Көрінген жерге көз тіккен
Белгілі бір күн құлары.
Шаршады жүйке жұқарып,
Көбейіп ұрыс ұраны.
Көгенге көңіл тұсалып,
Қашанға дейін тұрады?
Жөн таппай жортып жүр әлі,
Жамырап дала құланы.
Іздеме бұған кінәні,
Сейілмей сана тұманы.
Жегідей жейді жанымды
Жамиғат сөзге құмары.
Дегенді «сақта барыңды»,
Белгісіз қашан ұғары?..
***
Жарқырап тұр мына маңғаз дүние,
Мың жыл бұрын болған осы күйінде.
Жұлдыздар да би билеген қуанып,
Ай қараған наздана да, сүйіне.
Есіркеуді сұрап жүріп ескі айдан,
Жарылқауды күткен бабам жаңа айдан.
Мәңгі ғұмыр сүрмейтінін білсе де,
Сан тілегін тілей берген Құдайдан.
Үміт, үрей жанды ұшырып қаңбақтай,
Кейде, тіпті, баққа жетпей бармақтай.
Құштарлықтан құмар көңіл күлдіреп,
Пенде өтер ұлы өмірді ардақтай.
Тылсым әлем қарап бізге шат күліп,
Тарту күшін жердің қойған арттырып.
Өлшеулі өмір сыйлаған соң адамға,
Арманын да бергенде ғой шақ қылып…
***
Бұзылма, көңіл, бұзылма,
Қызығып кетіп қызылға.
Тайғанап құлау бір-ақ сәт,
Қисынсыз жерде қызынба.
Жерік те етер жалған бар,
Желікті қуған жандар бар.
Сағыныш болып өксітер
Өмірден кетіп қалғандар.
Айныма, көңіл, айныма,
Тұра алсаң төтеп қайғыға.
Артынан келер қуаныш,
Жамандық кетер қаймыға.
Қуалап кетпе құр пайда,
Зейнет те қашпас ешқайда.
Әр адам өзі бір жұлдыз,
Зерттелмей жатқан шалғайда.
Кірлеме, көңіл, кірлеме,
Ашудың отын үрлеме.
Айналып өтсе бақ сені,
Бақыттыларды күндеме.
Төзе біл, көңіл, төзе біл,
Жүрегін достың сезе біл.
Өрекпіп қанша тұрғанмен,
Бәріміз барар меже бір…
***
Артыма қимай қарадым,
Бұралып жатыр жол анау.
Күрсініп қалған, қарағым,
Өкініш орны тола ма-ау?..
Жанымнан жауып бұршақтар,
Жабырқап жүрген жан едім.
Шамам жоқ енді сыр сақтар,
Сен болдың мұңлы әуенім.
Барады семіп селдір күн,
Сергелдең жылдар жылыстап.
Қанша рет көкке телмірдім,
Берер деп жалғыз уыс бақ.
Алдамшы үміт арбады,
Алмастырды да күн-түнін.
Жүректе шуақ қалмады,
Жеткізбей арман-ынтығым.
Кісінеп қарлы боранда,
Құлыншақ – жаным шырқырап.
Үздігіп көндім оған да,
Жатса да ыза жұлқылап…
Артыма қимай қарадым,
Бұралып жатыр жол анау.
Күрсініп қалған, қарағым,
Өкініш орны тола ма-ау?..
***
«Алла!» деп жаздым ақ қарға,
Тәңірім көзін салсын деп.
Адасып жүрген ант, арға
Қаһарын төгіп алсын деп.
Жердегі көріп жанжалды,
Көк әлем көңіл бөлсін деп.
Бұйыртып бұла таңдарды,
Өркендеп өңір өнсін деп.
Аспан боп жүрген көкірек
Аласарып бір көрсін деп.
Тұлымын қиған төңірек
Өсіріп бұрым өрсін деп.
Сіміріп нұрды тау, өзен,
Мейірге жұртым қансын деп.
Өзіңе, Тәңір, тәу етем,
Шырағы елдің жансын деп…