«Элиталық қоқыс»: Кеше және ертең
07.09.2018
1588
0

Әкім Тарази 1933 жылы 9 қыркүйекте дүниеге келді. Толық аты-жөні – Әшімов Әкім Үртайұлы. Қызмет жолын мұғалімдіктен бастап, тілші, «Қазақфильм» киностудиясында бас редактор, Қазақстан Киногерлер одағының бірінші хатшысы, КСРО Кинематография одағының хатшысы, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, Мәдениет министрлігінің кеңесшісі, «Қаржы-қаражат» журналының бас редакторы, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының профессоры, Астанадағы Қазақ Ұлттық Өнер университетінің профессоры, Қазақстан Жазушылар одағының филиал жетекшісі қызметтерін атқарған. «Ақбердінің ауласы», «Бұлтқа салған ұясын», «Тасжарған», «Қорқау жұлдыз», «Шер», «Қиянат», «Мұстафа Шоқай», «Тәж», «Жаңбырлы түндер» атты кітаптары бар. Қазақ киносының алтын қорына «Тұлпардың ізі», «Арман – атаман», «Қараш-қараш», «Мұстафа Шоқай» атты дүниелері қосылды. «Күлмейтін комедия», «Жақсы кісі», «Жолы болғыш жігіт», «Ақын, періште, махаббат», «Індет», «Махамбет», «Лайнер», «Үкілі жұлдыз», «Қыз махаббаты», т.б. драматургиялық шығармалары қазақ театрларында сахналанып жүр. Шығармалары ағылшын, орыс, қытай, поляк, болгар тілдеріне аударылған. Өзі Бичуриннің «Орта Азияны мекендеген халықтардың көне заманғы тарихы», «Мыңқолдың төрт ханы» тарихи ғылыми-зерттеу еңбегін, Рабленің «Гаргантюа және Пантагрюэль» романын алғаш қазақ тіліне аударды. «Құрмет белгісі» және «Отан» ордендерімен, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» мемлекеттік наградасымен марапатталған. Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың, Франц Кафка атындағы халықаралық әдеби сыйлықтың лауреаты. Айтулы тұлғаны 85 жасқа толған мерейлі күнімен құттықтаймыз!


Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ

***

«Адам – жұмбақ. Оның шешуін табу қажет, егерде сол жұмбақты ше­шумен бар ғұмырың өтсе, уа­қы­тым зая кетті деме, мен осы іспен ай­налысып жүрмін, адам болғым ке­леді». Достоевскийдің он сегіз жа­сын­да айтқан осынау сөзі күллі жа­зу­шылар үшін темірқазық бол­ған­дай. Адамды жұмбақ, сыр дегені емес, соның сырын ашуға ұмтылуы – бар­лық қаламгерге тән сипат. Ше­шуі Жаратқанға ғана аян Жұмбақтың күр­делі жаратылысындағы жан сы­ры пенде баласы тапқысыз қым-қуыт, тым терең. Қанша жан болса, сон­ша сыр болуының өзі жазушылар үшін жазудың таусыл­майтынын ай­ғақ­тап тұратындай. Осы күнге дейін қанша жазушы болды, бұдан кейінгі замандарда қанша қаламгер дүние есі­гін ашады. Бәрі жазады. Бірақ жа­зар дүние таусылмайды. Ал бұның сы­ры – осы адам жанының түпсіз те­реңдігінде болса керек.
Адам жанын ситуация ашады. Та­рихи кезеңдер тудырған ситуа­ция­лар мүлде жойқын. Күнделікті қа­рым-қатынастағы ашылулар бір бас­қа да, алмағайып күндегі ашылу – алапат. Бетперде түгел сыпы­ры­ла­ды. Белгілі бір адамдардың сы­нал­уы, әшкере болуы – адам жанының жа­лаңаш қалуының жанында түкке тұрмайды. Түкке тұрмайды… Адам жа­нының жалаңаштануы бір форма­ция­ға, идеологияға бай­ланысты. Осы жағынан келгенде, қазақ қоғамы бастан кешірген өткен формация­ның біздің ұлттық жаны­мызға да, адам­зат баласы ретінде болмы­сы­мызға да ерекше кері әсері болды.
Әкім Таразидің «Элиталық қо­қыс» эссесі соның бір қабатын ар­шиды. Сонымен қатар, Жұм­бақ­тың бір шешуін тапқандай. Әр жазу­шының шешу жолы әрқалай. Бірақ ше­шім – бір. Ол – адамның жаны­ның жұмбақ екенін дәлелдеу. Бұл – өт­кенді мансұқтау емес.
Біздің түсінігімізде «элита» деген ұғым берік орнаған. Білімді, бай, би­ліктегі – халықтың бір шоғыры. Са­палы бөлігі. Ал элиталық қоқыс де­ген кімдер? «Кімдер?» деген сұрақ қоя­мыз. Өйткені жазушы эссенің өне бойында «қоқыс» деп адамдарды тіке айтпай, бірақ соңында осылай қо­рытынды жасауға әкеледі.
Әлқисса…

***

«1991 жылдың күзінде Мәтеков құлады. Оңбай құлады. Бұны ешкім құлатқан жоқ. Өзі де құлаған жоқ. Бірақ әлдебір күш, әлдебір құдірет омақастырып кетті. Дұшпаным көп емес деп ойлайтын, достарының болмағанын өзі де қалайтын. Ешкім оның құлағанына қиналған жоқ. Тіпті, ешкім оның көштен қалып қойғанын байқамаған сияқты еді. Қара Ертіс облысының атқару комитетінде бірінші орынбасар. Өзі іштей өзін-өзі кекетіп «зам» дейтін. Кей­де бір үміт те жылт ете қалатын, «бү­гін зам болғанмен, ертең сам бо­лып қалуым ғажап емес қой» дей­тін».

***

Кеңес үкіметінің билігі құлап, ор­нына уақытша билік келген кезде бүкіл одақтың шаңырағымен қоса адамдары да шайқалды. «Құрметті совет азаматтары, құрметті совет халқы! Михаил Горбачев жолдастың дең­саулығы күрт нашарлап кетіп, хал үстінде жатқандықтан, біз, осы отыр­ған азаматтар мемлекеттің қауіп­сіздігін ойлап, мемлекеттің бо­лашағын ойлап билікті өз қолымызға ал­дық». Осы хабардан соң жер-жер­де билік басындағы ірілі-ұсақты ше­неуніктердің бәрі кімге жағы­на­рын, кімге шағынарын білмей безек қа­ғады. Олардың ортақ бейнесі Мәтеков сияқты. Бірді-бірге соққан, өзінің болашағына өзі сенімсіз, ал­дағы күнге үмітсіз жандардың «бі­реу­дің айыбын» айтамын деген әр қы­лығы өздерін әшкерелеп отыра­ды. Бұл эсседегі барлық кейіпкерді шартты деп ұқсақ болады. Мәселен, жазушы өзі досым деген министрдің бірінші орынбасарын шартты түрде Нағым деп алады. Бұл жерде Нағым ғана шартты емес. Горбачев та, Мә­те­ков те, Қаштанов та, тіпті, осы ағым аясымен келгенде автор да шарт­ты болып шығады. Әрине, ав­тор анық. Ондағы кей кейіпкерлер де тарихи тұлғалар. Бірақ уақыт доң­ғалағы алға жылжыған кезде, осы­лардың әрқайсының орнына жаңа адамдар келмей ме? Демек, элита­лық қоқысыңыз да жаңарады. Ол ту­ралы сәл кейінірек түсінікті бола­ды.                                                                      Билік ауысқан кезде адамдардың көңіл-күйі де өзгереді. Пыш-пыш әң­гіме, жеке басының қам-қарекетін қыл­ған, тал қармауға ұмтылған бей-бе­рекет қимылдары қылаң береді. Ара­сында сақсынған, ақыл айтқыш қа­ламгерлер де болады. Әрине, до­малақ арыз жазатын «белгісіз жан­дарсыз» процесс аяқталмайды. Оған босаған орынға ұмтылғыш амбиция иелерін қосыңыз.
Мәтековтің алдында екі басты­ғы бар еді. Ондай жағдайда қиындық екі еселене түседі екен. Майжелке мен Петровичтің арасында құрақ ұш­қан, бірақ екеуіне де өзіндік «сая­сатын» жүргізгісі келген Мәте­ков. Адам жаны неткен құбылғыш, құбылмалы. Осы көріністерді оқы­ған сайын көз алдыңа қарапайым күн­делікті ауыс-түйіс кезіндегі құт­тықтаулар келеді. Кеше ғана отырған азаматты «Алашшыл, міне, іс енді алға басады» деп құттықтағандар, орнына басқа кісі келсе: «Енді дұрыс адам келді!» – деп лепіртіп жатады. Ал енді түсініп көріңіз. Бұл адам деген түсініксіз жаратылыс қой. Үлкен есеп­пен алған кезде, дүниенің кел­бетін жарқыратып, соны қайта құр­дымға жіберетін де Адам сафи зау­заты екені ойда-жоқта есіңе түс­кен­де, қарапайым құбылыстар сияқты қабылданып кеткенін ойлап, не етеріңді білмейсің. Барлық бала-ша­ғасы, дүние-мүлкі өзенге кетіп, жал­ғыз қалатын қарияның дарияға қарап отырып: «Құдай түбін берсін!» деген тақуа ұстамдылығы, сірә, біз­дің бойымыздан табыла қоймай­ды-ау…
Әлқисса…

***

« − Мен сізге келгім келген жоқ еді. Петровичті Құдай ұрайын деп жүр. Ұрайын деп жүрген жоқ. Пет­ро­вич… Оның соңғы кездегі қылық­та­ры өте қауіпті, – деп Майжелкенің қып-қызыл болып, айналып кеткен көзіне тесіле қарады. – Петрович сіз­ді аямас. Осы есіңізде болсын. Оңа­шада ылғи күліп отырады, сіздің қы­лықтарыңызды айтып. Бүгін ма­ған анық өз аузынан жеткізді. Сіздің кететініңізді. Сіздің болашағыңыз жоқ деп айтты».

***

«Адамды сынау үшін билік бер» дейді. Жай сөз. Адамды сынау үшін – билікке таластыр. Не бір бет жыр­ту, артын қазу, билікке жеткен кез­ден ары қарай өмір жоқтай жанталас. Адам баласының пенде аты осы сәт­терде қалай-қалай «жарқылдай­ды»?! Қалай-қалай «жарқырайды»?! Бұл «жарқырау» үлкен-кішіге, ақ шаш, ақсақалға қарамайды! Жүректі жа­ралау қандай жеңіл! Жүректің жа­ралануы неткен ауыр. «Тірі адамның жү­ректен аяулы жері бола ма?». Жоқ. Жоқ болса, енді не?..
Тақуа тарихтың сарғыш тартқан бет­теріндегі осынау оқиғалар сар­ғай­мастан, ескірмей, алдымыздан кес-кестеп шыға беруінде не хикмет бар екен?! Тақ үшін әкесі – баласын, ба­ласы – әкесін, бауыры – бауырын қыр­ған қанкешті оқиғалар осы эссе­дегі жағдайдың асқынған түрі емес пе?! «Адам – адамға қасқыр». Адам­ның адамнан асқан жауы жоқ. Гума­нистік ақыл-ойдың алыбы болсаң да – жаратылысыңдағы бұл табиғаттан қаша алмайсың.
«Жан қысылса, жайтаңдап,
Жанды еріткен жайдары-ау.
Жан жай тапса, сен неге
Жат мінезсің самарқау?».
Абай айтқан осы айнығыш, майысқақ болмыс – біздің жараты­лысымыздағы ең сорақы қасиет. «Рас, тіршілік заңы деген бар. Әр за­ман­ның, әр ортаның өз сипаты, өз ере­же-шарттары бар. Бірақ, қызға­ныш, күншілдік, қай дәрежедегі болсын сатқындық – қай заманның, қай ортаның болсын моралі айып­тай­тын пиғыл» (Т. Шапай).
Министрдің бірінші орын­ба­са­рына қонаққа барған жазушы ке­леңсіз оқиғаның куәсі болады. «ГКЧП кезінде ендігі өзгеріс қалай боп кетеді?» деп аңдысқан жұрт. Ақ шаш­ты шал мен Ұзынтұра қайта-қай­та бас сұғып, мазаны алған.
Әлқисса…

***

« – Сен мұнда неғып келдің? – де­ді Ұзынтұраға доп-домалақ ақ шаш­ты кісі.
Ұзынтұра қашар емес, анау жет­пістердегі шалдың жағасынан алған­дай дөрекі дауыспен кіжініп тұрып:
– Ал, сен өзің неғып жүрсің бұл жер­де? Министрдің бірінші орын­басарының кабинетіне кіретін сен кім едің? – деді .
– Әй, мынау не деп тұр? – деп до­малақ кісі үстелді салып қалды. – Сен өзің не айтып тұрсың? Мен се­нің әкеңдей адаммын ғой. Неге ма­ған дікеңдеп сөйлейсің?
Ұзынтұра қайтатын емес.
– Сен менің әкемнен садаға кет, – деді ана кісіге. – Әкем дейді ғой. Әкемнен садаға кет сен. Сен – дүние­нің бәрін бүлдіріп біткен адамсың. Се­нің заманың өтті, енді заман ме­нікі!
…Ұзынтұра әлі де болса – сол қо­лымен үстелге сүйеніп тұр, оң қолын шо­шайтып тұрып, оның ішінде сұқ сау­сағын найзадай қадап тұрып до­маланған ақ бас қарияға ызғарлы сө­зін айтып салды.
– Сенің, сенің екі қолын шынта­ғыңа дейін қан! Қанға боялған. Сен қазақтың талай азаматының қанын ішкен адамсың. 37 – сенің мойның­да. Мына сенің мойныңда. Сен сияқ­тылардың мойнында».

***

Билікке таласқандар я билік ауыс­са не етеміз дегендер – бір тарап та, биліктен кетушілер – бір тарап. Олар шарасыз. Шарасыздығы сол – шарт сынғыш, шағымданғыш. Олар­ға да бейне биліктен кеткен соң өмір жоқтай. Шағымын кімге айтуды білмейді. Кезіккен, кездес­кен жандардың бәріне шеккен аза­бын, істеген жұмысын, «жаптым жа­ла, жақтым күйеге» қалай тап бол­ғанын жыр қылып айтады. Бұл не шарасыз күй…
Билікке сонша жабысқан, билік­ке сонша ұмтылған Ұзынтұралардың бейнесі біздің қоғамды әлі кезіп жүрген жоқ па?! Бақталас адам неге болса да баруға дайын. Ештеңеден бас тартар емес. Бас тартуға да бол­май­ды. Бір ұмтылдың ба, сені құр­дымға тарта беретін иірімнің алапат күші жұтпай тынбайды. Сол арада адам да өзінің адамдығын жұтып, абы­ройынан айырылып тынады.
Өткен күнде сабақ бар дейміз. Бі­рақ адамзат баласы өз өткенінен еш­қашан сабақ алған емес. Неше заман өтсе де қайталанып тұратын оқиғалар бабаларымыздың байырғы байламдарына қайтып оралуға мәжбүрлейді. Жанына батқан кө­ріністі жазушы жазуға мәжбүр. Ал халық тегіс оқымайды. Оқымаған соң да – зәру.
Әлқисса…

***

« – Сен түсіндің бе, түсінбедің бе, Әкім. Бұндайлар сендерде де бар ғой. Москвадағы билік өзгеріп жат­қан­да бұндағы билік те өзгереді, әрине. Жаңағы домалақ ағамыз осы ми­нистрліктегі салпаң құлақтардың же­текшісі еді. Бәрі соған барып, есеп-қисабын беріп тұратын. Жаңа­лық­тарын жеткізіп тұратын. Енді жасы тоқсанға келіп қалды деп анау ұзынтұра бұйрабас белсене кірісіп жүр. Сырттан келген хаттардың бә­рін сол бізден бұрын оқиды. Бізде қызмет істейтін адамдарға жақын туыстарынан, алыстағы достарынан хат келсе, бірінші болып сол оқиды. Қай­тадан конверттің бәрін желім­деп, бәрін келтіріп жүреді. Оған кім рұқсат бергенін мен қайдан білейін. Біздің хатшы қыздар да «аға, аға» деп соған сыбырлап жүреді. Енді мы­нау… бүгінгі оқиға… өте қиын, ұят жағ­дай, сенің алдыңда мен масқара бо­лып отырмын. Бұл – екеуінің ара­сындағы бақталас… Мен оны біліп жүргем. «Бір күні осылай болады-ау» деп ойлап та жүргем. Анау домалақ ағамыз «домалақ арызын» әлі күнге дейін тоқтатар емес. Мынау ұзын­тұра соның орнына қызығып жүр. «Мен, мен ғана билеуім керек!» деп жүр. Жаңағы «білектен келген қан» деген айқай, «қолың қанға толы» де­гені – осы айқастың бір белгісі, сұм­дық белгісі, Әкім. Сен кешір. Сен кешір, мені бұлар адам деп мойында­ма­ды…. Бірақ мынау біз сияқты тір­­нектеп бедел жинап жүретін ме­кемелерді осылар билейді ғой, осы­лар».

***

Сол Ұзынтұра – Қаштанов кейін Нағымның орнына бірінші орын­ба­сар болады. Кейін 2010 жылы жазу­шы бір науқаспен ауруханаға жат­қанда бір кісі келеді. Әуелде та­ны­майды. Кейін есіне түсірген. Ақ бас қарияның бетінен алған Ұзын­тұра осы Қаштанов екен. Формация ауысып, тәуелсіздік орнаған заманда бар мүлігінен айырылып, құрдымға кетіпті. Неше күн бойы өзінің шал­қы­ған заманын айтып, аңсап, жазу­шының құлақ етін жейді. Өзін жақ­тырмай отырғанын да сезбейді. Енді қалай сезсін?
Қоғамға өкпелі адамдардың қа­расы молайған сайын өзіңді табу қиын. Дауыс шығару, үн қату қиын. Ең­сеңді басып, мазаңды алған «зар­дың» түбіне жету мүмкін емес. Оған кім кінәлі? Билік пе? Билік! Саясат па? Саясат! Халық па? Сөз жоқ, ха­лық! «Адам баласын заман өсіреді, кім­де-кім жаман болса, заманда­сы­ның бәрі виноват».
«Ауруханадан шығарда балам алып кетеді» деген. Бірақ келер бала көрінбейді. Ақыры жазушы аялдама­ға дейін шығарып салып, автобусқа отырғызып жіберген. Осы жерден де оның қандай әке екендігі, қандай әке болғандығы, баласының кім екені көрініп-ақ тұрған жоқ па?
Осындай шығармалар бізді тәу­бемізге түсіріп, иманымызға кел­тіреді. «Нақұрыстан» соң күллі Ресей өзгереді» деген жазушының ойы құр қиял болып қалды емес пе? Демек, әдебиет ұлтты, халықты өзгертпейді. Тек тәубесіне түсіреді. Адам – әлсіз жаратылыс, ұмытшақ. Таз кепешін қайта киеді.
Әлқисса…

***

«Палатаға қайтып келгеннен соң, туалет бөлмеге кіріп, өзімнен-өзім таң қалып тұрып қалыппын. Пай­даланған қағаздарды тастайтын жәшіктің бетінде ақ бояумен әдемі­леп жазылған сөздер бар екен. Таң қалдым. Қалай көрмегенмін? Мән бер­мегенмін. «Элитный қоқыс». «Алла-ай!» деп ойладым, бұл қалай? «Осы аурухананы басқарып отырған дәрігерлер бар ғой, сауатты адамдар ғой, олар қалайша мынандай сөзді жазады. Мынандай қоқысқа, қоқыс­тың қақпағына «элита» деген сөзді қалай жазады?» деп қобалжып тұрып қалдым».

***

Байлауға көнбейтін уақыттың әмірі кімге болса да жетеді. Қазақ қоғамының ендігі элиталық қоқысы бұрқ етіп шыққанда, мең-зең қалпы отырып қалар жаңа ұрпақты ойлай­сың. Элиталық қоқыс бүгінгі күнмен өмір сүреді. Бірақ оның бүгіні жоқ. Ода тек кеше мен ертең бар.
Әлқисса сонда айтылар, сонда бас­талар…


Қаламгердің ғасыл арманы

Менің бір өкінішім, қол созса жетерлік жақын жерде тұрып Әуезовке батылым жетіп, батып бара алмадым, сәлем бере алмадым. «Абайын» оқыдым. Қызықтым. Ол кісімен бір күні Мәс­кеуде, «Москва» қонақүйінде ұшырасып қалдым. «Крокодильге» де жазып жүретін кезім. Іссапармен келіп тұрамын. Мен қонақүйге кіре бергенде Мұхтар Әуезов шығып келе жатыр екен. Қалт тұра қалдым. Ол кісі жайымен шығып кетті. Ал кешке сыртқа шығайын десем, ішке кіріп келе жатыр. Содан өзім сол арада біртүрлі боп, ырым қылып есіктегі қолы тиген жерді ұстадым. «Мынау Мұхаңның қолы тиген жер ғой» деп едәуір уақыт толғана, толқып ұстап тұрдым. Дәл қасында тұрып батып сәлем бере алмағаным өмір бойғы ғасыл арманым болып қалды.

Алла адамды жаратқанда ырыздық, несібесін бірге бе­реді. Жазушының да бала-шағасы бар. Ол жазуға отыру­дың орнына бала-ша­ғасын асыраймын деп б­а­зар­да жүрсе немесе кеңседе ау­дармашы болып отырса, оның үстінен қарап оты­ра­тын сауатсыз басшылар мен орынбасарлары қағаздарды үйіп-төгіп, «аударып таста» деп бұйырып отырса, ол жазу­шы жаза ма? Жазбайды. Бұл – мемлекеттік салада істеп жүр­ген жазушылардың ба­сын­дағы жағдай. Шын әде­биет бұлай тумайды.
Бүгінгі таңда әдебиет да­мымай, бүк түсіп жатып қал­ды. Жас ақындарды мақ­тай­мыз. Сауат жоқ. Оқып отыр­ғанда кәдімгідей сүй­сінесің. Ар жағында та­қы­рып жоқ. Әдемі сезім ғана бар. Бір кітапта 100 өлең бол­са, 100 түрлі сезім бар. Оқы­ғаннан кейін ештеңе есің­де қалмайды. Тереңіне үңіл­сең, қоғамдық маңыз жоқ. Ұйқастары балталаса бұ­зылмайды, өлең техни­ка­сын жетік меңгерген. Олар­дың бәрін көтеріп кеткен Мұ­қағали деп ойлаймын. Мұқағалидан бұлар басқаша кет­ті. Мұқағалида қоғамдық та­қырып күшті еді. Ұлттық рух басым болатын. Сон­дық­тан оқылады…

(Ә.Таразидің сұхбаттарынан алынды)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір